Дене тәрбиесі – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы. Жастардың жан-жақты дамуын дене тәрбиесінсіз елестету мүмкін емес. Денесі жақсы дамыған ден күн режиміне спортпен жүйелі айналысуды енгізген, ағзаның шынығуы үшін табиғи факторларды тұрақты пайдаланатын, жұмысты белсенді демалыспен кезектестіріп отыратын жас адамды айтамыз. Мектептен тыс дене тәрбиесі және спорт жұмыстарын мектеп ұжымы оқушылардың ата-аналарымен бірігіп, аудандық, қалалық халыққа білім беру басқармалары ұйымдастырады.
Дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері: баланың денсаулығын нығайтуға көмектесу; ағзаны шынықтыру, оқушылардың жан-жақты өсіп жетілуіне, дене шынықтырудың оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруге кемектесу; балаларды дене шынықтыру және спортпен үнемі шұғылдануға әдеттендіру; қозғалыс дағдысын тәрбиелеу. Дене шынықтыру мен спорт жөніндегі сыныптан тыс жұмыстың негізгі формалары: секциялар мен үйірмелердегі сабақтар, спорт жарыстары, серуендер, туристік жорықтар, дене шынықтыру және спорт мейрамдары. Серуендер мен жорықтарды балалардың табиғат туралы білімдерін толықтыра алатындай тамаша адамдардың әңгімелерін ести алатындай жерде белгіленген жөн.
Мектептен тыс дене тәрбиесі жұмыстары әр-түрлі ұжымды мекемелерде, жұмыс орындарында өткізіледі. Ол мекемелер: балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, жаздық сауықтыру лагерлері, еңбек сауықтыру лагерлері, стадиондар, дене мәдениеті сауықтыру кешендері, спорт клубтары. Бұл мектептен тыс жұмыстар, оқу және сыныптан тыс жұмыстарды толықтырады. Жаттықтыру түрлері әр түрлі болып келеді. Спорт түрлерін таңдауға балалардың мүмкіншіліктерін кеңейтеді.
Мектептен тыс дене тәрбиесі және спорт жұмыстарын жүргізетін мекемелердің міндеттері:
1) Жүйелі түрде жаттығумен айналысуға оқушыларды көбірек тарту.
2) Оқушылардың денсаулықтарын нығайтуға, дене қуаты дайындығын жоғарылатуға көмектесу, уақыттарын пайдалы өткізулерін ұйымдастыру.
3) Дене мәдениеті салалсының әрбір бөлімдерінде көпшілік спорттық жұмыстардың өтуіне қызығушылықтарын қалыптастыру.
4) Нұсқаушылық және төрешілік дағдыларына дағдыландыру. Мектептен тыс мекемелер көптеген мектептің оқушылдарын біріктіріп жаттықтырады. Әрбір мекеменің өз педагогикалық ұжымы болады. Әр мекеме өзінің, жұмыс істейтін бағыттарында оқушыларды үйрету, жетілдіру, тәрбиелеу жұмыстарын тиімді ұйымдастырады. Мекемелердің қызметші, педагогтар құрамы, бағдарламалар, ережелер бойынша балаларды оқыту, жаттықтыру, тәрбиелеу жұмыстарын жүргізеді.
Осы аты аталған мекемелердегі жұмыстар екі бағытта, ұйымдастырыла жүргізіледі:
1. Арнайы бағыт. Ол бағыт – спорт түрлері бойынша жоғары жетістіктерге жету бағыты. Бұл бағытта жұмыс істейтін мекемелер денсаулықтары мықты, дене қуаты дайындығы жоғары, тұрақты оқушылар контингентімен жұмыс істейді. Ол мекемелер: балалар, жасөспірімдер спорт мектебі. олипиадалық ізбасарлар спорт мектебі, жоғары спорттық шеберлік мектебі, спорттық мектеп интернаттар.
2. Жалпы немесе көпшілік бағыты. Бұл бағыттағы жұмыстар балалардың қозғалысқа деген табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүргізіледі. Ол бағытта жұмыс істейтін мекемелердің ерекшеліктері, олар денсаулықтары жақсы, белгілі бір уақытта топтың құрамдары ауысып тұрған балалрмен жұмыс істейді. Ол бағыттағы мекемелер: жазғы сауықтыру лагері, еңбек сауықтыру лагері, стадиондар, су станциялары, жас туристер станциялары, мәдениет үйлері мен спорттық сауықтыру кешендері, мәдени демалыс парктері, аула клубтары.
Жазғы демалыс лагерлеріндегі спорттық-сауықтыру жұмыстары. Ата-аналар балаларының денсаулықтары мықты, шыныққан, күшті болуын қалайды. Сол үшін оқу мерзімі кездерінде мектептерде дене тәрбиесі және сыныптан тыс спорттық-сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. Дене тәрбиесі, спорт мамандары оқушылармен ол жұмыстарды жүргізіп, баланың күндік қозғалыс белсенділігі 14 сағаттан кем болмауына ұмтылады. Жас уақытында ата-аналар ең ұзақ демалыс (каникул) кезінде балаларының тоғыз ай мектептегі уақыттары секілді дене тәрбиесі, спорт жаттығуларымен үзбей, жүйелі, тұрақты айналысуын ұйымдастыра ала ма? Ұйымдастыра алмайды. Оның ең бір тиімді жолы бар. Ол жол көптеген жылдар бойы ұйымдастырылып жүрген балалар демалыс-сауықтыру лагерлеріне балаңызды жіберу.
Балалардың жаздық сауықтыру лагерлерін 7-15 жастағы оқушыларға арнап кәсіпорындар мен мекемелердің, халыққа білім беру департаментінің, денсаулық сақтау басқармаларының кәсіподақ комитеттері құрап, ұйымдастырады. Ол кәсіпорындар, мекемелер көп қала жанындағы лагерлер мен кейбір аудандардағы экономикасы мықты кәсіпорындар ұйымдастырған лагерлер. Ауылдық жерлерде бұрынғы кеңес заманында әрбір ауданның халыққа білім беру бөлімінің басқаруымен балалар денсаулық лагері ұйымдастырылатын. Аудандағы мектептер өз оқушыларын сол лагерлерге жіберетін. Қазіргі кездерде ол лагерлер жабылып, орта жалпы білім беру мектептерінің жанынан еңбек-сауықтыру лагерлері ұйымдастырылды. Сонымен қатар спорт мекемелерінің қаржыландыруымен спорттық-сауықтыру лагерлері ұйымдастырылады.
Балалар демалыс лагерлеріндегі барлық жұмыстарды ұйымдастыру лагердің бастығы басқарған мамандарға жүктеледі. Ол мамандар құрамы: аға тәрбиеші, ұстаз, тәрбиешілер, дене тәрбиесі нұсқаушылары, суға жүзу спортының нұсқаушысы, дәрігер және медбике.
Мектептегі секілді лагердегі жұмыстарды басқаруға педогогикалық кеңес құрылады. Кеңесті басқару лагердің бастығына жүктеледі. Кеңестің құрамына жоғарыда айтылған барлық мамандар және оқушылар сайлаған белсенді оқушылар кіреді.
Оқушылар лагерьге келген күннен бастап отрядтарға бөлінеді де, әрбір отрядтың жұмысын ұйымдастыруға ұстаз-тәрбиеші бекітіледі. Тәрбиеші лагерьдегі балалардың барлық өмірлерін басқарады. Ұстаз-тәрбиеші дене тәрбиесі және спорт жұмыстарын, тәрбие жұмыстарын жақсы білуге тиісті. Лагерьде дене тәрбиесі жұмыстарын ұйымдастыру үшін мектептегі секілді дене мәдениеті кеңесі құрылады. Дене мәдениеті кеңесіне отряд жиналысы ұсынған жақсы спортшылар мен ұйымдастыру қабілеті бар оқушылар сайланады. Оның құрамы лагердегі оқушылар санына байланысты 7-11 адамдай болуы мүмкін. Кеңестің төрағасы болып жалпы лагерлік спорт жұмысына жауап беретін адам сайланады. Кеңес құрамының мүшелері кеңестің отырысында бөлінген міндеттері бойынша әрбір дене тәрбиесі, спорт жұмыстарының түрлеріне жауап береді. Сол бөлінген жұмыстары бойынша лагердің спорт нұсқаушысына көмектеседі. Олар жауап беретін жұмыстар: таңғы бой жазу жаттығулары, суға түсу шаралары, дене тәрбиесі, спорт жаттығулары сияқты сауықтыру шараларын өткізу; лагердегі спорттық шараларды өткізу, отрядтағы өткізілген спорт шараларына бақылау жасау; отрядтардағы спорт ұйымдастырушыларының жұмыстарын ұйымдастыру; лагерь радиосы арқылы ақпараттар мен мағлұматтар, мерекелерде спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастыру, дене тәрбиесі бұрыштарын құру, дене тәрбиесі мен спорттың маңызы, гигиена ережелері, тамақтану, спорт түрлерімен айналысу режимдері туралы әңгімелер өткізу; лагердегі спорттық құрылыстарды жақсарту, спорттық құрал жабдықтарды сақтау, жөндеу, балалар және жасөспірімдер спорт мектептеріндегі спорттық жаттықтыру дайындықтары.
Еліміздегі балалар және жасөспірімдер спорт мектептері қазіргі таңда барлық қалаларда, аудан, облыс орталықтарында жұмыс істейді. Көптеген спорт мектептерінің бөлімшелері (филиалдары) ауылдарда оқушылармен жаттықтыру жұмыстарын жүргізеді. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің негізгі мақсаты - оқушылармен жаттығу, тәрбие жұмыстарын жүргізіп, спорт түрлері бойынша жоғарғы жетістіктерге жету.
Міндеттері: оқушылардың денсаулықтарын нығайту, таңдап алған спорт түрлерінен қабілеттіліктерін дамыту, халықаралық аренада спорт түрлерінен халқының, отанының намысын қорғайтын мықты ұл, қыздар өсіру, дене тәрбиесі мен спорт бағытында белсенді оқушылар дайындау, жалпы білім беретін мектептерге көпшілік спорт бағытында көмек беру, спортты насихаттау.
Спорт мектептеріндегі спорт түрлері бағыты бойынша арнайы және кешенді болып екіге бөлінеді. Арнайы спорт мектептері: қысқы спорт түрлері, спорт ойындары, жеке сайыс спорт түрлері мектептері деп, спорт түрлерінің бағыт ұқсастығына байланысты бөлінеді. Кешенді спорт мектептеріне, аудандардағы көп балалар жақсы көріп қатысатын спорт түрлері кіргізілген мектептер жатады. Ол спорт түрлері әр түрлі бағытта бола береді.
Зерттеулер дәлелдегендей, қазақ күресінің қимылы мен әдістік іс-әрекеттерін мектеп оқушылары мен студенттердің дене тәрбиесінің құралы ретінде пайдалану оқушы жастардың физиологиялық дене дамуы мен дене даярлығын жетілдіруге және күнделікті белсенділіктерін арттыруға зор ықпалын тигізеді.
Дене жаттығуларымен сабақ өткізудің сабақтан тыс түрлері үшін денсаулықты нығайту, жұмыс қабілеттілігін сақтау және арттыру, шынықтыру және емдеу, дене және ерік-жігер сапаларын тәрбиелеу, сонымен бірге белгілі бір анықталған әрекеттерді оқытып үйрету мақсатында өз бетінше ұйымдастыру қызметіне тән. Сабақтан тыс шұғылдану сабақтық түріне қарағанда барынша арнайыландырылған мазмұнымен және олардың құрылымы күрделі емес. Әдетте бұл ойын сайыс немесе жеке гимнастика жаттығуларының қандайда бір түрлері түрінде болады. Сабақтан тыс шұғылдану көбінесе сабақтық түріне қарағанда өзін тәртіптілікке, бастамашылдықты алдын ала ойластыруға, мәдениетті демалысқа үйретеді. Сабақтан тыс шұғылдануды өткізу әдістемесінде сабақ өткізу әдістемесіне тән көп ұқсастықтар бар. Олардың құрылымы негізгі жұмысты орындау және оны аяқтау үшін жақсы жағдай жасайтын ағзаның жұмысқа бейімделгіштік қабілетін біртіндеп қамтамасыз етуі тиіс.