Ленинград шайқасы
1941 жылы 9 қыркүйек айынан 1943 жылы 18 қаңтарға дейін фашистік Германия әскері Ленинград қаласына шабуыл жасап, оны бірден басып алмақшы болды. Алайда Кеңес әскері бұл әрекетке тойтарыс берді. Жау әскері қаланы түгелдей қоршап алып, онымен барлық байланысты үзіп тастады. Фашистер аштықтан, суықтан қалтыраған қала халқы өздігінен беріледі деп ойлады. Немістер қаланы күн сайын бомбалап, қаладағы жарық, жылу, су жүйесін бүлдірді. Қалада азық-түлік жетіспей, аштық басталды. Ленинград 900 күн бойы жау қоршауында тұрса да, қала жұмыс істеуін тоқтатпады. Ол орталықпен тек бір ғана жол арқылы байланыс жасады, мұны жау күтпеген еді. Бұл Ладога көлінің мұзы арқылы салынған жол болатын. Осы жолды ленинградтықтар «Өмір жолы» деп атады. Себебі бұл жолмен қалаға жүк машиналары азық-түлік, оқ-дәрі тасыды. Қазақстандық 310, 314 атқыштар дивизиялары Ленинград үшін шайқаста аяғына дейін қатысты.
Ленинград шайқасында кеудесімен жау пулеметін жауып, Отан үшін жанын қиған Сұлтан Баймағанбетов ерлігі ұмытылмақ емес. Ленинград шайқасында Балтық флотының “Киров” крейсерінде 156 қазақстандық жауынгерлік борышын орындады. Қазақстан халқы ленинградтықтарға азық-түлік пен делегациялар жіберіп те, хат арқылы да көмек беріп отырды. Қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың “Ленинградтық өренім!” атты жалынды жыры жауынгерлерді күреске жігерлендіре түсті.