69.ХХІ ғасырдағы экономиканың қазақстандық үлгісі. ЭСПО-2017. «Нұрлы Жол – болашаққа жол» жаңа экономикалық саясаты. 2014 жылғы 11 қарашада Мемлекет басшысы алдағы жылға арналған кезекті Жолдауын халыққа таныстыру кезінде Жаңа экономикалық саясат – «Нұрлы жол» туралы мәлімдеді. Ол алдағы жылдары Қазақстан экономикасы өсімінің негізгі қозғаушысы болуды, сондай-ақ, әлемдегі ең озық дамыған 30 елдің қатарына қосылудың маңызды қадамына айналуды көздейді.Жолдаудың негізгі арқауы әлемдік экономиканың жаңа сын-тегеуріндері мен қауіптері тұрғысынан Қазақстанның экономикалық саясатын қайта бағдарлау болды.
Осыған байланысты экономикалық өсуді қалыптастыруға қатысты кейбір тәсілдер қайта қаралып, алдағы кезеңге арналған даму жоспарларына түзетулер енгізілді.Бағдарламаның негізгі мақсаттары ретінде мыналар анықталды: Астанадан барлық аймақтарға сәуле қағидаты бойынша тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық, туристік және әлеуметтік инфроқұрылымды дамыту, сондай-ақ энергетикалық секторды нығайту болды. Іске асыру барысында бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілді: 2017 жылы тұрғын үй құрылысы бағыты «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасына ауыстырылды, геологиялық барлау басқа нормативтік-құқықтық актілерде де көрініс тапты. Осылайша «Нұрлы жол» көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай бағдарламасы болып қалды.
Еліміздің астанасында ЕХРО ұйымдастыру туралы бастама Мемлекет басшысы Назарбаевтың еңбегі.
Республикамыз 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып саналады және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. 2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске ресми түрде Қазақстан Республикасының өтінімі тапсырылды. Осы уақыттан бастап республикамыз Астанада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу құқығы үшін ресми түрде кірісті.
2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Біздің Астана ұсынған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналды. 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана жеңіске жетіп, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын ретінде таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өткен алғашқы көрме болды. 2012 жылғы 26 қарашада Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» №436 Жарлыққа қол қойса 2014 жылғы сәуірде Президенті Назарбаев Университетіне таяу орын тепкен ЕХРО-2017 көрме кешені құрылысын бастап берді.
Көрме 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтті.. Ұйымдастырушылары таңдаған тақырып - Future Energy (Болашақ қуат). ЕХРО 2017 көрмесіне 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға 3 млн адам келді.
ЕХРО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді.
ЕХРО-2017 көрмесінің символдары ретінде Қуат, Мөлдір және Сәуле таңдалды.
Қуат (күш, билік) - жердегі энергияны білдіреді.
Мөлдір(айқын, таза) - судан алынған энергия.
Сәуле(күн сәулесі) - күннен алынған энергия.
Көрмені өткізу Астана қаласының, сонымен бірге республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет етеді. Мұндай мамандандырылған көрмелерде әлемнің барлық мемлекеттері өздерінің ең үздік инновациялық, технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін әлем назарына ұсынады. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастыруға бет алып, жаһандық экономиканың өрлеуін де, мәдениеттің мәйегін де, өнердің гүлденуін де паш етеді.