§ 1. Саяси партиялардың пайда болуы, мәні және қызметтері
Саяси жүйеге мемлекетпен бірге саяси партиялар да кіреді. "Партия" деген ұғым латын тілінен шықкан, яғни, бөлу, бөлшек деген мағынаны білдіреді.
Тарихқа белгілі алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грецияда пайда болған. Олардың мүшелері аз, тұрақтылығы шамалы, жөнді ұйымдаспаған шағын топтар болатын. Олар, негізінен, құл иеленушілердің әр түрлі ағымдарының мүдделерін қорғады. Мұндай партиялар феодалдық қоғамда да болды. Бірақ шексіз әкімшілік билеген дәуірде олардың айтарлықтай маңызы болмады. Еңбекші топтар болса экономикалық бытыраңқылық пен рухани езгінің астында еді. Сондықтан олардың саяси партиялар құруға мүмкіндіктері жоқ болатын. Олардың мүддесін ара-тұра билеуші топтың алдыңғы қатарлы мүшелері қорғады.
Қазіргі біздің түсінігіміздегідей саяси партиялар Еуропада XIX ғ. екінші жартысында пайда бола бастады. Бұған сол кезде болған буржуазиялық революциялар тікелей ықпал етті. Мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу түрі және жүзеге асырылуы ретінде парламенттер мен парламентаризм дүниеге келді. Жалпыға бірдей сайлау құқығының енгізілуі бұқара халықтың саясатқа қатысу аясын одан әрі кеңейте түсті. Жұмысшы табының ұйымшылдығы күшейе түсті. Олар парламентте өз мүдделерін қорғайтын көпшілік партияларды құра бастады. Саясатқа көптеген адамдар тартылып, әлеуметтік қайшылықтар шиеленіседі. Осыған байланысты саяси партиялардың рөлі одан әрі өсті. Олар саясаттың негізгі субъектісіне айналды.
Бірақ саяси партиялар бірден көпшілік партия бола қалған жоқ. Оның ұзақ тарихы бар. Мысалы, немістің көрнекті саясаттанушысы Мақс Вебер саяси партиялардың дамуында мынадай кезеңдерді атап көрсетті: 1) аристократиялық үйірмелер; 2) саяси клубтар; 3) көпшілік партиялар.
Саяси клубтардың аристократиялық үйірмелерден айырмашылығы - олар ең алдымен буржуазияның мүддесін білдірді. (Ал аристократиялық үйірмелер жер иелерінің мақсатын қорғаған болатын). Олардың тұрақты идеологиялык байланыстары мен дамыған ұйымы болды. Мұның бәрі оларға қоғамдық жұмысты кең өрістетуіне мүмкіндік туғызды.
Ал көпшілік партиялардың саяси клубтардан ерекшелігі - олар жұмысын тек сайлау кезінде ғана емес, сонымен қатар әдеттегі, дағдылы уақытта да көпшілікке ықпал етуге тырысты. Өз қатарына барынша көбірек адамдарды тартты. Өздерінің үгіт-насихат жұмысында саяси ағартушылық, үгіт, тәрбие, мәдени қызмет т. с. с. саяси әсер етудің бай мүмкіндіктерін пайдаланды.
Дегенмен, көрсетілген үш кезеңді толығымен Ұлыбританияның екі партиясы ғана басынан кешірді. Олар либералдық (виги) және консервативтік (тори) партиялары. Ал қазір өмір сүріп отырған партиялардың көбінің даму жолы қысқа. Олардың біразы екі сатысынан өтсе, біразы бірден көпшілік партия болып қалыптастыру.
Бірінші саяси көпшілік партия болып 1861 жылы Англияда либералдық партия құрылды. Сонымен қатар мұндай партиялардың дамуына жұмысшы қозғалысы да зор әсер етті. Жұмысшылардың өзіндік жарғысы, кең тараған жергілікті ұйымдары бар, жазба түрде мүшелік жарна төлейтін, мерзімімен съездер өткізетін партиялары ұйымдасады. Бірінші көпшілік жұмысшы партиясы болып 1863 жылы Жалпы Германияның Жұмысшы Одағы (Ф. Лассальдың басшылығымен) құрылды. XIX ғ. аяғына қарай Батыс Еуропа елдерінде түгелге жақын көпшілік партиялар пайда болды. Мұндай партиялар басқа континенттерде де құрыла бастады.
Американың белгілі саясаттанушысы Дж. Ла Паломбараныц ойынша партиялар мынадай 4 белгімен сипатталады: 1) партия белгілі бір идеологияны қорғайды немесе кем дегенде адамды, дүниені ерекше көре біледі; 2) партия - адамдарды жергілікті ұйымнан бастап, халықаралық дәрежеге дейін саясаттың әр-түрлі деңгейінде әжептәуір ұзақ біріктіретін ұйым; 3) партияның мақсаты - билікті қолға алып, жүзеге асыру (көбінесе ол коалициялық жолмен жасалады); 4) әр партия өзіне халықтың дауыс беруінен бастап, мүше болуына дейінгі қолдауын қамтамасыз еткісі келеді.
Саяси партия тапты немесе әлеуметтік топты ұйымдастырады, олардың саяси сауаттылығын арттырады, жұмысына ұйымшылдық және мақсаттылық сипат береді. Оның белгілі бір идеологиясы болады. Ол идеология саясаттың басты принциптерін белгілеуге, саяси партияның ұйымдық құрылысы мен практикалық іс-әрекетін анықтауға негіз болады. Олар партияның бағдарламалары мен жарғыларында айқындалады.
Саяси жүйеде партиялар үлкен әлеуметтік жіктердің (топтардың, таптардын, бірлестіктердің) мүддесін көздейді. Партиялардың өмір сүруінің өзі сол жіктеудің арасында дау-жанжалдардың тууы мен оларды шешу қажеттігінен шығады.
Поляктың белгілі саясаттанушысы А. Боднардыц көрсеткеніндей, қазіргі қоғамда саяси партиялар мынадай қызметтерді атқарады:
а) қоғамның ірі топтарының мақсат-мүдделерін анықтау, тұжырымдау және негіздеу;
ә) олардың белсенділігін арттырып, жинақтау;
б) саяси идеология мен саяси ілімдерді жасау;
в) саяси жүйелерді, оның жалпы принциптерін, элементтерін, құрылымдарын қалыптастыруға қатысу және т. б.;
г) мемлекетте билік үшін күреске қатынасу және оның жұмысының бағдарламасын жасау;
д) мемлекеттік билікті іске асыруға қатынасу;
е) қоғамдық пікірді калыптастыру;
ж) жалпы қоғамды, яки оның белгілі бір бөлігін (топты, тапты, жікті) саяси тәрбиелеу;
и) мемлекеттің, кәсіподақтарының, қоғамдық ұйымдардың аппараты үшін кадрлар даярлау мен ұсыну және т. т.
Сонымен қатар партиялар сайлау науқанын дайындау мен өткізу, өз мүшелерінің санын көбейту, орталық және жергілікті ұйымдардың материалдық ахуалын күшейту, өз еліндегі және шетелдердің мақсаттары жақын партияларымен байланысты нығайтумен үнемі айналысады.
Қазіргі демократиялық қоғамдағы партияның маңызды міндеті - азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты баянды ету. Партиялар арқылы әр түрлі әлеуметтік топтар өздерінің саяси талаптарын мәлімдейді. Бұрынғы әлеуметтік-экономикалық саясатты одан әрі жүргізу немесе оны өзгерту керектігі жөнінде өздерінің көзқарастарын білдіреді. Соның арқасында қоғамның саяси саласындағы қайшылықтардың басы ашылады, әлеуметтік қопарылысқа соқтырарлық өткір, ойда жоқ шиеленістердің мүмкіншілігі азаяды.
Қоғамның қай жігіне партияның ыкпалы күшті жүріп, олардан ұзақ уақыт қолдау тапса, сол топ партияның әлеуметтік негізін қалайды. Ал оған сайлау кезінде әрдайым даусын беруші сайлаушылар оның электоратын (латыннын, сайлаушылар тобы деген сөзінен) құрайды. Еуропадағы социал-демократиялық партиялардың дәстүрлі әлеуметтік негізіне жұмысшылар жататын. Либералдық-демократиялық партияларды орта жіктегі қызметкерлер, зиялы қауым, ұсак кәсіпкерлер және т. б. қолдайтын. Аграрлық партия шаруаларға сүйенетін. Консервативтік партиялар ірі меншік иелерін, шаруалар мен орта буындылардың бір бөлігін тірек ететін. XX ғ. ортасынан бастап жағдай өзгерді. Ірі партиялар сайлауда халықтың әр түрлі топтарының даусын жинады. Демек, солардың мүддесін де көздейді.
Сонымен, партия деп мемлекеттік билікті қолға алуға немесе билік жүргізуге қатынасуға бағытталған, ортақ мүдде, бір идеалогия негізінде құралған адамдардың ерікті одағын айтады. Партиялар сайлауға, мемлекеттік органдар құруға, мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдауға және оларды іс жүзіне асыруға белсене қатынасады.