5-дәріс
Қ. Жұбанов грамматикасындағы ғылыми-теориялық пікірлер
Мақсаты: Қ.Жұбанов зерттеулеріндегі грамматикаға қатысты тұжырымдарды саралап, талдау.
1.Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері
2. Жаңа грамматиканың жаңалықтары
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: грамматика, формализм, морфология, синтаксис, фонетика, лексикология, семантика, сөйлем сазы, сөйлемнің тұрлаусыз (айқындауыш) мүшелері, шылау, қосымша, қосалқы, үстеу, жалғау, жалғауыш, қосар сөз, кіріккен сөз.
Дәріс мәтіні
Грамматика – тіл формаларын тексеретін тіл ғылымының бөлімі. Грамматиканың қандай пәндерден құралатындығы туралы мәселеде ғалым Қ.Жұбанов Ф.де Соссюр мен формашылдардың және психологистердің көзқарастарын саралайды.
Грамматикаға қатысты осындай пікірлерді саралай келіп, ғалым «грамматика – бар ілім, осы, жазушысы бар, бірақ сұрауға жауап жоқ» деген тұжырым жасап, грамматика тарауларына мынадай толықтырулар енгізеді: 1) грамматика – тіл ғылымының таза өзі; а)әдебиет тілінің де, халық тілінің де грамматикасы; ә) бұларды әрі осы жағынан да, әрі тарихи даму жағынан да қараймыз; б) лексикология немесе сөздік. Сөздерді және олардың мағынасын (әдебиет тілінің де, халық тілінің де), бұлардың осы күнгі қалпын да, бұрынғы жазба түрін де қарайды. Ол фонетика, морфология (әрі мағына, әрі форма жағынан), синтаксистен құралады. 2) Тіл ғылымының қолданылуы: а) мәдениет тарихы мәселелерінде; ә) оқыту-педагогика істерінде.
Сөз екі мағынада қолданылады: 1) жазылған, сөйленген сөздің бәрін сөз дейміз; 2) нәрсенің атының бір өзін ғана сөз дейміз. Сөйлеу – біреудің екінші біреуге өзінің ойын білдіруі. Сөйлем – аяқталған ойды білдіретін бір я бірнеше сөз.