«1932 ЖЫЛДАРДАҒЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫС»
Сатыбалдыев Д.Қ.
Қазақ инновациялық гуманитарлық – заң университеті, Семей қаласы
Г -425 тобы, 4 курс, мамандық 5В011400 «Тарих»
Ғылыми жетекші: Рахметуллин А.К..,
Тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ инновациялық гуманитарлық - заң, университеті, Семей қаласы.
XX ғасырдың бірінші жартысында Кеңес билігінің ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға байланысты жүргізген саясаты, қазақ халқының демографиялық дамуына кері әсер етіп, оның табиғи өсіміне орасан зор зардабын тигізді. Мұндай зардаптың есебін қазіргі демография ғылымы жан- жақты зерттеп – зерделеп шығаруға барлық мүмкіндіктерді пайдаланып отыр. Мұндай нәтижені жариялау өте мұқияттылықты қажет еткендіктен, әрбір санға, әрбір статистикалық мәліметке ерекше ыждахаттылықпен қарай отырып және мүмкіндігінше дәлірек мәлімет беру шарт.
1932 жылғы демографиялық дағдарыс зардабын анықтау үшін біздер алдымен 1926 жылғы бірінші Бүкілодақтық халық санағының нәтижелерін қарастырдық [1; 12]. Аталған кездегі адам шығынын осы екі санақты өзара ғылыми түрде салыстыру арқылы есептеп шығаруға мүмкіндік береді.
Әсіресі ерекше көңіл бөлетін мәселе – халық қасірет шегіп жатқан кезде, мұндағы адам шығынын ешбір ресми мекеме есептеп шығармаған. Ашаршылықтың жер-жердегі көріністері туралы кейбір архивтер мен жеке адамның естеліктерінде сақталуы мүмкін. Оларды тауып, барлық деректердің басын қосып, жан-жақты қорыту – алдағы уақыттың міндеті болмақ.
Сонымен жоғарыда аталған екі құжат негізінде қортынды жасап көрейік. 1926 жылдың 17 желтоқсанында қорытындысы шығарылған тұңғыш Бүкілодақтық халық санағының нәтижесі бойынша, сол кездегі Қазақ АКСР-індегі (кейін бөлінген Қарақалпақ автономиялық облысын қоспағанда) қазақтардың жалпы саны 3 млн. 628 мың болған. Осыдан он екі жылдан кейін яки, 1939 жылдың 17 қаңтарындағы екінші Бүкілодақтық халық санағында Қазақ КСР-індегі (ол кезде республикамыз автономиядан жеке одаққа ауысқан) қазақтардың жалпы саны 2 млн. 307 мың ғана болып қалған. Бұдан шығатын қорытынды: екі санақ аралығында Қазақстан көлемінде ғана оның байырғы тұрғындарының саны 1 млн. 321 мың адамға күрт кеміген, немесе 36, 7 процентке азайған. Мұны халық апатының ең төменгі көрсеткіші деп қана бағалауымыз керек. Өйткені халқымыз 12 жыл шамасында (1926-1939) баяу болса да өсім беріп отырғаны белгілі. Сөйтіп ол өзінің кеміген санын аз да болса қайта толтырғаны сөзсіз. Осы тұста қорытынды есебіміз дәлірек болу үшін, халық ортая түскен санын қанша процентке толтырып үлгерді деген сауалға жауап еруіміз керек. Қазақтардың бұрынғы кезеңдегі табиғи өсуін, сосын демографиялық дағдарыс уақытындағы отбасылық неке қарым-қатынастарының уақытша бұзылуын, сонымен қатар ашаршылық және індет апатынан кейін халық денсаулығының өте нашарлап кетуін ескере-есептей келіп, осы екі санақ арлығында олардың табиғи өсімі 1926 жылғы санақтағы санының 5, 6-ақ процентін қайта толтыра алған деген тұжырымға келеміз. Осылайша, ашаршылық апаттан халықтың әлі толық емес тура шығыны 42 процентке молынан жеткенін білеміз.
Сонымен қатар бұрынғы санақтарда қазақ сияқты сахараны кең жайлаған көшпелі және жартылай көшпелі халықты толық есепке алу қиын болғандығы тағы белгілі. Оның жастық және жыныстық құрамын демографиялық пирамидаға келтіріп, қалыпты модельге салғанымызда тым кішкентай балалардың, әсіресе, жөргектегі нәрестелердің және тым кәрілердің санаққа ілінбей қалғаны байқалады. Мысалы, 1897 жылғы санақ қорытындыларында бір жасқа толмаған, яки, емшектегі сәбилердің саны қазақтарда 1 процентке әрең жетсе, ол орысарда 3 проценттен асқан. Егер қазақтарда ол кезде туу орыстардан аз болғанның өзінде де олардың бір жасқа дейінгі балалары 2, 5 проценттен кем еместігі даусыз еді [2; 84].
Сол сияқты 1926 жылғы санақта алғашқы 1897 жылғы санақтағыдай бойжеткен қыздар мен әскер жасындағы жігіттерді бірсыпыра ауылдар ескі ұғыммен саналы түрде есептен тыс қалдыруға тырысқан. Бұл жағдай жиырмасыншы жылдардың қалың малға және тоқал алуға тиым салғаннан соң да біраз уақытқа дейін жалғасқан. Мысалы, 15 жастағы 100 бойжеткенге бұл санақта 156 жасөспірімнен келсе, ал 20 жастағы 100 келіншекке керісінше 70-ақ жігіттен келген. Сонда олардың саны өзара бірдей болғанның өзінде, бірінші жағдайда, 15-тегі қыздардың үштен бірінен артығы, екінші жағдайда 20-дағы жігіттердің үштен бірі дерлік санақтан тыс қалдырылып отырған. Дегенмен, басқа жастағы адамдарда бұл жайт саябырлай түскен. Қалай болғанда да бұл санақта халық саны толық еместігі осыдан-ақ жақсы байқалады.
Бұл жағдайға қоса кең далада бытырай орналасқан көшпенді халықтың біразы санаққа ілінбей қалуы әбден мүмкін. Осы олқылықтардың бәрін есепке ала отырып, 1926 жылғы санақта қазақтардың 6, 7 проценттейі тіркеуге ілінбеген деген түйінге келеміз.
Осындай табиғи өсімімен (5, 6 процент) және санақтағы олқылықпен толтыра (6, 7 процент) есептемегенімізде, республикамыздағы халқымыздың ескі санақ аралығындағы ашаршылық пен індеттен ойсыраған мөлшері – 49 процент, яки, 2 миллион 22 мыңдай адам болмақ.
Түптеп келгенде, бәрін осылайша қорыта есептей отыра, ашаршылық басталар алдында, дәлірек айтсақ, 1930 жылдың аяғында, 1926 жылғы санақтан кейін төрт жыл өткенде қазақтардың өз республикасындағы барлық саны 4 миллион 120 мыңға жетті деп статистикалық түйін жасадық. Ендігі барлық болған шығындардың және көшпенділердің бүкілхалықтық трагедиясы осы санмен ғана есептелінеді. 1926 жылғы санақта көрші республикалардың шекаралас жатқан жерлерінде 341 мың қазақ тұрған. Олардың шетелдердегі саны, негізінен Қытай мен Моңғолияда (кейін Қазақстаннан келетін босқыншылық басталмай тұрғанда) шамамен 375 мыңдай еді. [3; 378].Сонда асыра сілтеушіліктен Қазақстанда болған ұлттық трагедияның алдында қазақтардың барлық саны 4 миллион 850 мыңға жетіп жығылған. 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістен бастап, Ұлы Отан соғысына дейінгі отыз жылға созылған демографиялық дағдарысымыз республикадағы халқымызды 5 миллиондық деңгейден 2 миллинодық деңгейге дейін төмен түсірген. Болған қиямет шығындардың үштен екісі ұжымдастыру кезінде асыра сілтеушілік зардабынан келді. Ал қалған үштен бірі ұлт азаттық көтерілісі, Қазан социолистік революциясы, азамат соғысы мен одан кейінгі күйзелістер және ең соңында Ұлы Отан соғысының шығындарының үлесіне тиеді [4; 85].
Қазақ тарихында «Нәубат жылдары» -деп аталған 1932-1933 жж қазақ халқы саясат құрбанына айналып, миллиондап қырылды. Бұл кезең тарихына тек статистикалық дерек ретінде қармауымыз керек, себебі ешқандай себепсіз мыңдаған қазақ баласы, зиялы, ұлт – жанды ел азаматтары келмеске кетіп, көз жұмды. Оның өтеуі, бүгінгі өскелең ұрпақ санасындағы тарихи білім.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Өтениязов С.С. Тарихтың ащы ақиқаттары. Алматы, 1990. – 115 бет.
2. Тәтімов М. Халықнама немесе сан мен сапа. Алматы. Жазушы. 1992. – 184 б.
Омарбеков Т. Қазақ шаруаларын жеке меншік қожалықтарынан айыру және ұжымдастыру: тарихы мен тағылымы. Тарих ғылымының докторы диссертациясы. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты. Ғылыми жетекші: Нұрпейісов К.Н. Алматы. 1994. – 378 б.
3.Озғанбай Ө. Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан (1905-1917 жж.) .-Алматы, 1997.- 461 б.
Достарыңызбен бөлісу: |