114.Ұлттық валютаның енгізілуі. 1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл валютасын енгізгеннен бастап, өзге елдердің, соның ішінде «рубль аймағындағы» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің қаржылық жүйелерін бөліп жібергендігін хабарлады. Сондай-ақ, Ресей Орталық банкі Қазақстанға қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынды . Осындай жағдайлардың орын алуы Қазақстаннын, төл валютасын шығаруға еріксіз жол сілтеді. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы құпия жолмен біздің алғашқы валюталарымыз 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банкноталар түрінде төрт ғасырлық тәжірибесі бар ағылшынның пошта маркілері мен банкнота жасауды кәсіп еткен «Харрисон және оның ұлдары» компаниясымен өзара жасалған келісімшартқа байланысты шығарылдыТеңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. 15—18 қарашада КСРО-ның 1961 — 1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын
115. Экономиканы дамытудағы «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» бағдарламаларының жүзеге асырылуы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың жүрігізілетінін мәлімдеген болатын. Елбасы Жолдауының білім саласы қызметкерлері үшін де орны ерекше болды. Президент дәстүрлі Жолдауында «Мәңгілік ел» қағидасына айрықша көңіл бөлуі тегін емес. «Нұрлы жол» даму бағыты аясында жастардың болашаққа деген сенімін айқындап, қажырлы еңбек ете отырып, келешекті кемел ету жолында жастардың үлесі зор екендігін баса айтты.
Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында білім және ғылым саласына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
Бұл тарихи құжатта дағдарысты еңсерудің кешенді шаралары ғана көрсетіліп қоймай, еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуіне қажетті жағдай, ұзақмерзімдік даму жолы анықталып отыр.
Бүгінде көптеген әлемдік алаңдарда саясаткерлер, экономистер, сарапшылар дағдарысты еңсеру, сондай-ақ, ұлттық экономиканың өсімін сақтап қалу жөніндегі тұспалдар мен болжамды шараларды қарастырып жатқанда, еліміз Елбасының стратегиялық көрегендігінің арқасында алғашқылардың бірі болып айқын, әбден пысықталған іс-қимыл жоспарын қабылдады.
Алғашқы кезекте экономиканың елдің дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына неғұрлым оң әсерін тигізетін салаларына қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке барлық әлеуметтік міндеттемелермен сөзсіз қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
«Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты – бұл болашақтың инфрақұрылымын кең көлемде инвестициялау есебінен экономиканы жүйелі түрде қайта құру. Көлік, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсету тұрақты экономиканың негізі – мықты орта тапты қалыптастыра отырып, болашақ Қазақстанның іргетасын мызғымастай етіп нығайтады.
«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру дегеніміз – жүздеген мың қосымша жұмыс орны, жаңа өндірістер, бизнесті жандандыру және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру.
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің, оның ішінде АҚШ пен Германияның тәжірибесі инфрақұрылымды кең көлемде инвестициялау болашақ өркендеу үшін мызғымас негіз қалыптастыратынын көрсетеді.
Қазақстан «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатының жүзеге асырылуын Ұлттық Қорға жиналған қаржының арқасында қамтамасыз етеді.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы уақытта «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынатынын айтқан болатын. Жақында Елбасының бұл жоспары халықтың назарына Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» деген тақырыппен ұсынылды. Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған. «100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамына енген: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату», Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру; «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру және т.б. міндеттер кеңінен атап көрсетілген. «Іске асыру тетігі» деп аталатын бөлімде бес жұмыс тобынан жасақталған жаңғырту жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылғаны туралы айтылған. Ұлттық комиссия бес институттық реформаны кезең-кезеңімен орындауды келісілген басқару бойынша жүзеге асыруы, тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындауы тиіс екені және өзге де жайттар атап көрсетілген.