1977 жылы «Жалын» баспасынан Н. Оразалиннің «Беймаза көңіл» атты тұңғыш жинағы жарыққа шығады



Дата07.02.2022
өлшемі88,16 Kb.
#91531
Байланысты:
21 ғ әдебиет




Нұрлан Оразалин-қазақ әдебиетінен хабардар жанға таныстырып жату артық болатын осынау қаламгердің шығармашылық жолы өзі алғаш 1965 жылы студенті атанған ҚазМҰУ-дегі кезеңнен басталады екен.
1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жас керуен» атты жинаққа бірнеше өлеңі жарияланған ақын Нұрлан Оразалиннің өлеңдері сол кезеңдегі «Жұлдыз» журналында, «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», газеттерінде жиі жариялана бастайды.
Студенттік жылдардан кейін «Қазақстан пионері» газетінде басталады. Балаларға арналған республикалық басылым – тиражы мол газетте журналист болып қызмет істей жүріп, поэзия, драмада қатар қалам сілтейді. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» атты ұжымдық жинаққа таңдаулы өлеңдері енеді.
1977 жылы «Жалын» баспасынан Н.Оразалиннің «Беймаза көңіл» атты тұңғыш жинағы жарыққа шығады.
Осы жылы ақынның «Шырақ жанған түн» атты пьесасы сахналанып, көрерменнің жылы ықласына ие болады. Пьесаның алғашқы қойылымынан кейін «Лениншіл жас» («Жакс Алаш») газетінде қазақтың беделді сыншы-жазушылары қатысқан «Жол басы: Сәт сапар» атты талқылауы жарияланады.
Нұрлан Оразалин бұдан кейін Республикалық қуыршақ театрының директоры, Республикалық театр қайраткерлері қоғамының бірінші хатшысы қатарлы жауапты қызметтер атқарады.
1990 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш шақырылған парламентіне депутат болып сайланады.
1993 жылы республикалық «Егеменді Қазақстан» газетіне – көшбасшы газетке бас редактор болып тағайындалады. 1996 жылы Республика жазушыларының ІІ съезінде Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының І хатшысы болып сайланады 2003 жылы екінші мәрте, 2008 жылғы Қазақстан жазушылар Одағының кезекті пленумында Нұрлан Оразалин үшінші мәрте басқарманың бірінші хатшылығына сайланып, бұл қызметті 2018 жылға дейін атқарады.
Қат-қабат шаруалы басшылық қызметті атқара жүріп шығармашылықпен айналысуды да ешқашан тастамайды. Бірнеше жыр жинақтарын шығарумен бірге «Тас киіктер» драмасын және М.Әуезовтің «Қилы заман» романы бойынша осы аттас драма жазады. Бұл драманы жазуды 80-жылдары қолға алғанымен, тек 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай тұңғыш рет көрермендермен қауышқан екен.
Сондай-ақ драматургия мен театрдың әр алуан өткір мәселелеріне байланысты сыни мақалалар жазады. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» газеттерінің беттерінде «Театр және көрермен», «Жендеттермен жекпе-жек», «Басты мақсат – театрға қызмет ету» сияқты сыни мақалалары жарық көріп, онда көтерілген мәселелер сала мамандары мен оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырады.
Өлең жырларымен, пьесаларымен, сыни мақалаларымен қатар көптеген әдеби мақалалар жазумен шұғылданған Нұрлан Оразалин шығармашылығы туралы кезінде Ғабит Мүсірепов мынадай пікір білідрген екен: «Оразәлі Нұрланның Ф.Оңғарсыноваға арналған мақаласын ерекше атағым келеді. Оразалин ақындықтың, поэзияның небір терең сырларын, нәзіктігімен от жалыны, шуағы мен нөсері барын сыншыларымыздың бірде-бір айта алмағанын мағыналы мәнді түрде айтқан».
Қалың қазақтың қабырғалы қаламгері, қоғам қайраткері, ел ағасы тұлғасына көтерілген Нұрлан Оразалин шығармашылығы турасында толықтай тоқталудың өзі тарам-тарам мақалалардың ауқымы екені анық. Сондықтан да біз шағын мақаламызда ақын Нұрлан Оразалиннің шығармашылығына аз-кем шолу жасауды жөн көрдік. Қазіргі күні поэзияға деген сұраныс та, талғам да басқа дейтін тенденция қалыптасқан. Жас ақындардың қатары да мол, қарқыны да қатты. Дегенмен, біз бүгінгі күні аға буын санатына кірген айтулы ақындарымыздың кешелі-бүгінгі шығармашылық лабораториясына, жыр әлеміне көңіл бөліп бірер ауыз пікір арнауды ұмыт қалдырып та жататынымыз бар ма, қалай?
Ақын Нұрлан Оразалин – әдебиет өлкесіне өзіндік құбылыс болып енген 60-жылдардың жұлдызды қаламгерлері дәуірінің өкілі. Бұл бір талантты шоғырдың есім-сойы бүгіндері әдебиет сүйер қауымның көкірек сарайында әрдайым сақтаулы десек, артық айтпаған болармыз. Ақынның шығармашылық әлеміне бірге қадам басқан қатарластары – Алма Қыраубаева, Сағат Әшімбаев, Алдан Смайылов... Әрбірі – бір төбе.
Жүрегімді жұлқиды тәңір сөзі
Тамырына тығылып қаламұштың, -
деп өзі жырлағанындай, Нұрлан Оразалин өлең өлкесіне өзіндік лебімен, өрнегімен келген ақын.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан күнделікті баспасөз беттерінде өлеңдері жариялана бастаған жас ақын өз дәуірінің талғампаз оқырмандары мен алдыңғы буын ағалардың назарын бірден аударады.
Өмірге мынау өле бір ғашық болмасаң
Өлең де, жыр да, болмас ән, –
деп өлең өлкесіне аяқ басқан жас ақын бірер жылдың көлемінде қазақ әдебиетінде өзіндік үні бар қаламгерлердің біріне айналады.
Жоғарыда атаған тұңғыш жеке өлеңдер жинағы «Беймаза көңіл» жинағы жарық көргенде, бұл шағын кітаптың алғысөзін Т.Молдағалиев жазған екен: «Арнасына сыймай алқынған бұлақ өзенге жетпей тоқтамас. Ұя салған қарлығаш ұрпағын қиялға ұшырар. Келе жатқан көктемді ешкім тоқтата алмайды. Сол секілді жас ақынның жанып келе жатқан талабы алау боларына сенгің келеді. Сондықтан да Нұрланды ертеңгі күннің жақсы ақындарының қатарынан көргім келеді», - деген ағалық ізгі тілек білдірген екен, Тұмағаң.
«Беймаза көңілден» кейін «Көктем көші», «Жетінші құрлық», «Құралайдың салқыны» және т.б. өлеңдер жинақтарымен қатар, республикалық белді газет-журналдарда жарияланған өлеңдері, театр сахналарында қойылып жүрген «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Аққұс туралы аңыз», «Қарымта», «Қилы заман» (М.Әуезовтің осы аттас романы бойынша) пьесалары, орыс жазушысы Г.Свиридовтың «Жанкешті сапар» романы, үнді жазушысы Рабиндранат Тагордың «Пошта», қалмақ драматургі А.Балакаевтың «Ана жүрегі», әзірбайжан драматургі Р.Гейдардың «Бір ендіктің тынысы», неміс драматургі Х.Каллаудың «Зәйтүн толы қүмыра», белорус драматургі А.Петрашкевичтің «Дабыл» пьесаларын қазақ тілінде сөйлетіп жан-жақты талантты қаламгер екендігін таныта білді.
Бүгіндері жетінші мүшел жасына қарай аяқ басқан ақынның өлеңдері туралы кезінде қазақ әдебиетінің талай-талай майталмандары пікір білдіріп, сәт сапар тілеген екен. Олардың сөз зергері Ғабең (Ғабит Мүсірепов), қазақтың алмас жырлы ақын қызы Фариза Оңғарсынова, мөлдір лириканың тұмасы Тұманбай Молдағалиев, көк түрік сарынды дүр ақын Темірхан Медетбеков, білімпаз эстет Асқар Сүлейменов, балалар әдебиетінің майталманы Сайын Мұратбеков, танымал әдебиеттанушы, сыншылар Рымғали Нұрғалиев, Сайлаубек Жұмабектер бар. Шығармашылық адамы үшін жазған шығармаң еленіп, еленгенде де атағы Алатаудай алдыңғы ағалар мен оларды өкшелеген заңғарлардың назар аударып, жылы пікір білдіріп, сын-ескертепесін қоса айтуы үлкен бір мәртебе ғой. Бұл – жанам деген жүрекке шоқ беретін, шығармашылық қабілетін шыңдатып, ел сенімінен, биік үдеден шығатын қозғаушы күш.

Шулады жасыл бақ тұнып,


Көктем боп күліп,
сөйледі қайың-талдар да,
Жібек сәулесін лақтырып,
Биледі қала,
биледі үйлер шамдар да.
Ұйқыдан жаңа тұрғандай
Дүние түгел түс көріп, нық сілкініп,
беймаза көңіл –
беймезгіл тәтті армандай
Көзімде менің тұр тұнып...
Көзімде менің құлпырып
Түн болып мынау,
Алматы болып көлеңдеп
Биледі көктем
көкпеңбек нұр боп іркіліп
Жаңбыр боп жауып
Жазылған жаңа өлең боп..., -
дейтін жақсы өлеңдер сол жылдардың жастық жылдардың жемісі болса керек. Ақын өлеңіндегі әдемі қысқа қайырымдар, поэзиялық кідірістер, аяқталамған емеуріндер сезім дірілін сыйдырған ойнақы реңктер қай дәуір оқырманы болсын, сезімін селт еткізері анық.
«Беймаза көңілден» соң жарық көрген поэзиялық жинағы «Көктем көші» 1980 жылы оқырманға жол тартады. «Көктем көші» – адам тағдырының сан тарау соқпағы мен өмірдің күрделі сұрақтарына жауап іздеген жинақ десек болар. Ақынның лирикалық «мені» менмұндалап тұратын өлеңдері тартымды жазылған.
Жүрегімді
жұлқыған бір үн болып,
Бірде айбатты
алапат гүріл болып,
Бірде нәзік
тылсым-ән дүріл болып,
Шыңғырады жер үсті шыңдықтары
Бір өзімде – жүрегімде –
жазбаған жырым болып, -
деп өлең өрнектеген Нұрлан Оразалиннің ақындық палитрасы көрермен үшін қызықты болғаны даусыз. Ақын өлеңдері мамзұндық көркемдікке қоса, көркемдеуіш құралға да бай:
Ақшаңқан дала, ақшаңқан таулар,
Соңғы күндері
Ақшаңқан аспан
түсіме менің, жиі еніп
Ақбоз үміттей,
Ақбоз армандай – әппақ фәниге
жүремін ылғи сүйеніп,
Жүремін ылғи түсімде.
Ақбоз ат мініп,
Ақбоз таулардың ішінде,
Ақ самал еседі –
Ақ үміт,
Ақ арман,
Ақ боз ғаламның шашындай желбіреп таранған
Әппақ Арудай – әппақ дүние ақ сезімдерден жаралған.
Ішкі қуатпен өрілген ақын лирикасы көркем оймен әдіптеліп сезім иіріміне батырғандай. Ақын өлеңіндегі аппақ әлемге қол созғандай боласың. Өлең жазу – ермек емес, өлең жазу – тағдыр. «Тіл өнері – дертпен тең» деп Абай айтпақшы, өлең жазуды тағдырына балап, адамзат ғұмырының қапырық аптабы мен сақырлаған сары аязын ең алдымен жүрекпен сезер ақындық деген «кәсіп» иелерінің қалың ел, талғампаз оқырман күтер еңбек жемісі – шынайылыққа суарылған шымыр өлең десек, ақынның «мол саба қорында» мұндай өлеңдер баршылық екеніне анық көз жеткіземіз.
«Бірде оңға бұрылып, бірде солға, дидарыңды қойдың ғой танытпай-ақ» деп халықытң қара өлеңінде айтылатынындай, мынау ғайып дүниенің, түлкі бұлаң заманның сынаптай сусыған сипатын ақын өзіндік терең толғаныспен, өзіне тән ырғақ, ұйқастармен дәл бергенін көреміз:
Заман қашып барады, заман қашып,
Әлде кімге бұрылып амандасып.
Әлде кімнің көзіне жас үйіріп,
Жетегінде барады адам қашып.
Иә, бәріміз де сол заманның жетегінде, өзімізге заман, қоғам мәжбүрсіз, мәжбүрлі жүктеген рөлімізді жаныға ойнап, зымырап барамыз. Көз алдымызға осындай бейнелі қалып, жанды сурет әкелер шумақта үлкен философиялық түйін жатыр.
Қалыптасқан қолтаңбалы, кемел кезеңге аяқ басқан ақынның шығармашылығындағы шебер психологизм оқырманды терең толғандырырады, жан-жүрегіне әсер етіп, рух қылын тербетеді. Мұны сезіну үшін көптеген стереотиптерді жиып қойып, ақын Нұрлан Оразалин әлеміне үңілген жөн.
«Н.Оразалиннің талант табиғаты, творчестволық болмыс-бітімі негізінен, қос құбылыстың – драматургия, драма жазғанда – ақын», - деген екен, қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс Асқар Сүлейменов. Дәл тауып, дөп айтылған пікір. Қазақ поэзия патшалығына саяхат жасасаңыз, ондағы Нұрлан Оразалиннің ойшыл философияға, сыршыл психологизмге құрылған жыр әлеміне де зер салып өткейсіз.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет