6.3 Өзін-өзі тәрбиелеу әдістері
Өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі бойынша көптеген ғалымдар (С. Б. Елканов, Б. Н. Зязин, О. А. Абдуллина, Н. Б. Крылова) т.б. еңбектер жазған. Тек қана аталып өтілген ғалымдар емес, кез келген ағартушы-педагог, зерттеушілер өз еңбектерінде өзін-өзі кәсіби тәрбиелеу мәселесіне көңіл бөлген.
Студенттердің өзін-өзі тәрбиелеуіне көмек ретінде С. Б. Елканов жасаған өзін-өзі тәрбиелеу әдістерін ұсынуға болады. Ол өзін-өзі тәрбиелеу әдістерін бірізділікте, яғни оның өту барысының логикасына сәйкес, ондағы қажеттіліктің пайда болуынан бастап, белгілі бір нәтижеге жетуіне дейін қарастырған:
1. Өзін-өзі тану және өзін-өзі бағалау. Өз тұлғасын белсенді дамытушы болу үшін студент өзіне сырттай сыни көзбен, болашақ мамандығының талаптары тұрғысынан қарай білу керек.
Өзін-өзі тану – бір мезетті емес, күрделі үдеріс. Ол басқа адамдармен өзара әрекеттестік жағдайында жүзеге асады. Өзін-өзі тану өзін-өзі сынау нәтижесінде пайда болады.
Өзін-өзі тануды өзін-өзі бақылаудан, өз өмірінің фактілерін талдаудан бастау керек. Студент үнемі өзін-өзі саналы өмірмен жасауы қажет: ол өзін дербес қоғамдық, кәсіби және жеке өмірге дайындап жатқанын, өз бойындағы қайсы қасиеттердің келешекте қажеттігін, немесе керісінше, өз іс-әрекетінің қай тұстары бекер өтіп жатқанын байқай алуы керек.
Өзін-өзі талдау - өзін-өзі танудың екінші тәсілі. Бұл үдеріс - өте күрделі, ол фактілердің сыни бағалануын, оның белгілі құндылықтармен сәйкестілігін талап етеді.
Өзін-өзі талдаудың жиі кездесетін түрі - адамның өзін идеалмен, немесе достарымен, не өткендегі немесе келешектегі өзінің бейнесімен салыстыру тәсілі. Бұл тәсіл студентке өзін даму қозғалысында, үнемі өзгеру үдерісінде көруге мүмкіндік береді.
Өзін-өзі танудың белсенді тәсілі өзін-өзі сынау болып табылады. Бұл тәсілді қоғамдық ұйымдастыру жұмыстарында, ұжымдық қарым-қатынас жасағанда, құрылыс жасақтары сияқты қоғамдық жұмыстарда жүзеге асыруға болады.
2. Өзін-өзі ынталандыру. Өзінің кемшіліктері мен жетістіктерін білу олармен күресу қажеттілігін тудыруға жеткіліксіз екендігі жақсы белгілі. Ол үшін мақсатқа ұмтылушылық, ерік күші, т.б. тұлғалық қасиеттер қажет. Өзін-өзі сынаудың ынталандырушы әсері болады. Алдымен, тұлға өзінің кемшіліктерін анықтап, шеше білуі қажет. Екіншіден, өз өміріне белгілі бір мақсат қоя білуі керек. Әрине, мақсатты өз мүмкіндіктеріне қарай қоюы тиіс. Сонымен өзін-өзі сынау мен өмірлік мақсатының болуы өзін-өзі тәрбиелеудің ынталандырушы факторы болып табылады.
3. Өзін-өзі бағдарламалау немесе өзін-өзі тәрбиелеу жоспары әр түрлі формада жүзеге асуы мүмкін: жазбаша түрде немесе саналы мақсаттар мен міндеттер қойып ойша жоспарлау. Бірінші курс студентіне жазба түрдегі жоспарлау қолайлы болып табылады. Кейінірек, өзін-өзі тәрбиелеу процедурасы меңгерілгеннен кейін, жазба нұсқаның қажеті болмайды.
Өзін-өзі тәрбиелеу жоспарын жасамастан бұрын, студент өз тұлғасы жайлы нақты ақпаратқа ие болуы керек. Бастапқы бағыттарда қателіктерге жол қойылса, өзін-өзі тәрбиелеу амалға аспауы мүмкін.
Кәсіби өзін-өзі тәрбиелеудің бағдарламасы мен жоспарлау түсініктерін ажырата білу керек. Өзін-өзі тәрбиелеу бағдарламасы тұлғаның толық өзгеру мүмкіндігін анықтауды болжайды. Ал жоспарлау – нақты адам үшін жасалған өзін-өзі тәрбиелеудің нақты әдістері мен құралдары, міндеттері және қолданылатын іс-шаралар.
Өзін-өзі тәрбиелеу жоспарын студенттердің өздері де жасай алады. Дегенмен, оларға мұғалімнің көмегі немесе атақты адамдардың өзін-өзі тәрбиелеу жоспарларының үлгісімен танысу тиімді. Мысалы К. Д. Ушинский жас кезінде мынадай жоспар құрған:
1. Байсалдылық, кем дегенде сыртқы байсалдылық.
2. Сөз бен іс-әрекеттегі турашылдық.
3. Іс-әрекеттің саналылығы.
4. Шешімді тез қабылдаушылық.
5. Егер қажет болмаса өзі туралы бір сөз де айтпау.
6. Уақытты саналы өткізу.
7. Әр күні кеште өз іс-әрекеттеріне есеп беру.
8. Ешқашан болған нәрсеге немесе болатын нәрсеге мақтанбау».
4. Өзіне-өзі ықпал етудің әдістері мен тәсілдері. Өз тұлғасына ықпал ету әдістері мен тәсілдері жүйесінің шегі болмайды, мұнда әркімнің жеке шығармашылығына байланысты әдіс-тәсілдер әр қилы болуы мүмкін. Әдебиеттерде көп кездесетін өз тұлғасына ықпал етудің келесі тәсілдерін атап өтейік:
1. Өзін-өзі бағалау мен өзі өзіне есеп беру. Жұмыс үдерісінде студент өз қылықтарына сырт көзбен қарауға үйренеді. Өзін-өзі байқаумен салыстырғанда, өзін-өзі бақылау тек қана болған оқиғаны тізімге алып және талдауға фактілерді дайындап қана қоймай, осы шақ пен келешекте жүзеге асатын ой мен іс-әрекетке серік болады. Оның негізгі функциялары: тек қана қабылдау, көру, оқиғаны тізімге алу ғана емес, ал оған баға беру, түзетулер енгізу.
Өзін-өзі бақылау сыртқы әлемдегі құбылыстарды бақылаудан келіп шығады. Игерілгеннен кейін өзін-өзі бақылау әрекеттері адамның өзі жасайтын қылықтар мен әрекеттерге айналады. Ең жоғары дәрежеде өзін-өзі бақылау өзін-өзі тәрбиелеудің құралы мен тәсілі ретінде қолданылады және тұлғаның өзіне бағытталған іс-әрекетінің, қасиеттерінің тұрақталу, бақылау және түзету қызметтерін атқарады. Өзін-өзі тәрбиелеу үдерісіндегі өзін-өзі бақылау мотивация және іс-әрекет тәсілдерінің сипатына тәуелді болып табылады.
Егер өзін-өзі бақылау өзін-өзі тәрбиелеу мен практикалық іс-әрекет үдерісінде өз-өзіне есеп берумен толықтырылса, онда оның нәтижелілігі жоғарылайды. Өз қылықтары жайлы өз-өзіне есеп беру – бұл өз әрекетіне түзету енгізу, оны қажетті бағытта тұрақтандыру және осы арқылы өз тұлғасын өз санасының және еркінің объектісі ретінде қалыптастыру деген сөз.
2. Өзін-өзі сендіру. Өз өмірінің факттерін талдау негізінде және қатал логикалық нәтижелер көмегімен студент саналы ұстаным - өзінің әрі қарай дамуына әрекет жасауды қалыптастыра алады. Өзін-өзі сендіру арқылы өзін-өзі тануды, өмірдің әр түрлі құбылыстарына деген қатынасты және осының нәтижесі ретінде, - өз мінез-құлқын өзгерте алады. Өзін-өзі сендіру белсенді, кейде ауыр ойлау жұмысын талап етеді. Студент өзін-өзі сендіру үшін өзін неге сендіру қажеттігі туралы ақпаратқа, сонымен бірге талдау, салыстыру, жалпылау және т.б. икемділіктерге, яғни, ойлау үдерістеріне ие болуы керек. Өзін-өзі сендірудің бір түрі өзін-өзі жақтау болып табылады. Өзін-өзі жақтау негізделген болуы керек.
Әрине есептен өзін-өзі жұбату тәсілінің маңызын алып тастамау тиіс. Өйткені ешкім сәтсіздік пен күйзелістерден, үміттерінің ақталмауынан кепілденбеген. Тұлға өзін-өзі сендіру үдерісінде өз іс-әрекеті мен дамуын басқарушы шындыққа ие болған кезде шешім қабылдайды: былайша әрекет жасау керек. Бұндай шешім өзіне бұйрық жасау формасында жүзеге асуы мүмкін.
3. Өзін-өзі күштеу. Кейбір зерттеушілер (мысалы, А. Я. Арет) өзін-өзі күштеуді өзін-өзі тәрбиелеудің адамның өз бойында қажетті қасиеттерді қалыптастыруға көмек беретін ең басты әдісі деп есептейді. Олардың ойынша, өзін-өзі күштеу арқылы адам белгілі бір іс-әрекетке еріседі, өзін-өзі жеңеді.
Өзіне-өзі бағыну өзін-өзі күштеудің бір түрі болып есептеледі. Өзіне-өзі бағыну - өзін-өзі тәртіпке тәрбиелеудің, міндеттерді адал орындау, ұжымның, басқарушының, қоғамның еркіне бағынудың мәні мен мазмұны.
Өзін-өзі күштеу қабілеті ешкімге туғаннан берілмейді, ол өмірлік тәжірибенің жинақталу үдерісінде қалыптасады. Студенттік шаққа дейін ол жеткілікті толық және тұрақты қалыптасуы керек. Бұл қабілеттің қалыптасуы борыш пен жауапкершілік сезімінің қалыптасуымен сәйкес келеді.
Өзін-өзі күштеудің тағы бір түрі өзін-өзі меңгеру. Өзін-өзі күштеу мен өзін-өзі меңгеру өзін-өзі тәрбиелеудің құралдары мен тәсілдері ретінде нақты тәсілдерде жүзеге асады. Олардың жіктелуін бұл құбылыстардың тұлға қасиеттері ретіндегі психикалық мазмұнының логикасы бойынша құруға болады. Біріншіден, интеллектке бағытталған тәсілдерді бөлуге болады: адам өзінің мінез-құлқын реттейтін жеке қағидалар мен ұрандар, ескертулер т.б. екіншіден – сезімдерге бағытталған тәсілдер: өзін-өзі құптау, өзін-өзі мадақтау, өзін-өзі жұбату, өзін-өзі сынау және өзін-өзі жазалау және т.б. Үшіншіден – ерікке және іс-әрекет тәжірибесіне бағытталған тәсілдер: өзіне-өзі уәде беру, ниеттелу, өзін-өзі міндеттеу, ант ішу, өзіне-өзі қадағалау және т.б.
4. Өзін-өзі иландыру. Өзін-өзі иландыру – бұл сөздік ықпал құралдары арқылы өзінің психикалық жағдайларын өзін-өзі реттеу тәсілі.
Өзін-өзі иландыру ауру немесе түзелудің, кейде адам өлімінің себепшісі болуы мүмкін. Оған істің бастамасы да, барысы да, табысы да, адамның қарым-қатынас сипаты да тәуелді болады.
Адам шынымен де егер өзінің әлі жүзеге аспаған мүмкіндіктеріне сенсе күштірек болады, ал өмір қиындықтарын жеңе алмаймын деп ойлап қол қусырып отырса, керісінше әлсіреп қалады.
Өзін-өзі иландыруды тұлғаның өзін-өзі кез келген қасиеттер мен қабілеттерге тәрбиелеу үдерісінде, соның ішінде педагогикалық шеберлік негіздерін игеруде қолдануға болады. Дегенмен, өзін-өзі иландыру болашақ мұғалімге эмоциялық-еріктік жағдайларын реттеуде сезілерлі нәтиже береді.
Өзін-өзі тәрбиелеудің барлық тәсілдері мен әдістерінің негізінде өз еркімен өткізілетін, тұлғаның өзіне бағытталған жаттығулар жатыр.Осы жаттығулар адамның өзіндік «Менінің» тілектерін мінез бітістерінің нақты қасиеттеріне айналдыруды қамтамасыз етеді.
Адам әрқашан да нақты істегі көрсететін мүмкіндігінен артық істей алады. Үнемі алда жүзеге асырылмаған резервтер болады. Педагогикалық міндеттерді шешу, оқу-педагогикалық ойындарға қатысу, әлеуметтік-психологиялық тренинг – студент пен болашақ мұғалімнің өздерінің педагогикалық құзіреттілігін арттыру, педагогикалық икемділіктерін дамыту мақсатымен жүргізетін жұмыстарының құралдары мен әдістері болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |