941-бап. Азамат қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерi
1. Азаматтың қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдарға зиян оның көзi тiрi кезiнде өзiнiң асырауына алған немесе алуға құқылы қайтыс болған адамның табысының (кiрiсiнiң) осы Кодекстiң 938-бабының ережелерi бойынша есептелген үлесi мөлшерiнде өтеледi. Осы адамдарға зиянды өтеудi белгiлеген кезде қайтыс болған адамның кiрiстерiнiң құрамына оның табысымен қатар көзi тiрi кезiнде алып жүрген зейнетақысы, ғұмырлық жәрдем ақшасы мен осы сияқты басқа да төлемдер қосылады.
2. Зиянды өтеудiң мөлшерiн анықтаған кезде адамдарға асыраушының қайтыс болуына байланысты тағайындалған жәрдемақылар, асыраушы қайтыс болғанға дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ табыс, стипендия, зейнетақы төлемдерi ескерiлмейдi.
3. Асыраушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдардың әрқайсысына белгiленген өтемнiң мөлшерi, баланың асыраушы қайтыс болғаннан кейiн туылуы; қайтыс болған асыраушының балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын адамдарға өтемнiң тағайындалуы (тоқтатылуы) жағдайларын қоспағанда бұдан әрi қайта есептеуге жатпайды