1. Тазы мен Төбет иттерді зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі



Дата31.01.2018
өлшемі235,91 Kb.
#36504
МАЗМҰНЫ

Кіріспе

1. Тазы мен Төбет иттерді зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі ...................2-4
2. Негізгі бөлім.
2. 1. Жеті қазынаның бірі – иттің сыры мен ерекшелігі.........................................5-8

2. 2. Қазақы тазы мен Төбет иттердің зерттелуі....................................................9-16
3. Қорытынды

3.1. Зерттеу жобасы бойынша қорытынды мен ұсыныстар...............................17-19

3. 2. Практикалық кезең.............................................................................................20
4. Қолданылған әдебиеттер тізімі...........................................................................21


Кіріспе

1. Тазы мен Төбет иттерді зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі.



Жүрдек аты – жігіт қаны, қанаты
Қыран бүркіт – қарым күші, қуаты. 
Құмай тазы – бастан берік сенімі, 
Ақ мылтығы – сөнбес оты, серігі
Халық ауыз әдебиетінен.
«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деп Елбасының халыққа арнаған жолдауында атап көрсетілгендей, ұрпағы білімсіз елдің келешегі де бұлыңғыр екені баршаға аян. Әрбір мемлекет, әрбір ұлт өз өкілінің білімі мен бойындағы ерекше қасиеттері, таланты мен дарындылығы, өзгелерден ерекше табиғи қабілеті арқылы биіктерден көрініп, басқаларға қарағанда оқ бойы озық тұратынымен бағаланады. Өз ұлтының салт-санасы мен ата-бабасынан келе жатқан дәстүрін бойына ана сүтімен, әке қанымен сіңірген әрбір ұрпақ осы заман талабына сай біліммен қаруланса, ел келешегі еңселі, мәртебесі биік, арманы асқақ, елдің мерейі үстем болмақ. 

Бұл ғылыми жобамызға аталған тақырыптың арқау болуы тегіннен тегін емес, бірде мен жаңалықтардан: «Таза қанды, Қазақы құмай тазы мен Төбет иттер жойылып бара жатыр дегенді» естідім де, ойланып мұғалімге бірнеше сұрақтарды қойдым, шынымен де ата-бабаларымыздың бізге, жас ұрпаққа, тастап кеткен асыл тұқымды аттарынан, қыран бүркіттерінен, тазы иттерінен айрылып бара жатқанымызға қамыға бастадым. Мұғалім шынымен ол иттердің жеті қазынаның бірі екенін жан-жақты түсіндіріп, ғаламтордан суреттерін көрсетті, міне осы сәттен қызығушылығым ояна бастады. Сол себептен, бұл тақырыпты ғылыми жобамызға зерттеу нысаны етіп алдық.



Тазы мен Төбет иттерді зерттеуде шетелдік және отандық оқымыстылары еңбек етті. Олардың ішінде шетелдік ғалым Л.П.Сабанеевті атасақ. Отандық зерттеуші мен ит өсірушілерге: Асылбек Әбдіқанұлы, Данияр Дәукей, т.б.

Ғылыми жобаның негізгі мақсаты:

1) Өлкеміздегі қазақтың кең таралған асыл тұқымды иттің бірі – Құмай тазы мен Төбет туралы зерттеу. Олар жайында мағлұматтарды көпшілік қауымға жеткізу.

2) Қазақ халқының салт-санасы мен ата-бабасынан келе жатқан дәстүрі мен қазынасын сақтап қалу.

3) Тазы ит пен Төбеттің «Қызыл кітапқа» енудің алдында тұрғанына дабыл қағып, еліміздің ұлтжанды азаматы ретінде өз үлесімді қосу.

Өзектілігі: Заман өзгергенмен халықтың сенімі, құпиялылыққа құштарлық сезімі өршімесе өшпейді. Ендеше халық ойын түсініп, ата-бабадан келе жатқан қасиетті асыл мұрамызды сақтап қалып, тазыны қазақтың аңшы иті ретінде әлемге таныту, өзінің иесіне адал екенін, өмір бойы адаммен бірге соғысты, шапқыншылықты, Ұлы ашаршылықты бірге өткізген осындай құнды текті тазы иттің мүлдем жоғалып, «Қызыл кітапқа» енудің алдында тұрғаны бүгінгі күннің өзекті мәселенің бірі болып қалмақ.

Мақсатқа жету жолында алға қойылған міндеттер:

- тазы ит жайында зерттеген еңбектерді оқып, талдау;

- зерттеуші ғалымдарды анықтау, салыстыру жұмыстарын жүргізу;

- жиналған материалдарды бір жүйеге келтіру;

- маңыздылығын анықтау;

Зерттеу жұмысының кезеңдері:

І – теориялық. Көтерілген мәселе төңірегіндегі әдебиеттермен танысу. Сайттар мен ғаламтордан мағлұматтар іздеп табу.

ІІ – практикалық. Зерттеу. Сұхбат алу, ол дерек көздерін бейне таспаға түсіру. Салыстыру. Сауалнама жүргізу.

ІІІ – бекіту. Алынған мәліметтерді жүйелеп, түзетулер енгізу, нәтижеге байланысты баяндама, слайд дайындау.

Зерттеу әдістері:

1. Тарихи - салыстырмалық талдау.

2. Сұхбат әдісі

3. Тірек сызбалар мен кестелерді құру әдісі.

4. Сауалнама әдісі.




2. Негізгі бөлім.

2. 1 Жеті қазынаның бірі – иттің сыры мен ерекшелігі.

Жеті қазынаның бірі саналатын ит он екі мүшел жылдың бірі, жеті қазынаның бастысы екені баршаға мәлім. «Ит» сөзінің түрік тілдеріне ежелден төл атау екендігін ертедегі түркі жазба ескерткіштеріндегі деректері дәлелдейді. Түрік тілдерінің кез келгенінде болса да «ит», түрікменше, қырғызша да «ит». Тазы біздің халқымыздың маңдайына біткен сый. Адам баласы қай кезде асыранды еткені белгісіз болса да, үй хайуандары ішінде адамға иттен жақыны жоқ. Иттің естілігі мен адамға қолқанат болуына байланысты жақын тартқан шығар. Ит иесіне адалдық танытқаннан болар, қазақ итті жеті қазынаның біріне қосқан, сондықтан да ит қазақша саналатын жыл атауына енген. Сондай-ақ, ғаламтор мәліметтерінде: Ит – Адам мен Хауа Ананың пейіштен қуылып, жерге түскендегі алғашқы серігі, досы әрі қорғаушысы. Сол себепті Жеті қазынаның бірі болып саналады делінген [2].



Көзімізді ашып, мына таңсық дүниеге үңіле қарағанымызда ең алғаш өзіне еріксіз баураған нәрселер – қозы-лақ пен күшік болды. Асыр салып соларды қуалап, қолымызға іліксе көтеріп, кешке сілеміз қата мұрттай ұшамыз. «Егемен Қазақстан» газетінің журналисті: «Тазы ұстауға бейім адамдардың қа­рапайым жұрттан бір оқшаулығы бо­лады. Тіпті, тазы иесінің қоғамдағы әлеу­меттік орнын да әйгілеп тұратын. Кө­біне жылқышылар ұстайтын еді.  Сөйт­сек, бұл аңсақ та сезім­тал тұқым сән-салтанатымыздың да, дәулетіміздің де, саяткерлігіміздің де нақты белгісі еді. Қазақтың аяулы ұл­дары тазыны жанына серік етті. Халқымыз үшін жеті қазынаның бірі болып саналып кеткен ит, оның ішінде тазы ежелден тұрмысымызда ерекше орын алады.»- дейді Әділбек Ыбырайымұлы [1].

Сондай-ақ, қазақтың төбеті мен тазысын өсірумен айналысып жүрген Асылбек Әбдіқанұлының ойы да біздің ойымызбен ұштасатынын байқадық, ағамыз жеті қазынаның бірі болып саналатын қазақы тазылар мен төбеттер қазір құрып кетудің аз-ақ алдында тұр деп, ұлттық құндылықтарымыздың қатарындағы осы қазынамызды сақтап, құмай тазы өсіріп, қазақы төбеттерді көбейтуді қазірден қолға алмасақ, еліміз тағы бір ұлттық мақтанышынан айырылып қалатынына дабыл қағып жүргені бізді қуантады.



Еңбектер мен ағаларымыздың пікірлерін зерттеп, зерделей келе, қазақтың төбеті мен тазысының бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктерін байқадық.

Мәселен, Қазақы тазының өзіндік бірнеше ерекшелігі бар. Олар:

Біріншіден, алдымен тазалығымен ерекшеленеді.

Себебі, «тазы» сөзінің шығу этималогиясына қарап отырсақ, беретін мағынасы «таза» сөзінен шыққан екен. Тазының қазақ даласында пайда болуының мыңдаған жылдық тарихы бар. Өкінішке орай, жазба деректерде қалмаған. Есесіне, біз білетін   ауыз әдбиетінің жыр-эпостарында халық өмірінің бір бөлігіндей болып тазы жырланады.



Екіншіден, оның үстінен ешқандай иіс сезілмейді.

Үшіншіден, қанша аш болса да, өлген мал мен сасыған тамақ жемейді.

Төртіншіден, лас жерге жатпайды.

Бесіншіден, басты өзгеше қасиеті - батыр.

Өйткені қасқырдан қорықпай қарсы шыға алатындығы бүгінгі күні нақты дәлелденді. Жалпы дерек көздеріне сүйенсек, отарды болмаса басқа бағып отырған үй малдарын төбеттің қорғап жүргенін иісінен сезетін қасқырлар ол маңайға жоламайды екен.

Міне байқаймыз, тазы иттердің ақылдылығының ерекшелігі де сонда болған.

Төбеттер осыдан 4 мың жыл бұрын көшпенділердің сенімді серігіне айналып, содан бері қазақпен бірге жасасып келе жатыр.

Асылбек ағамыздың айтуынша, қазақы төбеттердің бойының ұзындығы 80 сантиметрден асып жығылады, салмағы 50-60 келінің айналасында. Қорбиған қалың жүні оны тіпті үлкен етіп көрсетеді екен.

Нағыз қазақ төбетінің ең басты ерекшелігі – біріншіден, ешқашанда адамға шабуыл жасамайды.



Екіншіден, әдетте еріншек қалып танытып, баяу қимылдайтын төбеттер жыртқыш аң көрсе бірден өзгеріп сала береді. Үйдегі төбеттердің үруінен жатуы көп.

Үшіншіден, маңайындағыға бір маңқ етіп дыбыс шығарғаны болмаса, бұл ит өте сирек үреді екен.

Төртіншіден, төбет ешқашан иттер төбелесіне қатыспайды. Егер иттер төбелесінен қазақ төбетін көрсеңіз, бұл - таза қанды төбет емес. Ит төбелестіргіштер төбеттен ызақор, шапшаң ит шығару үшін оны қазір неше түрлі шетелдік тұқымдармен будандастырып жатыр. Ірі итке ызақор, төбелескіш иттердің қаны қосылып жатыр. Таза қанды төбеттің күн санап азайып бара жатуының негізгі себебі де - осы, - дейді алматылық ит өсіруші Асылбек Әбдіқанұлы [2].

Ойымызды қорытындылай келе, көпшілігі төбетті бірнеше түрге бөліп жатады. Бұл қате пікір. Өткен ғасырдың соңында тұқымдарды топтастырып жүйелеу салдарынан мамандар төбетті «ортаазиялық овчаркалар» тобына жатқызып жіберді. Аталған тұқым мен түрікмен алабайлары түптеп келгенде қоспа қанды төбеттер болып табылады. Шын мәнінде нағыз төбет бір отар қойды жалғыз өзі баға алады, қасқырмен бетпе-бет келуден тайынбайды. Қазақы ит бір көргеннен-ақ адам есінде көпке дейін сақталып қаларлық қайталанбас бейнесімен, алып мүсінімен ерекшеленеді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, практикалық бөлімде жүргізген жұмысымыз арқау болды. Мәселен, Көкшетау қаласының Красный Яр селосының тұрғыны ит өсіруші Ербол сері ағамыздың үйінде болып, асыл тұқымды иттерін бейне таспаға түсіріп, келесі мәліметтерге көз жеткіздік. Мысалы, иттің орташа тұрқы 72-75 см, кейде 80 см-ге дейін барады. Салмағы 50-60 кг шамасында болады. Иттің температуралық өзгерістерге бейімділігі бар. Бас сүйегі арқа жонына нығыз орналасады, қабағы дөңесті, маңдайы жазық болып келеді. Тұмсық бітімі бас сүйегінен кішілеу, ұшы жалпақ, қара түсті болып келеді. Үстіңгі ерні қалың, астыңғы иегі жалпақ, жақ сүйектері күшті, бедері айқын. Басын еңкейткенде бас терісінде қатпарлар пайда болады. Құлақтары ұшбұрыштанып, төмен орналасады. Көздері терең орналасып, әдеттегіден кішірек болады. Тістері ірі, табиғатынан ақ түсті. Иттің аяқтары ұзын емес, белі жалпақ, бұлшықты сауыры шығыңқы біткен. Қарны кеуде тұсымен деңгейлес. Тері асты торларының өзегі бүкіл денесінде жақсы дамыған. Бұндай жаратылыс қатаң табиғат жағдайына сай дамыған құбылыс деп есептеймін, алайда кинолог мамандар оны қасқыр тісінен қорғаныс көзі деп көрсетіп жүр. Төбеттің жүні қатты, қылтанақ жүнінің ұзындығы 10 см. Болады екен. Төбеттер түсі жағынан алуан түрлі болмайды. Оларға қара, қоңыр, сұр, сарғыш, қызғылт түстер тән. Көпшілігінде көз астында ақтаңдаң және көз айналасында көзілдірік тәрізді белгілер бар. Адамдармен қарым-қатынаста төбеттер еркін, адал, пайымдылығымен ерекшеленеді. Ол өзін адаммен тең дәрежеде ұстай біледі. Жазықсыз жазаланып жатса, ол бұл жайтты көңіліне ауыр алып, иесімен қарым-қатынасты тоқтатуға дейін барады. Оның өзіне тән ерекшелігі - қасқыр мен қасқыр тектес иттерге, жыртқыш аңдарға өштігі. Қиын жағдайларда өз бетімен шешім қабылдай алады.



2. 2 Қазақы тазы мен Төбет иттердің зерттелуі.

Тазы иттердің шығу тарихын зерттей отырып, қазақы тазылардың қалыптасу кезеңдерін анықтауға болады.

Деректерге көз салсақ, тазының әлемдегі тарихы он мыңдаған жылдар бедерінен көрініс береді. Мәселен, араб слюгтерінің шыққан тегін тазымен байланыстырып, біздің заманымызға дейінгі 8-10 мыңжылдықтарда бар болғанын айтады. Бұл деректің растығын археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тазы тұқымдас иттердің сүйектері де дәлелдей түседі. Ал 1895 жылы Ресейде жарыққа шыққан Л.П.Сабанеевтің ғылыми еңбегінде мұндай ұшқыр иттердің 6 мың жыл бұрын ежелгі Египетте болғанын жазады. Шығыс ғалымдарының еңбектерінде қазіргі Қазақстан аумағындағы көшпенді рулардың тазылары өте ұшқыр, алысқа жүгіретін төзімді екендіктері келтірілген. Олай болуы заңды да еді. Өйткені көшіп-қонып жүрген елдің таулы, орманды немесе кең сахара жазығында неше түрлі жүйрік киіктерді қуып, қарсақ, түлкі, қасқыр секілді жыртқыш аңдарды ұстауға машықтанған тазылар физиологиялық тұрғыда дамитыны даусыз [1].

Дерек көздеріне сүйенсек, Орта Азиядағы тазыларды үш топқа бөліп қарастырып жүр. Олар:


ТАЗЫ

Тік құлақ Жарғақ құлақ
Шашақ құлақ
Тазы – орташа ғана бойы бар жүйрік ит, жүні тықыр, оның есесіне, құйрығы мен салпаң құлағының ұшын ұзын шашақты жүн басқан. Міне осы мысалдарға сүйенсек, біздің елімізде екінші мен үшінші түрі кең тарағанын байқаймыз.

Тазы ұстау – қазақтың қанына сіңген қасиет. «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» - дейді Әділхан Төкенов «Тазы» федерациясының кеңесшісі [6]. Қазақтың тазысы көптеген ақын жазушылардың өлең-жырларына арқау болған. Қазақ аңызында ит ала қаздың жұмыртқасынан жаралған делінеді. Қазақта «құмай тазы» шамамен 2000-2500 млн. жылдар бұрын пайда болды. Қазақтар тазыларды аң қағушылық сипатына қарай бірнеше топқа бөледі екен: 1) Қасқыр алатын; 2) Қоян алатын; 3) Түлкі алатын. Олар жүйрік, таза, батыл, ақылды, сүйкімді болып келеді.

Солардың бірі – Құмай тазы. Құмай тазы қазақтың ертеден келе жатқан аңшы иті. Ол өте жылдам әрі алғыр, 6 айынан бастап аңшылыққа үйретеді 8-9 айында аңға қосады. Құмай тазы аңшылыққа тез үйреніп кетеді, оның өзінің аңшылық қасиеті болады. Құмай тазының өзге иісі болмайды, яғни жаман иісі. Ит 1,5 - 2 жасында толық жетіліп, ұйығады. 58-65 күн өткенде көздері жұмылған, құлағы естімейтін, тіссіз қызыл иек, соқыр, саңырау күшіктер туады. Шамамен бір апта өткенде құлақ тесіктері ашылып, онан тағы он күн өткенде көзін ашады, бір айда сүт тістері шығады. Қазақтар бауырын жаңа көтерген кезінде тазы күшігін қырғабауын беріп, үйіне әкеледі де, мәпелеуді бастайды. Арам мен қарам, адал мен сауапты , тәртіпті үйрете бастайды. Тазыны қазақтар киіз үйдің кіреберісінің оң жағына астына киіз төсеп, жатқызып қояды. Тазыға ұшқыр, алғыр болсын деп аса жүйрік аң, құстың атын қояды. Мысалы: ұшқыр да қыран болсын деп «Лашын» деп қояды, киіктей жылдам болсын деп «Сұркиік» деп қояды. 

Тазының құнына тоқталатын болсақ: 1917 жылдары қара базарда 1 тазыға 47 жылқы берген екен, 1937 жылдары 37 жылқы, 1947 жылдары 1 тазыға 27 жылқы берген екен. Тағы бір қызығы тұрмысқа шыққалы қыздың қалың мал орнына 1 тазы ит берген екен. Ал қазіргі кезде қара базарда тазының құны 300 доллар тұрады екен.



Тазының саны жылдан жылға азайып келе жатыр, кинологтар есебі бойынша: 1939 ж – 7000 тазы болса, 1990 ж. – 3000 тазы, 2005 ж. – 700 тазы, 2012 ж. – 300 тазы ғана қалды. Төменде көрсетілген диаграммадан анық көруге болады [4.5].


Ал Төбет иттердің шығу тегі жайындағы мәлімет көздері б.э.б. 1121 жылдардан басталады. Қазақы төбет ит қаңқалары Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған.

Көшпенділер өмірі дәстүрлі түрде жылқы малымен тығыз байланысты. Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер - тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Шағатай ұлысынан саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мың бас көлемінде болған. Қасқыр алар иттердің хан сарайында осынша мән беріліп, арнайы өсірілуі еріккеннің ермегі емес, жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді.

Бүгінгі күнде Қазақстанда таза қанды Төбеттер аз қалды. Егер де Алматы облысындағы тасқа қашалған ит суреттеріне негізделген деректерге сүйенсек, онда бұл иттердің осы өлкеде өмір сүріп жатқан кезеңін 4 мың жылдан астам деп қарап, қазіргі Төбеттің – бүкіл қазақ халқы бастан кешкен дәуірлердің куәгері болған асыл тұқымның шынайы ұрпағы екенін батыл айтуға болады. Олай болса, француздың «желдей жүйткіген жүйріктер дәуіріндегі көшпенділер өркениетін сақтап қалған ит туралы» тағданысына төмендегідей дәлел айтуға болады: Төбет – көшпенді өмір тарихының құнды жәдігері, отырықшы мәдениет тұсында жоғалып кету қаупі төнген алып кейіпкер, яғни, өзін сомдаған уақытқа қалтқысыз қызмет еткен шынайы перзент. Енді бұл иттердің көшпенділер өмірінен салынған бір де бір суреттен бой көрсетпеуі жөнінде сұрақ туары сөзсіз. «Бөрінің тәңірісі болса, иттің иесі бар» деп бағалаған халық, Төбет – жеті қазынаның бірі, дала көшпенділерінің құндылығы ретінде тіл-көзден сақтауға тырысқан. Ал құпия тек аманат ретінде ғана беріледі емес пе? Төбет – адам қабағын баққан жай серік, немесе айбат берер көрік, ұлтқа тән ортаның көрсеткіші емес, сайын даланың ғасырлар көшімен жалғасқан тұтас өркениетін қорғау міндетін мойнына жүктеген метафизикалық күш, кие. Кие мен қасиет деген ұғымды жарқыратып көрсете бермей, жасырын ұстап, ерекше қастерлейтін көшпенділер бұл дәстүрге әркез берік. Иә, ол адам жанындағы суреттерде жоқ. Бірақ түйсік көзімен қарасаңыз асыл текті Төбеттің көшпенділер орналасқан тұстан, тау қыраттары, жапандағы жазықтар мен шөлейтті шаңдақтар арасынан бірқалыпты маңғаз күйінде өз міндетін атқарған күйінде сенімді серік болып жүргенін көресіз. Ірі денелі арлан төбеттің маңайдағының бәрі алақандағыдай айқын көрінер төбе басынан көсемге тән қырағылықпен көз тігіп, тастан қашаған мүсіндей қата қалған суретін көз алдыңызға елестетіңіз. Төбе иті – қиырды шалған қырағы күзетші. «Төбет» атауының шығуы да осыған байланысты болар, сірә? Төрт түлік – көшпенділердің басты байлығы. Бұл байлыққа көз тіккен басты жау – дала тағылары, қасқырлар. Қасқырды жалаң қолмен алған ерлер болса да, кейде көшпенділердің жауынгерлік қабілеттері, орын ауыстырып отыруы мен кірпік қақпай күзететін сергектігі табиғат жыртқыштарының шабуылынан қорғап қала алмайтын тұстар да кездесетін. Айтпай келетін апат-қасқырларға қайыспай, қаймықпай қарсы тұратын тосқауыл тек табиғатынан осы қасиетке ие Төбеттер ғана еді.

Ертеде қазақ малшылары Төбеттерді тамақтандыратын ағаш ит аяқтарды жасатқанда ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптатады екен. Бұл Төбет иттің тағам иісі мен қасқырдың иісін де қатар алып, өз қасиетін ұштай түсуіне баулиды.

Бүгінгі күнде қазақстандық малшылардың миллиондаған шығынға ұшырауының басты себептерінің бірі – малдың ит-құсқа жем болуы. Жергілікті орындарда қасқырды ату бағасын 10-нан 40 долларға дейін бағалайды. Мамандар мұнан да көрі тиімді әдіс, мықты қорғаныш Төбет ит ұстау қажеттігін көлденең тартуда.

Көшпенді дәуір кезіндегі көштің көркі – байыптылық пен қырағылық таныта білген Төбеттер. Көш тоқтаған мезетте қырат басынан табылатын алапат күш иесі салқын қандылықпен өз міндетін атқаратын. Көшпенділер дәстүрі тоқтап, ұмытыла бастағанда табиғаттың бірегей туындысы Төбет те тарих тереңіне, уақыт тұманына кіріп адасқандай күй кешті. Адамдардың қат-қабат тағдырымен Төбеттің аңызға бергісіз тарихының осындай байланысы бар еді. «Асылдың қын түбінде жатпайтыны» сияқты Төбет иттер даңқы да тынымсыз адамзатқа тынышсыздық сыйлауда. Біреулері алыптың аңызын бүгінгі күннің шындығына айналдырғысы келсе, енді бірі күнкөріс қажеттілігінің сұраныс көзіне айналдырып пайда табуды көздеуде. Ең өкініштісі, қасқыр иісімен малданбаған, өзге қанмен қосылған, кейде айдаладан ұстаған құр ірі денелі итті «нағыз Төбет» деп көрсетіп, бәсекелесінің иті «түкке тұрмайтын үстірт түсінікпен таңдалған, шынайы қасиеттері жоқ екендігін» айтып айыптай отырып, өзінің осы қателіктерді қайталап отырғанын мойындамастан, жарнамасын жүргізіп, тұқым көбейтіп, сату ісін жалғастыруда. Бұл – таза қанды тұқымның жоғалуына ғана емес, қанмен берілер қасиеттердің түп-тамырына балта шабу. Сосын сатып алушылар тарапынан қасқыр иісін сезгеннен ауланың түкпіріне тығылатын ит пен ақталмаған баға мен уәде туралы таусылмас дау басталады... Әбден дұрыс. Таза қанды Төбет қасқырдан тайынбайды. Екі жасар Төбеттің төрт қасқырмен бір мезетте алысқан айқасы туралы да мәліметтер бар. Мұндай күш пен қуаттың кез-келген жануарға беріле бермейтіні анық. Қасқыр алатын итті өсірушілер пір тұтатын қазақ даласының айбыны – төбеттер туралы аңыздар осылай қалыптасқан еді. Өткен ғасыр соңында топтастыра жүйелеу барысында мамандар Төбеттерді «ортаазиялық овчаркалар» тобына енгізді. Бұл тұқым (ОАО), сонымен бірге түркімен алабайлары – түптеп келгенде қоспа қанды төбеттер. Нағыз қазақы Төбет үшін Батыс мамандары он мыңдаған евро беруге дайын. Бірақ «нағыздың нағызы» табиғатта саусақпен санарлық деңгейде бой көрсетеді. Бір отар қойды бағуға бір Төбет жеткілікті. Оның «алп» еткен үнін естіген соң жанкешті болмаса қасқырлар бата қоймайды. Олар өзін жеңер күштің мысын сөзіне қояр қабілетке ие. Үйірлі қасқырдың өзі бір Төбетпен шайқасқанда қаншалықты шығынға ұшырарын тағыға туа біткен түйсікпен сезінеді [5,3].

Ғылыми еңбектерді саралай келе, жалпы иттiң 116 түрi бар екені белгілі болды. Ал біздің ата-бабаларымыз барлық иттердің ішінде қазақтың төбетi мен құмай тазысын ерекше бағалағанын аңғарамыз. Төмендегі кестеде төбет пен құмай тазының айырмашылығы көрсетілген.


ТӨБЕТ ИТ

ҚҰМАЙ ТАЗЫ ИТ

Маңғаз, салмақты, сабырлы, сырбаз ит болып келеді.

Құмай тазылар өте тықыр, жарғақ құлақ, салық төс, тар мықынды, бұлшық санды, шымыр мойын, тiк қабақ, ауызды, азулы, сезiмтал, көргiш, қағылез, сақ, өте тез, өте жүйрiк болып келедi.

Қасқырға бетпе-бет келе алатындығымен ерекшеленедi.

Желмен жарысар жүйрiктiгi бесенеден белгiлi.

Түні бойы мал күзете алатын қасиеті бар

Одан қашқан түлкi құтылмайды.

Ал не себептен ата-бабаларымыз тазы итті «құмай тазы» деп атады? Бұл сұраққа жауап ретінде ғылыми тұжырымдар келтірілген. Мәселен, «Қыран құмай екi жұмыртқа табады, бiрi – құс құмай, екiншiсi – құмай тазы» деп жориды бабаларымыз ертедегi аңыздарында. «Құмай тазылар өте жүйрiк, аса қыран болады. Өйткенi ол құмай құстың баласы, құмай құстың ұясынан алынған» деп сыр шертедi халық ауыз әдебиетінде.

Ғаламтор мәліметтерінде қазақы иттердің тұқымын өсіруші Данияр Дәукей ағамыз сұхбатына тап болдым. Ағамыз сегіз жыл Англияда оқып келіп, Отанына оралғаннан бері осы кәсіпті өзіне серік еткенін айтқан. Себебі ол кісінің ойынша, елдің мүддесін жаһандағы алпауыт елдердің ортасында сақтап қалу үшін тек ежелден қалыптасқан қазақы қалыбымызды, ұлттық ділімізді, дәстүрімізді көрсете білуіміз қажет деп көрсеткен. Ал ол үшін қыран бүркітіміз, қазанаттай тұлпарымыз, құмай тазыларымыз бен қазақы төбеттеріміз ұлттық брендіге айналуы тиіс деген ойлары маған да ұнады. Тек сонда ғана еліміздің ертеңгі болашағына сеніммен қарап, қазақтың қанына біткен қайсар ғұрпының мұртын бұзбай, келешек ұрпаққа жеткізе аламыз [2].

Сондай-ақ, ислам дінінде итті харам санайтынын біз білеміз. Алайда ғұламалардың бірі кезінде арнайы түсініктеме беріп, онда мұсылманшылық тыйымдардың ішінде жалпы итке байланысты шектеулердің тазыға қатысы жоқ екенін айтқан. Тазыны далада қалдыруға, жерге жатқызуға болмайтынын қатаң тапсырған. Үйде арнайы орын дайындап, астына жұмсақ зат төсеп, тазыны сонда ұстауға өсиет еткен. Жүйрік ат пен тазыны сипалап, тазалаған соң қолын жумай-ақ, намазға отыра беруге болатынын айтқан. Тазыға құнарлы таза тамақ беруді тапсырған. Бұдан тазының жаратылысынан өте таза болатынын анық аңғаруға болады. Мұсылман елдерінде осынау ұшқыр ит аса құнды саналған. Бұл жағдай біздің қазақ арасында да солай қалыптасқан ғой. Тазыны қолы жеткен дәулетті адамдар ұстаған. Үйінде немесе арнайы орын дайындап асыраған. Астына аңның немесе малдың жұмсақ терісін төсеген. Таза сүт пен тамақ жасап берген. Ұшқыр тазы, жүйрік ат, қыран құспен саятшылық жасаудың кереметі туралы өлеңдер Абай атамыздан бастап, ақын, жыраулардың талайының жырына арқау болған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап, көптеген жазушыларымыздың деректі әңгімелерінде де қазақ даласындағы тазылардың ерекше қасиеттері көп жазылған. Мәселен, киікті қуып жеткен жүйріктігі, қасқырмен таласқан батылдылықтары, аңшылық кезінде адамдай ақылдылықтары келтірілген.



Ойымызды қорытындылай келсек, Қазақы тазы мен Төбет иттерді қолға алып, қорғамаса, айналдырған аз ғана жыл ішінде «Қызыл кітапқа» енуі де ғажап емес. «Қызыл кітап» демекші, 2003 жылы асылтұқымды үй жануарлары мен жабайы аңдарды қорғау туралы арнайы қаулы қабылданған болатын. Әйтсе де, қаулыдан қайран болмайтын түрі бар. Өйткені, таза қанды иттерді қорғау, сақтау туралы жазылған бірде-бір бап жоқ. Сол себепті тазымыз бен төбетіміз Қазақстанның «Қызыл кітабына» енбей қалған.

Түрікменнің алабайының түп атасы – қазақтың төбеті.

Төбеттің бұлай сиреуінің түрлі себебі бар. Мамандардың айтуынша, ел басына төнген қиын-қыстау кезеңдер төбеттерді де қыспаққа алыпты. Мәселен, 30-шы жылдардағы кәмпескелеу заманында тұқымы тәуір төбеттерді байлар өздерімен бірге сырт елге ала кетіпті. Ол аздай, онсыз да қатары сиреген төбеттердің ит ататындардың құрығына іліккендері бар. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықта төбетін түрікмендер мен орыстарға бір қап ұнға айырбастап жібергендер туралы әңгімені де естідік [3]. 

Бүгінде түрікмендер алабай иттерін мемлекеттік деңгейде қорғауға алған. Соның арқасында қазір түрікмендердің алабай итімен аты асқақтап тұр. Ал бізде, керісінше, нағыз төбет иттерді алабай деп атап жүрміз. Шын мәнінде ит ұстаушылардың арасында үлкен сұранысқа ие алабай итінің, оның ішінде түрікмен алабайының арғы тегі қазақы төбет екенін байқадық. Ілгеріде ата-бабаларымыз далада малды төбет иттерге күзеттірген. Бірақ кейін салғырттығымыздың кесірінен қазақы төбетті сырт елден келгендер иемденіп кетті. Сөйтіп, төбеттің өзін төбет атаудан қалдық деп дабыл қағады ит асыраушы ағаларымыз.



3. Қорытынды

3.1 Зерттеу жобасы бойынша қорытынды мен ұсыныстар.

Қазақ халқының салт-санасы мен ата-бабасынан келе жатқан дәстүрі, өз бойындағы ерекше қасиеттері, таланты мен дарындылығы, өзгелерден ерекше табиғи қабілеті арқылы биіктерден көрінген. Елбасының өзі 2004 жылғы «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарламасында былай деген екен: «Мәдени мұраны, соның iшiнде қазiргi таңдағы ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудiң тұтастай жүйесiн жасау керек» деген екен. Осы мақсатта біраз іс-шаралар атқарып, нәтижелерге де қол жеткіздік.

Мәселен, біріншіден, ғылыми жобамыздағы зерттеу тақырыбымыз бойынша Ақмола облысына қарасты, Көкшетау қаласының Красный яр ықшам ауданында тұратын Ербол ағамыздың тазы иттердің асыл тұқымымен 7 жылдан бері айналысып, баптап өсіріп жатқан өз көзімізбен барып көріп, сұхбаттасып, бейне таспа әзірледік.



Екіншіден, қазір өзіммен бірге оқитын сыныптас құрбыларымнан тақырыбыма байланысты сауалнама жүргіздім. Сауалнама нәтижесі қорытынды бөлімнің практикалық кезеңінде көрсетіледі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде, біздің ойымызша Қазақы құмай тазы мен Төбет иттер «Қызыл кітапқа» енудің алдында тұрғаны дабыл қағып, осындай асыл тұқымның жоғалып кетпеуі үшін, мемлекетіміз ертеден келе жатқан дәстүрімізді сақтап қалу үшін төмендегідей жұмыстар жүргізсе екен деген тілек білдіреміз:



  1. Ұлттық құндылықтарымыздың құжаты жоқ.

Осы орайда өз ойын ашық білдіріп, онысын нақты ісімен де дәлелдеп, саятшылықпен айналысып, ұлттық дәстүр-салтымызды дәріптеп жүрген азамат, медицина ғылымының докторы Дамир Абайділдаұлы былай сыр шертеді: «Өкінішке орай, осы мәселеге қазақ қоғамының атқарушы органдары енжарлық танытып жүрген жайы бар. Мәселен, көзі ашық жұртшылық көкпарымызды қырғыздар ұлттық ойын, қымызымызды немістер, қазыны жапондар ұлттық тағамдары ретінде халықаралық ұйымдардан құжат алып алғанын біледі [2].» Міне мен де, ағамыздың ойына қосыла отыра, бабадан қалған бай мұрамыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанына ішім ашиды. Сондай-ақ, домбыраны француздар патенттеп алса, ең әдемі киіз үйлер Қытайда жасалады екен. Енді еуропалықтар киіз басу өнерімізге де көз тігіп, құжаттап алыпты. Бара-бара ұлттық құндылықтарымыздан мүлдем айырылып қалмау үшін, тез арада Тазы мен Төбет иттерімізге, асыл тұқымды тұлпарларымызға, қыран бүркіттерімізге құжаттар дайындап, иелік етуіміз керек, ағайын?!

  1. Қазақи тазылармен айналысып жатқан, өзім барып көзіммен көрген Қайрат Досымұлы сияқты ағаларымыздың игі істеріне қолдау көрсету керек.

  2. Ұлттық құндылықтарымыздың басын біріктіріп, қадағалайтын ұйым құру қажет. Әрі оған бір министрлік жауапты болса, барлығын бір жерге тоғыстыруға болатын сияқты.

  3. Тазы иттер мен Төбет иттердің тұқымдарын көбейту жұмыстарына баса назар аудару керек.

  4. Ең өзектісі Қазақы тазы мен Төбет «Қызыл кітапқа» енудің сәл алдында тұрғандықтан, оларды атуға тыйым салыну керек.

  5. Еліміздің құндылықтарын сақтап қалғымыз келсе, арнайы Заң қабылдану керек.

Қазақы төбет – бұл ең алдымен ұлттық құндылықтарымызды, яғни тұтастай Алаш атын әлемге мойындататын тағы бір тамаша мүмкіндік. Қытайдың «Чау-чауы», түрікмендердің «Алабайы», немістердің «Доберман-финчері» әлемге танылды, ал біз қазақы төбетті қалай сақтап қаламыз деп бас қатырудамыз. Әркім өз құндылығын меншіктеп, патенттеп жатқан кезеңде біз де адам түгіл, Алаштың итіне дейін түгендей білуіміз қажет. Сондықтан Данияр, Орал сияқты ардақты іспен айналысатын, саусақпен санарлық жандарға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілсе де артық болмас деген ойдамыз...

Әрі ойымды мына өлең жолдарына сыйғызғым келеді:

Ғасырға әрең жеткен ғасырлардан,

Тазының бес жүздей-ақ басы қалған.

Төбеттер – мыңға жуық.

О, масқара!..

Жан-жақты жасау керек асылға қам!
Жағдайы айтарлықтай ауырлапты.

Айтылған алға тартып мағлұматты,

«Бұл есеп – жоқтың қасы деген сөз» деп,

Этнограф, экологтар дабыл қақты....



3. 2 Практикалық кезең


Қатысқан 1 «АК» тобы, барлығы 24 оқушы. 
Сауалнама:
1. Жеті қазынаның біріне ит жата ма?
а) иә, жатады ә) жоқ, жатпайды
2. Сіз итті жақсы көресіз бе?
а) иә ә) жоқ
3. Қазақи құмай тазы ит жайында естідіңіз бе?
а) иә, естідім ә) жоқ, естіген жоқпын
4. Тазы иттер жылдан-жылға құрып бара жатқанын естідіңіз бе?
а) иә ә) жоқ



Сауалнама қорытындысы бойынша 1 «АК» сыныбының 24 оқушысы қатысты, нәтижесінде бірінші сұраққа жеті қазынаның біріне ит жата ма деген сауалға 14 бала «а» жауабын таңдаса, қалған 10 бала «ә» жаубын таңдаған. Екінші сұраққа 100 пайыз оқушы итті жақсы көретіндерін көрсеткен. Ал қазақи құмай тазы ит жайында естідіңіз бе деген сауалдан 5 оқушы ғана естігендерін көрсетсе, 20 оқушы білмейтіндерін көрсетті. Төртінші сұрақ та осындай көрініс тапты. Сауалнамамызды қорытындылай келсек, көптеген оқушылар жобамызға арқау етіп отырған тақырып тың екенін дәлелдей түсті десек те болады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:




1. «Құба даланың құмайы» // Егемен Қазақстан. – 2013ж., 14 қыркүйек.

2. http://kk.wikipedia.org сайты.

3. www.tobet.kz сайты.

4. Қырық қазына. // Ә. Доспамбетов. – Алматы.,-1987ж.

5. Ұлттық дүниетаным. // Аюбай Құралұлы. – Алматы.,- 2002ж.

6. «Тазының өмірі» // Мұхтар Құл-Мұхаммед.- 2009 ж.







Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет