Байланысты: 1. XX асырды басында ы аза станда ы нерк сіпті дамуы (1)
45. ХХ ғасырдың 70-80-жылдарындағы мәдениет саласын нығайтудағы жұмыстар: қазақ әдебиеті, өнері мен музыкасы. 70-80-ші жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Қазақстанның село зиялыларының мәдени дәрежесі сан және сапа жағынан едәуір өсумен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді. 1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 программалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді. 1976 жылдың аяғында 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті. Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Бірақ, осымен бірге мектептегі оқу ісін дамытуда кемшіліктер де орын алды. Мектептерге партиялық әмір күшейе түсті. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырудың үстіне жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайды қарауы қосылды. Ұлттық мектептерді қысқарту тенденциясы күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді. Мектептегі оқу ісінің дағдарысы экономикадағы, саясат пен идеологиядағы бұрмалаулардың көрінісі еді. 1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша әзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді. ХХ ғ. 70-80 жж. қазақ әдебиеті І. Есенберлиннің, Ә.Нұршайықовтың, М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М.Шахановтың, Қ.Мырзалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Ә.Кекілбаевтың, О.Бөкеевтің және басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш.Қалдаяқовтың, Л.Хамидидің, Н.Тлендиевтің, Ә.Еспаевтың, І.Жақановтың әндері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді. “Ботагөз”, ”Аққан жұлдыз”, “Менің атым Қожа”, “Қыз Жібек”, “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі”, “Бейбарыс сұлтан” кинофильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды. Қазақ киносының табыстары көбінше артистер Н.Жантуриннің, Ы.Ноғайбаевтың, А.Әшімовтың, Ә.Боранбаевтың, режиссерлар Ш.Аймановтың, М.Бегалиннің, С.Ходжиковтың, А.Қарсақпаевтың, Т.Теменовтың және басқалардың шығармашылық қызметтерімен байланысты. Ә.Қашаубаев негізін салып кеткен ән өнеріндегі игі дәстүрді Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Р.Рымбаева т.б. жалғастырып байыта түсті. 70-80-ші жылдары ғылым саласында да біраз табыстарға қол жетті. Республика Ғылым Академиясының бірсыпыра ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды. 1976 жылы биолог ғалым М.Ә.Айтхожин генетика мен микробиология саласында Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда және Орал-Ембі атырабында мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге, Ертіс-Қарағанды каналын салуға, егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті. Осы жылдары бес томдық “Қазақ КСР тарихы”, он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, он бір томдық “Қазақстанның металлогениясы”, тоғыз кітаптан тұратын “Қазақстанның сүт қоректілері”, тоғыз томдық “Қазақстанның өсімдіктері” және диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар мен зерттеулер жарық көрді. Әл-Фарабидің, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің мұраларының зерттеліп басылып шығарылуы қоғамдық ғылымдағы елеулі оқиға болды. Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның қайшылықтары мен шешілмеген ірі проблемалары да болды. Машина жасау, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді. Академиялық, жоғары оқу орындарындағы және салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуге тиісінше шоғырландырылмауына, ғылыми жұмыстардың бірін-бірі қайталауына әкеп соқты. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі күрт төмендеді. Мысалы, 1985 жылы өндіріске енгізілген бір зерттеудің экономикалық тиімділігі 1980 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Республиканың бірде-бір ғылыми мекемесі елде құрылған ғылыми-өндірістік комплекстердің құрамына кіре алмады. Сөйтіп, экономикадағы тежеу мен тоқырау құбылыстары қоғам өмірінің мәдени салаларына да, ғылымның дамуына да салқынын тигізбей қоймады. Мәдени салалардың мәселелерін жете бағаламау, олардың дамуына қаржыны “қалдықты” принцип бойынша бөлу республика мәдениетінің кең көлемде дамуына өзінің теріс әсерін тигізді. Сонымен, тоқырау өмірдің барлық салаларында: қоғамдық-саяси өмірде, идеологияда, мәдениетте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста және т.б. орын алды. Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе, 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті.