1-жүргізуші: Аламан бәйгеде оза шауып, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, дарынды тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Нарынқол ауданы
1-жүргізуші: Аламан бәйгеде оза шауып, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, дарынды тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен Ұлы Отан соғысында Калининград майданында қайтыс болған. Анасының аты – Нағиман. Әжесінің бауырында өскен соң, Мұқағали өз анасын «Нақа» деп атаған екен.
2-жүргізуші: Соғыс зардабы бұғанасы қатпаған балаларға ауыр салмақ салды. Сол бір сұрапыл жылдарда әжесі мен шешесінің, екі інісінің ортасындағы бас көтерер еркек кіндіктен ересегі Мұқағали болып, бала иығын батпандай басқан отбасының ауырпалығын ерте сезе бастайды.
1-жүргізуші: Иә, ақын ерте есейді, еңбекке ерте араласты. Орта мектепті бітірген соң, ауылдың хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол комитетінде болды. 1949 жылы Лашын апамызбен өз отбасын құрды. Одан соң дүниеге Алмагүл, Шолпан атты екі қызы, Айбар, Жұлдыз атты ұлдары келді. Ал Майгүл есімді қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, Мұқағали ағамыздың қабырғасын қайыстырды.
2-жүргізуші: 1954-1962 жылдары Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. Ал 1962-1972 жылдарда «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1972-1973 жылдары Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды.
1-жүргізуші: Ақынның тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол ауданында «Советтік шекара» газетінде жарық көрді. Ақынның шығармалары негізінен елге, туған халқына деген сүйіспеншілігін, махаббатын, өмірге деген құштарлығын жырлауға арналған.
2-жүргізуші: «Поэзия, менімен егіз бе едің?»– деп ақын өзі жырлағандай, Мұқағали өлең жазып қана қоймай, өз өлеңдерін шебер оқи алған ақын. Ол біраз уақыт Қазақ радиосында диктор болып та қызмет етеді. Оның дауыс ерекшелігін, оқу мәнерін қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев жоғары бағалап, өз қоластына алады. Ендеше Қазақ радиосының «алтын қорында» сақталып қалған ақынның өз дауысына құлақ түрелік.
(Мұқағалидың дауысымен өз өлеңдері оқылады)