Кәсіпорындар мөлшері бойынша жіктелуі Кәсіпорынның маңызды сипаттамаларының бірі жұмыскерлер санымен анықталатын оның мөлшері болып табылады. Бұл белгі бойынша кәсіпорын келесідей бөлінеді: ұсақ – жұмыс жасайтындар саны 50-ге дейін, орташа – 50-ден 500-ге дейін, ірі – 500-ден жоғары, ерекше ірі – 1000-нан жоғары. Жұмыс жасайтындар саны бойынша кәсіпорын мөлшерін анықтау басқа сипаттамалармен толықтырылуы мүмкін – сату көлемі, активтер, алынған пайда т.б.
Ұйымдық-құқықтық формалары бойынша жіктелуі ҚР Азаматтық Кодексімен кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық формаларының құрамы бекітілген. Кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық формасы – бұл кәсіпорын серіктестері, басқа кәсіпорындар, жеке тұлғалар мен мемлекет арасындағы қатынастарын анықтайтын нормалар жүйесі.
4. Кәсіпорындардың құрылымы Кәсіпорын құрылымы – бұл оның ішкі буындарының құрамы мен арақатынасы, яғни бірыңғай шаруашылық нысанды құрайтын цехтар, бөлімдер, зертханалар және басқа да компоненттер. Кәсіпорынның құрылымы келесі негізгі факторлармен анықталады:
кәсіпорын мөлшерімен;
өндіріс саласымен;
технология деңгейімен және кәсіпорынның мамандануымен.
Кәсіпорынның жалпы құрылымы дегеніміз өндірістік бөлімшелер, кәсіпорынды басқару және жұмыскерлерге қызмет көрсету жөніндегі ұйымдар кешені, олардың саны, мөлшері, алып отырған аумағының көлемі, жұмыскерлерінің саны, өткізу қабілеті бойынша олардың арасындағы өзара байланыс пен арақатынас.
Өндірістік бөлімшелерге цехтар, участоктар, зертханалар жатады.
Жұмыскерлерге қызмет көрсететін бөлімшелерге тұрғын үй-коммуналдық бөлімдер, асханалар, балабақшалар, санаторийлер, пансионаттар, профилакторийлер жатады.
Ал кәсіпорынның өндірістік құрылымы өндірістік процесті ұйымдастыру формасын көрсетеді және кәсіпорын мөлшерінде, цехтардың саны, құрамы, үлес салмағында, олардың жоспарлануында көрініс табады.
Кәсіпорынның негізгі құрылымдық өндірістік бірлігі өндірістік участок болып табылады. Ол технологиялық біртекті жұмыс немесе бірдей өнімді дайындау жөніндегі әрқилы операциялар орындалатын жұмыс орындарының жиынтығын көрсетеді.
Участоктардың саны, құрамы және олардың арасындағы өзара қатынас неғұрлым ірі өндірістік бөлімше – цехтардың құрамын анықтайды.
Өндірісті ұйымдастырудың алғашқы буыны жұмыс орыны болып табылады.
Цехтар мен участоктардың келесі түрлерін ажыратады: негізгі, көмекші, қызмет көрсетуші және жанама. Негізгі цехтарда шикізаттар мен материалдарды дайын өнімге айналдыратын өндірістік процестің белгілі сатысы орындалады. Негізгі цехтар дайындаушы (құю, ұста, штамповка), өңдеуші (токарлық, фрезерлік), шығарушы болып жіктеледі. Көмекші цехтардың міндеті – негізгі өндірістік цехтардың қалыпты үздіксіз қызметін қамтамасыз ету. Оларға жөндеу, слесарлық жөндеу,құрал-сайман, энергетикалық цехтар жатады. Қызмет көрсетуші цехтар өнімді сақтау, шикізатты, материалды және дайын өнімді тасымалдау функциясын атқарады. Жанама цехтар қалдықтарды утилизациялаумен айналысады.
Цехтар мен участоктардың ұйымдық құрылысы үш принцип бойынша жүргізіледі:
технологиялық - әрқилы бұйымдарды дайындаудың біртекті технологиялық процесі белгісі бойынша қалыптасады;
заттық – белгілі өнім түрлерін шығару жөніндегі жұмыс орындарын, участоктарды, цехтарды біріктіреді;
аралас – мұнда дайындаушы цехтар мен участоктар технологиялық принцип бойынша, ал шығарушы цехтар мен участоктар заттық принцип бойынша құрылады.