20. Күштеп ұжымдастыруға қарсы жаппай қарулы көтерілістер. «1928 жылы қаңтар-ақпан айларында И.В.Сталин Сібір өңіріне сапарға шықты. Сол сапарында бірталай басшыны «кулакқа жұмсақсың», «ауқаттыға бүйрегің бұрады» деп орындарынан алып, партиядан шығарып қайтты. Сол-ақ екен, басшыларды орнынан алу жаппай індетке айналды. Орал өңірінің бір өзінде ғана 1928 жылдың қаңтар-наурыз айларында 1157 адам қызметінен қуылды. Базар атаулылар жабылып, шаруаның үй-жайы, қора қопсысы тінтіліп, үйінен астық табылған кулак түгілі, орташа да сотқа тартылып, ауыл-селода аласапыран басталды.Үнін шығарып, наразылық білдіргендерге РКФСР Қылмыстық істер кодексінің 58 (10) деген бабы бойынша (контрреволюциялық үгіт) жапсырылды. Кей жерлерде шаруаның тіпті тұқымға деп сақтап отырған астығы да кете барды».Ауыл-шаруашылығын ұжымдастыру идеясы мейлінше қатаң жүргізіліп, жаппай қуғындау мен лаңкестікке негізделді. Ұжымдастыру алдын ала даярлықсыз, жергілікті жағдайлар ескерілместен, көбінесе ,әкімшілдік күштеу әдістермен жеделдете жүргізілді. Көшпелі ауылдарға ұжымдастыруды жеделдету жөнінде нұсқаулар түсіп жатты.
Күштеп ұйымдастырудағы Голощекиннің ОГПУ-дың (Полномоченное представительство обьединенного государственного Политического управления по Казахстану) күштеріне сүйенген әскери режиміне, зорлық - зомбылығына назары болған қарапайым халық та көтерілістерге белсене қатысты. Ұйымдастыру саясатына Созақтағы қарсылықтың ерекшелігі орташалардың қалың бұқарасы ғана емес, сонымен бірге, кедейлер мен батырақтар да қатысты. Созақтағы көтерілісшілерінің өз орталарынан хан сайлап алуы, оған бағынуы ,оның төңіреігіне ұйымдасуы Голощекин тәртібіне ашық наразылықтың нақты көрінісі еді. Адай, Табын, Сарбаздар көтерілісі деген атпен белгілі біз атап кеткен Ырғыздағы, Қарақұмдағы, Торғайдағы және Батбаққарадағы қозғалыстары, Сарқанд, Балқаш, Шұбартау, Абралы көтерілістері, Голощекин арнайы төрт отряд жіберіп басқан ,Сарысу мен Таластағы көтерілістер 1916 жылғы оқиғаны еріксіз еске түсіреді. Себебі, шектен шыққан қаныпезер де жүгенсіз қаталдық 1916 жылы көрген бұқараның тарапынан қарсылыққа, наразылыққа кездесуі әбден орынды болатын. 1929-1931 жылдарда шаруалардың 372 көтерілісі болып, оған 80 мыңдай адам қатысты. Шаруалар көтерілісі аяусыз басылып, оған қатысқандардың 5551 адамы сотталды, олардың 883-і атылды. Жалпы алғанда, күштеп ұйымдастыру кезінде Қазақстанд Т.Рысқұловтың 1933 жылдың 9 -наурызында И.В.Сталинге жазған хатындағы мағлұматтар: Мұнда хат авторы Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп кеткен 240 мың қазақты әр түрлі өлкелерден түскен деректер негізінде санап береді. Әрине, бұл сан барлық босқын қазақтарды түгел қамтиды деп айтуға болмас. Өйткені ,мұнда төменгі Волга, Украина, Кавказ, Батыс Қытай, Ауғанстан, Иран және т.б. жерлерге ауа көшкен қазақтар кірмей қалған. 1932-1932 жылдары Қазақстанды жайлаған алапат аштық ауыл шаруашылығын Лениндік кооперативтендіру жолымен социализм арнасына түсірудің идеяларын бүркеніп алған шын мәнінде Сталин-Голощекин басқару аппаратының қазақ халқын қорлап, ұлттық намысын, дәстүр-құқын, өзіндік ерекшеліктерін аяқ-асты етті. Жартылай құртып жіберуге алып келген.Геноцид (грекше-тек, ұрпақ және латынша- өлтіремін) саясатының қазақ халқына қарсы жасалған қылмыстың ең ауыр түрінің нәтижесі. Байлардың, кулактарды және ұлтшылдарды құртуға бағытталған Голощекиннің басшылығымен қазақ даласында жүргізілген бұл күштеу саясаты қазақ шаруаларының қалың бұқарасына күйрете соққы берді. Жергілікті партия, кеңес және ОГПУ органдары күш көрсетуді, әскери қысым жасауды саяси үгіт-насихаттан, идеялық тәрбие беруден жоғары қойды.Демек, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи дәстүрлерін рухани, әлеуметтік және саяси дамуын түбірінен өзгертіп жіберген оның демографиялық және ұлттық табиғи өсімін тежеген ұжымдастыру тарих бетінде қайталанбауы тиіс. 21.1930 – 1932 жылдардағы ашаршылық. Бесеудің хаты, Т.Рысқұловтың Сталинге хаты. 20-шы жылдардың аяқ шенінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын бастап, зорлық күштеумен қазақ халқын отырықшыландыруға кірісті. Ұжымдастыру нәтижесінде Қазақстандағы халық шығыны: 1930 жылы аштықтан 313 мың адам, 1931 жылы аштықтан 755 мың адам, 1932 жылы аштықтан 769 мың адам өлді. Ауыл халқының 40% -ын жоғалтты (1 млн 750 мың адам). 1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мыңы қайтқан жоқ. 1931–1933 жылдары аштықтан 6,2 млн. адамның 2,1 миллионы өлді. 1929 жылы Қазақстандағы 40,5 млн. малдан 1933 жылы 4,5 млн. ғана қалды. 1932 жылғы аштық, оның себептері туралы мемлекет қайраткерлері Ғ. Мүсірепов, Қ. Қуанышев, М. Ғатауллин, Е. Алтынбеков, М. Дәулетқалиев Ф. И. Голощекинге хат жазды. Бұл хат «Бесеудің хаты» деп аталды.Елді аштық жайлап, жұқпалы аурулар тарады. Елдегі қалыптасқан жағдайды, үкімет тарпынан жіберіліп жатқан өрескел қателіктерді айтып Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге, қазақ өлкелік комитеттерінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға бірнеше хат жолдайды. «КСРО Халық шаруашылығы есебінің орталық басқармасына үстіміздегі жылы негізгі қазақ аудандарында халық санағын өткізу және ондағы шаруашылықтардың жай-күйін сараптау, сонымен бірге егін шығымдылығын анықтау жөніндегі комиссиямен бірлесе отырып, көктемгі егіс аяқталғаннан кейін осы аудандардағы егіс алқабының есебін алу ұсынылсын» 22. Ұлт зиялыларына қарсы Сталиндік қуғын-сүргін. Сол 1920-1930 жылдардағы күрделі кезеңде Қазақстанда мәдениет, білім мен ғылым саласындағы, әдебиет пен өнердегі жетістіктермен қатар, келеңсіз құбылыстар да орын алады. Өйткені бұл кезең мәдениеттің тарихи тамырынан, әлемдік өркениеттің жетістіктерінен ажыраған жылдары болып табылды. Сонымен бірге бұл кезең зиялы қауым өкілдерінің саяси қуынға түсіп, тоталитарлық жүйенің құрбынан айналған болды. 1928 жылы «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген жалған айыппен 44 адам, бұрынғы Алашорда қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және т.б. тұтқындалды. 1930 жылы еінші топ ішінде М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов сынды зиялылары бар 40-тан астам адам құғын-сүргінге ұшырады. 1937-1938 жылдарда саяси қуғын-сүргін қатыгездегі жағынан өзінің шарықтау шешіне жетіп, жаппай сипатқа ие болды. Жоғарыда аталған азаматтардың басқа көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рұсқылов, Ж.Садуақасов, О.Жандосов, қазақ әдебиетінің өкілдері С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, ғалымдар Қ.Жұбанов, С.Асфендияров және т.б. ұсталып, атылды. 23. Қазақ АКСР-нің одақтас республикаға айналуы. Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы—Қазақстан аумағындағы РКФСР құрамындағы әкімшілік-шекаралық бірлік, Қазақ ұлттық автономиясы. 1919 ж. 10 шілдеде В.И. Ленин “Қазақ (қырғыз) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы” декретке қол қойды. 1920 жылдың маусымында КСРО басшылығымен қырғыз-қайсақтардың мекен еткен жерлері Орал, Торғай, Семей облыстары, Закаспийский облысының Адай уезі, Бөкей Ордасы және Орынбор облыстары аумағынан қазақтардың ұлттық автономиялық республика құру шешімі қабылданды. Республика астанасы - Орынбор қаласы деп жарияланды.Бастапқыда бұл автономия Қырғыз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы (1920-1925)деп аталып келді, кейіннен 1925 жылы ҚазАКСР орталық атқару комитетінің төрағасы "қырғыз" деген атауды "қазақ" деген атаумен алмастыру туралы қаулысымен Қазақ АКСР-ы деп аталынды. ҚазАКСР-ның әкімшілік орталығы – алдымен Қызылордада (1925-1929), кейіннен 1929 жылдан бастап Алматы қаласына көшірілді. 24. 1930-жылдардағы Кеңестік Қазақстандағы сауатсыздықпен күрес, білім беру жүйесінің қалыптасуы 1924 жылдың ақпан айында Қазақстанда Бүкілодақтық «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының бөлімшесі құрылды. «Сауат ашқыш» газетінің бетінде жекелеген топтар үшін сабақ өткізу жоспары жарияланып тұрды, сауатсыздықты жоюшы-мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімдік курстар ашылды. 1930 жылғы 11 ақпанда Қаз ОАК-і «Қазақ АКСР-інде халықтың сауатсыздығын міндетті түрде жою туралы» қаулы қабылдады. Жою мерзімі бірінші бесжылдықтың аяғы болып белгіленді. Шараларды жүзеге асырудың жоспары жасалды және сауатсыздықты жоюға арналған қаржы қоры құрылды. 1931 жылы республикада шалғай аудандарға мәдени жорық ұйымдастырылды. Комсомол және пионер ұйымдары оған белсене атсалысты. Алайда елде сауатсыздықты жою ісі тіпті 1935 жылы, мәдениет майданы қызметкерлерінің I съезі өткенге дейін аяқталмады. Осы съезден кейін республикадағы сауатсыздықты жою жұмысы өзінің соңғы кезеңіне аяқ басты. Қазақ АКСР Ағарту халкомы жанынан ересек халыққа білім беру басқармасы құрылып, оның ішінде сауатсыздар мен шала сауаттылар мектебі бөлімдері ашылды. 1939 жылы Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 76,3%-ға жетті. 25. Республикадағы жоғарғы оқу орындарының ашылуы, әдебиет және өнердің дамуы.БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті мен республика үкіметі Алматыда Қазақ мемлекеттік университетін ашу мәселесін күн тәртібіне қойды. Қазақ АКСР ХКК-нің 1928 жылы 10 маусымдағы қаулысында: РКФСР ХКК-нің қаулысына сәйкес 1928 жылғы 1 қазанда ҚазМУ-дің педагогикалық факультеті, үш бөліммен: физика-математика, жаратылыстану және лингвистикалық-әдебиет бөлімдерінің бірінші курсымен ашылсын деп - көрсетілді. ҚазМУ-дің педагогикалық факультетінің жетекшісі болып — Мәскеу шығыстану институтының ректоры Санжар Асфендияров тағайындалды. Оқытушылар арасында белгілі қазақ жазушысы, Ленинград университетінің түлегі М. Әуезов, мемлекеттік қайраткер С. Сейфуллин, т.б. болды. 20—30-жылдар қазақ кеңес әдебиетінде проза, драматургия және әдеби сын сияқты жаңа жанрлар дамыған кезең болды. І.Жансүгіров «Жолдастар» романын жазды, С.Мұқанов «Байдың ұлы», «Достар», «Ботагөз» романдарын тудырды. Қазақ драматургиясын дамытуда Мұхтар Әуезовтің рөлі зор. Қазақ театр өнерінің дамуы оның есімімен тығыз байланысты. 1935 жылдың жазында халық аспаптары оркестрі Қазақстан бойынша тұңғыш гастрольге шықты. Оркестрдің репертуарындағы Кұрманғазының «Сарыарқа», «Серпер», «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін халық жылы қабылдады.1936 жылы мамырда Мәскеуде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті.23 мамырда Үлкен театрда өткен қорытынды концертте партия мен үкімет басшылары қатысты. А.Жұбанов басқарған оркестр өзінің ең таңдаулы шығармаларын орындады. 26.Қазақстандықтардың 1941–1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ірі шайқастарға қатысуы және жанқиярлық ерліктері. Соғыстың басталуына байланысты ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Республика экономикасы әскери бағытқа көшірілді.Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. Москва шайқасы (1941 жыл 30 қыркүйек – 1941 жыл 6 желтоқсан). Республикада жасақталған 316 – атқыштар дивизиясына Маскваға апаратын негізгі өзекті жолдың бірі – Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Ленинград шайқасы (1941ж.-1943 ж.-қантар).Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде соғысты. 316-атқыштар дивизиясы (1941 ж. 9 қыркүйек) және 314-дивизия Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, «өмір жолын» салуға қатысты. Сталинград шайқасы (1942 ж. шілде- 1943 ж. ақпан). Сталинград түбінде қазақстандықтар К.Сатпаев пен А.А.Бельгин өздерінің ерлігі нәтижесінде Кеңестер Одағынын батыры атағына ие болды.116-атқыштар дивизиясы, 565-атқыштар полкінің 7-ротасының жауынгерлері Сталинград көшелерінде ерлікпен шайқасты. 27. 1941 – 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезінде Республика экономикасын соғыс мүддесіне бағындыру Соғыстың алғашқы айларынан бастап, Қазақстандағы экономиканы соғыс мүддесіне бейімдеп қайта құру, материалдық және адам ресурстарын қайта бөлу шаралары жүргізілді. Сонымен қатар неміс фашистері басып алған жерлерден кәсіпорындар көшіп келе бастады. 1941 жылдың екінші жартысында республикаға барлығы 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінді. Тек Алматының өзінде 34 зауыттың, фабрика мен цехтың жабдықтары орналастырылды. Майдан шебінен көшіп келген кәсіпорындарды орналастыруға республикада 2300мың шаршы метр өндіріс аудандары босатылды.Республикаға 1,1 млн. астам адам көшіріліп әкелінді. 1943 жылы Ақтөбе химия комбинаты бор, фосфор қышқылдарын, сода шығаруды жолға қойды. Шымкент дәрі-дәрмек жасау зауыты шөптен дәрі жасауды игерді. Теміртауда Қарағанды металлургия комбинатын салу қолға алынды. Машина жасау зауыттары Алматыда, Шымкентте, Қарағандыда іске қосылды. Балқаш, Қарсақпай мыс қорыту зауыттары күшейді. Түсті металл шығару өсті. Тамақ өнеркәсібінің: Шымкентте жеміс-жидек консерві комбинаты, Алматы, Қарағандыда кондитер фабрикалары, Петропавлда темекі фабрикасы пайдалануға берілді.Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанның темір жол транспорты майдан мен тыл қажеттерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Темір жолдағы жұмыстың көбін әйелдер атқарды. Олар теміржолшылардың 35 пайызын қамтыды. Ақмола-Қарталы, Гурьев-Қандағаш, Орск-Қандағаш темір жолдары іске қосылды.
28. 1941 – 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы партизан қозғалыстарындағы қазақстандықтардың ерлігі. Қазақстандық сарбаздар жау тылында қоршауда қалып, партизандық күреске араласқан. Ұлы Отан соғысы жылдары 3 500 қазақстандық партизан отрядтары қатарында болды деген мәлімет бар.
Тарихшылардың айтуынша, олар Украина мен Беларусь елдерінің батыс аудандарында, Молдавия мен Балтық жағалауларында фашистік Германияға қарсы соғысқан. Олардың ішінде Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин, Әди Шәріпов, Сәтімбек Төлешов, Нұрым Сыдықов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров сынды батыр партизандармен қатар Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова есімді қазақ қыздары да жау әскерлеріне қарсы күрескен. Ел кегін арқалаған партизан жасақтарына жүктелген міндет сол жылдары аз болған жоқ. Кейде жиырма, кейде қырықтан топтанып алып, үлкен-үлкен жорықтарға аттанып, аз күнде мың қаралы қосын ертіп алып, көбейіп қайта оралып отырған. Қасым Қайсеновтың Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың жау тылында көрсеткен ерлік қимылдары Отан соғысы тарихында алтын әріппен жазылған. Батыр атамыз 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. 29.1941–1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан халқының тылдағы ерлігі. Қазақстанның колхозшы шаруалары соғыстың жеңіспен аяқталуына қомақты үлес қосты. Республиканың колхоз-совхоздарына жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті. Жау басып алған аудандардан көшіп келген шаруалар еңбекте ерліктің үлгісін көрсетті.Қазақстан еңбекшілері тары өсірудің шебері – Шығанақ Берсиевті, атақты күрішшілер – Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам сияқты үздік шыққан жаңашылдар мен астықтан мол өнім алудың майталмандары Мұнира Сатыбалдинаны, Анна Дацкованы, Нүрке Алпысбаеваларды және т. б. орынды мақтан етті. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының озат тары өсірушісі Ш. Берсиев тарының қуаңшылыққа төзімді, жоғары өнімді, жергілікті ауа райына икемді сортын өсіріп шығарды. Ол 1942 жылы әр гектардан – 175ц, ал 1943 жылы – 202ц. өнім жинады. Қызылордалық күріш өндіруші Ы. Жақаев 1943 жылы әр гектардың өнімін 192ц. жеткізді.Малшылар арасынан көптеген республикаға танымал еңбек озаттары шықты. Мысалы, Жезқазған ауданы Аманкелді атындағы колхоздың шопаны Ж. Мұқашев жыл сайын жүз қойдан 180ге дейін қозы алып, аман өсірді. Атырау облысы «Жаңа талап» колхозының жылқышысы Ш. Шұғаипова бір мыңнан астам жылқыны ешқандай шығынсыз бақты. Қоғамдық мал басы Республикада соғыс жылдарында 3млн. басқа жуық өсті. 1944 жылы Бүкілодақтық еңбек жарысында мал шаруашылғын өркендетудегі орасан зор табыстары үшін Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Гурьев облысының Қызылқоға аудандары КСРО Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Жалпы соғыс кезінде Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері өздерінің патриоттық және еңбек парыздарын айтарлықтай өтеді. 1941–1945жж. олар майдан мен елге 5 829мың тонна астық, 734мың тонна ет және басқа да азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді.
30. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ғылым, әдебиет және өнер. Соғыс жылдарында экономиканы соғысқа бейімдеу мақсаты мен КСРО Ғылым академиясы жанынан «Орал, Батыс Сібір, Қазақстан ресурстарын қорғаныс қажетіне жұмылдыру жөніндегі комиссия» құрылды. Комиссия құрамында А. А. Байков, В. Л. Комаров, В. К. Обручев сияқты ғалымдар болды. Сонымен қатар Қазақстан жерінде Л. С. Берг, С. Н. Бернштейн, Н. Д. Зелинский, Л. И. Мендельштам, А. Н. Бах т. б. академиктер жұмыс істеді.Алматыға майдан өңірінен 20-ға жуық ғылыми-зерттеу мекемесі көшіріліп жұмыс істеді. КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы да соғыс мұқтажына жұмыс істеді. Майдан қажетіне байланысты сирек металды зерттеу ісінде Қ. И. Сәтбаев көп еңбек сіңірді. 1942 жылы Қ. И. Сәтбаевқа Жезқазған мыс кен орындарын зерттеу еңбегіне байланысты Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақстанда орналасқан Москва авиация, алтын және түсті металдар институттары, Киев университеті ерекше екпінді еңбек етті. Соғыс жылдарында қазақстанда ашылған жоғары оқу орындары: Алматы шет тілдер институты, Шымкент технология институты, Дене шынықтыру институты т. б.90-ға жуық ақын, жазушы майдандағы жауынгерлер қатарында болды.Соғыс жылдарында Ж. Жабаев «Ленинградтық өренімді», Ж. Саин өлеңдер жинағын, Қ. Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыздар», С. Мұқанов «Өмір мектебін», М. Әуезов «Абай» роман эпопеясының 1 кітабын жазды. А. Толстой «Қазақстан жерінде болғанда», «Иван Грозный» кітабын жазды. Майдан өңірінен Қазақстанға 23 көркемөнер ұйымы көшірілді. 1941 жылы Қазақстанға «Мосфильм», «Ленфильм» киностудиялары көшіріліп әкелінді. Бұл киностудиялар Алматы киностудиясымен бірігіп, екі жыл ішінде 23 кинокартина түсірді. Олардың ішінде «Партизандар», «Екі жауынгер», «Георгий Сакадзе» сияқты танымал кинокартиналар бар
Достарыңызбен бөлісу: |