№15 Практикалық сабақтың тақырыбы: Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты және халықаралық қатынастары
Практикалық сабақтың оқыту нәтижелері: 1. Қазіргі Қазақстандағы құбылыстар мен тарихи үдерістері зерттеу барысында аналитикалық және аксиологиялық талдау дағдыларын игеру;
2. Заманауи қазақстандық даму үлгісінің ішкі ерекшеліктерін объективті және жан-жақты зерделей білу;
3. Қазақстан тарихынының үдерістері мен тарихи құбылыстарды жүйелеу және сыни баға беру.
Практикалық сабақтың мазмұны: Геосаяси және геоэкономикалық факторлардың ҚР сыртқы саясатының негізгі принциптерінің қалыптасуына ықпалы.
Әлемдік қаржы институттары: Еуропалық даму және қалпына келтіру банкі, Азиялық және Ислам даму банкілерімен әріптестегі
Халықаралық терроризим мен жаһандық қауіп-қатерлердің күшеюі
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім жөніндегі Кеңес (АӨЫСШ) ұйымдастыру бастамалары. Қауіптердің алдын алу
1.Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін, егемен мемлекет ретінде халықаралық байланыс жасауға, өзінің сыртқы саясатына айрықша көңіл бөледі. Бұрын КСРО-ның құрамында болғанда Қазақстанның ондай мүмкіндігі, жеке саясат жүргізу құқы болмаған.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында, әсіресе, басты үш мәселеге ерекше назар аударады. Біріншіден, басқа елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және Америка Құрама Штаттарымен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатикалық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты болғызбау, ядролық қаруды қолдануды болдырмау.
Міне осы бағытта 1991жылдан бастап тәуелсіз Қазақстан көптеген игі шараларды іске асыруда. Бұл уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180 нен астам мемлекеті таныды. 2008 жылдың басына дейін Қазақстан 70 тен астам елдермен диломатиялық қатынастар орнатты. Қазақстанды алғашқылардың бірі болып Түркия, АҚШ, Франция және т.б. мемлекеттер мойындады. Қазірде Қазақстан шет елдерде 60-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашты. Ал Алматыда және Астанада 80-нен аса шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан соңғы жылдары өзінің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын одан әрі дамыту арқылы әлемнің бәсекеге қабілетті 50 өркенді мемлекетінің қатарына енуді стратегиялық мақсат етіп қойды. 2006 жылы бұл көрсеткіш бойынша есепке ілінген 117 елдің ішінде Қазақстан 61 орынды иеленді және көрсеткішке іліккен ТМД-дағы елдердің алдыңғы қатарына шықты. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ(Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым) Төраға болып сайланды. Ол еліміздің әлемдегі орнын айшықтай түсті.
2. Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударып отыратын мәселе, ол – өзінің ең жақын және ірі көрші мемлекеттермен, соның ішінде солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытай Халық Республикасымен ойдағыдай қарым- қатынас орнату. Осы саясаттың нәтижесінде Қазақстан Республикасының егемен ел ретіндегі алдағы болашағы да байланысты. Қазақстан үш ғасырға жуық уақыт Ресеймен тарихи сабақтас, тағдырлас, көршілес қонып, шекаралас болып қатар өмір сүрді. Ресеймен, орыстармен қарым қатынастың қандай болуы, оны қалай құру жөнінде қазақтың ғұламалары, дана билері өз заманында –ақ айқын да анық айтып кеткен. Ал егемендік алғанға дейін жетпіс төрт жыл бойы Қазақстан мен Ресей Кеңестер Одағы құрамында өз тәуелсіздігін қойып, өз мүдделерін ұмытып, ортақ шаруа атқарып, ортақ қазанға қызмет етті. Барлық шаруашылық, бір тіршілік осыған бейімделіп, Кеңес өкіметінің талабын орындады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін екі елдің арасында тең құқықтық негізінде саяси және экономикалық қатынастар орнады.
Осы жағдайларды ескере отырып Қазақстан мен Ресей 1991 ж. КСРО тарап, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін өздерінің сыртқы саясатында халықаралық құқық принциптері негізінде бір-бірімен стратегиялық байланыс, достық, тату-тәтті көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарды дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Оған Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар. Ал 1995 жылы 20-шы қаңтардағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейту және тереңдету туралы бірлескен декларацияда екі ел жоғарыдағы қол қойған шарттарды одан әрі бұлжытпай орындап отыратындығы жөнінде мәлімдеді.
1996 жылы 27 ші сәуірде Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцин мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыда кездесіп, Қазақстан мен Ресей бірлескен Декларациясына қол қоюының маңыны өте зор болды. Онда Қазақстан мен Ресейде жүргізіліп жатқан демократиялық қайта құрулар мен саяси –экономикалық реформалардың екі ел халықтарының болашағы үшін үлкен мәні бар екендігі атап көрсетілді. Мемлекеттің басшылары бұдан былай да екі ел арасындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу, аумақтық тұтастық пен бір бірінің ішкі істеріне араласпай принциптерін сақтау негізінде дами беретінін қуаттады.
3.Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси байланыстар 2003-2004 жылдары одан әрі дами түсті. Оған 2003жылы Ресейде Қазақстан жылының жариялануы үлкен әсерін 2003 жылы Ресей орталығы мен облыстарында 150-ден астам түрлі деңгейдегі іскерлік кездесулер, мәдени шаралар мен отандық өнімдер көрмелері өткізіліп, екі жақты тиімді келісім шарттарға қол қойылды. Қазіргі кездерде екі жақты тиімді қарым-қатынастардың шартты құқықтық негізі 350 ден астам келісімдер мен шарттардан тұрады. Солардың ішінде екі ел, әсіресе Евразия кеңістігіндегі тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге ерекше назар аударады.
Қазақстан мен Ресей Еуразия аймағының, Каспий теңізінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне де аса зор мән береді. Екі мемлекетте Каспийді бейбітшілік, достық және ынтымақтастық аймағы деп таниды және бұл аймақта соғыс жанжалына, ланкестік көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа орын жоқ деп санайды.
Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі бес жылдан астам уақытқа созылған келіссөздер 7591 шақырымды қамтитын мемлекеттік шекараларын айқындайтын тарихи құжатқа 2005 жылы қаңтарда екі жақты қол қоюмен аяқталды.
2006 жылы екі елдің Президенттері 13 мәрте кездесті. Соның нәтижесінде 20-дан астам мемлекетаралық, үкіметаралық және салааралық қазақстандық ресейлік маңызды келісімдер бекітілді. Ал 2007 жылдың мамыр айында Астанада жүргізілген келіссөздер қорытындысында үш құжатқа қол қойылды. Оның біріншісі – Қазақстан мен Ресейдің 2007-2008 жылдарға арналған стратегиялық бірлескен іс-қимыл жоспары. Оған - ғарышты игеру, жаңа үлгідегі әскери-техникалық ынтымақтастық, отын-энергетика кешені, мен атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану және т.б. мәселелер жатады. Бұл құжатқа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті В.В.Путин қол қойды. Екіншісі – ҚР үкіметі мен РФ Үкімет арасында сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісім. Үшіншісі – ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында 2008 жылдан бастап уран байыту халықаралық орталық құру туралы келісім. Ал 2007 жылғы желтоқсанда Мәскеуде өткен кездесуде Каспий бойында газ құбырын салу туралы уағдаласты. Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Ресейдің достық қарым-қатынасы, әсіресе, соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілді.
4.Қазақстан үшін Оңтүстік Шығыстағы үлкен көрші – Қытайсыз әлдебір үлкен саясат жүргізу қиын екенін ерекше атап айту керек. Сондықтан тәуелсіздік тізгіні қолға тигеннен бері Республиканың сыртқы саясатында темірқазыққа айналған бағдарлама – Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасты айқындау. Міне, осы бағытта Қазақстан бірқатар шараларды іске асырып, Қытаймен достық байланысты орнатуда едәуір табыстарға қол жетті. Алғашқы кездегі басты міндет жан жақты экономикалық байланыстарды дамытып, шекарадағы шиеленістерді тоқтату еді. Оның үстіне, Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Қытай арқылы дүние жүзіне шығудың және бір жаңа жолын ашу. Өйткені Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғанға дейін, шет елдермен экономикалық және саяси байланыстарды тек Орталық, яғни Ресей, арқылы жасап келген болатын. Енді Қытаймен қарым-қатынасты қалыпты жағдайға келтірумен байланысты елімізге сыртқы рыноққа шығудың баламалы қосымша жолдарына түсу мүмкіндігі туды.
Атап айтқанда, 1990 ж. Қазақстан мен Қытай темір жол арқылы өзара байланысы іске асты, сөйтіп біздің республика Тынық мұхит жағалауына ең қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан-Қытай қарым-қатнасының дамуы өте жоғары қарқын ала бастады. Қазақстан Республикасы Президентінің Қытай Халық Республикасына 1992 ж. тамызда барған алғаш сапарынан бастап, барлық байланыс жолдарын ашудың сәті түсті. Сөйтіп, екі елдің арасында сауда- саттық соңғы жылдары ондаған есе өсті. Темір жолдың жүк тасу қабілеті артты. 1997 ж. қыркүйектің 25 күні Алматыда өткен Қазақстан және Қытай делегациялары арасындағы келіссөз барысында Батыс Қазақстан мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырына шығыстағы көршіміз тарапынан 9,5 миллиард доллар жұмсау жөнінде шартқа қол қойылды. Мұның өзі саяси-экономикалық байланысты нығайтуға, шекара маңында тыныштық пен бейбіт өмірды сақтауға кепілдік береді. Сондай-ақ, бұл Азия-Тынық мұхит аймағындағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және дамуды қамтамасыз ету ісіне екі елдің бірлесе қосқан маңызды үлесі болып табылады.