Зиялылар ұстанымы: Бұл арада тағы бір мәселенің бетін ашып кету қажет. Ол 1916 қазақ интеллигенциясының көсемдері, яғни ұлт - азаттық қозғалысты бастаушылар, халық көтерілісіне қалай карады? Олар патшаға қарсы қарулы көтерілісті жақтаған жоқ. Өйткені кұр қол халық патшаның талай жыл үйретілген, мұздай қаруланған әскеріне қарсылық көрсете алмай, тағыда қырғынға ұшырайтынын сезді. Бірақ оларға тасқыны тау суындай дүркіреген стихияны — халық көтерілісін токтату мүмкін болмады. Ұлт - азаттық қозғалысының асқар шегі - ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының қызметі. Негізгі бұқарасы қараңғы, сауатсыз қазақ тұрғындарын патша өкіметінің өктемдігі мен қанауынан қорғау идеясы бірте - бірте көбіне Ресей мен Еуропа оқу орындарында ( Мәскеу , Петербург , Томск , Омбы , Варшава ) оқитын немесе соларды бітірген жастар арасына тарай бастады. Қозғалыс атауы, есімі аңызға айналған қазақ ханы Алаша ханға байланысты аталды. «Қазақ» атауына балама саналатын «Алаш» ұлттық мақсат - мүдделерді қорғау жүйесінің негізгі құралы болып табылатын тәуелсіз Қазақ мемлекеті туралы ел арманын танытады. "Қазақ" газетінің ашық көтерілу кауіпті, мобилизацияны кешеуілдетуді ұсынайық, жеңілдіктер сұрайық, ол екі ортада патшада бір жайлы болар деген сияқты шакырулары халықтың құлағына кіре коймады.
Бір сөзбен айтқанда, стихиялық халық көтерілісінен ұлт - азаттық қозғалыстың көсемдері бөлініп қалды. Өмір олардың болжамы дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақ халқы тағы бір қырғынды басынан өткізді, ал 1917 жылы 27 ақпанда бас - аяғы бірнеше айдан кейін патша да тағынан құлады. Осындай жағдайды ескермей кейінгі зерттеушілер тарапынан болашақ "Алаш" партиясының өкілдері 1916 жылы патшаны жақтады, тіпті көтерілісті басып, жанышты деген ұшкары жалған сөздер айтылды.Алашордалықтардың көтеріліс кезіндегі тактикасын түсінбеді.
Ал көтеріліс басылып, қазақ жігіттері майдандарға окоп қазуға жіберіле бастаған кезде, оларға бас - көз болып, кейін аман - есен ауылға жеткізу қажет болған жағдайда Әлихан Бекейхановтың өзі бастаған қазақ зиялылары (оқытушылар, зангерлер т.б.) серіктерімен бірге майланға (реквизицияланғандармен) аттанды . Бұны нағыз патриотизм деп түсіну керек. Өйтпегенде сауатсыз, орыс тілін түсінбейтін көптеген қазақ жігіттерінің елге аман оралуы екі талай еді.
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды. Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-жақты түсінгендігін аңғартады. Ресей отаршылдығының саяси, әскери қысымын ғана емес, рухани өктемдігін сезген, көрген Алаш зиялылары тілді, ұлтты сақтап қаларлық қуатты құрал деп қарады, бағалады, соған риясыз қызмет етті. Хандық мемлекет тұсында тіл билік пен шешендіктің, көсемдіктің, өнебойы отаршылдықта өткен XIX ғасырда қарсылық пен сынның құралы болса, Алаш қозғалысы тұсында тілге ең алғаш рет ұлтты тұтастырушылық ірі қызмет жүктелді. Яғни, қазақ тілі қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде сақталу керек, сақтала тұрып ұлттың ұлттығын да сақтауы тиісті деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», -деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да, тіл екендігін алғаш аңғартты. Ахаңның осы сөзіне орайлас пікірлерді Алаш зиялыларының көпшілігі білдірді. Айталық, Ғұмар Қараштың: «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз», Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын», Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек,Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу»дегендері біздің заманымызға үндес, өзекті пікірлер. Егер біздің тіліміз егемен елдің, дербес мемлекеттің мемлекеттік тілі екендігін, осы мәртебелі тіліміздің өзінің тұғырына толық қонбай жатқанын ескерсек, Алаш зиялылары өсиетінің бағасы да, маңызы да еселеп артатындығына деп қоямыз. Бұл бағыттағы өрісті ойлардың сілемі қалын оқырман қауымға әлі де мәлім бола қоймаған Ғ.Қараштың «Ұлт һәм туған ел», М.Тұрғынбаевтың «Қазақ тілін іске асыру» мақалаларынан айрықша аңғарылады. Ұлттық руханияттың өзегі ана тіл екендігін рухани-мәдини тарихымызда алғаш білдіргендер алаштықтар болды.