§ 2. Саяси партиялардың жіктелуі
Саяси партияларды жіктеп, жүйелеудің көптеген белгілері мен өлшемдері бар. Мысалы, институциондық тәсіл партияларды топтастырғанда ұйымдастыру ерекшелігін басшылыққа алады, либералдық дәстүр идеологиялық байланыстардың сипатына басты назар аударады, марксистер болса таптық белгілеріне айрықша мән береді.
Бұл мәселені терең зерттеген саясаттанушылардың бірі француз ғалымы М. Дюверже XX ғасырдың 50 жылдарында сайлаушылар мен белсенділер санына байланысты партияларды кадрлық және бұқаралық деп екіге бөледі (оларды ұйымдық қалыптасқан және ұйымдык қалыптаспаған деп те атайды). Кадрлықпен қатарында сайлаушылардың 10%-ынан кемі ғана болатын, мүше саны аз партияны айтады. Бірақ ол ұйымдастырылуымен және тәртібімен көзге түседі. Оның әрбір мүшесінің партия билеті болады, мүшелік жарналарын уақыттылы төлейді, жарғысында қаралған тәртіпті мүлтіксіз орындайды. Мысалы, оған Австрия халық партиясы, Англия консерваторлар партиясы, ГФР-дің Христиандық-демократиялық одағы, Жапония либералдық-демократиялық партиясы, Француз коммунистік партиясы, Швеция орталық партиясы жатады. Бұқаралық партияда оны үнемі жақтап дауыс беретін сайлаушылары, мүшелері, белсенділері көп болады. Бірақ олардың ресми мүшелері болмайды. Партбилет алып, мүшелік жарна төлемейді. Мысалы, мұндайларға АҚШ-тың республикалық және демократиялық партиялары, Англия лейбористер партиясы т. т.
60 жылдардың аяғында жоғарыда аты аталған Ла Паломбараның көрсеткен екі партиясынан басқа әмбебап партиялар (универсалдық немесе сайлаушылар партиясы) деген үшінші түрін бөліп шығарды. Олардың ерекшелігі - партияның мүше санын емес, сайлаушылар санын көбейтуге тырысуда. Онда әлеуметтік, этникалық, діни және т. б. өзгешеліктеріне мән берілмейді. Мұндай партиялардың саны соңғы жылдары Еуропа мен Америка елдерінде тез етек алуда.
Саяси жүйедегі рөлі мен іштей ұйымдасуына байланысты саяси партияларды төрт түрге топтастырады:
І. Авангардтық партиялар (лениндік тұжырымдама). Олардың ұйымы жоғары орталықтанумен сипатталады, өзінің барлық мүшелерінен партияның жұмысына белсенді қатынасуын талап етеді. Мысалы, Үндістанның ұлттық конгресс партиясы, бұрынғы СОКП.
2. Сайлаушылар партиясы. Олардың негізгі мақсаты үміткерлердің сайлау алдындағы науқанын ұйымдастыру: қаржы жинау, үгіт жүргізу, т. т. Оларда тұрақты мүшелік, идеологиялық негіз, ұйымдық құрылым жоқ. Мысалы, АҚШ-тағы республикалық және демократиялық партиялар. Сондықтан американдық азамат "Мен демократиялық партияның мүшесімін" демейді," Мен демократтар үшін дауыс беремін" дейді.
3. Парламенттік партия. Ол негізгі екі қызметті атқарады: сайлауға дайындалу және парламентке бақылау жасау. Мәселелерді алдын ала талқылап, қабылданатын шешімдерді сәйкестеу, келістіру үшін партиялар парламенттер меи муниципалитеттерде (жергілікті өзін-өзі басқару органы) жіктер (фракциялар) жасайды. Премьер-Министрдің кандидатурасы мен үкімет құрамы парламенттегі көпшілікке байланысты. Мысалы, Германияда, Италияда, Ұлыбританияда, Францияда солай.
4. Қауымдастық партиясы. Ол адамдарды белгілі бір саяси жолды ұстанғандығына қарай емес, ортақ көзқарас, ұқсас мүдделеріне орай өзара қатынасып, маңызды мәселелерді талқылау үшін біріктіріледі. Мысалы, оларға "Жасылдар" партиясы, балаларды, малдарды, жануарларды қорғау партиялары, соғысқа, ядролық қаруға қарсы қозғалыстар жатады.
Саяси идеологиясына қарай партияларды 5 түрге жүйелеп жүр.
1. Коммунистік партиялар мен солшыл радикалдық бағыттағы партиялар. Олар К. Маркстің ілімін басшылыққа алады. Жеке меншіксіз, тапсыз қоғам құруға тырысады. Басқа партиялар коммунистік партияның басқарушы рөлін мойындауы керек. Мысалы, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, бұрынғы КСРО. Батыста мұндай партиялардың айтарлыктай салмағы жоқ.
2. Социал-демократиялық (немесе социалистік, лейбористік) партиялар. Олар қазіргі капиталистік қоғамды еңбекші халықтың мүддесіне сай ұдайы реформалап, өзгертіп отыруға тырысады. Олардың басты құндылықтары: бостандық, әділеттілік, ынтымактастық, тендік. Оған жататындар: Австрияның, Германияның, Швецияның социал-демократиялық партиялары, Ұлыбританияның лейбористік партиясы және т. б.
Қазіргі кезде адамзатты айнала қоршаған орта күннен-күнге нашарлап, азып-тозып бара жатқаны баршаға аян. Сондықтан Еуропада социал-демократтардың әлеуметтік және экологиялық жағынан жаңарған индустриялық мәдениеттілік орнатпақта ойлары бар.
3. Буржуазиялық-демократиялық партиялар. Олар ХІХ ғасырда Еуропа мен Солтүстік Америкада бір кезде пайда болды. Мынандай принциптерді басшылыққа алады: қоғамда билік үшін әрқашан ашық күрес жүруі керек, өкіметке жалпыға бірдей сайлау арқылы жету, парламентте көпшілік дауыс алған партия немесе партиялық бірлестік өкіметті билейді, басқарушы партияға (партияларға) қарсы үздіксіз ашық оппозиция жұмыс істейді. Заң алдында бәрінің де тең болғанын, сөз, баспасөз, жиналыстар бостандығын калайды. Мысалы, Германияның еркін демократиялық партиясы, Ұлыбританияның социал-либералдық партиясы және т.б.
4. Консервативтік партиялар. Негізінен ірі буржуазияның мүддесін қорғайды. Әлеуметтік теңсіздікті сақтағысы келеді, адамдық және азаматтық ар-намыс, плюрализм, ынтымақтастықты жасайды. Мысалы, АКШ-тың республикалық партиясы, Германияның Христиандық-әлеуметтік одағы мен Христиандық демократиялық одағының блогы, Ұлыбританияның консервативтік партиясы,т.т.
5. Фашистік партиялар. Олар жеке мүддеден мемлекеттік мүдденің басым болғанын, басқаруда қатаң орталықтандырылуды, адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуді қалайды. Ұлтшылдықты уағыздайды. Бұл тоталитарлық немесе авторитарлық жүйеге жол ашады. Фашистік партиялар кезінде Германия мен Италияда болған. Бірақ сол елдерде және т.б. жаңарған неофашистік ұйымдардың пайда болуы сақтандырады.
Партияларды басты идеологиялық бағытына қарай революциялық, реформистік, консервативтік, реакциялық деп те бөліп жүр. Революциялық партиялар қоғамдық өмірді түбегейлі өзгертуге тырысады. Реформистік партиялар қоғамда маңызды өзгерістер жасамақ, бірақ оның негізгі құрылысын сақтап қалмақ. Консервативтік партиялар қазіргі әлеуметтік өмірдің негізгі сипат, ерекшеліктерін тұрақты сақтап қалмақ. Реакциялық партиялар - қоғам дамуындағы өтіп кеткен формацияларға не дәуірлерге қайтып оралуды көксеушілер.
Қандай саяси тәртіпті қолдауына байланысты партиялар демократиялық, авторитарлық, тоталитарлық болып жіктеледі. Демократиялық, партиялар басқа партияларға төзімділікпен, түсіністікпен қарайды, пікір алалығын жақтайды. Идеологиялық факторға онша мән бермейді. Тоталитарлық партиялар, керісінше саяси жүйенің басқа элементтерін өзіне бағындыруға тырысады. Әсіресе идеологияланған, қатаң тәртіпке негізделген бірпартиялық жүйе құруға тырысады. Авторитарлық, партиялар, әдетте, дамып келе жатқан елдерде пайда болады және отаршылыққа қарсы бағытталады. Олардың көбі ең алдымен өз елдерінің саяси және экономикалық тәуелсіздігі, әлеуметтік прогресі үшін күреседі. Өз әрекеттерінде көбінесе күшке сүйенеді.
"Саяси өмірдегі алатын орны, билікті жүзеге асыруға қатысына қарай саяси партиялар билеуші және оппозициялық (латынның "қарсы қою" деген сөзінен шыққан) болып бөлінеді. Билеуші партиялардың қолдарына мемлекеттік билік тигендіктен оларға бүкіл қоғам дамуының басты бағыттары мен сипатын айқындауға мүмкіндік туады. Яғни, олар басқа партиялардың үстінен билікке ие болады. Мұндай мүмкіндігі жоқ қалған партиялар өз мүдделсріи басқа жолмен қорғайды. Олар бұл мақсатта өздсрінің конституциялық құқығын, парламент мінбесін. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланады. Белгілі бір қоғамдық пікір тудырып билеуші партияға сырттай ықпал жасайды. Мұндай саяси партияларды оң позициялық деп атайды. Олар басқарушы партияның саясатын сын көзбен бағалайды. Қоғамның даму бағдарламасын жасайды, басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарға өздерінің көзқарастарын білдіреді. Жалпы оларға қарсыластық, қасиет тән келеді.
Жұмыс істеу жағдайына, заңның рұқсат етуіне байланысты партияларды ресми, жартылай ресми, құпия деп жіктейді. Егер қоғамдық-саяси өмірге қатынасуына заң жүзінде рұқсат етіліп, мемлекеттік тіркеуден өтсе, ол ресми партия болып саналады. Ол жұмысын ашық жүргізеді. Бірақ формальды түрде рұксат етілсе, оны толық танылды деуге болмайды. Біраз жағдайларда партияға сырттай мойындаған сыңай білдіріп, шын мәнінде, жұмысына шек койып, кедергілер жасалады. Мұндай партиялады жартылай ресми деуге болады. Ал егер партияға заң бойынша тыйым салынып, жұмысын астыртын, жасырын жүргізсе, ол құпия партияға жатады. Әдетте, олар үстемдік етіп отырған құрылысты күшпен өзгертуді мақсат етіп кояды. Егер құпия партияны халық шынымен қолдап, беделі зор болса, оны ресми мойындамағанымен жұмысын тоқтата алмайды. Оның айғақтығын құпия жағдайда жүріп отаршылдыққа қарсы қажырлы күрес жүргізген көптеген ұлт-азаттық партиялардың даму жолынан байқауға болады.
Партиялар жиылып, партиялық жүйені құрады. Сондықтан оларды жіктеудің де мәні зор. Партиялық жүйе деп мемлекеттік мекемелерді қалыптастыруға шынымен мүмкіндігі бар, елдің ішкі және сыртқы саясатына ықпал ете алатын саяси партиялар жиынтығын айтады. Ел ішінде қанша партиялар болуы және олардың қайсысы партиялық жүйеге енуі сол елдің тарихи дәстүріне, әлеуметтік-экономикалық шиеленістер сипатына, негізгі әлеуметтік күштердің арасалмағына байланысты. Оған халыктың бір ұлтты әлде көп ұлтты, бір дінге әлде көп дінге бағынуы да әсер етеді.
Билік үшін күреске қатысып жүрген саяси партиялардың саны жағынан олар көппартиялық, екіпартиялық және бірпартиялық болып топтастырылады.
Көппартиялық деп мемлекеттік билік үшін күрес барысында бірнеше саяси партиялардың әртурлі мүдделері мен пікір алалығын пайдалана отырып басқару түрін айтады. Онда үш және одан артық партия қатысады. Бұл - адамзаттың қоғамдық басқаруда ойлап тапқан өркениетті түрі. Дегенмен, орыстың белгілі саясатшысы Б. Чичерин айтқандай, көппартиялықтың өзіндік жағымды және жағымсыз жақтары бар. Жағымды жағына жататындары - онда саяси мәселелер жан-жақты қаралады. Кемшіліктерді кешірмейтін оппозициялық партиялардың болуы үкіметті тиімді жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Бюрократияның өрістеуіне тежеу салынады. Партияны тәртіпке шақырады. Билік басына кездейсоқ емес нағыз дарынды адамдардың келуіне мүмкіндік тудырады. Ұнамсыз жағына жататындар - өмірдегі көп мәселелерге өз партиясының тұрғысынан ғана қарайды. Бар ойы қарсы партияны жеңуге арналып, ол жолда алдау-арбау, өсек-өтірік сияқты жат қылықтар мен тәсілдер пайдаланылып жатады. Дегенмен, қазіргі таңда көппартиялық саяси өмірдің тәуір жетілген түрінің бірі болып танылады. Ондайларға Австрия, Бельгия, Дания, Нидерландыдағы көппартиялықты жатқызуға болады.
Екіпартиялық жүйеге (бипартизм) басқада кішігірім партиялар болуы мүмкін, бірақ билік үшін нағыз бәсекелестік ең ірі екі партияның арасында жүреді. Мұнда жалпыға бірдей тікелей сайлау нәтижесінде екі партияның бірі өзінен-өзі автоматты түрде парламентте көпшілік орынды қамтамасыз етеді. Ол Министрлер Кабинетінің орнықтылығын қамтамасыз етеді. Себебі, ол үкіметті заң бойынша көрсетілген мерзімі біткенше қызметін атқаруына мүмкіндік береді. Ол мемлекет басшысын сайлауға жіберілген қаржыны да үнемдейді. Өйткені ол орынға сайлауда жеңіске жеткен партияның серкесі ие болады. Бипартиялық көппартиялықтағы сияқты өзінің жіберген қателіктерін бірге билеген басқа партияларға аудара сала алмайды. Бұған мысал ретінде АҚШ-тағы республикалық және демократиялық, Ұлыбританияда - консерваторлар мен лейбористер, Германияда -христиандық демократтар мен социал-демократтар жатады. Саяси күреске басқа да партиялар араласады. Бірақ, әдетте, олар шешуші рөл атқармайды және жеңіске жетерлік мүмкіндіктері де жоқ. Дегенмен, мұндай жүйенің өміршеңдігін аты аталған елдердің өмірі дәлелдеп отыр.
Бірпартиялық жүйе өзінен басқа, әсіресе бәсекелес партияларды болдырмайды. Ол тоталитарлык және авторитарлық қоғамдарға тән. Мұндай тәртіпте басқарушы партия бақылаушы және сынаушы оппозициялық партиялардың жоқтығын пайдаланып, саяси билікті бүтіндей қолына алып, басқа мемлекеттік органдарды ығыстырады. Ондай партия бұрын КСРО-да болды, қазір Қытай, КХДР, Кубада бар.
Демек, партиялық жүйе әр түрлі болады. Сондықтан солардың ішінде ең тәуірі, тиімдісі қайсысы деген сұрақ тууы мүмкін. Бұған бірыцғай кесіп жауап беру, бір үлгіні ұсыну дұрыстыққа жатпайды. Әйтсе де партиялық бірлестіктердің тиімділігіне жалпы өлшеуіш боларлық жағдайлар мыналар. Олар халықтың әлеуметтік мүдделері мен мұқтаждықтарын бірінші сезініп, қамтамасыз етуге тырысуы ләзім. Партия арқылы шешімдер қабылдағанда азаматтардың барынша мол қажеттіктерін қамту. Үкімет бағытын сын көзбен түзету және басқарушы топтың жұмысына демократиялық бақылау жасау және т.с.с.
Саяси партиялардың ішінде фракциялар (латынның "бөлшектену", "бөлектену" деген сөзінен) болуы мүмкін. Бұл сөз екі мағынада қолданылады: 1) бір партияның парламентте, мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда өздерінің саяси нұскау, мақсаттарын ұйымшылдықпен жүргізу үшін құрған ұйымы; 2) бір партияның ішінде өзіндік бағыты, құрылысы, тәртібі бар, бірақ сол партияның қатарынан шықпаған мүшелердің бөлігі. Мұндай жағдай азшылықтың кұқы бұрмаланған кезде дүниеге келуі мүмкін Әдетте, ол өтпелі кезеңдерде пайда болады және ұзаққа созылмайды.
Мемлекеттік билікті жүзеге асыру үшін партиялар коалиция (латынның "бірлестік" деген сөзінен) құруы мүмкін. Коалиция деп жалпы мақсатқа жету үшін партиялардың жасаған бірлігін айтады. Оның мынадай түрлері болады:
а) парламентке қатысатын партиялардың ешқайсысы өз алдына бөлек, дербес басқара алмайтындай жағдайда (дауыстың аздығынан) құралған көппартиялық коалиция;
ә) екі күшті партияның әрқайсысы өкіметгі өз колына алып билей алатындай жағдайда екіпартиялық коалиция орнайды. Мұндайда бір партия парламентте көпшілік дауыс алады да, екіншісі оппозицияда болады. Егер екеуінің де парламенттегі орны тең болса, үкіметті құру үшін басқа кішірек партиямен келісімге келуге мәжбүр болады. Мұндайды түрін өзгерткен екіпартиялық коалиция дейді;
б) билік үшін бәсеке екі партия одағының арасында болса, оны екі блоктық коалиция дейді. Мұндай коалиция, әсіресе Францияға тән. Онда президенттік, парламенттік, кантондық сайлаулар кезінде екі блок құрылады. Оң блокқа гольдықтар, жискарлықтар (Францияның бұрынғы президенттері Де Голь мен Жис-карде Эстеннің фамилияларынан шыққан) т.б. кіреді де, сол блоққа социалистер, коммунистер солшыл радикалдар жатады; в) егер дербес партия ұзақ уақыт (20—30 жыл бойы) билік етсе, оны басымдық коалициясы дейді. Мысалы, Швеция социал-демократиялық партиясы 1932 жылдан І976 жылға дейін, содан кейіи 1982 жылдан осы уақытқа дейін билік басында. Жапонияда либералдық-демократиялық партия 1955 жылдан бері өкімет басында келеді.
Саяси партиялардың жұмысы әдетте құқықпен немесе Конституциямен реттеледі. Себебі, олардың жұмысы саяси жүйенің принциптері мен мақсаттарына қайшы келмеуі керек. Оларға жататындар: қоғамдық өмірде партияның орнын конституциялық жолмен рұқсат ету; саяси жүйеде партияның жұмыс істеу жағдайын белгілеу; сайлау жүйесінің жұмысына партиялардың қатысуы; мемлекеттік өкімет органдарында партиялардың өкілдік ету тәсілдері; мемлекеттік бюджеттен партиялардың қызметін қаржыландыру. Бірқатар Батыс елдерінде (Германия, Италия, Швеция, т.б.) 60-70 жылдардан бастап саяси партиялар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Кейбір елдерде заң бойынша саяси партиялардың сайлау науқанына арнайы қаржы бөлінеді. Бұл конституцияда көрсетілген міндеттерді орындау және қиянат етушілікке жол бермеу (мысалы, саяси партияларды құрғанда әлдеқандай кішігірім топтардың немесе жеке адамдардың, ықпалын азайту, не болмаса қызметкерлердің, қоғам қайратқерлеріиің сатылғыштығына жол бермеу және т.б.) үшін керек деп саналады.
Бірқатар елдердің (Германия, Үндістан, Ұлыбритания, Франция) заңдарында радио мен теледидарды кеңінен пайдалануға мол құкық берілген. Мұның бәрі сайлау науқанында және т.б. жұмыс бабында партияларға тең жағдай қамтамасыз етілгендігі деп саналады.