Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауат¹ пен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін — өсекші, жүртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
¹Ғадауат (арабша) — дұшпандық, ашу, жек көру
Сәбит Мұқановтың «Бақташының баласы» повесіндегі Жандос образы.
Повестің бас геройы – бастауыш мектепте оқып жүрген он жасар Жандос. Жандос бақташының баласы болғандықтан, жас та болса, мал. жайын жақсы білетіні бірден – ақ көзге түседі. Бала жас кезінде бәрін де өз шешімімен істемейді, олар тек үлкендердің тапсырмасын орындау арқылы ғана үйренеді. Өз бетімен жұмыс Істру қабілеті үлкендерден үйреніп, білу арқылы ғана өзінің жас ерекшелігіне қарай бірте – бірте дамиды. Жазушы балада болатын осындай ерекшеліктерді дұрыс аша отырып, өмірге икемді қызмет етуге төселдіру үшін, әр алуан іс – әрекеттерге қатыстырып және өзін де соған араластыра баулу арқылы үйретуді көздейді. Осындай шарт, осындай әдіс повестің ең соңғы тарауына дейін берік сақталған.
Баланы жастайынан шаруашылыққа баулып, өзімен бірге мал. өрісіне апарып жүрген Бектас қарт енді Жандосқа құнанды өлтірген қасқырды ұстау тәсілдерін де көрсетеді… «Қасқырдан кек қайтару керек», - дейді шал немересіне. Бұл да өмірге баулудың бір тәсілі.
Жандос жас та болса, ауыл шаруашылығына кішкентайынан араласып, ат үстінде жүргендіктен, оның қай нәрсеге болса да икемі бар шыныққан бала. Сондықтан да оның қасқырдың қарнына пышақ салу алкен ер лік друге болады. Жандостың осындай жүректілігі, ерлігі жас өспірімдер арасында батылдық рух тудырады. Өйткені Жандос ылғи қозғалыс, әрекет үстінде көрінеді. Сондықтан да автор өзінің жас оқушыларын Жандостың ерлік істеріне байланысты жан түршігерлік қатты үрей үстінде еріксіз қобалжытып, Жандос пен Бектасқарттың алдағы тағдырына үңілтіп, аңдытып қояды.
Абай шығармаларының үш қайнар көзі.
Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп әбден айтуға болады. Ақын сүйіп оқыған үш үлкен қайнар көз: 1. Халық ауыз әдебиеті. 2. Шығыс әдебиеті. 3. Орыс әдебиеті, оның арғы жағында Батыс Еуропа әдебиеті. Абай жастайынан оқудан қол үзбейді, қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули, т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сонымен қатар, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов, т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, ағылшын жазушысы Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Ол Ч. Дарвиннің даму теориясы мен анатомиялық ілім негіздерін оқыды. Абайдың жаратылыстану ғылымындағы білімінің кеңеюіне орыстың материалистік психологиясы, оның ішінде И.М.Сеченов пен К.Д.Ушинский еңбектері орасан роль атқарды. Осыдан болар, ақынның дүниетанымы — кең, білімі – түпсіз терең, ойы — ұшқыр, тілі – бай әрі көркем.
Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы. Бір өлеңін жатқа айтыңыз.
Махамбет Өтемісұлы – 1803 жылы Ішкі Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауд. Нарын құмының Жанқұс жерінде туған.
1846 жылы Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында жерленген.
Қазақтың көрнекті ақыны, сонымен бірге 1836-38 ж. Исатай Тайманов бастаған шаруалар көтерілісінің жалынды жыршысы ретінде де мәлім, қозғалысты ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі.
Кіші жүздің Байұлы бірлестігі ішіндегі Беріш руының Жайық бөлімінен шыққан. Атасы Құлмәлі, әкесі Өтеміс те өз заманында айтулы тұлғалар болған. Құлмәлінің тұқымынан билер де, шешендер де шыққан.
Халықтың азатығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, өр рухты ақын. Бекетай елді мекенінде (Бөкей ордасы, Орал облысы, Жөнібек ауданы) дүниеге келді.
Махамбет ақын жастайынан ақындық өнерге кұмартып өсті. Асқан дарындылығына қалың жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел кұрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз кұбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен.
Есімі қалың жұртшылыққа таныла бастаған асқақ ақынды Жәңгір хан өз еркіне көндіріп, билік басында отырғандарға қарсы өлеңдер шығаруына тыйым салғысы келеді. Алайда көзі ашық, көкірегі ояу ақын оның бұйрығына мойын ұсынбады. Ал Жәңгір хан болса, оған үстемдік жасау мақсатымен Махамбетті қамауға алғызды. 1829-1830 жылдар аралығында Махамбет қала бекшісінің түрмесіңде отырды, бостандыққа шыққан соң Исатай Таймановқа қосылды.
Махамбет — халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы кетеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны. Оның бейнелі де жалынды негізінен Шалкиіз, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған сияқты батыр жыраулардың үлгісінде шығарылған көтеріліс туралы толғаулар. «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» деген өлеңдерінде үстем тап өкілдерін бет-пердесін жырта шенесе, «Мұнар күн» өлеңінде ел басындағы ауыртпалықты күйзеле, ашына айтты. Исатай — ақынның кеп өлендерінің басты қаһарманы. «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Тарланым», т.б. өлеңдерінде Исатайдың адамгершілігі, азаматтығы, батырлығы, қайсарлығы сипатталады.
Махамбет айтулы күйші, сазгер де болған. «Өкініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Терезе», т.б. күйлері күйтабаққа жазылды. Махамбет өлеңдері 1908, 1912, 1925 ж. Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларында жарық көрді. Шығармалары 1939-89 жылдар арасында 8 рет жеке кітап болып шықты, оқулықтар мен жинақтарға енді.
16. Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржіме» жинақтарының
идеясы.
С. Көбеевтің алғашқы кітабы «Үлгілі тәржімә» (И .Крыловтан аударма) 1910 жылы басылды. Освыдан бастап ол оқытушылықпен қатар жазушылық қызыметпенде айналысады. Оның 1912 жилы басылған «үлгілі бала» атты оқу құралы да бар. Бұл негізінен педагогикалық еңбек. Алғашқы ашылған қазақ мектептерінде оқу құралының тапшылығын өз көзімен көрген Спандияр Ыбырай ізімен хрестоматия құрастырды. Оған бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқуына жеңіл , шағын әңгімелер, ертегілер, өсімдік табиғат және оның құбылыстары, жануарлар дүниесі жөнінде мәліметтер қарастырылған.
1912 жылы «Үлгілі бала» жинағы жарық көреді. Ш. Ахметов «Үлгілі баланың» бірінші, екінші кітаптары шыққандығын жəне бірінші кітапқа 62 тақырыпқа жазылған, екінші кітапқа 32 тақырыпқа жазылған өлең, əңгімелерінің енгізілгенін жазады [4; 121]. Жазушы «Орындалған арман» мемуарлық шығармасында ««Үлгілі бала» хрестоматиясына Крыловтың өзім аударған мысалдарын кіргіздім, орыс классиктерінің балаларға арнап жазған қысқа əңгімелерін өзімшілеп қазақ тұрмысына лайықтап жаздым, сол сияқты қазақтың бай ауыз əдебиетін сұрыптап пайдаландым. Сонымен қатар бұл кітапқа табиғат туралы, оның əр алуан құбылыстары туралы, география, өсімдік, жануарлар туралы малұматтар беретін, балалардың ұғымына сыйымды жəне қызықты қысқа - қысқа əңгімелер, мысалдар кіргіздім. Əрбір əңгіменің соңына сұрақтар қойдым», — дейді [2; 151]. Ақын хрестоматияның екінші бөлімі жөнінде ештеңе жазбаған.
17-Ыбырай Алтынсарин – педагогика ғылымының негізін салушыларының бірегейі.
Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) - қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері, аудармашы. Қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді.1851 жылы Шекаралық комиссиясының жанынан ашылған қазақ балаларына арналған мектепке оқуға барады. Мектепте оқи жүріп, өз бетімен әлем әдебиеті классиктері – Шекспир, Гете, Байрон, Пушкин, Гогольдің, Лермонтовтың, Фирдаусидің, Низамидің, Науаидің және т.б. шығармаларын оқыған. Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды.Мектепті тәмамдаған соң 3 жыл бойы (1857-1860) өз атасының қарамағында хатшы, одан кейін Орынбордағы шекаралық комиссияға тілмаш болып орналасады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырып, орыс тілі мұғалімі етіп тағайындайды. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін салуға кіріседі, бұл мектеп 1894 жылы 8 қаңтар күні салтанатты түрде ашылады. Ы.Алтынсариннің қаламынан екі оқу құралы туған: 1869 жылы жарыққа шыққан "Киргизская хрестоматия" және "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы". 1879 жылы Торғай облысының мектеп инспекторы лауазымына тағайындалады. Торғай мектебінің инспекторы бола отырып, ол Ырғыз, Николаевск, Торғай және Елек уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Қыздарға білім беру мәселесіне көп еңбек сіңірді. Оның қолдауымен Ырғызда қыздарға арналған мектеп ашылды. Біраз уақыттан соң 1891 жылы Торғайда интернатымен бірге қыздар училищесі ашылды, Қостанайда – 1893 жылы, Ақтөбеде – 1896 жылы ашылды. Ы.Алтынсарин төрт екі сыныптық орталық орыс-қазақ училищесін, бір қолөнер мектебін, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище, орыс балаларына арналған екі училищесін ашқан. Қазақ әдеби тілін қалыптастыру аясында ұлттық әдебиетпен мәдениетті дамыту үшін жемісті еңбек еткен. Л.Толстойдың, К.Ушинскийдің, И.Крыловтың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Өмірінің соңғы жылдарында Николаевск (Қостанай) уездік қаласында тұрған. Көл жағасында өзінің жеке қаражатына ағаш жер үй тұрғызып, 1889 жылға дейін қарапайым өмір сүрген. Ы.Алтынсариннің құрметіне көптеген ғылыми, тарихи, педагогикалық еңбектер шығарылды. Арқалық қаласында Ы.Алтынсаринға арналған мұражай ашылып, Тобыл жағасында күмбез құлпытас орнатылған. Ы.Алтынсарин есімі Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына Қостанай облысының әкімшілік ауданына, мектептер мен көшелерге берілді.
Жанайдар Мусиннің өмірі мен шығармашылығы. «Туған үйдің түтіні» романынындағы образдар әлемі.
Жанайдар Баймұрзаұлы Мусин 1936 жылы Ақмола облысының Зеренді ауданындағы, Қараөткел ауылында туған. 1955 жылы Көкшетау педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті-журналистика бөлімене түсіп, оны 1960 жылы бітірген. Ж.Мусин өзінің еңбек жолын «Көкшетау правдасы» облыстық газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып бастаған. 1963 жылы сәуір айында Еңбекшілдер аудандық «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары, содан соң өлкелік «Тың өлкесі» газетінің бөлім меңгерушісі, ал 1965 жылы жаңадан ашылған Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» газетінің жауапты хатшысы, 1968 жылы жаңадан құрылған Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінің редакторының орынбасары болған. Ж.Мусин 1971 жылы «Көкштау правдасы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. 1990 жылдың наурызында Қазақстан Компартиясы Көкшетау облыстық комитетінің хатшысы болып сайланды. Ж.Мусин «Құрмет белгісі» орденімен және Кеңес одағының медальдарымен наградталған. 1973 жылы КСРО журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағы беріліп, 1977 жылы Құрмет Грамотасымен наградталған. Ж.Мусин әдеби шығармалармен белсенді айналысты. Оның қаламынан «Үміт», «Таң нұры», «Қанат ұшса қатаяды» деген әңгімелер мен очерктер жинақтары, «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» романдары және басқа да шығармалары жарық көрді. 1991 жылы ұзаққа созылған ауыр науқастан қаза табады.
«Туған үйдің түтіні» 1983 жыл баспадан шықты. Жазушының жаңа шығармасы жас адамның өмірден өз орнын іздеуіне, адамның семьямен қоғам алдындағы парызын толық түсінуге дейінгі рухани өсу жолына арналған. Автордың жазып отырған тақырыбын жақсы білетіні, кешегі сүрапыл соғыс кезіндегі тыл ерлігін, ондағы майдан мүддесі үшін болған жанқиярлық жайларды айқын көрсетеді. Автордың екінші бір кесек шығармасы, 1983 жылы жарық көрген, «Туған үйдің түтіні» романы. Романда қарапайым қазақ әйелінің жарқын бейнесі аса шеберлікпен суреттеледі. Бар оқиға Бәтеш төңірегінде өрбиді. Жесір әйел Бәтеш өз өмірін жалғыз ұлының тәрбиесіне арнаған. Ананың балаға деген махаббаты шексіз, ұлы Нұртілектің бақыты үшін, тағдырдың сан алуан ауыртпашылығын өз иығымен көтеріп, баласы қай жаста болмасын өз қамқорын аямайды. Бірақ, ана мейірімі ұмыт қалғандай, себебі сүйікті ұлы анасына жылдап келмейді. Ана болса шын ниетімен, үмітімен жалғыз ұлын күте береді. Роман көтеріп отыған тақырып ата-анадан балалары безіп жатқан заманда өзінің өткірлігімен құндылығы арта түседі. Ана алдындағы перзенттік борышын Нұртілек өте кеш түсінеді. Өмірден өтіп кеткен анасының басына келген ұлы көзіне жас алып жылайды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін шын сенген асыл ана махаббаты ұлын тура жолға шығарады. Роман жас адамның өмірден өз орнын іздеуіне, адамның отбасы және қоғам алдындағы қарызын толық түсінгенге дейінгі рухани өсу жолына арналған.
Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің дидактикалық маңызы.
Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы –еңбек. Ол еңбек адамның өмірі үшін ерекше маңызды рөл атқарады, еңбексіз өнер де, білім де қолға келмейді деп еңбекті бірінші орынға қойып, тәрбие негізі адал еңбекте деп тұжырым жасайды. Оның бұл тақырыпта жазған көптеген әңгімелері бар.Мысалы Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш, Бай баласы мен жарлы баласы, Қыпшақ Сейтқұл, т.б. Жазушының бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата-ана баласына небір асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпта да жазған Ыбырай шығармалары бар. Мысалы Асыл шөп, Бақша ағаштары, Таза бұлақ т.б. Әр әңгімесінде тәрбиенің ізі жатыр. Оны түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көзі жетеді.
Әңгіме –оқиғаны баяндауға негізделген қара сөзбен жазылған көркем шығарма. Әңгімеде бас-аяғы жинақы, тиянақты бір оқиға айтылады.
Ыбырай шығармалары қысқа мазмұнды, балалардың түсінуіне жеңіл. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, мақал-мәтел мен афоризмдерді орынды қолдану, әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аудару Ыбырай шығармаларының өзіндік ерекшеліктері. Шығармалары мазмұны жағынан да, түрі жағынан да балалар әдебиетіне қойылатын талаптарға сай келеді. Сондықтан да Ыбырай Алтынсаринді балалар әдебиетінің негізін салушы дейміз.Бүгінгі сабағымыздың нысанасы әңгімедегі тәрбие мәселесі. Тәрбие мәселесі бүгінгі өмірде де өз маңызын жойған жоқ, тіпті күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенін де білеміз. Ана мейіріне қанып, әке өсиетін тыңдап өскен бала ғана түбінде жылы жүректі азамат болары сөзсіз,олай болса, Ыбырай әңгімелерінде жасынан отбасы тәрбиесін көрген бала үлкен азамат болғанда, өз мәнінде өмір сүруге бейім болады деген нақты тұжырымдар беріледі.
Махамбет – реалист ақын. Бір өлеңін жатқа айтыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |