1940-60 жылдардағы қазақ әдебиеті (пәннің атауы)



бет10/74
Дата05.02.2022
өлшемі2,38 Mb.
#1020
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   74
Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Осы жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы
қандай дәрежеде болды?
2. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясына
кімдер үлес қосты
3. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасының
дамуы қалай болды?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29.


3,4 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНЫҢ
ДАМУЫ
Дәрістің мақсаты: Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының
тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесін таныстыру
Тірек сөздер: әңгіме,очерк, повесть, роман.
Дәрістің жоспары:1. С.Мұқановтың «Сырдария» романы.
2. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы.
3. Ғ.Мұстафиннің«Миллионер»повесі,«Қарағанды»романы.
4. С.Шаймерденов,З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев,Ә.Нүрпейісов,
т.б. жас қаламгерлердің әңгіме,очерк, повесть,
романдары.
Қазақ романының жаңа бой көтеруі 1942 жылы М. Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабының жарық көруінен басталды. Бұл – әуелде «Абай» деген атпен жоспарланған екі томдық романның бірінші кітабы болатын. Роман Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп тұрған шағында жарық көрді. Саясаткерлер соғыс тақырыбына арналған прозалық еңбекті күтіп отырған заманда, бұған керісінше, тарихи тақырыпқа жазылған роман партия басшылығын бәлендей қуанта қойған жоқ. Олар романның жоспарына, негізгі идеялық-көркемдік нысанасына ой жіберіп жатпай-ақ, ондағы ру таластарына, Құнанбай заманының өктем қылығына мән беруге тырысты. Алайда, шын әдебиет сүйетін қауым романды жылы қабылдады. Оған Ғ.Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» атты мақаласы (1943) куә. Жұрт романның жалғасын күтті.
1945 жылы Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары басылды. Қазақ халқы өмірінің жаңа кезеңдерінің шындығын тануға ұмтылыс жасаған бұл шығармалар көркемдік ізденістері жағынан да, өмірді тақырыптық қамтуы жағынан да әр қилы болатын.
Ғ.Мұстафин романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұратын, Ұлы Отан соғысы кезіндс жанқиярлық еңбек етіп, тарының гектарынан 1232 пұт өнім алып. дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің есімі ол кезде әлемді шарлап кеткен еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының Президенті Т.Д.Лыссенко тарышы қартқа телеграмма жолдап: «Сіздің телеграммаңызды алғанда, нанар-нанбасымды білмей көп сенделдім. Ең білдім деген ғалымдар гектарынан 200 центнерден артық астық алу мүмкін емес дегенге бекінген еді. Бұл – жай айтылмаған. Өсімдіктер күн қуатын бойына қанша сіңіре алатындығын есептеп барып айтылған болатын. Сіз осы есептен асып түсіп, егін шығымының мөлшері адамның өз қолында екенін дәлелдеп бердіңіз», –деп жазған. Атақшы тарышы өмірінен неміс жазушысы Бертолд Брехт поэма жазған.
Әрине, роман Шығанақ өмірі мен оның еңбегін негізге алғанмен, Мұстафиннің Шығанағы – өмірдегі тарышының өзі емес, әдеби жиынтық бейнесі. Осы материалдар негізінде жазушы қазақ шаруалары өміріндегі ұжымдық бірлесудің өнімді, табысты жолын көрсетуді және адам мен табиғат арасындағы өмірлік тартысты жаңа жағдайда бейнелеуді көздеді. Өмір бойы табиғаттан алуға ұмтылған, бірақ жарымаған шаруа еңбегі жаңа дәуірде, ұжымдық шаруашылықтың өркендеуі жағдайында іске асқаны – романның басты тақырыбы. Бұған Ғабиден жаңа қоғамның өзекті мәселесі ретінде қарайды. Шығанақ бойына халықтың диқаншылық өнерінің ұзақ ғасырлар бойы тәжірибесін жинақтаған жазушы оның жаңа жағдайда қалай дамығанын суреттейді. Тарыдан мол өнім алу, жерге табынбай, оны дегеніне көндіру Шығанақтардың ұзақ арманы мен күресінің басты мақсаты еді. «Әкемнің әкесі егінді кетпенмен салған. Әкем Берсі ағаш соқамен салды. Өзім темір соқаға түйе шығырды қостым. Осының бәрі – тарыны көп алудың алға басқан амалы еді»,– дейді Шығанақ. Бірақ феодалдық-патриархалдық ортада өмір кешкен жалғыз-жарым шаруа еңбегі мен оның өнімсіз құрал-сайманы Шығанақтар арманының іске асуына мүмкіндік бермеді. Тек жаңа жағдайда, ұжымдық шаруашылық ортасында, жерді өңдеу мен баптаудың жаңа тәртібі іске асқан кезде ғана жаңа техниканың күшімен бұл арман жүзеге асты. Тарыдан мол өнім алынып, «алпысқа келгенше, алты шақырым жерге аты шықпаған» Шығанақ есімі әлемге танылды. Жазушы мұны қазақ шаруалары жаңа өмірінің жеңісі санайды.
Романның проблемалық сипатын ондағы басқа бейнелер де айғақтайды. Мысалға, Олжабек бейнесін алайық Бұл арқылы Ғабиден ұжымдық ортадағы шаруа еңбегінің көпке ортақ сипат алып, шаруалардың біртіндеп жекеменшікшіл сезімнен арылуға ұмтылысын танытуды көздейді. Ол Олжабек бойынан шаруаға тән ерекшелікті де, жеке меншіктік сезімнің басымдығын да көреді. Жаңа өкіметтің шаруаларды біріктіріп, жермен кәсіп етуге баулуын мақұл көргенмен, Олжабек жеке меншігіндегі аз ғана малын ортақтастырудан қашып, колхозға кірмейді. Колхозсыз жер іздеп сандалады. Шаруаларды ұжымдастыру науқаны кезіндегі осындай қылықтар әр жерде болған. Әр халықтың әдебиетінен орын алған.
Жазушы жаңа ортада өсіп келе жатқан жастардың бойынан да жаңаша мінез-құлық көреді. Ескінің еріксіз өскен жалтақтығы мен бейнет астында езілген бұйығылығы жоқ жаңа заман жастары Амантай мен Жанботаны өз дәуірінің типтік бейнелері ретінде алады. Олардың жастыққа жарасты мінездері, қоғамға пайдалы еңбегімен байланыстырылады. Еңбекте ерлермен тең түсіп, шыныққан Жанботаның сырт бейнесі шаруа адамына тән етіп сомдалғанымен, ол жаны сұлу жаңашыл қыз.
Романға негіз болған Шығанақтың Отан соғысы кезінде әлемдік рекорд жасауы және шығарманың сол тұста жазылуы – тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық еңбегінің соғыс, жеңіс мүддесіне арналуы әсерлі суреттелген. Шығанақ та өнімін Отан қоймасына жөнелтеді. Өз қаражатынан Қызыл Армияға көмек жіберіп, И.В.Сталиннен ризалық білдірген телеграмма алады. Оның төрт баласы Отан қорғау ісіне қатысады.
«Жас түлектер» мен «Жанартау» романдары да соғыс кезінің оқи-ғаларына негізделіп жазылған. Оның алғашқысында майданға үстеме көмір өндіру жөніндегі Қарағанды еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі суреттелсе, екіншісінде Ембі мұнайшыларының тылдағы жанқиярлық істері көрініс табады. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, «Жас түлектер» жаңа заманда өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ өкілдерінің азаматтық тұлғасы мен еңбегін суреттеуді көздейді. Мәскеуде тау-кен институтында оқып жүрген жастар соғыс басталысымен бірі– Донбасқа, бірі Қарағандыға аттанады. Донбасқа барғандары өндірісті қорғауға, оның құрал-жабдықтарын Қарағандыға көшіруге көмектессе, Қарағандыға келгендер майдан қажетіне мол көмір өндіру, ол үшін көмір комбайнын ойлап шығару істеріне араласады. Жас ұрпақ аға буын жұмысшылармен бірлесе отырып, еңбекте қажырлықтың үлгісін көрсетеді. Қарағандыда өтетін роман оқиғасын Тайман, Қазыбек сияқты қарт жұмысшылардың отбасылық қарым-қатынасына құра отырып, жазушы жұмысшы табы өкілдерінің дәстүрлі өнегесін алға тартады. Жас буын сол үлгіде тәрбиеленеді. Инженер Сәуле Донбастан келген Мирон қарттың көмір комбайнын жасауына көмектесіп, өндірісті ұйымдастыруда белсенділік танытса, жас жұмысшылар Сайран мен Шекердің қазақ аулынан келіп, жаңа кәсіпті игеруге ұмтылысы тәп-тәуір суреттелген. Нұрлан мен Павелдің Донбастағы алғашқы күндерін суреттеу арқылы жазушы жау басып алған өлкеде отаншыл жастардың дұшпанға қарсы күресін бейнелеуді ойлаған. Алайда, ол эпизодтар соғыс шындығын толық аша алмаған. Соны сезгендей романның кейінгі тараулары түгелдей тыл өміріне арналады да, Нұрлан мен Павелдің жау қолында ерлікпен қаза болғаны, оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгені роман соңында жария етіледі. Романда Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өткен еліміздің халықтарының тұтастығы, патриоттық істері көрініс табады. Кейбір оқиға жүйелерінің шашырандылығы мен жасанды тартыстардың ұшырасып қалатынын айтпағанда, роман өз дәуірінің елеулі туындысы қатарына кіреді. Кейін автор роман оқиғасын драмаға көшіріп, «Достық пен махаббат» атты пьеса жазды.
«Жанартау» соғыс кезіндегі Атырау мұнайшыларының өмірінен жазылған. Соғыстың ел басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздері жау қолында қалып, Қазақстан мұнайын майдан қамы үшін мол өндіру күн тәртібіне қойылған кезде, тылдағы елдің қауырт еңбекке жұмылуы роман сюжетінің негізгі желісін құрайды. Онда суреттелетін кейіпкерлердің бәрі де іс басында, еңбек ортасында, әлеуметтік мүддені ұға, түсіне білген адамдар. Бәрін біріктіріп тұрған нәрсе – соғыс. Ерлер майданға кетіп, әйелдер солардың орнын басқан. Еңбек жасына толмаған жастар да кездеседі. Қажетті өндірісті қамтамасыз ету үшін арнайы әскерден қалдырылған мамандар да бар. Әркім өз орнында, шамасынша адал еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр.
Негізінен, дәуір шындығын тәп-тәуір суреттеген романда тартыстың әлсіздігі көрінбей қалмайды. Басталған жұмыс еш кедергісіз оп-оңай іске асып жатады. Жазушы Қанат пен Айкүміс отбасының түсініспеуінен тартыс туғызбақ болады. Бірақ ол да өршімей, бір ширап, бір босап созылып барып, жарастылықпен аяқталады.
Роман жарық көрісімен қаһарлы сынға ұшырады. Сынның қатал да түгелдей қаралай жазылуы партияның сол бір тұста әдебиет пен өнерге ерекше қатаң талап қоя қарауының салқыны да сияқты. Ол кезде сыналмаған, мінелмеген дүние аз болатын. Кейін роман қайта өңдеуден өтті.
«Жанартау»– Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнайшылар еңбегін танудағы елеулі белес.
Соғыстан кейінгі дәуір қазақ романының жаңа бір тынысын танытқан, өрісін байытқан кезең болды. Бұл тұста «Абай» романының екінші кітабы (1947) жарық көрді. С.Мұқанов «Жұмбақ жалау» атты романын жөндеп, өңдеп, «Ботакөз» деген атпен қайта бастырды (1948), «Сырдария» деген жаңа роман (1948) жазды. Ғ.Мұстафин «Миллионер» (1948), Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» (1949) атты романдар бастырды. Қазақ тілінде кең тарап, оқырманын тапқан осы шығармалар тез арада орыс тіліне аударылып, сол арқылы шетелдерге шықты. Сөйтіп, соғыстан кейінгі дәуірде қазақ романының табысын әлемге әйгіледі. 1948 жылы желтоқсан айында Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы бағытын талқылаған КСРО Жазушыларының пленумы мұны айқын танытты.
Бүгін әлемге танылған «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» деген атпен шыққан алғашқы екі кітабының өзі әуелде солай жоспарланған тұтас туынды болатын. Онда жазушы болашақ ұлы ақынның жастық кезі мен ақындығының оянып, жетілуін суреттеген. Жас Абай тәрбие алған ортаны, оның жүрегін тебірентіп, асыл сезімдерін оятқан дала табиғатын, халқының өнері мен әдебиетін, арманы мен жарқын үмітін, достығы мен тұңғыш махаббатын кең ашу арқылы жазушы бірінші кітап бойында оны ақындыққа дайындады. Осы ортада романтикаға бөленген жас Абайдың біртіндеп өмірдегі талас-тартысты сезінуі, Тоғжаннан айрылуы, Қодар мен Қамқа өлімі сияқты сұмдықты көруі, суынуы, толғануы да нанымды суреттеледі. Ал, екінші кітапта ол шығармашылық сезімге ауысады, білімін кеңейтеді, орыс әдебиетінің, достарының көмегімен ой-өрісін толықтырып, халық өміріндегі әдебиеттің зор маңызын ұғу дәрежесіне көтеріледі. Оның бұл кездегі өмірге, оның күрделі жағдайларына деген көзқарасы ақын өлеңдерінде кең көрінеді, жазушы оның шығармашылығына сүйене отырып, Абайды толғантқан қоғам дамуы, адамдардың ара қатынасы, адамгершілік, гуманистік мінез-қылықтар мәселелерін қозғайды. Сол арқылы қазақ қоғамының ақынмен тұстас кезеңінің барлық жағдайларын, халық өмірінің терең жасалған көркем суретін береді. Халықтың жақсы арман-тілегі Абай бейнесі арқылы жинақталып көрсетіледі. Академик Қ.Сәтбаевтың «Абай» романын «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атауы да осыдан.
Романның үшінші, төртінші кітаптары «Абай жолы» деген атпен 1952, 1956 жылдары жарияланды. Осыған байланысты төрт томдық роман-эпопея тұтас күйінде – «Абай жолы» аталды.
«Абай» романының соңғы беттерін жазушы «Алда–өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жапа-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық» деген сөздермен аяқтаған еді.
Төрт томдық роман-эпопеяның композициялық құрылымы да, стилі де, жазушының тілі мен суреткерлік шеберлігі де келісімді тұтастықта көрінеді. Жазушының шындықты сезінуі мен суреттеуінде үлкен ойшылдық бар. Ол өмірге Абай көзімен қарап, Абайша сезінуден туған.
М.Әуезов романының жанрлық үлгісі әдебиет сынында және ғылымда «роман-эпопея» деп танылды. Ондағы жеке адам өмірінің қоғам, халық тарихымен сабақтастығы, сан қилы топтар мен таптардың қатар, са-лыстырыла суреттеліп, қарама-қайшылықта өмір сүруінің көріністері, ұрпақтардың бірі өтіп, бірі оның орнын басып жаңарып жатуы, жеке адам мен оның отбасылық тіршілігінің тарихи-әлеуметтік маңызға ие болуы, оның ой-пікірінде замандастарының тіршілігі мен арман-тілегінің терең толғам табуы – бәрі де эпопеялық кеңдікпен бейнеленеді. «Роман-эпопеяда кейіпкердің образы көптеген уақиғалар елегінен өтудің нәтижесінде сүргі көргендей болып майдаланып, тұжырымдалып қалмайды, – деп жазған еді белгілі әдебиет сыншысы және ғалым Темірғали Нұртазин, – қайта айқындалып, толыға, тұлғалана түседі, қатардағы романдарда бола бермейтін қасиет толымдылығына жетеді. Көлемі мол болғандықтан, роман-эпопеяда кейіпкерлердің рухани өмірі әлденеше кезеңдерде кеңінен суреттеледі. Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы да, уақиға атаулының іштей бір-бірімен байланысы да кең бейне табады. Конкретті дәуірдің энциклопедиялық типтерінің ой-арманы мен әрекеттерінен сол заманның сан құбылмалы сыры аңғарылады. Роман-эпопеяда сан алуан адамдардың көзқарасы мейлінше кең суреттелгендіктен, бұл жанрда тарихи және философиялық романның қасиеттері түгел тоғысады.
Әуезов романы осы қасиеттерді бойына жинақтаған үздік туынды болды. Оны қазақтармен бірге орыс сыны да жоғары бағалады. Ол орыс және шетел тілдеріне көп аударылды. Оған 1959 жылы КСРО-дағы ең биік сыйлық – Лениндік сыйлық берілді.
С.Мұқановтың «Сырдариясы» мен Ғ.Мұстафиннің «Миллионері»
бүгінгі күн тақырыбын игеруге арналған шығармалар еді. Оларда соғыстан кейінгі өмірдегі еңбектің рөлі, еңбек адамдарының жаңа бейнелері жасалды. Дәуір сипаты мен өзгешеліктерін зерттей отырып, авторлар жаңа адам бойында өмірге, әлеуметтік іске тың көзқарастың тууын, сапалық өзгерістерді романдарына арқау ете білді. Бұл романдардың басты кейіпкерлері – жаңалықтың жетекшілері. Отанға, елге, халыққа деген сүйіспеншілік, аянбай еңбек ету – олардың бойындағы ерекше белгілер. Олар бұрынғыдай таптар арасындағы күресті шындауға қызмет етпейді, Отанды көркейтер, оның күш-қуатын арттырар іс-әрекеттерге күш жұмсайды. Осыған орай Мұқанов адам мен табиғат арасындағы тартысты негізге алып, табиғат қазынасын игілікке жаратуды бейнелесе, Мұстафин қазақ аулының болашағын Жомарт сияқты маман басшылардың көрегендігімен байланыстырады.
Бұлардан сәл кештеу жазылғанымен, Ғ.Слановтың «Шалқары» да (1954) тақырыптық жағынан осы романдарға жақындау. Ол әуелде «Кең өріс» (1949) атты повесть күйінде жарық көрген еді. Жазушы оны толықтырып, қайта өңдеп, романға айналдырды. Онда суреттеліп отырған өмір шындығы көріністері, жазушының ұстанған бағыты, адамдар тағдыры Ғ.Мұстафиннің «Миллионерімен» өзектес. Мұнда да соғыстан кейінгі ауылды көтеру, онда жаңа құрылыстар (Шалқарда жаңа типті село салу, Таскескенге жол тарту, т.б.) салу, халықтың тұрмысын жеңілдету жолдарын іздестіру шаралары сөз болады. Екі шығарманың басты кейіпкерлері барды қанағат тұтпай, өмір талабына лайық өршіл идеяларды алға тартады, еңбек етуден қуаныш табады, еңбек романтикасына елігеді. Бұл – әрине, екі шығарманың бірін-бірі қайталауы емес, бір тақырыпты жазған екі жазушының дүниеге көзқарастарының ұштасуы. Ғабиден сияқты, Сланов кейіпкерлері де барынша дараланып берілген.
Соғыстан кейінгі дәуірде кеше ғана өткен Ұлы Отан соғысының сабақтарын саралауға, ел басына күн туған кездегі азаматтардың ерлік іс-терін, мінез-құлқын, халық өмірін эпикалық үлгіде бейнелеуге арналған жаңа романдар легі туды. Оны Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бастады.
Бұл шығарма әуелде Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың майдандағы ерліктерін әңгімелеген «Қазақ батыры» (1945) деген шағын повесть күйінде жарық көрді. Кейін оны жазушы түгелдей қайта жазып, жаңа атпен жариялады. Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұнын және оның қайнар көзін ашуда бұл романның орны үлкен. Онда жаңа заман батырының туу, тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген. Қайрошты өсіріп жеткізген қоғамдық орта мен ондағы өзгерістер кейіпкер тағдырымен байланысып, жарасымды суреттеледі. Қайрош батырлығы ескі ұғымдағы көзсіз ерлік емес, қарапайым адамның Отан алдындағы борышын түсіну мен оны абыройлы орындау жолындағы сезімнен туады. Сонымен қатар жазушы Қайроштың өмір жолында кездескен күнделікті тіршіліктің келеңсіз жайларын улы кекесінмен түйреп, сынап отырады.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   74




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет