Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Филология факультеті
Тақырыбы:
Ұлттық тіл білімінің 3-кезеңіндегі (1930-1988 жылдар аралығындағы) қазақ тілі морфологиясына қатысты ұстанымдар
Алматы, 2022ж.
1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселелеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде, «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі» (кейін «Халық мұғалімі») ғылыми-педагогикалық журналдарында басыла бастады. Онда сөз таптарына, қосымшаларға арналған отызға тарта мақала Қ.Жұбанов, X.Басымов, Ш.Сарыбаев, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтар тарапынан жазылған. Н.Сауранбаевтың «Сөз таптары» атты мақаласында тілдердегі сөздерді тапқа бөлуде ғылымда қалыптасқан үш түрлі қағиданы атап, «семантикалық, синтаксистік, морфологиялық белгілер» деп көрсетіп, сөздерді тапқа бөлуде сөздердің мағынасына ерекше мән берілу керектігін қорытып жазған.
1930 жылдардың соңында морфологияға байланысты еңбектің бірі – С.Аманжолов жазған, орта мектепке арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығы. Кезінде бұл оқулық сынға алынған. Өйткені еңбектегі пікірлер теориялық жағынан А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектерімен салыстырғанда, нақты болмаған. Еңбекте сөздер тұлғасына, тобына қарай жіктеп көрсетіледі. 30 жылдары морфология саласы тек оқулық көлемінде ғана емес, ғылыми мақалалар арқылы тереңірек зерттеуге түскен. Педагогикалық журналдар мен Ұлт мәдениеті институтының ғылыми жинақтарында X.Басымов, С.Аманжолов қазақ тілі қосымшасы туралы мақалалар, С.Жиенбаев сөздерді тапқа бөлуге қатысты қағидаларды нақтылау туралы еңбектері жарияланған. Осылайша тәжірибелік те, теориялық та мәселелер көтеріле бастады. Қазақ тіл білімінің морфология саласы кейін де қарастырылған.
1940-жылдары қазақ тіл білімінің салаларын арнайы зерттеу, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау басым болды. Тіл ғылымының басқа салаларынан гөрі морфологияға қатысты мәселелер кең зерттелді. 40-жылдар ішінде ғана морфологиядан етістіктің есімше, көсемше, етіс шақ, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді. Осы жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектердің бірі – Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиевтың «Қазақ тілінің грамматикасы». Осы еңбектің морфология саласы «Сөз» атауымен берген. «Морфема» ұғымы (атауы) қазақ тілі білімінде осы оқулықта алғаш рет қолданылады, зерттеушілер бұл терминді қосымшаға ғана қатысты берген. 60-70 жылдардағы морфологиялық зерттеулер – Ш.Сарыбаев «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер», Ж.Шакенов: «Қазақ тіліндегі сын есім категориясы», А.Ибатов «Қазақ тіліндегі есімдіктер», Ә.Төлеуов «Қазақ тіліндегі есім категориясы», А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі», ҚРҒА «Қазақ тілінің грамматикасы».
«Ы.Е.Маманов зерттеулерінің грамматикалық негізі»
Сөздің морфологиялық құрылымы. Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, органикалық бірлікте емес. Сол себептен әр халықтың тілі әр басқа. Әр тіл өзінің ішкі дамуына сәйкес әр алуан өзгеріске түсіп, тілдің грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сөз және сөздің грамматикалық құрылымы туралы анықтама беру үшін, басқа тілдерде қолданылатын кейбір грамматикалық терминдерді қолданбас бұрын, тілдік материал негізінде анықтап алу қажет.
Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырмас бұрын, «сөз» дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталады. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалар ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Оған Н.А.Баскаков (1963), Э.В.Севортян (1971) берген анықтамаларды, сондай-ақ белгілі қазақ ғалымы Н.Сауранбаев дәлелдемелерін келтіруге болады. Тілші-ғалым Ы.Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі мен «Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік» атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді [1, 18-20 б.], [2, 6-8 б.].
Белгілі лингвист ғалымдардың «морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі» дейтін анықтаманың флективті тілдерге бірдей ортақ қағида екендігіне назар аударады.
Орыс тілі – флектив (жүйелі) тіл, ал қазақ тілі – аглютинативтік (жалғамалы) тіл. Орыс тілінің сөздік құрамына енетін атауыш сөздер лексика-грамматикалық формалар (словоформа), яғни орыс тіліндегі сөздер түбір сөз және сөздің грамматикалық формалары деп екі топқа бөлінбейді. Ы.Е.Мамановтың көрсетуінше, қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздерді, орыс тілінің үлгісімен механикалық түрде, морфемаға жатқызу дұрыс емес. Орыс тілінде түбір сөз (корень) дербес сөз емес, ол – «сөз мұқылы» ғана. Орыс тілінде сөз бөлшектеріне бөлінбейтін мужской род формасындағы зат есімдер ғана. Олар грамматикалық формалармен түрленгенде, қазақ тіліндегі түбір сөздер тәрізді өзінің бастапқы қалпын сақтайды. Бірақ бұлар зат есімнің мужской родын білдіретін грамматикалық форма болып саналады. Ал, қазақ тіліндегі түбір сөздер грамматикалық форма емес, олар сөз таптарының форма тудырушы қосымшаларымен түрленгенде ғана грамматикалық формаға енеді [1, 8 б.] .
Грамматикалық құбылыстар жөнінде пікір алалығы түркі тілдерін зерттеушілер арасында жиі кездеседі. Осымен байланысты форма тудырушы қосымшалар мен жалғауларға берілген түсініктемелер әлі де жеткіліксіз бе деген ойға саяды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, тілдің аглютинативті табиғатына сүйенген ғалым Ы.Е.Маманов сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады деп есептейді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Омарова А. Қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функционалдық және семантикалық аспектісі. Ф.ғ.док.дисс. – Алматы, 2006.-281 б.
2. Қазақ тілінің грамматикасы. – Алматы, 1967. – 264 б.
3.Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің құрылымына статистико-лингвистикалық талдау. КД, 1973. – 242 б.
4.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. – 362 б.
5. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.
6.Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. – Алматы: Мектеп, 1966. – 156 б.
Достарыңызбен бөлісу: |