19. Ақпан төңкерісі — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Ақпан төңкерісінің жеңісі саяси жүйенің жоғарғы сатысы — республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан төңкерісі нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан төңкерісінің жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржуазиялық мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелерін). Ақпан төңкерісі монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қос үкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.
20. Қазан төңкерісі — 1917 ж. 25 қазанда (қарашаның 7) Петроградта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс В. И. Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Оған Петроград жұмысшылары, қала гарнизонының солдаттары мен Балтық флоты матростарының өкілдері қатынасты. Көтеріліс жеңіске жеткен күні кешкісін Петроградта ашылған Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезі Уақытша үкіметтің құлатылғандығын және бүкіл елдегі өкімет билігі Кеңестердің қолына көшкендігін жариялап, В. И. Ленин дайындаған Бітім және Жер туралы декреттерді қабылдады. Алғашқысында 1914 ж. басталған І-дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің үкіметтері мен халықтарына аннексиясыз және контрибутциясыз демократиялық бітім жасау ұсынылса, Жер туралы декретте жерге жеке меншік жойылып, ол жалпы халықтық мемлекеттік меншік болып жарияланды. Съезе В.И. Ленин басқарған және жұмысшы-шаруа үкіметі аталған Ресей ХКК құрылды. Сонымен қатар Кеңестердің Бүкілресейлік ОАК-нің (БОАК) жаңа, большевиктендірілген құрамы сайланды. Съез В.И. Лениннің жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға арналған үндеуін қабылдап, ол арқылы халықты барлық жерде жаппай Кеңес өкіметін орнатуға шақырды. Кеңес үкіметі көп ұлтты Ресей еңбекшілерін өз жағына тартуда айтарлықтай насихатшылдық рөл атқарған екі саяси құжат жариялады. Біріншісі 2 (15) қарашада жарияланған Ресей халықтары құқықтарының декларациясы, екіншісі 20 қарашадағы (3 желтоқсан) Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне деген үндеу болды. Бұл құжаттарда Ресейді мекендеген халықтардың теңдігі, олардың өздерінің мемлекеттік құрылысын өздері шешуге құқылы екендігі айтылып, ұлттық және этностық топтардың еркін дамуына, бұрынғы езілген ұлттардың өздерін-өздері билейтіндігіне кепілдік беріледі делінді. Мұның үстіне Кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы "Зауыттар мен фабрикаларға жұмысшыларға!", "Жер шаруаларға!", "Теңдік бұрынғы езілген ұлттарға!" деген ұрандарды үзбей қайталаумен болды. Осы уәделер мен ұрандарға әуел баста бұқараның айтарлықтай бөлігі, ең алдымен, қоғамның жаппай кедейленген мүшелері сенді, сондықтан олардың өкілдері Кеңес өкіметін орнату үшін күреске қатысты. Петроградтан кейін 1917 ж. қарашаның басында Кеңес өкіметі Мәскеуде, елдің өнеркәсіпті орталығы аудандарында жеңіске жетті, көп кешікпей бұл жағдай мемлекеттің ұлт аймақтарын, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы ұзаққа созылды.