2)Іс-әрекет туралы ұғым. Іс-әрекет түрлері: ойын, оқу, еңбек сипаттамалары.
Іс-әрекет - әлемді және өз-өзін саналы түрде өзгертетін процесте адамның немесе топтың әлеммен жасайтын өзара әрекеті.[1]
Іс-әрекет – адамның дүниемен қарым-қатынас тәсілі. Іс-әрекет барысында адам табиғатты, қоршаған айналаны игеріп, шығармашылық тұрғыда өзгертеді. Сөйтіп, өзін іскер, жасампаз субъект ретінде қалыптастырады, ал өзі игерген табиғи ортаны Іс-әрекет объектісі етеді. Адам іс-әрекет үстінде кез келген затқа жат пиғылмен қарамайды. Керісінше осы заттың табиғаты мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, игереді, сондай-ақ өз іскерлігінің өлшемі мен мәні етеді.
Іс-әрекет барысында адам табиғатпен өзара әрекетте болып қана қоймайды, оны бірте-бірте өзінің материалдық және рухани мәдениетінің құрамына кіргізеді. Сыртқы дүниені өзгерту адамның өзін дамытуы үшін қажетті жағдай және алғышарт болып табылады.
Іс-әрекет тұтас процесс қарым-қатынаспен тығыз байланыста және болашақ ұрпаққа бағытталған әлеуметтік сабақтас белсенді құбылыс болып табылады. Адамдардың Іс-әрекеті әрдайым бұрын жасалған дәлелді алғышарттар мен белгілі бір қоғамдық
қатынастардың негізінде жүзеге асады. Сол себепті ол нақты тарихи сипатта, нақ осы әлеуметтік шындықтың өмір сүру тәсілі болып табылады.
Іс-әрекет түрлері
Шексіз де көптүрлі адам іс-әрекеттерін әр-түрлі және бір-біріне ұқсамас көрсеткіштер негізінде жіктеуге болады: пәні, мотиві, іске асырылу тәсілі, физиологиялық механизмі, эмоциональды толықтығы т.б. Адам іс-әрекеттерінің жалпымен қабылданған және өзгелерін жоққа шығаратын жіктелуі жоқ. Сондықтан, кеңінен тараған кейбір градацияларға ғана тоқталамыз.
Жалпылай қарастыратын болсақ, іс-әрекеттің негізгі төрт түрі белгілі: еңбек, оқу, ойын, қарым-қатынас. Олардың әрқайсына көптеген психологиялық зерттеулер арналған. Аталған іс-әрекеттердің қай-қайсының болмасын көптеген түрлері бар, сондықтан әрқайсының ең маңызды ерекшеліктеріне тоқталайық.
Еңбек әрекетінің мәні - өнім (материалды не рухани) өндіруде нәтижеге жету. Бұл еңбек өндірісі әлеуметтік негізделген, саналы аңғарылған, ал нәтижесі – алдын ала болжанған, жоспарланған. Еңбектің психологиялық аспектерін, еңбек әрекеті жағдайындағы психиканы мақсат-бағдарлы түрде психологияның арнаулы саласы – еңбек психологиясы қарастырады. Адамның еңбек әрекетінің аясы зор және көптүрлі болғандықтан еңбек психологиясының көп қырларын қазіргі психологияның басқа да салалары қарастырады (жалпы, педагогикалық, әлеуметтік, спорт, шығармашылық психологиялары).
Оқу әрекеті – тұлғаның жалпымен қабылданған білім, дағды, іскерлікті арнаулы ұйымдасқан, белсенді түрде игеруі. Бұл мұғалім мен оқушы қатынасындағы оқыту процесінің бір қыры. Бұл өз-өзін өзгертуге бағытталған оқушы әрекеті, яғни оның пәні – оқу әрекетінің субъектісі.
Ойын әрекетінде шынайы өмірді белгілер арқылы бейнелеу, үлгі ету атқарылатыны белгілі. Сонымен қатар, ойынның түрткісі әрекет нәтижесі емес, қолданылуы мен әрекет ету процесі болады.
Достарыңызбен бөлісу: |