14. Шәкәрім Құдайбердіұлы (11 шілде (23 шілде) 1858-2 қазан 1931) – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын керебілуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін оқиды. Жеті жасында әкесінен жетім қалған ол бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының төрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның таланты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазады: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша Һәм орысша ғылымға жүйрік Һәм Алланың берген ақылы да бүл қазақтан белек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім». Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, ез бетінше ізденіп және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Құдайбердіұлы заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Шәкәрім Құдайбердіұлы тағы да өзінің «саят кора» аталатын жырақтағы мекеніне кетсе де, дұшпандары оған тыныштық бермеді. Молдалар Шәкәрімді «дін бұзар» деп айыптады. Бай-жуандар «алжыды» деп лақап таратты. Ауылдың белсеңдісі ескішіл деп өсектеді. 1931 жыл. Күздің сұрғылт күні. Осының алдында ғана бандымен байланысы бар деген кінәмен ұсталған жерінен босанып, ақталып шыққан, бұл кезде жетпістің үшеуіне келген Шәкәрім Кұдайбердиев аудан орталығына бет алады. Сол кезде мылтық даусы гүрс ете түседі. Қаперінде ештеңе жоқ қарт иығынан оқ тиіп, аттан құлайды. Бір замат көзін ашса, ОГПУ қызметкері Қарасартов жанына ерткен Халитов деген милиционері бар, қасында тұр екен. Шәкәрім Құдайбердіұлы олардан аудан орталығындағы ауруханаға жеткізуді өтінеді. Жауап орнына мылтық тағы да шаңқ ете қалады. Мылтық түтіні тарқағанда, Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл дүниеде жоқ еді. 1988 жылы Шәкәрім ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның “Жазушы” және “Жалын” баспасынан өлеңдер, ал “Өнер” баспасынан әндер жинақтары жарық көрді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды. Мұның сыртында қаладағы байырғы бір қазақ мектебі ақын есімін иеленді.
Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирик. өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 ж. «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үшанық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 ж. «Жалын» баспасынан жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |