1. Педагогика тарихы пәні, мақсаты мен міндеттері


Педагогика тарихының қайнар көздері мен ғылыми-зерттеу әдістері және басқа ғылымдармер байланысы



бет2/2
Дата17.11.2023
өлшемі23,12 Kb.
#191896
1   2
Байланысты:
пед тарих 1 2

2.Педагогика тарихының қайнар көздері мен ғылыми-зерттеу әдістері және басқа ғылымдармер байланысы
Педагогика тарихы – тәрбие, оқыту және білім беру тәжірибесінің пайда болып дамуы және әр тарихи дәуірдегі тәлімдік ой-пікірлер мен теорияларды жүйелеп талдау үрдісінде қалыптасқан қоғамдық ғылымдар арасында өз орны бар ғылым.
Педагогика тарихы ғылым ретінде - тарих және педагогика ғылымдары түйісінде, кейіннен философия салалары - әлеуметтану, мәдениеттану және этнография ғылымымен кіріктіре байланысу негізінде ауқымын кеңейтіп дамуда. Ал, Қазақстан педагогика тарихы болса, ол дүниежүзілік тарихи-педагогикалық үрдіспен өзара байланыста және оның құрамдас бір бөлігі болып, өзінің даму жолында ерте кезден осы күнге дейінгі аралықтағы әр тарихи кезеңдегі тәлімдік ой-пікірлерді талдап, тәрбие мен білім беру мәселесінің дамуын зерделейтін педагогика ғылымдарының бір саласы ретінде қарастырылады.
Педагогика тарихы пәні - әр тарихи дәуірдегі, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды, педагогикалық идеялар мен ойларды, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі мектеп тарихының дамуын, өзара ықпалын, кемшіліктері мен жетістіктерін, жеткіншектерді дамыту үрдісіндегі мақсатты ұйымдастырылған қисынды шаралары мен шарттарын, белгілері мен заңдылықтарын талдау негізінде жүйеленіп, болашақ мұғалімдердің педагогикалық дүниетанымын және шығармашылық ойлау қабілеттерін қалыптастырады.
Пәннің мақсаты – жас ұрпақтарға тәрбие мен білім беруде дүниежүзіндегі педагогикалық ойлар мен тәжірибенің пайда болып, тарихи қалыптасуы мен дамуынан мағлұмат беру және жалпы адамзаттық құндылықтарды игертіп, студенттердің тарихи педагогикалық мұраларға деген ынталы қызығушылықтарын арттырып, ұлттық тәлім-тәрбиенің мазмұндық құрылымын жетілдіруге, педагогикалық танымын және педагогикалық ойлау қабілетін дамыту және педагогика тарихының негізгі категорияларын: тәрбие, оқыту, білім беру, ағарту, білім беру жүйесі, мектеп, педагогикалық ой-пікірлер, педагогикалық көзқарастар, педагогикалық теория, этнопедагогика, халықтық тәрбие, т.б. игерту.
Педагогика тарихы пәнінің дүниежүзілік және ұлттық мұраларымен таныстырудағы басты міндеттері:
- дүниежүзілік тарихи-педагогикалық үрдістің қозғаушы күштері мен даму белгілерін, жағдайлары мен алғышарттарын, оның бірлігі мен жан-жақты байланысын, сонымен қатар, бастау көзі мен зерделеу әдіс-тәсілдерін және өткен дәуірдегі құнды педагогикалық бағыттарын сұрыптап, педагогика тарихының ұғымдарын қалыптастыру;
- әртүрлі тілді, мәдениетті халықтардың әрбір тарихи дәуірлердегі білімінің мән-жайы, мүмкіндіктері мен ауқымы, оны жүзеге асырудың жолдары мен құралдары, дәрежесі мен жағдайы, педагогикалық идеялардың өзгешеліктері мен мазмұндық ерекшеліктерін айқындап, тәрбие мен оқыту мәселелерін шешудің шаралары жайлы түсініктерді нақтылап, оны толықтыруға обьективті жағдайлар жасау;
- білім берудің мақсатын, міндеттерін белгілеу мен ұйымдастырудың түрлі әдіс-тәсілдерін пайдалана білуге және оны нақты педагогикалық дәстүрлермен ұштастырып, “адам-қоғам-табиғат” жүйесінің байланысын рухани-адамгершілік, эстетикалық, т.б. тұрғыдан түсінуге, жүйелі тарихи-педагогикалық білім, әдістемелік дағды мен іскерлікті қалыптастыру.
Педагогика тарихының әдіснамасы философиялық диалектикаға негізделеді. Заттар мен құбылыстардың арасында әр түрлі байланыстар болады. Әлеуметтік ғылымдарда сан қырлы қоғамдық құбылыстардың байланыстары мен тәуелділіктері ашылады. Ғылым кез келген заттар мен құбылыстардың өзара сан алуан байланыстарын зерттей отырып, ең алдымен олардың ішінен сол заттар мен құбылыстар үшін анағұрлым маңыздысын, оларда болып жатқан үдерістерді басқаратындарын бөліп алады. Бұл байланыстар заңдар деп аталады.
Сонымен заң дегеніміз – құбылыстардың өздеріне ғана тән қайталанып тұратын және біршама тиянақты байланысы.
Адамдар өз қалауынша заң атаулынының қандайын болса да өзгертіп, жойып жібере алмайды. Олар тек бұл заңдарды танып біліп, зерттей алады және алған білімдерін өзінің қызметіне пайдаланады.
Диалектика - дүниенің барлық саласындағы заттар мен құбылыстарға тән жалпы заңдарды ашуды өз алдына мақсат етіп қояды. Ол табиғат құбылыстарын, қоғамдық құбылыстар, адам санасы да бағынатын жалпы заңдар жайындағы ғылым. Диалектиканың түпкі қасиеті – қозғалыс, өзгеріс.
Қозғалыс заттарда болатын алуан түрлі үдерістерді қамтиды, осы үрдерістер нәтижесінде заттардың жағдайы өзгеріп, олар қайсыбір қасиеттерін жойып, жаңа қасиеттерге ие болады, сөйтіп мүлде басқа зат болып шығады. Өзгерістердің күрделі формасы - даму. Заттар мен құбылыстар даму үрдерісінде сапа жағынан мүлде түбегейлі өзгерістерге түсіп, олар бір сатыдан екінші сатыға өтеді.
Даму үдерісінде заттар мен құбылыстар қандай өзгерістерге ұшырайды, бұл өзгерістердің өзара байланысы қандай, даму үрдерісін, заттардың арасындағы әр түрлі байланысты адам өз санасында қалай бейнеленетінін түсіндіретін - диалектикалық әдіс.
Диалектиканың негізгі заңдары: қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне және кері айналуы, терістеуді терістеу.
Диалектиканың ұғымдары: кеңістік пен уақыт, жекелік және жалпылық, себеп пен салдар, мазмұн мен форма, мән мен құбылыс, қажеттілік пен кездейсоқтық, мүмкіндік пен шындық.
Зерттеушінің тиімді нәтижелерге жетуі үшін, қандай ғылымның болса да, белгілі бір ізденісті қалай, қандай мақсаттар үшін жүргізетіні туралы нақты, мүлтіксіз түсінігі болуы керек. Мұның өзі таным қызметін ұйымдастыруға, танымның белгілі бір “әдістер жүйесін” таңдап алуға көмектеседі.
Педагогика тарихында қолданылатын философиялық диалектикалық әдіс педагогикалық құбылыстардың өтетін орны мен нақты жағдайларын, қоғамдық өмірдің басқа құбылыстарымен байланысын өзара әрекеттестікте қарастыруды талап етеді. Әр құбылыс өзінің даму барысында зерттелуі тиіс. Зерттеуші осы құбылысқа қандай жаңалық енгізетінін әрқашан анықтап алуы керек.
Диалектикалық әдіс құбылыстарға тек жалпы қарауды анықтайды. Осы негізде әр ғылымға әдіснама жасалады, зерттеліп отырған құбылыстар мен фактілерге сай келетін зерттеудің нақтылы, лайықты жұмыс тәсілдері іріктеліп алынады. Зерттеу құбылыстарының ішкі қайшылықтарына бойлай еніп, қанығып, жаңа мен ескі сапалардың арасындағы қайшылықтардағы жетекші негізгі күшті анықтай отырып жүргізіледі. Педагогика ғылымының да өзіне тән әдістері болады.
Зерттеуші педагогикалық құбылыстарды зерттеу барысында ғылыми ізденістің екі бағытына сай әдістерді қолданады. Біріншісі - педагогика мен оған іргелес ғылымдар саласының мүмкіншіліктерін қолданады, негізгі әдебиеттерден керекті тұжырымдар талданып алынады. Ғылыми-педагогикалық ізденістің екінші бағыты – оқыту мен тәрбиенің нақтылы үдерісін ғылыми түсініктермен сипаттау, яғни бұған сай келетін зерттеу әдістерінің ерекшеліктерін анықтап алу. Сонымен бірге, мұғалімнің шығармашылық еңбегі, шеберлігі, педагогикалық жетістіктері, жаңалықтары мен баспасөз бетіндегі еңбектерін педагогикалық теория тұрғысынан ой елегінен өткізу де маңызды болып табылады.
Педагогика тарихын ғылыми зерттеп, анықтауда диалектикалық философия басшылыққа алынады. Осыған орай, П.В.Плеханов әдіснамалық мынадай қағидаларды ұсынады:
1. Идеялардың (ой-пікірдің) жалпы қоғамның әлеуметтік даму үдерісіне тәуелді екендігін айқындау.
2. Ғылымның, әлеуметтік психологияның, әдебиеттің, өнердің даму тарихын қоғамның дамуымен ұштастыра қарастыру.
3. Тарихтың әр кезеңінде ғылымның даму барысы біркелкі болмайтынын және әр елдің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени, психологиялық өзіндік ерекшелігінің бар екенін ескеру.
Түйіндей келе, педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізіне философиялық тұрғыдан тарихи, әлеуметтік, рухани-адамгершілік, психологиялық, педагогикалық және басқа да оқушыны қалыптастыратын құрылымдар алынады. Оқыту мен тәрбиенің мәні, құрылымы, қағидаларының теориялық жақтары ескеріледі. Тарихи танымал, педагогика саласына зор үлес қосқан тұлғалардың жаңашыл идеялары мен қызметіне, қоғамдағы орнына, ұлттық мәдениеттің дамуына, қоғамдық жағдайларды қарастыратын тұжырымдар мен диалектикалық заңдылықтарға, тарихи жағдайдың өзгергеніне, бүгінгі таңда қандай деңгейге келгеніне тарихи талдау жасалады.
Ғылым әр уақытта жаңа дәйектермен толықтырылып отырғанда ғана дамиды. Ғылыми деректер жинақталып қалған кезде оларды ғылыми-зерттеу әдiстерi арқылы талдау және теориялық ұстанымдарға негiздеп зерделеу ғылымда әдiснама деп аталады.
Философиялық энциклопедиялық сөздiкте әдiснамаға “теориялық және практикалық iс-әрекеттердi құру мен ұйымдастырудағы ұстанымдар мен құрылымдар жүйесi” деген анықтама берiледi.
Әдiснама деген ұғым – ғылыми-танымдық iс-әрекеттердi құрудың ұстанымдары, формалары мен амалдары туралы iлiм.
Әдiснамалық бiлiмдер құрылымын Э.Г.Юдин төрт деңгейге: философиялық, жалпы ғылыми, нақты ғылыми, технологиялық деп бөледi. Бiрiншiсi, философиялық әдiснаманың деңгейлiк мазмұны, таным ұстанымы мен ғылымның категориялық аппаратын құраса, сонымен бiрге философиялық бiлiм жүйесi әдiснамалық қызмет атқарады. Екiншi деңгейде жалпы ғылыми-әдiснама теориялық тұжырымдаманы құрып, көптеген ғылыми пәндерге бағыт-бағдар бередi. ¶шiншi деңгей – нақты ғылыми әдiснама, бұл арнайы ғылыми пәннiң әдiстерiн айқындап, зерттеудiң ұстанымдары мен ұйымдастыру жолдарын белгiлейдi. Төртiншi деңгей – технологиялық әдiснама, зерттеудiң әдiстемесi мен техникасын құрайды. Мысалы, тәжiрибелiк-эксперимент материалдарын жинақтау, оларды алғашқы талдау, қорытындылау, ұсыныстар беру, т.б. жатады. Сонымен, әдiснаманың барлық деңгейлерi бiр-бiрiн толықтырып тұратын жүйенi құрастырады.
Ал, педагогика тарихы мәселесiне байланысты алғанда жалпы бiлiмдер әдiснамасы (педагогика), жеке бiлiмге (педагогика тарихы) қатысты әдiснамалық бағдар ұсынады. Жалпы қағидалар (теория, ұстанымдар) жеке қағидаларды түсiндiрiп, бағалап, олардың бағыт-бағдарын, жолдарын айқындап бередi (Ж.Әбдiлдин, Б.Гершунский, Н.Никандров). Түптеп келгенде, нақты-ғылыми әдiснама ретiнде педагогиканың заңдары, заңдылықтар мен ұстанымдары педагогика тарихына негiз болады.
Әдiснамалық белгiлерiне қарай педагогика тарихының әдiснамасы жеке ғылымилық тұрғыда педагогика ғылымына жатады; ал пәндiк мазмұны жағынан педагогика тарихының бiлiмдерiн жинақтайды, педагогикалық пәндер жүйесiнде педагогика тарихы (пәнi, оның мiндеттерi, ерекшелiктерi) сипатына қарай танымдық құралдар мен практикалық әдiс-тәсiлдерiн, қазақ педагогика тарихының ұғымдық құрылымын анықтаумен қатар басқа ғылымдардың (этнология, этнопсихология, фольклор, мәдениет теориялары, т.б.) жетiстiктерiн, тәжірибесін зерттеу жұмыстарын да пайдаланады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет