1.«Атау кередегі» жағымсыз образ – Ерік. Өйткені ол өзі өсірген будан
аралардан айнымайды. Оның өзі де будан тұқым... Әкесі қазақ, анасы орыс
Еріктің ұлты жоқ. Ол үшін салт-дәстүр, тіл мен дін деген түк те емес. Ол
ешкімнен жәбір көрмесе де адамдар арасынан қашады. Ауылдастарын үнемі
жазғырып жүреді. Барлық мақсаты – көп дүние жинау. Ауру шешесі мен
жарынан басқа ешкімі жоқ жалғыз жігіттің дүние
жинаудағы мақсаты да
айқын емес. Шығарма соңында сонаға айналып, ұшып кететін Ерік –
ұлтсызданудың, мәңгүрттіктің символы. Оған бәрібір. Ол «Неге біз осы?»
деп жаны күймейді. Өмірлік сұрақтар қойып, оған жауап та іздемейді. Бірақ
Таған сияқты адамдардың энергетикасы оның әлсіз жан дүниесін күйретіп
жібергеніне таңғалуға да болмайды.
2.«Атау-кере» повесіндегі Нүркенің өлім сәті алдындағы көрініске тоқталмай
кетпеуге болмайды. Мұнда
санаға бағына бермейтін, ақылға жеңдіре
бермейтін фрейдизмге тән психологиялық өзгеріске көңіл қояды. Бұл мәселе
әсіресе батыс модернистерінің ерекше назарында болған еді. Сол сияқты
қаламгер қазақ арасына сіңіп Нюра Фадеевнадан Нүрке
атанып кеткен,
мұсылмандық сенімге біржола иланып-сенген, намазға
жығылған адамның
өмірінің соңғы сәтінде бейтаныс күштің ықпалымен мына өмірге өз дінінің
шарттары бойынша бақұлдасып, шоқынуы ақылынан тыс
жасаған қарекеті
ретінде суреттеледі. Ол — өзінің ғұмыр бойы ұстанған сенімінен, өмір
салтынан жатсынған адам. Осы уақытына дейін санасының түпкірінде өз
дініне деген сағыныш ұялап жатқан. Көркем шығармадағы Айна енесінің
сандығынан тапқан икона — Нүркенің өзін-өзі алдаған, өзінен-өзі жатсынған
қарама- қайшылықты өмір сүргенінің куәсі. Икона — Нүркенің ақиқат
болмысын ашуға қолданылған деталь. Өйткені «Ананың сүтімен рухына
сіңген сенім түптің-түбінде бәрібір жеңіп шыққан еді».