2. Шарттардың жекелеген түрлері Құқықтық қатынастың пайда болу уақыты бойынша:
1) Консенсуалды - шарт жасау үшін тараптардың барлық елеулі ережелері бойынша келісімінің болуы жеткілікті (сатып алу- сату, мердігерлік, тапсырма және т.б);
2) Реалды - шарт жасау үшін, тараптардың келісімінен басқа, тағы шарт нысанасын беру қажет (заем, сақтау және т.б.).
Заңды бағытталуына байланысты (390-бап):
1) Негізгі шарт;
2) Алдын-ала жасалатын шарт, ол бойынша тараптар алдын-ала жасалатын шартта көзделген жағдайларда болашақта негізгі шарт жасасуға міндеттенеді. Алдын ала жасалатын шарт: 1) негізгі шарт үшін заңдарда белгіленген нысанда, ал егер негізгі шарт нысаны белгіленбесе, жазбаша түрде жасалады; 2) негізгі шарттың елеулі ережелерін белгілеуге мүмкіндік беретін ережелерді қамтуы қажет; 3) тараптар негізгі шартты жасасуға міндеттенетін мерзімді қамтуы қажет. Егер мұндай мерзім белгіленбесе, онда негізгі шарт алдын ала шарт жасалған кезден бастап 1 жыл ішінде жасалуға тиіс; 4) негізгі шартты жасаудан жалтарған тарап, осы арқылы екінші тарапқа келтірілген залалды өтеуге міндетті.
Тараптардың құқықтары мен міндеттерінің арақатынасы бойынша: 1) Бір жақты (біржақты міндеттеуші) - бір тарапта тек құқықтар, ал басқа тарапта тек міндеттер болады (мысалы, заем шарты); 2) Екі жақты (екі жақты міндеттеуші) - әрбір тарап құқықтар мен міндеттерге ие болады (мысалы, сатып алу-сату, айырбас, аренда және т.б.).
Шарт кімнің пайдасына жасалғандығына байланысты (391-б.): 1) Қатысушылардың пайдасына жасалған шарттар; 2) Үшінші жақтың пайдасына жасалған шарттар болып бөлінеді. Үшінші жақтың пайдасына жасалған шарттар кезінде:-борышқор міндеттемені несие берушіге емес, шартта көрсетілген және борышқордан міндеттемені өзінің пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшінші таққа орындап беруге міндетті; -борышқор өзінің несие берушіге қарсы қоя алатындай қарсылықтарын үшінші жақтың талаптарына қарсы қоюға құқылы; - егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, үшінші жақ борышқорға шарт бойынша өз құқығын пайдалану ниетін білдірген кезден бастап тараптар өздері жасасқан шартты үшінші жақтың келісімінсіз бұза алмайды немесе өзгерте алмайды; -үшінші жақ шарт бойынша өзіне берілген құқықтан бас тартқан ретте несие беруші, егер заңдарға немесе шартқа қайшы келмесе, бұл құқықты пайдалана алады.
Қарсы қанағаттандыру болуына байланысты (384 бап): 1) Ақылы шарт, ол бойынша тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы немесе өзге қарсы қанағаттандыру алуы қажет; 2) Ақысыз шарт, ол бойынша бір тарап екінші тарапқа одан ақы немесе өзге қарсы қанағаттандыру алмай бір нәрсені беруге міндеттенеді.
Шартты жасау ерекшеліктері бойынша: 1) Өзара келісілген шарт –ережелері тараптардың екеуімен анықталады. 2) Қосылу шарты (389-б):
шарт ережелері тараптардың бірімен формулаларда немесе өзге стандартты нысандарда анықталған;
бұл ережелер басқа тараппен ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолымен қабылдануы мүмкін;
шартқа қосылған тарап ,егер қосылу шарты заңдарға қайшы келмегенімен,бірақ ол: а)бұл тарапты осындай шарттар бойынша берілетін құқықтардан айыратын болса; б)міндеттемені бұзғаны үшін басқа тараптың жауапкершілігін жоятын немесе шектейтін болса; қосылған тарап үшін онда анық қиындық келтіретін, шарттың талаптарын белгілеуге қатысатын мүмкіндігі болып тұрғанда өзінің ақылға қонымды түсінілетін мүдделерін негізге ала отырып қабылдамай-ақ қоятын талаптары болса, шартқа қосылған тарап шартты бұзуды талап етуге құқылы.
Егер өзінің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруына байланысты шартқа қосылған тарап шарттың қандай жағдайларда жасалғанын білсе немесе білуге тиіс болса,онда жоғарыда көзделген мән-жайлар болған кезде,оның шартты бұзу туралы қойған талабы қанағаттандырылуға жатпайды.
Оған жүгінген әркімге қатысты жүзеге асырылуы тиіс, коммерциялық ұйымның қызмет етуінің ерекшеліктері бойынша (387-б) жария шарт ажыратылады:
- жария шарттың міндетті қатысушысы коммерциялық ұйым болып табылады;
шарттың нысанасы болып коммерциялық ұйымның оған жүгінген әркімге қатысты тауарларды сату ,жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету бойынша қызметтерді жүзеге асыру саналады;
шарттың ережелері тұтынушылардың бәріне бірдей болып белгіленуі тиіс (тұлғалардың кейбір категориялары үшін жеңілдіктерді қоспағанда);
заң құжаттарында көзделген жағдайларда ҚР Үкіметі жария шарттарды жасау және орындау кезінде тараптар үшін міндетті ережелер (үлгі шарттар , ережелер және т.б.) шығаруы мүмкін;
коммерциялық ұйымның тұтынушыға тиісті тауарларды беру , қызмет көрсету және тиісті жұмыстарды атқаруға мүмкіндіктері бола тұра бұл шартты жасаудан бас тартуына жол берілмейді,
коммерциялық ұйым жария шарт жасаудан негізсіз жалтарған жағдайда: а)екінші тарап шарт жасауға мәжбүр ету туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы; б)шарт жасаудан негізсіз жалтарған тарап екінші тарапқа шарт жасаудан бас тарту түғызған залалдың орнын толтыруға тиіс.