Экономикалық ресурстар
Экономикалық шешім қабылдау қажеттілігі төмендегі себептерден туындайды. Біріншіден, экономикалық субъектінің белгілі экономикалық іс-әрекеттер жасауға мүмкіндігі болғанда, ал екіншіден, осы экономикалық іс-әрекеттерді орындаудың әр түрлі тәсілдері болғанда. Экономикалық іс-әрекеттердің әр түрлі тәсілдері міндетті түрде баламалы немесе бірін-бірі ығыстыра алатын (жоққа шығаратын) болуы тиіс. Бұл шарт орындалмаса орындау тәсілдерінің қай-қайсысын да қолдануға болады және ешқайсысы да бір-біріне кедергі болмайды.
Бұдан түсінетініміз, экономикалық іс-әрекеттердің бірнеше баламалы нұсқаларының ішінен біреуін таңдау проблемасы және бұндай жағдай берілген экономикалық субъектіге нақты мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар баламалы қадамдардың ішінен таңдау қажеттілігі де берілген уақытта туады.
Жоғарыда айтылғандай, әрбір экономикалық іс-әрекет белгілі бір өзіне сай қажеттілікті анықтаудан басталады. әрине, қажеттілікте шек болмайды. Белгілі бір уақыт аралығындағы қажеттілігімізді уақытша қанағаттандырғанда, ол басқа жаңа қажеттіліктер туғызып, күрделене, тереңдей түсетіні сөзсіз. Сондықтан бұл мәселелер көбінесе тұрақты болады. Ал екінші жағынан, біздің қажеттілігімізді қанағаттандыратын ресурстар мен технологиялар әрқашанда шектеулі болады. Біріншіден, бұл табиғатта кездесетін игіліктердің әр түрлі мөлшерде болуы, мысалы, кейбір игіліктер басқаларына қарағанда өте аз болады. Екіншіден, адамзат қолымен жасайтын игіліктер де шектеулі. Бұл тек белгілі уақыт аралығындағы белгілі игілік түрінің қор мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар оны толықтырып отыру мүмкіндігіне де байланысты. Қорларын толықтыру мүмкіндіктеріне байланысты игіліктер төмендегідей түрлерге бөлінеді: қайта өндірілетін және қайта өндірілмейтін. Сонымен, әр түрлі игіліктердің көлемдері мен қорларын толықтыру деңгейі олардың бір-бірімен салыстырмалы шектеулілігін көрсетеді және игіліктердің сиректігі категориясы деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |