«Халықтың сүйікті қарымды қаламгері»
Сейітжан Омаровтың 110 жылдық
мерейтойына арналған әдеби портрет сценарийі
15 сәуір 2017, 12-00
А. Гайдар атындағы
Орталық қалалық
балалар кітапханасы
Мақсаты: Сейітжан Омаровтың шығармашылығын насихаттау, жасөспірім балаларды қаламгер туындыларының құндылығын түсіне білуге баулу. С.Омаровтың өмірін, өмірлік ұстанымдарын жас ұрпаққа үлгі ету. Жас оқырмандарды білімге итермелеу, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, патриоттық рухын асқақтату.
11-30
|
Әуенді күй ойнап тұрады
«Халықтың сүйікті қарымды қаламгері» экранда жазылған шараның аты.
Оқу залында: «Халықтың сүйікті қарымды қаламгері» атты кітап көрмесі жасалған
|
Жүргізуші1:
|
Сәлеметсіздер ме құрметті оқушылар және қонақтар! Бүгінгі «Халықтың сүйікті қарымды қаламгері» атты әдеби-портретке қош келдіңіздер! Омаров Сейітжан (22.06.1907-19.12.1985) - жазушы, ақын, аудармашы. Ақмола облысы Атбасар ауданы Керегетас ауылында дүниеге келген.
Әкесінен жеті жасында жетім қалған Сейітжан ауылдық бастауыш мектебінде оқып, Атбасар қаласындағы жетіжылдық орыс-татар мектебін білім алып, бастауыш мектеп мұғалімдері курсын, Қостанай халық ағарту институтын бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастап, жергілікті кеңес органдарында әртүрлі қызметтерге араласып, комсомол ұйымының хатшысы болған. 1932 жылы Қостанай халық ағарту институтының 2 курсына қабылданып, бір жылдан кейін журналисткалық қызметтер атқара бастаған. Cолтүстік Қазақстан облысының «Ленин туы» газетінің жауапты хатшысы, Атбасар, Алексеевка, Советский аудандық газеттерінің редакторының орынбасары жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі болған. 1934-1935 жылдары облыстық, республикалық баспаcөз беттерінде ақынның жырлары жиі басыла бастаған. «Тракторшы», «Колхоз шаттығы», «Нан» атты өлеңдерінде жаңадан құрылған қазақ ауылдарының өмір-тіршілігі, шаруа ұжымдарының қажырлы еңбектері туралы жырлаған. 1937 жылы Қазақ КСР Жазушылар Одағы аппаратына жұмысқа ауысады. 1937-1942 жылдары - «Әдебиет және өнер» (қазіргі «Жұлдыз») журналының жауапты хатшысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет журналы (қазіргі «Жазушы») редакциясының хатшысы болды. 1942-1946 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс жылдарында «Вперед, на врага» майдан газеті редакциясының қызметкері, рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болған. 1946-1960 жылдары - «Жазушы» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған. Он жыл бойы Қазақ КСР Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы болған. 1966-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Алғашқы әңгімелер жинағы «Бақыт» 1938 жылы жарық көрді. Отыздан астам кітабы шыққан. Негізгі шығармалары балалар мен жасөспірімдерге арналған. Сейітжан Омаров туындыларының жас жеткіншектерді отаншылдыққа, қаһармандыққа, шынайы достық пен мызғымас ынтымаққа, рухани тазалық пен биік парасатқа тәрбиелеуде маңызы зор. Жазушының «Заман күші», «Әңгімелер», «Балзия», «Қайырлы жаз», «Алтын алқап», «Күншуақ», «Дала қызы», «Бақ жұлдызы», «Қиыр жол», «Қасиетті бұлақ», тағы басқа повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қызыл арай» романы жарық көрген.
Аударма саласында Лев Толстойдың, Сергей Баруздиннің балаларға арналған әңгімелерін, Антон Чеховтың, Максим Горькийдің шығармаларын, Валентин Катаевтың «Жалғыз жалау жалтылдап», «Полк баласы» повестерін, неміс филологтары ағайынды Гриммдердің ертегілерін, башқұрт жазушысы Сайфи Құдаштың повестерін, чех жазушысы Божена Немцованың «Алтын кітап», «Күміс кітап» ертегілерін қазақ тіліне аударған. Өзінің көптеген туындылары да шет ел тілдеріне аударылған.
|
|
Слайдта Сейітжан Омаровтың шығармашылығына арналған «Жарқын бейне» бейнефильмінен үзінді
|
Жүргізуші 2:
|
Сейітжан Омаров қазіргі Ақмола облысына қарасты Керегетас аулында туған. Кейбір деректерде оның туған мезгілі жаз айлары деп көрсетілгенімен, жазушының өзі дүниеге қыркүйек айында келгендігін айтып отыратын деп еске алады ұлы Жанай. Өкінішке қарай, қазір Керегетас ауылы жоқ. Ескі ауыл болды деген жерде бүгінде «Садовое» атты елдімекен орналасқан.
Өзінің көп заманадастыры секілді Сейітжан Омаровқа да балалық шақтың қаперсіз кездерінен ләззат алу бұйырмады. Әкеден жеті жаста айрылған ол анасымен бірге артындағы үш қарындасын жетілдіруге ұзақ өмірін арнаған. Алайда, сол замандағы ауыр тұрмыс Омаровтар отбасына ерекше қиындық алып келді. Өзінің 1938 жылы жазылған «Керегетас» атты өлең шумақтарында ол былайша сыр шертеді:
Бейбақ анам көлдетіп көздің жасын,
Келтіре алмай жылайтын сөздің нәшін.
Шариғат пен молдадан бой жасырып,
Құшақтаймын әкемнің құлыптасын...
Сейітжан Омаров шығармашылыққа ұстаздықтан келген жан, ол өз өмірінің басым бөлігін бала оқытумен және тәрбиелеумен өткізді. Жазушының естеліктерінде айтылғандай, оның ұстаздық жолды таңдауына мектептегі мұғалімі Ілияс Оразалин тікелей әсер еткен екен. Білімін өз бетінше жетілдіріп, ауыл ішінде «қызыл мұғалім» атанған осынау ел ағасын Сейітжан Омаров өмір бойы ардақтап өтті.
|
|
Сейітжан Омаров «Халықтың сүйікті қарымды қаламгері» атты көрмеге шолу
|
Жүргізуші1:
|
Осылайша басталған еңбек жолы уақыт келе оның қолына қалам да ұстатты. Әріптестері мен замандастары айтқандай, Сейітжан Омаровтың 1938 жылы «Бақыт» атты кітапқа енген ең алғашқы әңгімелері мен очерктері, «Дала қызы» (1939), «Бостандық» (1959), «Алтын алқап» (1963) тағы да басқа шығармалары терең түсінікті талап ететін туындылар. Олар дүниеге оңайлықпен келген жоқ. Жазушының өзі айтқандай – жеті-сегіз рет қайта көшіріліп, әбден толғаныстан өткеннен кейін ғана басылымға ұсынылды.
Оның алғашқы уақытта большевиктер партиясы ұсынған жаңа идеология ықпалына берілгендігі байқалып тұрса да, бертін келе өмірге, қоғамның дамуына, адамдар арасындағы қатынастарға деген ұстанымының өзгеріске ұшырағаны байқалды. Замандасы Сәтімжан Санбаев Омаров жайында былай жазды: «Ол далалықтарға тым жат болып келген коммунистік идеологияның шырмауына оралған елдің қандай бағытқа бет алғанын бұрыннан түсінген: айтпаса да, ол туралы жазды. Мен оның барлық кейіпкерінен жазушының өзіне тән ерекшеліктерді байқайтынмын, олардың сөздерінен таныс интонацияны еститінмін. Қалай айтса да, Сейітжан Омаров қазақ ауыз әдебиетіндегі түбегейлі жетістіктердің біріне жататын интонациялық жоспардағы әдебиетке шынайы берілген азамат. Оның творчестволық мәнерінде адамды өз еркінен тыс байлап-матап тұратын астарлы сөз әрқашанда байқалып тұратын. Ал, цензура мұндай жағдаймен келіспей тұра алмады. Соныменен қатар, ол казақ жазушыларың көне гвардиясына жататын Сейітжан Омаровтың шығармаларының тек атауларымен-ақ кеңестік азаматтардың бақытты өмірі туралы елу жылдан аса уақыт бойы советтік диктатура мәжбүрлеп мойындатып отырған иллюзияның да тас-талқанын шығарып отырғанымен амалсыздан келісіп отырған еді».
Омаров революцияның түп-тамырын толық түсініп болмай жатып Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Майдан даласында жүріп қолынан қаламы түспеген жазушы соғыс жағдайын күніге қағаз бетіне түсіріп, шығармашылығын шыңдай түскен. Күніге деп отырғанымыз, Сейітжан Омаровтың жазған күнделігі. Онда соғыстың барысы, қиын-қыстау заман, түрлі оқиғалар жазылды.
|
Жүргізуші 2:
|
Бейбіт өмірге аяқ басқаннан кейін де жазушы соғыс тақырыбына көп оралған болатын. «Ана арманы», «Жаралы жауынгер», «Қос жүрек» сынды әңгімелері осы сөзіміздің айғағы. 1945 жылы Әбділдә Тәжібаевқа жазған хатында: «Әбеке, соғыс жылдарында көпті көрдім, талай кереметтерді басымнан кешірдім, өліммен талай рет бетпе-бет айқастым. Өмірдің, жолдастардың қадірін білмейтін, өзінен дәрежесі төмен жандарға мұрнын шүйіретін тәкәппар ағайлармен осы тақырыпта кең отырып бір кеңесерміз әлі» деген еді. Жүректі тырмалайтын аталмыш тақырыпқа қайта-қайта оралуын Омаров 1969 жылы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Ерлікке шақыратын жыр қайда» деген мақаласында түсіндіргендей. «Біз соғысты тілемейміз...Өз замандастарымыз бен жас ұландарымызға осы пікірді, өмір заңдылығын біздер, совет ақындары жыр жолымен айтып беруге, Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығын қорғау...идеяларын, берген бақытымызды әр кез өз оқырмандарымызға ескертіп, түсіндіріп, пысықтап отыруға, адамдарды ерлікке, қаһармандыққа баулитын жаңа туындылар жасауға міндеттіміз» дейді Сейітжан Омаров.
Оның отыздан аса кітабы, әңгімелер жинағы, аңыздары, балаларға арналған ертегілері «сырға толы сандық» деуге лайық. Ал, осы сандықтың кілтін тауып, оны ашу – ішіндегі жазушы қалдырған ауыр жүкке ие болу. Ақын Тұманбай Молдағалиев жазғандай, «Мен оның рухына жүгінемін, қаласа қызметіне жүгіремін, арқалап келе жатқан шындықты өзі, құлады, ауыр болды-ау жүгі де оның»...
Жазушы Әзілхан Нұршайықов Сейітжан Омаровпен көп кездескен, жиі пікір алмасып жүрген қазақ творчестволық интеллигенциясының өкілі. Соныменен қатар, қазақтың осы екі азаматы кезінде ауруханада бірге жатып, көп әңгімелескен екен. Сондағы ашылған бір сыр – «Қызыл арай» романының жазылуы. Сейітжан Омаровтың айтуынша, бұл шығарманың жарыққа шығуына автордың жиырма жылдан астам уақыты кеткен. Әзілхан ағамыз айтқандай: «Ешбір жазушы өзін өзгеден кеммін деп ойламайды. Артықпын деп есептейді. Ал, Сейітжан ағамыз өзін де, шығармасын да өзгеден биік қойған емес. Бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүрді. Сол үшін де халықтың сүйіктісі болды».
Сейітжан ағамыз дүниеден 1985 жылы өтті. Ол «Қызыл жұлдыз» орденімен және түрлі құрмет белгілерімен марапатталған. Жазушы дүниеге алып келген шығармалар отандық балалар әдебиетіндегі теңдесі жоқ туындылар болып қала бермек. (Қашқымбаев Амангелді)
|
Жүргізуші 1:
|
Викториналық сұрақтар:
Сейітжан Омаровтың туған жері және қай жылы дүниеге келді?
(22.06.1907 жылы, Атбасар ауданы, Керегетас ауылы)
Ақын-жазушының қандай өлеңдері мен әңгімелері бар?
(«Нан», «Тракторшы», «Колхоз шаттығы», «Заман күші», «Балзия», «Қасиетті бұлақ», «Қайырлы жаз», «Алтын алқап», «Күншуақ», «Бақ жұлдызы», т.б.)
Қандай ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударды?
(ағайынды Гримм, Л.Толстой, М.Горький, С.Барузин, В.Катаев)
С.Омаров қандай марапаттарға ие болған?
(«Қызыл жұлдыз», «Халықтар достығы», 2 рет «Құрмет белгісі» ордені, ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен)
Автордың 20 жылдам астам уақыты кеткен романын атаңыз?
(«Қызыл арай»)
|
Жүргізуші 2:
|
Осылайша туған жерін сағынышпен жырлап өткен Сейітжан Омаров ағамыз 110 жасқа толғалы отыр. Ол – адуын дәуірдің ең ауыр, әрі жауапты жүктерін бұғанасы бекіп үлгермеген балалық шағынан бастап ересектермен бірге бөліскен тұлға. Ал, өсе келе өзінің творчестволық шығармаларымен тек қана Қазақстанға емес, сол кездегі Кеңестер одағы, одан әрі көптеген шет мемлекеттерге таныс болған жазушы, ақын, аудармашы. Еңбектері ендігі жерде шаң басқан архивтерден көріне бастаған осы ағамыздың творчествосына, өнегелі өміріне терең үңілетін кезең әбден келді. Сонымен оқушылар бүгінгі «Халықтың сүйікті қарымды қаламгері» атты әдеби-портрет өз соңына келіп жетті. Сау саламатта болыңыздар!
|
Достарыңызбен бөлісу: |