№12-дәріс. Ұлы Дала еліндегі жаңа тарихи сананы және дүниетанымды қалыптастыру саясаты.
Ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға бағытталған алғашқы шаралар. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» еңбегінде ұлттық тарихты зерделеу.
Жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруда «Қазақ хандығының 550 жылдығының» аталып өту маңызы.
Ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға бағытталған алғашқы шаралар. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы.
Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттері (аз зерттелген немесе зерттеуге мемлекет тарапынан тыйым салынған тарихи оқиғалар) деген терминнің өзі алғаш рет 1987 жылғы ақпанда қолданылды. 1992 жылы тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты оқу құралы Алматыдағы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді. Осы еңбегінде М.Қозыбаев: «Тарихымыздағы ақтаңдақтар жағдайы бұрыннан-ақ белгілі еді. Студент болып жүрген кезімізде біздің ұстазымыз, профессор Ермұқан Бекмаханов Кенесары қозғалысы туралы концепциясы үшін жер аударылды. 1972 жылы мен Коммунистік партияның кадрлық саясаты жөнінде З.А. Голикова деген кісімен бірігіп монография шығардым. Бірақ сол кітапта кейбір еркін айтқан ойларым үшін қуғынға түстім. Алайда, біз догматтық, схоластық рухта тәрбиелендік», - деп мәлімдейді.
Кеңес қоғамындағы экономикалық дағдарыс тарихи білімге де кедергі келтірді: 1) тарихи білімде биліктің әкімшіл-әміршіл әдісіне көндігу орын алды; 2) кеңес қоғамы ғылыми-техникалық революцияның әлемдік дамуына ілесе алмаса да, тарихи білімде оны дәріптеу көріністері байқалды; 3) тарихи білімде, зеттеу жұмыстарында халық шаруашылығын дамытудың жоспарлы сипаты дәріптелді; 4) шикізатты өндіру мен өңдеудің республика мүддесінен тысқары дәрменсіз күй кешуін әспеттеу міндеттеріне байланысты тарихты оқытудың шынайылығы бұрмаланды т.б.
Кеңестік дағдарыстың қоғамдық саладағы белгілері тарихи білімге мынадай жағымсыз жағынан әсер етті: 1) тарихи білім беру жүйелерінің бәрінде әлеуметтік әділетсіздікке жол берудің көздері әшкерленбеді; 2) тарихшылар кеңес қоғамындағы жағымсыз көріністерді халықтан жасыруға мәжбүр болды; 3) тарихшылар қазақ тілінің қолдану аясы мен қазақ халқының үлес салмағының қысқару шындығын көрсете алмады; 4) тарихи білімдегі шежірешілдік, бүкіл ауызша тарих айту дәстүрімен бірге ұлтшылдық пен рушылдыққа жатқызылып, қоғамдық ортадан шеттетілді; 5) тарихи білімде ұлттық діл мен ислам дінінің ерекшеліктері елеусіз қалып, бүтін бір халық мәдениетінің ішкі қуатының шайылу қаупіне бейімделу көріністері орын алды; 6) тарих ғылымы санада «КСРО халқы» деген түсінікті орнықтыруға міндеттелгендіктен, аймақтың ұлттық мүддесі ескерусіз қалды т.б.
Еліміздің 1991 жылы тәуелсіздік алуы Қазақстанның мәдени өміріне, тарих ғылымының дамуына да үлкен өзгерістер әкеліп, отандық тарих ғылымы жаңаруларды басынан өткеруде. Тарих ғылымы бұрынғы идеологиялық қыспақтан арылып, төл тарихты зерттеуге бет бұрды. Қазақ тарихының бұрын аз зерттелген немесе мемлекет тарапынан тыйым салынған кезеңдері қоғамға жетіп, жаңа рухани негіздің іргесі қалана бастады. Ұзақ жылдар бойы отаршылдық бұғауында болған қазақ тарихы қайта жаңғырды.
Ұлттық тарих тұтас ұлттық таным, төл рухани құндылықтар контексінде қарастырыла бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап тарихи білім беруді дамыту, тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың саясатының басым бағыттарының бірі болатын. Елбасы əртүрлі-деңгейде сөйлеген сөздерінде, оннан астам жарияланған еңбектерінде Тəуелсіз Қазақстанның өмір шындығына сай жаңа тарихын жазуға жəне сол арқылы халқымыздың жаңа тарихи санасын қалыптастыру ісіне басты назар аударды. Ол өткен тарихын білмеген, өзінің ұлттық қасиеттерінен айырылған халық қасіретке ұшырайтындығы туралы, өзінің жақсысы мен жайсаңын сыйламайтын адам басқаларға құрмет бола алмайтындығы жөнінде терең тұжырымдар жасады. Тарих ғылымы – ұлттың, елдің тəуелсіздігінің жəне тарихи сананы қалыптастырудың тірегі. Өйткені Отан тарихы – оның əлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын ең негізгі фактор болып саналады. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайтыны белгілі. Бірақ сол тарихтың ғылымға негізделіп, шынайы, түбегейлі жан-жақты зерттелмеуі тарихи сананың ұлттық рухтың əлсіреуіне əкелетініне, əсіресе өткен ХХ ғасырдың ұрпақтары талай рет көз жеткізді. Сондықтан отандық тарих ғылымының алдында тұрған өзекті мəселе — сол ғылымның теориялық жəне методологиялық ұстанымдарына сүйене отырып, іргелі зерттеулер жүргізу арқылы болашақ зиялы ұрпақты тəрбиелеу болды.
1995 жылы жарияланған «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасында» Қазақстандағы тарихи білімнің іргелі принцптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен 1997 жыл – Ұлтаралық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы (1996 ж. 30 желтоқсандағы жарлығы), 1998 жыл – халықтардың бірлігі және ұлттық тарих жылы, 1999 жыл – Ұрпақтардың бірлігі және сабақтастығы жылы, 2000 жылы – Мәдениетті қолдау жылы, 2001 жыл ҚР егемендігі мен тәуелсіздігінің 10 жылдығы деп жариялануының өзі еліміздің динамикалық дамуына, ұлтттық мәдениеті мен руханиятының өсуіне, қазақ халқының сана сезімінің жандануына арқау болып, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды шығаруға жол ашты.
«Қазақстан тарихы» мектептер мен жоғарғы оқу орындарында арнайы пән есебінде оқытылатын болды. Елімізде тарих ғылымы қоғамдық-саяси өмірдің алдыңғы қатарына көтерілді.
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің 1998 жылғы 21 тамыздағы № 465 бұйрығымен бекітілген қоғамдық гуманитарлық пәндер циклына арналған Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандартының бірінші кітабында тарихи білімнің сипаты былай түсіндірілген: «Қоғам мүшелерін қажетті дәрежеде тарихи білімммен қаруландырмай, оларда тарихи сананы қалыптастырмай, ешбір мемлекет тарихи дамудың жоғарғы сатысына жете алмайды». Бұл стандартта тарихи білім мазмұнын іріктеуде ұлттық деректердің басыңқы болуына көңіл бөлініп, ғылымда ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен Еуроцентрлік ұстаным мен коммунистік идеологияның солақай саясаты сыналды. Бұның өзі Тәуелсіздік жағдайындағы тарихи білімнің құрсаудан шығуына көмектесіп, оның ұлттық белгідегі өрісін кеңейте түсті.
Жаңа Қазақстан жағдайындағы тарихи білімнің дамуы тарихтағы ақтаңдақтар пердесінің ашылуымен ерекшеленеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ баспасөз беттерінде қазақ тарихына қатысты: Алашорда тарихы, жаппай саяси репрессия тарихы, екінші дүниежүзілік соғыс және Қазақстан тарихы, тың және тыңайған жерлерді игеру, кеңестік кезеңдегі демографиялық үдерістер тарихының «ақтаңдақтарына» арналған М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, М. Асылбеков, О. Смағұлов, Қ. Алдажұманов, З. Қинаятұлы, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, М. Тәтімов, Ж. Қасымбаев, Б. Көмеков, К. Байпақов, Х. Әбжанов, Ж. Абылхожин, С. Әжіғали, А. Тоқтабай т.б. ғалымдардың зерттеу мақалалары жарияланды.
Кеңес заманында ұлт-азаттық көтеріліске біржақты көзқарасты пікір айтылып келді. Ұлт-азаттық көтеріліс бұқара халықты отарлық езу мен қанаудан туды. Өз елінде бөтеннің кейпін киген ұлт, өздерінің күн көрісінің бірден-бір табыс көзі саналатын құнарлы жерлерінен айырылғандығы олардың ашу-ызасын тудырды. Осы тақырыпта тарихшы, академик К.Нұрпейісов «Ұлт-азаттық күрес және «Алаш» қозғалысы» мақаласын жариялады. Мақаласында ғалым: «Өзінің ұлттық құрамы жөнінен Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс негізінен қазақтардан тұрды немесе моноұлттық болды. Көтерілістің тікелей басталуына патша өкіметінің 1916 жылғы 25 маусымда Қазақстан мен Орта Азияның тұрғылықты халықтарының азаматтарын майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы шығарған жарлығы түрткі болды. Көтерілісшіл халықты да, оның зиялы қауым өкілдерін де келе жатқан 1917 жылдың қос төңкерісі мен оларға жалғасқан азамат соғысының «тар жол, тайғақ кешу» кезеңі күтіп тұрды», -деп жазды.
Кеңес Нұрпейісов пен тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев бастаған тарихшылар тобы Алаш қозғалысы мен «Алашорда» автономиясының және тұлғалардың қызметін зерттейтін ғылыми мектептің іргетасын қалады. Тарих ғылымының Алаштану саласы пайда болды.
Қазақстан тарихының келесі бір ауыр нәубеті ашаршылық қасіреті болды. Елді социализм халқы атандыруға асыққан кеңес үкіметі қазақ жерін иеленуде күштеп ұжымдастыру саясатына көшті. Бұл ұжымдастыру науқанының салдары байырғы ата қонысында отырған қазақ жұртын орны толмас қасіретке душар етті, арты ашаршылыққа келіп тірелді, халық қырылуына әкелді. Академик Манаш Қозыбаев пен профессор Талас Омарбеков бастаған тарихшылар тобы Ф.И.Голощекин ұйымдастырған кеңестік ұжымдастырудың зобалаңдары мен қасіреттерін жариялап, тарихи шындықты халыққа жеткізді. Т.Омарбековтің архив құжаттары негізінде жазылған баспасөз беттерінде «Ақтаңдақтар ақиқаты» айдарымен «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр...», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Қазақ неге атқа қонды?» тақырыптарында мақалалары жарияланды.
Академик М.Қ.Қозыбаев ХХ ғасырдағы саясатқа бейімделген тарихи білімнің дамуына мынадай баға берген болатын: «ХХ ғасыр Отандық тарих, қазақ халқының тарихы саясат құрбандығына шалынды. Мифтерге негізделген жалған, жантақ тарих осы тұста іргетасын қалады. Отан тарихын саясатқа бейімдеп «өңдеу», «өзгерту» сол бір аумалы-төкпелі заманда сәнге айналды».
Бүтін елдің мақтанышына айналған хан-cұлтандарымыз, би-шешендеріміз, ақын-жырау, батырларымыз бен ұлт зиялыларының өкілдері ағартушы-ғалымдарды ұлықтау тарихшыға артылған жүк. Аталған тақырыптарда тарихшыларымыз Ж.Қасымбаевтың «Хан тарихы – Халық тарихы» (Абылай хан туралы), Х.Әбжановтың «Қазақстан интеллигенциясы: тарих пен тағдыр», «Жалған жұмақты әшкерелеген хат», «Ұлттың ұлы ұраншысы» мақалалары, М.Қойгелдиевтің «Алашорда Ұлттық мемлекет құру мақсатының қойылуы: тарихтағы орны мен тарихи маңызы», «Алаштың Әлиханы немесе ол туралы архив материалдарына сөз берсек» атты тағы басқа да осы сияқты тақырыптар төңірегінде көптеген мақалалары жарияланды.
Осылайша халқымыздың қасіреті мен қуанышы қатар өрілген сан ғасырлық тарихын білу біздің борышымыз. Ал біз сол ата тарихымызды насихаттау үшін ең алдымен біржақты көзқарастардан ада болуымыз керек. Кешегі бізді отар елге айналдырған отарлаушы елдердің үстем көзқарасымен бұрмаланған тарих беттеріндегі ақтаңдақтардан арылу жолдарын қарастыруымыз қажет. Осындай ғалымдар мен ұлағатты ұстаздардың артында қалған құнды мұраларының ұрпаққа берер тағылымы орасан зор.
Қазіргі таңда Қазақстан тарихының зерттелуі барысында ұлт баспасөзінің алатын орны өте жоғары. Себебі, баспасөз беттерінде жарияланған тарихи тақырыптарға арналған мақалалар мен арнайы сұхбаттар Қазақ тарихын кәсіби тұрғыда зерттеушілер мен қызығушылық танытушылар арасында екі ұдай пікірлер тудыруда. Ғылыми тұрғыда дәйекті зерттелген кәсіби маманның тұжырымы мен әуесқой тарихшының немесе журналистің ортақ тақырыптағы зерттеуінің мазмұны мен қорытындысы екі түрлі болып жататын тұстары болады.
Жалпы Қазақ тарихын зерттеуде архивтердегі құжаттарға жүгініп тиянақты түрде, қолда бар деректермен салыстыра отырып зерттелген материалдар ғана ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды жоюға өз үлесін қоса алады. Сол пікірлерге назар аудару тарихта адасуға жол бермейтіні анық.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ЮНЕСКО-ның (БҰҰ-ның білім, ғылым, мәдениет мәселелері жөніндегі арнайы ұйымы) «Ұлы Жібек жолы – мәдениеттердің үнқатуы, өзара түсіністігі» және жақындасуы» халықаралық бағдарламасын іске асыру туралы шешімін әлем жұртшылығы жылы қабылдады.
1996 жылғы шілдедегі тарихи-этнографиялық экспедиция жасақталды, оның жүріп өткен жолы Ұлытаудан Үстіртке дейін көш тартты, бұған қоса Жезқазған, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарын қамтыды. Экспедиция өз жеріміздегі ата-бабаларымыздың дәстүрлі мәдениеті мен дүниетанымын насихаттауды, Қазақстан аумағын ежелгі заманнан жаңа заманға дейін мекендеушілер мұрасының әлемдік мәніне жұртшылықтың назарын аударды, еліміздің мәдени өткенінің жетістіктері мен тағылымын игеруге жәрдемдесуді негізгі мақсат етті. Экспедиция мүшелері көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерде болып, іс жүзінде олардың бүгінгі жай-күйімен танысты, олардың арасында Домбауыл, Дүзен, Абат Байтақ, Есет батыр, Исатай, Маханбет, Құрманғазы, Қазанғаптың, Маңғыстаудағы барлық белгілі әулиелер мен батырлардың кесенелері бар. Республика Үкіметі Жошы және Алаша хандардың кесенелерін қалпына келтіруге 60 миллион, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы тарихи жәдігерлерді қалпына келтіруге 40 миллион теңге бөлді. Бүгінгі күні осы қалпына келтіру жұмыстарының көбі ойдағыдай аяқталды.
Қазақ жеріне ежелгі түрік жазулары жәдігерлерінің оралуы тарихи оқиға болды. 2001 жылғы маусымда Астанаға қазақ тарихы мен мемлекеттілігінің бастау көздері туралы баға жетпес ақпараттан тұратын Орхон-Енисей жазуларының көшірмесі келді.
Тарихи мұраны қорғау туралы Заңның негізінде көне дүние жәдігерлері болып табылатын және түбірімен қайта қалпына келтіруге жатпайтын Алматы ғимараттарының тізбесі жасалды.
Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі Қазақстан егемендігінің алғашқы символына айналды.
Жаңа уақыт діни мәдениет жәдігерлерінің мәнін түсінуге де өзінің түзетуін енгізді. 1999 жылғы шілдеде Алматыдағы Орталық мешіттің заңғар үйі пайдалануға берілді. Мешіт бір мезгілде 5 мың адамның кіруіне арналып есептелген. Оның мұнараларының биіктігі әр түрлі, ал басты мұнарасының биіктігі 40 метрге жетеді. Ғибадатханалардың құрылысы басталды, ұлттық діни мәдениет, ағарту, ғибадат орталықтары қайта түледі. Алматыда 25 ұлттық мәдениет орталығы бар. Ислам дінін ұстаушылар 22 мешіт тұрғызды, Ислам университеті құрылды, қасиетті Райымбек қабірі көркейтілді. «Ислам әлемі» журналы және «Нұр Шапағат» газеті басып шығарылды. Жыл сайын Қазақстанның 1500-ге жуық мұсылмандары Меккеге қажылыққа барады. «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдени орталығы ашылды.
Қазіргі кезде өткендегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр, олар: тарихи-археологиялық, тарихи-сәулет бағыттары. Сонымен бірге Қарахан, Айша бибі т.б. кесенелер сияқты жеке алғандағы тарихи-сәулет өнері жәдігерлерін зерттеуге зор көңіл бөлініп отыр. Сондықтан оларды мәдениеттану тұрғысынан, әлемдік мәдениет пен өркениет тұрғысында одан әрі зерделеу қажет.
«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы. КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік мемлекеттері сияқты Қазақстан да рухани және мәдени даму мәселелеріне тап болды. Бірыңғай мәдени кеңістіктің бұрынғы басымдықтарының келмеске кетуі және ұлттық бір ізге түсіруде жаңа келіспеушіліктердің пайда болуы; ұжымшылдық көзқарастардың қожырауы және олардың қираған үйінділерінде өзінің идеялық және дүниетанымдық бағыты бойынша түрлі құндылықтардың қайта түлеуі т.б. аталады. Осындай жағдайда қазақ этносы мен басқа да этностардың бай тарихи және мәдени мұрасына бағдарлану қайта түлеген Қазақстан үшін ұлтты сақтауға, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге жеткізетін кілтке айналды.
Қазіргі кезде Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың тең құқықты субъектісі ретінде өркениетті жолмен қалыптасуы республикаға есімі берілген халықтың мәдени игілігінің орны мен рөлін терең ой елегінен қайта өткізуді талап етеді.
Жалпыұлттық деңгейде де, қалың жұртшылықты тарта отырып, тарихи-мәдени мұраның басымдықтарын тілді, материалдық, зияткерлік және рухани жетістіктерді сақтап, дамыту тұрғысынан анықтау қажеттігі туды, олардың негізінде қазақ халқының қазіргі этникалық бейнесі қалыптасады. Қазақстан қоғамының тарихи-мәдени ұйытқысына жалпыадамзаттық ізгілікті құндылықтар тұрғысынан салыстырмалы талдау жасау өзіндік әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымды байытуға ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның қазіргі әлемде бірегей тарихы мен мәдениеті бар ел ретінде айқын орын алуына мүмкіндік береді.
Қазақстан ХХІ ғасырдың басында қол жеткізген экономикалық өсу қарқыны мәдени үрдістердің дамуына игі ықпалын тигізді. Қазіргі заманғы Қазақстандағы мемлекет пен мәдениеттің жемісті байланысының мысалы деп «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын заңды түрде есептеуге болады.
2004 жылдан бастап Елбасы президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске кірісті. Бағдарламаны іске асыру «қазақ халқының және елімізде тұратын барлық этностардың тілдік, рухани және материалдық мәдениетінің қат-қабат қатпарына сүйенетін социомәдени қауымды жасақтау, сонымен бірге бүкіл әлемдік өркениеттің рухани-мәдени дамуының көп қырлы тәжірибесін табиғи қабылдау» жөніндегі ҚР Президенті Н.Назарбаев ұсынған екі міндетке негізделген.
Бұл бағдарлама елдің мәдени мұрасын зерделеумен, сақтау, пайдалану және насихаттаумен, тарихи-мәдени дәстүрлердің дамуы және қайта түлеуінің сабақтастығымен байланысты негізгі қырларын айқындайды, мәдени мұраны, соның ішінде қазіргі заманғы ұлттық мәдениетті, фольклорды, дәстүрлер мен ғұрыптарды зерделеудің тұтас жүйесін жасау, ұлттық әдебиет пен жазудың көпғасырлық тәжірибесін қорытындылау жөніндегі, кең өрісті көркем және ғылыми сериялар жасау, сондай-ақ тарих пен мәдениет жәдігерлерін қалпына келтіру, консервациялау, мұражайға орналастыру, мәдени мұраның ғылыми-зерттеу, материалдық-техникалық құрамдас бөлігін құрайтын мәселелерін нығайту және дамыту жөніндегі шараларды қарастырады+.
Бағдарламаның 1-ші бағыты халықтың бай мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық сана сезімін дамыту мен бекітуге бағыттылған. «Мәдени мұраның» 2-ші маңызды бағыты – әлемге бай ұлттық рухани қазынасын ашу. Бағдарламаның 3-ші бағыты – тарих, философия, этнография, тіл, әдебиет, көркем өнер, музыка және т.б ұлттық мәдени мұраны зерттеу жүйесін құру. «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақстандықтармен тек ғана рухани-мәдени ғана емес, еліміздің барлық қоғамдық өмірімен белгілі бір кезең ретінде үлкен жігерлікпен қабыл алынды. «Мәдени мұра» мемлекеттік мұрасы кезеңдерге бөлініп, жүзеге асырылды: 2004-2006 жылдар, 2007-2008 жылдар, 2009-2011 жылдарға және жақын арадағы жиырма жылға ұзақ мерзімді бағдарлама әзірленді.
Қазіргі заманғы мәдени үрдістер, атап айтқанда, ғылым, әлемдік философиялық-тарихи ой-пікір мұрасына жүгінбейінше нәтижелі болып шығуы мүмкін емес.
Қазақстанның мәдени мұрасының қазіргі жай-күйі сан ғасырлық дәстүрлерді сақтап, одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешенін шама-шарқынша қамтамасыз етумен, тарих пен мәдениеттің жаңа жәдігерлерін ашумен, мавзолейлерді, көне заманғы мешіттерді, ежелгі қалалардың орындарын консервациялау, қалпына келтіру жұмыстарын жандандырумен, олардың негізінде жаңа тарихи-мәдени мұражай-қорықтар жасаумен сипатталады.
Қазіргі кезде Қазақстанда Мәдени мұра бағдарламасы негізінде елімізде 25 мыңнан астам тарих, археология, сәулет өнері мен монументальдық өнер ескерткіші, 11 мыңнан астам кітапхана, 147 мұражай, 8 тарихи-мәдени мұражай-қорық, 215 мұрағат, 2 миллионнан астам құнды мәдени заттар бар деп есептелуде.
Қазақстан тарихы мен мәдениетінің бірегей жәдігері – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі (2003 жылғы маусымда) мен Тамғалы шатқалының петроглифтер кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасының тізіміне енгізілді.
Қазақстанда «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы», «Мәдениет туралы», «Ұлттық мұрағат қоры мен мұражайлар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданып, қолданысқа енді.
Ежелгі замандағы, орта ғасырлардағы, жаңа және қазіргі замандағы көптеген халықтардық тарихи тағдыры; бірқатар ірі саяси-әкімшілік орталықтардың, қалалардың тарихы; қазақтардың және онымен өзара іс-қимылда болған халықтар мен елдердің дәстүрлі-тұрмыстық, рухани мәденитінің айрықша түрде сан қилы дамуы; өзіндік бітімдегі мемориалдық-ғибадаттық жәдігерлерлердің ұлан-ғайыр шеңберінің т.б. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуымен байланысты.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының 2008 жылғы 13 маусымда Ақордада болған кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев біздің бүгінгі таңдағы Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы барған сайын көккейтесті сипат алып отырғанына ерекше назар аударды. Мұның мәнісі назарды өтеннің мұрасынан қазіргі заманның жетістіктері мен игілігін сақтауға аудару қажеттігі туды деген сөз еді. Сондықтан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қазір ұлттық стратегиялық жоба мәртебесін алуы кездейсоқ емес. Міндеттерді бұлайша қайта бағдардауды уақыттың өзі талап етті және әбден орынды еді. «Ежелгі заман туралы әрқашан да жазыла береді, ол ғалымдарды да, өнер адамдарын да тартады. Енді біз, бүгінгі жасампаздар, өз балаларымыз бен немерелерімізге не қалдыратынымызды ойлайтын уақыт келді. Әрбір ұрпақ өзінің мәдени игілігін сақтай білуі керек. Біз еркін егеменді мемлекет құра алдық, енді біз өз дәуіріміз туралы қандай шығармалар жазатынымыз, қандай артефактілер жасайтынымыз жайында қам жеуге тиіспіз. Мәдениет – пәндерді кең ауқымда біріктіретін өте сыйымды ұғым – бұл этика, этикет, ғылым, тіл және өнер». Н.Назарбаевтың мәдени мұраны қазіргі күнмен байланысты оның нақ осы қазіргі заманның пішінінде көре білуі «Мәдени мұра» бағдарламасын дамытудың жаңа келешегін ашты.
2006 ж. «Мәдени мұраның» 2004 – 2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында тарих пен мәдениеттің жаңа жәдігерлерін ашу, ұлттық мәдениет үшін ерекше мәні бар елеулі тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіріп түлету; мәдени мұраның, соның ішінде фольклордың, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың қалың қатпарын зерделеудің тұтас жүйесін жасау; ұлттық әдебиет пен жазудың көп ғасырлық тәжірибесін қорытындылау, әлемдік ғылыми ой-пікірді, мәдениет пен әдебиеттің таңдаулы жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің қазақ тіліндегі толымды қорын жасау жөніндегі кешенді шаралар қамтамасыз етілді.
Бағдарламаны іске асырудың алғашқы кезеңінде тарих пен мәдениеттің 35 жәдігерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қазақстан аумағындағы 30 көне қаланың орнына, қонысқа, тұраққа, қорым мен қорғанға кең ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізілді.
Қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи мәні бар қол жазбаларды, сирек кездесетін басылымдарды, кітаптар мен мұрағат құжаттарын анықтау және алу үшін Ресейдің, Қытайдың, батыс Еуропа елдерінің мұражайлары мен кітапханаларына ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды.
Ұлттық мәдениет үшін ерекше мәні бар бірегей тарихи-мәдени, сәулет және археологиялық ескерткіштерге қолданбалы ғылыми-зерттеулер, сондай-ақ ауызша кәсіби дәстүрдегі аса көрнекті музыкант-орындаушылардың еліміздің қорларындағы, мұражайлары мен қоймаларындағы дыбыстық жазбаларын қалпына келтіріп, қазіргі заманғы аудиотасығыштарға көшіру жұмыстары жүргізілді, 27 қолданбалы ғылыми зерттеу жүргізілді.
Ұлттық және әлемдік ғылыми ой-пікір, мәдениет пен әдебиет басылымдарының серияларын әзірлеу жөнінде жүйелі жұмыс жүзеге асырылады. Екі жүз он сегіз атаулы кітап басып шығарылды, солардың қатарында «Бабалар сөзі», «Қазақтардың ежелгі құқығы», «Қазақ музыкасының антологиясы», «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», «Орфографиялық сөздік» басып шығарылды. 218 ғылыми кітап атауы жарық көрді.
Рухани және оқу-білім саласын дамыту, елдің мәдени мұрасының сақталуы мен тиімді пайдалануын қамтамасыз ету үшін «Мәдени мұра» ауқымды жобасында тарих ғылымының теориялық мәселелерін әзірлеу және ұлттық мәдениет пен жазудың таңдаулы үлгілерін, түрлі тілдердегі әлеуметтік ой-пікірдің, мәдениет пен әдебиеттің жетістіктері қамтылды. Сондықтан «тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» - «Әлемдік тарихи ақыл-ой» (14 томы шықты), 20 томдық «Шетелдік деректердегі Қазақстан тарихы» (12 томы шықты), «Қазақстан тарихы туралы орыс деректемелері» (10 томы шықты), 2 томдық «Қазақстан тарихы туралы көне заман деректері» кітаптары серияларының басылып шығуы өте дер кезінде жарық көрген басылым болды. Аталған жобалар ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қамқорлығымен жарық көрді. Негізінен республикада да және одан сырт жерлерде де сериялардың басшылары және шығармашылық ұжымдардың мүшелері белгілі тарихшы-ғалымдар болып табылады. Сонымен қатар бұл жобаларды іске асыру үрдісі түрлі салалардағы мамандарды: тарихшыларды, философтарды, филологтарды, саясаттанушыларды, әлеуметтанушыларды т.б. ұйыстыруға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге практика көрсеткендей, кең ауқымды бағдарламаны соншалықты қысқа уақыт ішінде іске асыру мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Қазақстанның ұлттық тарихы үшін зор маңызы бар көптеген тарихи, археологиялық және архитектуралық нысандар осы кезге дейін шұғыл көмекке мұқтаж болып отыр. Олардың арасында Бесшатыр, Есік, берел және Шілікті қорғандары сияқты бірегей тарих және мәдениет жәдігерлері, Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан көптеген жартастағы бейнелер бар. Олардың көбісі қалаға шоғырлану, индустрияландыру салдарынан қирап, жойылудан осы кезге дейін қорғалмаған. Көне замандардан бергі материалдық емес, рухани жәдігерлерді зерделеу, пайдалану жүйесі мен әдістері жеткілікті дамымаған. Қазақ КСР тарихы мен мәдениеті жәдігерлерінің осыдан 25 жыл бұрын кеңестік кезеңде қабылданған Мемлекеттік тізімі, түбірімен өзгерген мемлекеттік және саяси құрылысты ескергенде, ескіріп үлгерді және қайта қарауды талап етеді. Тарих және мәдениет жәдігрелерін пайдалану, олардың негізінде туризмнің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасау жөніндегі тұтас жүйе әлі де қалыптасқан жоқ.
2006 ж. 132 кітап атауы басылып шықты, оның ішінде: «Бабалар сөзі» сериясының 15 томы, «Қазақ әдебиетінің тарихы» сериясының 10 томы, академик С.А.Қасқабасовтың басшылығымен «Қазақ музыкасының антологиясы» сериясының 5 томы, «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясының 34 томы, сонымен қатар «Әлемдік философиялық мұра» сериясының 11 томы, «Әлемдік мәдени ой-пікір» сериясы мен «Қазақтардың ежелгі құқығы» сериясы 5 том болып жарық көрді.
2007 – 2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын әзірлеу кезінде 2004 – 2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында анықталған мәселелер ескерілді.
Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздегі ескерткіштерді толық түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша республикада тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімі құрастырылып, оған республикалық маңыздағы 218 объект және жергілікті маңыздағы 11,5 мың объект кірді. Ең маңызды жоба Дамасктағы Сұлтан Бейбарстың мавзолейін қалпына келтіру болып табылады. 1266 жылы Бейбарыстың өзімен салынған бұл кешен мектептен, мұражайдан және мавзолейден тұрады. Жұмыс барысында кешеннің барлық қабырғалары мен сәулет пішіндері бекітілген, сериялық мамандарды шақыртумен нақыштарға, әшекей рәсімдеулерге, 200 мыңнан аса раритетті кітап сақталынатын мұражайға қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ең соңғы үлгідегі техникамен жабдықталды. Каирдағы Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру шеңберінде қазақтандық тарап жұмыстарды қаржыландыру бойынша барлық міндеттерін орындады. Сондай ақ Дамасктағы тарихи мәдени орталығының және Әл Фараби Мавзолейінің құрылысы жасалды, ол мешіттен, тарих және мәдениет бойыша экспозиялық залдардан, оқу залы бар кітапханадан, конференц залдары мен қонақ үйлерден тұрады.
«Мәдени мұра» бағдарламасын орындау барысында 2004 бастап 73 аса археологиялық және сәулет ескерткіштеріне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, 40 аса археологиялық, 26 ғылыми қолданбалы зерттемелері жүргізілді. Қазақстанның еуразияға және әлемге танылған, кеңінен танымал ескерткіштерінің арасында - Сайрам, Отырар, Тараз, Қаялық Сығанақ, Жанкент, Жент ескі қалалары, Есік, Берел зираттары, Тамғалы пероглифі, Айша - бибі, Бабажы-Қатын кесенесі, Яссауи кешені.
«Біздің елімізде мысыр пирамидалары және Римдік Колизейлер жоқ, бірақ Қазақстан аумағында көне дәуірде өмір сүрген көшпелілердің ролі Еуразия үшін ғана емес, сондай ақ әлемдік тарих үшін бағасыз». Біз дала өркениетінің ұлылылын әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек - бұл «Мәдени мұра» бағдарламасының басты тапсырмаларының бірі - деп Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ерекше атап өтті.
Бағдарламаның екінші үлкен бағыты - Қазақстан тарихына қатысты, кітаптардың, құжаттардың. қолжазбалардың көшірмелерін алу. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында 10 мыңнан аса мұрағаттық материалдар, құжаттар, қолжазбалар және жасанды заттар анықталды. Шетелдік мұражайлардағы ең көптеген мәлімет - 3 мың құжат - Қытайда болды. Бұл құжаттар ғылымға бүгінгі күнге дейін белгісіз, олар Қазақстан тарихын жүйелендіруге көмектеседі. Сондай ақ Шығыс Еуропадан, АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей, Жапония және Арениядан республикаға 5 мың бірегей тарихи құжаттары қайтарылды. Бағдарламаның үшінші бағыты: ұлттық әдебиеттің бай мұрасын зерттеу, оны жүйелендіру және көптомдылық шығару. Ғылыми-танымал. әдебиет жұмыстарының тұтас сериясы өңделді, тарих, этнография, археология бойынша 400 аса кітап атаулары, сондай ақ жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды. «Бабалар сөзі» (Слово предков) жүзтомдық басылымының 66 томы басып шығарылды. Онда ежелгі қазақ ертегілерінен заманауи әдебиет әңгімелеріне дейін бар. 200 томдық «Жүз қазақ романын» шығару жалғасуда. Оған соңғы 100-150 жылдардағы қазақстандық жазушылардың ірі әдеби туындылары енгізілген.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында (Астана, 2007 ж. 13 ақпан) Президент Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзі осы жобаның келешегі мен мәні туралы мәселеге неғұрлым толық жауап болып табылады. Сонымен бірге Мемлекет басшысының мына сөздері Қазақстанда мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының қазіргі заманғы үрдісін сипаттайды.
«Мұндай ауқымды бағдарлама не үшін ойластырылды, ол не береді? «Мәдени мұра» бағдарламасы әсте біздің тарихи-мәдени мұрамызды қалпына келтірудің тек қана кәдеге жарату мақсатымен шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамдық санада оң ілгерілеуге қол жеткізу, ал бұл тұрғыдан оның зор идеологиялық, жалпымемлекеттік мағызы бар. Біріншіден, әңгіме ұлттың тарихи санасының рөлін күшейту және шегін ұлғайту туралы болып отыр, мұның өзі біздің мемлекеттігіміздің аса маңызды рухани негіздерінің бірі болып табылады. Ұлттық қайта түлеу тек көп ғасырлық мәдениеттің өміршең топырағына негізделгенде ғана, тарих өткеннің игілікті нәрімен қоректенгенде ғана жүзеге асырылады... Тарихи-мәдени мұраны қалпына келтіру – замананың болашаққа айқын бағдары бар байланыстарын да қайта түлету. Біздің өткеніміздің нақты мазмұны туралы сұрақтар қойғанда, қазіргі түсінігімізді байыт түсеміз және болашағымыздың шабыт берер үлгілерін құрастырамыз. Екіншіден, «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық сана-сезімді және бірегейлікті қалыптастырып, нығайтуға байланысты сұранысымызға жауап береді. Жаһандану дәуірінде тарихи-мәдени мұра – өзіз-өзі бірегейлендірудің негізі... Үшіншіден, осы бағдарламаны іске асыру жөніндегі күш-жігер елдің жаңа мәдени-тарихи болмысын бірте-бірте қалыптастыруға жеткізді... Төртіншіден, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың қазақстандықтардың өзінің тарихы мен мәдениетіне деген ықыласын арттыру үшін зор маңызы бар.
Мәдени мұраны иелену – халықтың тарихи зердесінің негізі, онсыз өз кезегінде, шынайы патриотизм болмайды. Тарихи зердесіздіктің осы ауанын еңсеру жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу үшін ерекше маңызды».
Достарыңызбен бөлісу: |