44. 1979 жылғы Ақмола (Целиноград) оқиғасы.
1976 жылдың тамыз айында КОКП Орталық Комитеті неміс автономиясын құру жөнінде арнайы топ құрды. Оған Юрий Андропов жетекші етіп бекітілді. Міне, осы жауапты топ неміс автономиясын құру жөнінде ұсыныс жасауға тиісті болды. Мәселені екі жыл егжей-тегжейлі зерттеген комиссия 1979 жылдың басында Орталық Комитетке жаңа автономияны Қазақстан жерінде құруға болатыны туралы құжаттар мен ұсыныс өткізді. Соның нәтижесінде сол жылдың 31 мамырында СОКП ОК Саяси бюросы «Неміс автономиялық облысын құру туралы» құпия қаулы қабылдады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында айтылмады, газеттер беттерінде жарияланған жоқ.Осыған байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Александр Коркиннің басшылығымен неміс автономиясын құруды ұйымдастырып, жүзеге асыру жөніндегі комиссия құрылды. Ол автономияның құрамы мен шекарасын анықтап, кадрлар таңдап, облыстық мекемелерді орналастыру мәселесімен шұғылданды. Жаңа құрылымның орталығы рөліне Целиноград қаласынан 100 шақырым жердегі аудан орталығы – Ерейментау қаласы ұсынылды. Автономия басшысы лауазымына сол кезде Краснознамен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген ұлты неміс Андрей Браун тағайындалатын болып келісілді. Әкімшілік-аумақтық құрылымның ауданы 202 мың адам тұратын 46 мың шаршы шақырымнан артық аумақты қамтыды. Алғашында мұнда 30 мың неміс тұрады, сосын уақыт өте келе ұлғая береді деп шешілді. Облыс құрамына Целиноград облысының Сілеті ауданы, Павлодар облысының Ертіс ауданы, Көкшетау облысының Уәлиханов ауданы, Қарағанды облысының Молодежный ауданының Молодежный поселкелік кеңесі, Дальный, Пролетар, Родников, Тельман және Шідерті селолық кеңестерін біріктіру көзделеді. Қарсылық қозғалысы 16 маусым күні таңертеңгі сағат 8-ден басталды. Наразы топтар Целиноград қаласының орталығына жиналды. Олардың басым бөлігін жастар мен мұғалімдер құрады. Шеруге шығушылар өздерінің неміс автономиясын құру жөніндегі шешімге үзілді-кесілді қарсы екендерін білдірді. Олар қолдарында қазақ және орыс тілдерінде жазылған «Қазақ жері бөлшекке түспейді», «Неміс автономиясына жол жоқ!» деген транспоранттар ұстап шығып, «Ерейментауда неміс автономиясына жол жоқ!» деп ұрандатты. 19 маусым күні тағы бір жиын өтті оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2-4 мыңдай адам қатысты. Шеруге қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Целиноградтан кейін шағын митингілер мен шерулер Атбасар,Ерейментау, Көкшетауда өтті. Халқымыздың қарсылығы нәтижесінде Неміс автономиясы құрылмай қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |