5 ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы кеңестік реформалардың қайшылықтары мен зардаптары
Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақстанның әлеуметтікэкономикалық және саяси-қоғамдық жағдай (1946-1965 жж).
Партиялық-мемлекеттік басқару жүйесіндегі Хрущевтің реформасы, оның тиянақсыздығы. Тың игерудің экологиялық және әлеуметтікдемографиялық зардаптары.
Саяси және рухани «тоқырау». Қазақстанда әлеуметтік экономикалық жағдай және дағдарыстың тереңдеуі (1965-1985 жж).
Дәрістің мақсаты: соғыстан кейінгі Қазақстанның әл-ауқаты, қоғамдық жағдайына талдау жасап, әскери-казармалық басқару жүйенің ерекшелігін зерделеу. «Жеке басқа табынушылық» пен «жылымық» жылдарындағы қоғамдық – саяси өзгерістердің Қазақстандағы қасіретін ашып, ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы экономикалық реформалардың сәтсіздігі, халық шаруашылық құлдырау жағдайларына талдау жасау.
Дәрістің мазмұны: Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы әміршіләкімшіл сипаттағы басқару мен «кеңестік цензураның» өршуі, оның зардаптары қаралып, Н.С. Хрущев «жылымығы» тұсындағы реформалардың сипаты қарастырылады. 1960 жылдардың ортасында басталып, аяқсыз қалған реформалар соңы тоқырау жылдарына ұласқаны баяндалады.
1. Соғыстан кейінгі Қазақстанның халық шаруашылығындағы негізгі проблемалар бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру болды. Кеңестік басшылар, соғыстан кейінгі жылдары тәжірибеден өткен қатаң орталыққа бағындырылған социалистік экономиканы басқарудың әдісін негізге алып, оның идеологиялық сипатын күшейте түсті. Басты бағыттары ауыр өнеркәсіп ішінде әскери өнеркәсіптік кешенді дамыту; одақтық республикалар экономикасын орталықтан басқаруды күшейту; еңбеккерлерге еңбек етудің барынша мәжбүрлеу әдістерін қолдану.
Соғыстан кейінгі алғашқы 1946 жыл – кеңестік ауыл шаруашылығы үшін тосыннан болған қуаңшылықтың салдарынан апатты жағдайда болды. Оған соғыстың ауыр зардаптары келіп қосылып, Молдавия, Украина, Ресейдің орталық бөлігіндегі қаратопырақты аудандарында, Төменгі Поволжьеде және т.б. аудандарда аштық орын алды. Осыған байланысты Қазақстан, астықты өлке болмаса да, сол жылғы жиналған астықтың 56% мемлекетке тапсыруға мәжбүр болды. 1950 жылы, 1946 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы егістік көлемі 1 млн 173 000 га. артты. Бірақ астық өндіру сапасының төмендігінен, 1953 жылы жоспарланған 8 млрд пұт орнына 5,6 млрд пұт қана астық жиналды. Қалай болғанда да бұлар ашығып жатқан аудандарға жөнелтілуі керек еді. Алайда, идеологиялық доктрина жетегіндегі билік басындағылар ел тағдырынан айналып өтіп, әрең жиналған астықты «халықтық-демократиялық дамушы мемлекеттерге көмек» ретінде шығыс еуропа елдеріне жөнелтті. Осылайша астық тиелген он мыңдаған вагондар аштықтан қырылып жатқан украин, молдаван селоларына соқпай, Болгария, Румыния, Венгрия, ГДР сияқты социалистік жүйені құрастыра бастаған шығыс Еуропа елдеріне жіберілді.
Соғыстан кейінгі Республиканың мал шаруашылығы да мәз емес еді. Мәселен, тез өсетін қой малының өзі 1928 жылғы санынан төмендеді. Осыған қарамастан, жаудан азат етілген республикаларға көмек ретінде ақысыз 17,5 мың ірі қара, 22 мың жылқы, 350 мың қой, сөйтіп арнайы жеңілдетілген бағамен жалпы саны 500 мың мал соларға жіберілді.
Соғыстан кейінгі Республиканың ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығарудың 2 жолы бар еді. Бірінші жолы - өндірістік қатынастарды қайта құрып жерді жеке меншікке беру, нарықтық қатынасқа көшу, осы арқылы ауыл еңбеккерлерінің еңбекке ынтасын арттыру. Екінші жолы - ауыл шаруашылығын дамытудың экстенсивті жолы, яғни осы уақытқа дейінгі жүргізіліп келе жатқан бағытты сақтай отырып, оны жеделдету жолдарын іздестіру. Қазақстанның халық шаруашылығының дамуы осы екінші жолға түсіп, «жеке басқа табынушылықтың» шырмалған жолында қала берді...
Қарастырылып отырған кезеңдегі өнеркәсіптегі жағдайға келер болсақ, 50-ші жылдардың екінші жартысынан кейінгі жылдардағы Қазақстанның индустриялық дамуының негізгі бағыттары 1956 жылы өткен КОКП-ның XX съезінде қабылданған халық шаруашылығын дамытудың 6-шы бесжылдық, 1959 жылы XXI съезде қабылданған 1959-1965 жылдарға арналған 7- жылдық және 1966 жылы ХХII съезде қабылданған 8-ші бесжылдық жоспарлармен белгіленді. 60-шы жылдардың өзінде ғана 700-дей кәсіпорын қатарға қосылды. Оның ішінде Жезқазған байыту комбинаты, Өскемен су-электр станциясы, Бұқтырма су-электр станциясының бірінші кезегі, Қарағанды-2 жылу электр станциясы, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Павлодар трактор зауыты, Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты және т.б. болды. «Қазақсельмаш» зауыты ауылшаруашылық машиналары бөлшектерін шығара бастады.
И. Сталин қайтыс болғаннан кейін Н. Хрушев тұсында «қырғи-қабақ соғыс» өршіп, жеңіл және тамақ өндіріс салаларына тежеу жасалынып, шикізат пен отын өндірілетін салалар жедел қарқынмен дамығандықтан, халықтың материалдық жағдайы төмен қалпында қала берді.
Республикада 200-дей жаңа өндіріс орындары салынды. Қазақстаннан орталыққа шикізат жіберу үшін темір жол құрылысы жедел қарқынмен дамып, 1953 жылы Мойынты - Шу темір жол торабы пайдалануға берілді. Сібір, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны байланыстырған Павлодар темір жолы ашылды. Ал Қазақстанның мұнайлы аудандарын игеруге байланысты Батыс Қазақстанда Мақат-Ақтау, Ақтау-Жетібай-Өзен, Атырау-Астрахань, Бейнеу-Қоңырат секілді темір жол жүйелері салынды. Халық шаруашылығын дамытуда темір жол транспортымен бірге республикада автомобиль, құбыр, әуе, су жолдары да негізгі рөл атқарды. Республикада 60-шы жылдары құбыр транспорты Маңғыстау түбегінің мұнай байлығын игеруге байланысты ӨзенЖетібай-Шевченко, Өзен-Атырау-Куйбышев мұнай құбырлары іске қосылды. Транспорттағы бұл нәтижелерге қарамастан Қазақстанда сол уақытта жол қатынасымен қамтылудың жеткіліксіздігі байқалды.
Өнеркәсіптегі прогресс Қазақстандағы индустрия саласында жұмысшы табының өсуіне мүмкіндік жасады. 1970 жылы 3,4 млн жұмысшы болды, бұл 1940 жылдан 5 есе көп еді. Бірақта экономикалық реформалардың сәтсіздігі қоғамның әлеуметтік құрамына және тұрмыс жағдайына өз әсерін тигізді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман жұмысшы кадрларын даярлауға қамқорлық жасалмағандықтан, 1957-1973 жылдар жұмысшылар арасында қазақтардың алатын үлесі 17,4%-тен, 11,7%-ке дейін төмендеді. 1970 жылдың басында қазақтар тек мұнай және газ саласында ғана басым болды.
Осыған қарамастан республикада машина жасау жеткіліксіз қарқынмен дамыды, өнеркәсіп өндірісінде оның үлес салмағы 1961 жылы - 10,4%, 1970 жылы - 10,6 % дейін ғана өсті. Республиканың машина, құрал-жабдықтар жөніндегі құрамының 72 % басқа республикалардан әкелу арқылы шешілді. 60-шы жылдары халык шаруашылығын әміршіл-әкімшілдік, бюрократтық жолмен басшылық жасаудың тиімсіз екендігі сезіліп, елдің сол кездегі басшылығы оны қайта қарауға талпыныс жасады. 1959 жылы түсті металлургияның барлық кәсіпорындары Қазақстанның қарамағына берілді. КОКП ОК 1965 жылғы қыркүйек пленумында экономикадағы әкімшілдік айыпталып, өндіріс басшылығын салалық принцип бойынша ұйымдастыру қажет деп табылып, өндірістің сапалары бойынша одақтық, республикалық және жалпыодақтық министрліктер құру жөнінде шешім қабылданады. Өндіріс орындарына біршама өзіндік еркіңдік беріліп, жаңаша жоспарлау мен экономикалық ынталандыруға көше бастады. Халық шаруашылық кеңестері жойылып, жаңадан құрылған министрліктердің қызмет ауқымы кеңейді. Әр министрлік өз саласын қаржыландыру, басқару, шикізат пен жабдықты бөлу, өнім сапасын қадағалау және т.б. күрделі міндеттерді атқарды.
КСРО басшылығы Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдары, нақтырақ айтқанда неміс басқыншылары Москва іргесіне жақындағанда «Халықтар достығы» ұранын көтеріп, КСРО халқына жақындаған сыңай көрсеткен еді. Ол ұран бойынша КСРО ның құрамындағы ұлт өкілдеріне бұрын ел қорғаған батырларын еш бір лауазымына қарамай, дәріптеуге рұқсат берілген еді. Тарихшы Е.Бекмаханов осы бағытта қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің даңқты басшысы, соңғы ханы Кенасары Қасымұлын ұлттық батыр ретінде тарихи аренаға шығарып үлгірген еді. 1941-1943 жж. Сталинград қаласының түбінде жау әскерлерінін бүтіндей бір армиясын қоршап алып, жойып жібергеннен кейін шовинизмге бағытталған «ұлы орыстық» ұрандар үстем бола бастады. Соғыстан кейін, жасандылықпен ойластырылған «Халықтар достығы» деп аталатын жоғарыда айтылған даңғаза ұран су сепкендей басылып, халық ішінен жау іздеуге дағдыланған әкімшіл-әміршілдік жүйе қайта жанданды. Өзгеше ойлайтын адамдарды қудалауға жаңа науқан ашқан БКП (б) Орталық Комитетінің 1946 жылдың 14 тамыздағы «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы қаулысы соғыстан кейінгі қуғын-сүргінге жол ашты. Ол қаулыда Ленинград қаласы мен орталық басшылықтағы жас партия және дәрігерлер кадрлары нақақтан айыпталған болатын. Қазақстан партия комитеттері болса, өз жұмысын дәл осы қаулының аясында жүргізіп, тарихшы «Бекмахановтың ісі» ұйымдастырылды. Б.Бекмаханов соғыс жылдары А.П.Кучкин, А.М. Панкратова. Б.Д. Греков. Н.М. Дружинин сияқты тарихшыларымен бірлесіп, Қазақ КСР тарихы кітабын даярлаған болатын. Кітап 1943 жылы баспадан жарық көрді. Бірақ, көп ұзамай сынға алынып, кітаптағы хан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің ұлттық сипатына берілген баға қызу айтыс тудырды. 1950 жылғы «Правда» газетінде Е.Бекмахановтың ашқан жаңалығы теріске шығарылды. 1951 жылы 10 сәуірде Қазақстан КП-ның Орталық Комитеті сол газетіндегі мақала бойынша арнайы қаулы қабылдап, Бекмаханов 1952 жылы 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды.
Е. Бекмахановпен бірге көптеген көрнекті қоғамтанушы ғалымдар – Қ Жұбанов, Х. Жұмалиев, Б. Шалабаев, тарихшылар - Б. Сүлейменов, Х. Әділгереев, С. Бақшылов, антрополог - О. Смағұлов т.б. жазаланды. Ал Ә. Марғұлан, Ә. Әбішев, С. Бегалин секілді ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды.
1948 жылы «космополитизммен», яғни шетел мемлекеттерінің мәдениетіне көңіл бөлушілермен күрес науқаны басталды. Нәтижесінде кейінгі кеңес әдебиетшілері - Б. Кенжебаев, Г. Нұртазин, Ә. Қоңыратбаев, Е. Ысмайылов ұлтшылдар ретінде қудаланды. Ғылым Академиясының президенті Қ. Сәтбаев «Едіге батырға» алғысөз жазғаны үшін «ұлтшыл» және кадр мәселесінде төңірегіне ағайын-туыстарын жинаған «ымырашыл» атанса, М. Әуезов Абайдың ұлтжандылығын көрсетіп, «феодалдық ақындар» -
Шортанбай, Шернияз, Жүсіп Бабатайұлы сияқты зар-заман ақындары мен өз заманында ойшыл-ғұлама атанған Мәшһүр Жүсіп Көпеевті халық ортасында суреттегені үшін» қудаланады. Бірақ, Қ. Сәтбаев пен М. Әуезов ретін тауып, Москвадағы достарын паналаудың арқасында жазаланудан аман қалды.
Тек 1953 жылы, Сталин қайтыс болғаннан кейін қуғын-сүргін науқаны біраз баяулады. 1953 жылы мамыр айынан бастап социалистік қоғамдағы қайшылықтар, жеке тұлға мен халықтың тарихтағы рөлі, Сталиннің жеке басына табыну мәселелері төңірегінде алғашқы пікірлер айтыла бастады. Кезінде ОГПУ, НКВД-ні басқарып, әкімшіл-әміршіл жүйенің адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарын заңдастырған Берия ату жазасына кесілді. Бірақ бұл - әкімшіл-әміршіл жүйенің күйреуі емес болатын. Сотталған адамдар бұрынғыша лагерьлерде қала берсе, Сталинді жақтаушы көптеген саяси қайраткерлер жоғарғы өкімет орындарында отыра берді.
2. Партиялық-мемлекеттік басқару жүйесіндегі Хрущевтің реформасы, оның тиянақсыздығы. Тың игерудің экологиялық және әлеуметтікдемографиялық зардаптары
1954 жылы орталыққа Н.С. Хрущев билікке келген тұста, Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны барысында Қазақстанның билік басындағы кадрлары өрескел түрде алмастырылды: он жыл ішінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы алты рет өзгертілді. Бірінші хатшы Ж. Шаяхметовтің орнына КСРО мәдениет министрі П.
Пономаренко тағайындалды. 1955-1957 жж. Л.И. Брежнев П.
Пономаренконың орнына көтерілді. Кейінгі басшылар: Н.И. Беляев (19571960 жж.), Д.А. Қонаев (1960-1962 жж.), И. Юсупов (1962-1964 жж.) болды. Бұл басшылардың көбі қазақ тарихы мен оның ұлттық табиғи ерекшеліктерін білмейтін. Сондықтан науқан нәтижесі экологиялық, демографиялық, рухани зардаптарға алып келді.
1956 жылы 14 ақпанда Москвада КОКП-ның XX съезі өтіп, онда Сталиннің жеке басына табыну айыпталды. Съезд өткен соң, жарты жылдан кейін, 30 маусымында «Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою» жөнінде қаулы қабылданып, елде бірқатар демократиялық өзгерістер басталды: кеңес және қоғамдық ұйымдардың рөлі біршама өсті; қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар адамдардың ой еркіндігін туғызды. Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз сотталған адамдар лагерьлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. 1930-1950 жылдары істі болған зиялылардың істері қайта қаралып, 1953-1956 жылдары партия қатарынан шығарылған 5 456 адам, Ұлы Отан соғысы жылдары жау басып алған территорияларда қалғандары үшін жазаланған 243 коммунист ақталды. Сондай-ақ, 1954 жылы Е. Бекмаханов, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов елге оралды. К. Бекхожин, С. Мұқанов, С. Кеңесбаев сияқты көрнекті мәдениет қайраткерлері партия қатарына қайтадан алынды. Әйтсе де, әбден орныққан әміршіл-әкімшілдік жүйенің тамыры жойылмай қалды. Кінәсіз сотталған адамдардың көбі әлі де түрмелерде қалды. Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталды. Орыс тілінің рөлін ұлтаралық тіл ретінде көтеру мәселесі өте қауіпті болды. Тарихи шындықтар ақтаңдақ күйінде қала берді. А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов және т.б. Алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Жалпы айтқанда, «жылымық» кезіндегі қайта құрулар соңына дейін жеткізілмеді.
Н.С. Хрущев республиканың бүкіл қоғамдық саяси өміріне тікелей араласты: Қазақстанның оңтүстік аудандары Өзбекстанға берілді. Тың өлкесінде 6 облыстың өлкелік партия комитеті біріктіріліп, тікелей Мәскеуге бағындырылды. Ақмола - Целиноградқа, Батыс Қазақстан - Орал облысына айналды. Теміртаудағы саяси толқу ұлт саясатына байланысты емес, тәртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды.
1956 жылдың ақпан айында өткен КОКП-ның XX съезінің ұйғарымымен Қазақ КСР-нің алдына жаңа міндет - астық өндіруді 5 есеге арттыру міндетін қойды. Осыған орай, 60-шы жылдардың ортасына қарай Қазақстанда жыртылған тың және тыңайған жер көлемі 25 млн. гектарға жетті. Бірақ, жаңадан игерілген тың жерлер 60-шы жылдардың ортасына қарай өз мүмкіндіктерін сарқи бастаған болатын. Осының салдарынан әрбір гектардан жоспарланған 14-15 ц астық орнына 1954-1958 жылдары 7,4 ц жиналса, 19611964 жылдары - 6,1 ц, ал 1964 жылы - 3,1 ц ғана астық алынды. Тіпті осы кезден бастап КСРО АҚШ, Канада, Аргентина, Франция сияқты елдерден астық сатып алуға мәжбүр болды.
Тың игеру науқаны кезінде рухани саясаттың да үлкен зияны болды: Қазақ халқы тың игеруге ынталандырылған жоқ; қазақ тіліндегі мектептер саны 700-ге кеміп, қазақ тілінде шығарылатын әдебиеттер мен баспасөздің саны күрт төмендеп кетті; 3 мыңнан астам елді мекеннің тарихи аттары өзгертіліп, ұлттық сананың өшуіне нұқсан келтірілді; Орасан үлкен аймақта жер жырту оқиғасы орны толмас экологиялық апаттарға, дәстүрлі мал жайылымының қысқаруына алып келді. Тың игерудің алғашқы жылдарында жердің бет қыртысына (гомусы) нұқсан келіп, 18 млн. га. астам жер эррозияға ұшырады.
Тың игеру жылдарының осы кезеңдерінде Қазақстанның солтүстік облыстарында мемлекетке қолайлы совхоз ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Сөйтіп, 1958 жылдын ақпан айынан бастап колхоздар совхоздарға, МТС-тар жөндеу станцияларына айналдыра бастады.
Тың игерудің алғашқы кезеңінде өзге республикалардан орталыққа қолайлы 640 мың адам көшіріліп әкелінді. Нәтижесінде тың игеру жылдары Қазақстанға 2 млн адам сырттан әкеліп қоныстандырылды. Осылайша қазақтар 1959 жылғы санақта тарихи отанында азшылыққа айналу үрдісінің төменгі мөлшеріне жетіп, 29,7% пайызды құрады.
Қорытындысында Қазақстанда 18 млн га тың жер игеріліп, республикадағы егістік көлемі 22,4 млн гектарға жетті. 1956 жылы Қазақстан алғаш рет миллиард пұт астық алып, Ленин орденімен марапатталды.
Қазақстанды орталықтан басқару-республика құқын шектеудің сорақы көрінісі - 1949 жылы 29 тамызда басталған Семейдегі сынақ полигоны болатын. Бұл Қазақстанға орны толмас қасіретін әкелді: 1963 жылға дейін осы полигондағы ашық ауада 113 жарылыс жасалса, 1964 жылы жер астына көшіріліп, 1989 жылға дейін 343 сынақ жасалды. Ал оның зардаптары 1990 жылға дейін жалғасып келді.
Сонымен, ХХ-шы ғасырдың 50-60 жылдары республикада интернационализм түсінігі шектен тыс үстем идеологияға айналды. Бірақ, ұлттық мәселелердің барлығы тек интернационалдық жолмен шешіледі дегенмен, ол түсініктің негізінде шын мәнінде ұлы державалық шовинизм жатты. Бұның бәрі, негізінен «жылымық» жылдарында жүргізілген Н.С. Хрущев реформаларының жартыкештік сипатына байланысты еді.
3.1964 жылдың қазан айында өз билігін жүргізуде басшылықтың ұжымдық нормаларын бұзып, оны волюнтаризм мен субъктивизмге қарай бұрған Н.С. Хрущев биліктен кетті. КСРО-ның 1-хатшылығына Л.И. Брежнев, Министрлер Кеңесінің төрағалығына А.Н. Косыгин тағайындалды. Қазақстан КП ОК 1- хатшылық қызметіне көрнекті қоғам қайраткері Д.А. Қонаев келді.
1960-шы жылдардың бас кезінде ауыл шаруашылығының жағдайы қайта нашарлап, өзінің өсу деңгейін тоқтатқан болатын. Тың игеру, ғылыми негізі жоқ шаруашылық науқандар барысында жіберілген кемшіліктердің бірқатары КОКП ОК 1965 жылдың наурыз, 1966 жылдың мамыр пленумдарында ашық айтылып, оларды жоюдың шаралары белгіленді. Бұл жаңа реформаларға ұласты мәселен ауыл шаруашылығының берік негізін жасау, жоспарлауды жақсарту, колхоздар мен совхоздарда шаруашылық есепті енгізу, еңбекті материалдық және моральдік ынталандыру міндеттері қойылды.
1966-1970 жж. республика ауыл шаруашылығын дамытуға 5,5 млрд сом қаржы бөлінді. Осының арқасында 8-ші бесжылдықта ауыл шаруашылық өнімі 54% өсіп, Қазақстан Кеңестер Одағының өзіндік ерекше ауыл шаруашылық ауданына айналды. Оның үлесіне Одақтағы ауыл шаруашылығы өнімінің 11% тиді. Мемлекеттік қорға республикадан әрбір 4-ші тонна жүн, 12-ші тонна ет және 5-ші тоннаастық түсті. Ауыл шаруашылығына жұмсаған мемлекет шығыны өскенмен қайтарымы аз болды. Еңбекшілердің еңбек ақысы мен халықтың табысы өскенімен, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп саласы қоғамды қажетті тауармен, азық-түлікпен, сервистік қызметпен қамтамасыз ете алмады. Осындай жағдайдың негізінде тапшылық (дефицит), тамыр-таныстық, ұзын-сонар кезектер сол кезеңнің күнделікті көрінісіне, дағдыға айналды.
1965 жылы экономиканы басқарудағы салалық министрліктер мен мекемелер қалпына келтірілді. Кәсіпорындар еркіндік алып, еңбекке ынталандыру мақсатында шаруашылық есепке көшірілді. Өткізілген өнімнің нәтижесінде жалақыны өсіру, сыйақылар төлеу қадамдар еңбек өнімділігін арттыру тиіс болды. 1966 жылы 11 ірі кәсіпорын шаруашылық есепке көшірілсе, 1967 жылдың соңында 193 кәсіпорын жаңа тәртіппен жұмыс жасады. Тоғызыншы бесжылдықта жаңа жүйесі бойынша шаруашылық есепке көшкен Қазақстанда 1578 кәсіпорын жұмыс істеді. 1966-1970 жж реформаның нәтижесі жоғары болды. Қазақстан Одақ бойынша көмір өндіруден, қорғасын қорытудан алға шықты. Мұнай өндіру, химия өнеркәсібінің маңызы артты. Кен орындары көптеп ашылып, жаңа өнеркәсіп аудандары ашылды. Бесжылдықтың соңына қарай 445 ірі өнеркәсіп орындары мен цехтар ашылып, зауыттар мен фабрикалар қайта жабдықталды. Қазақстанда минералды тұз, синтетикалық каучук, химия өндірістері кеңейді. Қаратау бассейніндегі фосфорит қоры, КСРО-дағы сары фосфор мен тыңайтқыш шығаратын ірі орталыққа айналды. Қарағанды металл зауытының Одақ бойынша маңызы өсті. Ол жоғарғы сапалы шойын, мыс өндірді. Республика хром өндіруден бірінші орынға, темір және марганец өнімдерін өндіруден үшінші орынға көтерілді. Машина жасау өнімін өндіру 1,6 рет, соның ішінде ауыл шаруашылығы машиналарын өндіру 2 есе артты. Республикадағы трактор жасау саласының негізі болған Павлодар трактор зауыты іске қосылды.
Жеңіл өнеркәсіп салалары да біршама дамыды. Қазақстан жеңіл өнеркәсібі 1970 жылы Одақ бойынша өндірілген барлық өнімнің 16%-ін берді.
КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Л.И. Брежнев басқарған басшылық өткеннен сабақ алмады. Осының салдарынан ауыл шаруашылығына, өндіріске қатысты қаулы-қарарлар бұрынғысынша әкімшіл-әміршіл сипатта қала берді. Қабылданған қаулылар іс жүзінде кеңес атқару комитеттері мен шаруашылық ұйымдарының атқаратын міндеттерін облыстық, аудандық және бастауыш партия ұйымдарына жүктеп, өндіріс орындары, колхоздар мен совхоздарды өзіндік еркіндіктен айырды. Реформалар кредиттік-қаржылық жүйемен материалдық-техникалық жабдықтаумен байланыстырылмады. Осылардың салдарынан бір жағынан Қазақстанның экономикасының қуаты арта түссе, екінші жағынан оның орталыққа тәуелділігі күшейе түсті. Осының салдарынан 1970 жылдың басында экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған идеялары бұрмаланды. Көптеген кәсіпорындар пайда табудың қызығына беріліп, өз өнімдерінің бағасын қолдан жоғарлату жолына түсті. Бағаның өсуі есебінен алынған пайда жалақыны көбейтуге мүмкіндік берді, оның өсуі еңбек өсімділігінің өсуін басып озды, мұның өзі 1970 жылдардың басында инфляция процестердің басталуының себебі болды, бұл экономиканың дамуына теріс ықпал жасады. Реформаның сәтсіздікке ұшырауының негізгі себебі саяси саладағы демократияландыру процесінің тежелуі болды. Ол тек экономикалық ұйымдық-техникалық саласымен ғана шектеліп, қоғамның саяси құрылымына, меншік қатынасына соқпады, мемлекеттік меншіктің монополиясын сақтады, нарықтық қатынастарды теріске шығарды. 1970 жылдар басында реформаны жүргізу тоқтатылды.
«Тоқырау» кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 проценттен аз қаржы аударды. Міне, осындай және тағы да басқа себептерге байланысты өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тәртібін бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дәрежеде тез енгізілмеді. Өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылымитехникалық дамуда, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін қалу күшейе түсті. Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін өсіру ауыр өнеркәсіпте негізгі мақсатқа айналды
ІХ бесжылдықта жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан өнеркәсіп көлемі 12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25%-ке, ал он бірінші – 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-ші жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін төмендеді. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-70%-ке өсіру міндеті қойылса, ол іс жүзінде 36%-ке ғана орындалды.
Өндірісті көлемі жағынан басымырақ өсіру идеяларында тәрбиеленген республика басшылығы үсті-үстіне жаңа шығындар жұмсау әдісімен әрекет жасады, отын, энергетика салаларын ұлғайтты, өндіріске табиғи ресурстарды жеделдете тартты. Мысалы, Маңғыстауда өндіретін мұнайдың және онымен қосылып шығатын газдың тек қана 8-10% ғана пайдаланылды.
Қызықты идеялар мен ұсыныстар аз болған жоқ, жаңашылдар мен өнертапқыштардың саны көбейді, тек 1981-1985 жылдары жаңашыл ұсыныстар берген авторлардың саны 818,8 мың адамға жетті. Алайда, олар өндіріске ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін енгізу практикасында аз ықпал жасады. Көптеген кәсіпорындарда өндірістің бүкіл процесі емес, тек жеке учаскелері ғана автоматтандырылды немесе комплексті механикаландырылды. 80-ші жылдардың орта кезінде өнеркәсіптегі жұмысшылардың үштен бірі, құрылыста жартысынан астамы ауыр қол еңбегін атқарды, олардың творчестволық белсенділігі төмен болды. Кәсіпорындарда социалистік жарысты ұйымдастыру жасанды сипат алды. Ресми мәлімет бойынша бұл жылдары жарысқа жұмысшылардың 90% қатысқанымен, мұның өндірістің өсу қарқынына, еңбек өнімділігіне, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірісті жетілдіруге ықпалы болған жоқ. Өндірісте немқұрайлылық, салақтық, ынта-жігерсіздік тағы басқа да келеңсіз көріністер үйреншікті әдетке айналды.
Тоқырау жылдары ауыл шаруашылығында зиянмен жұмыс істейтін шаруашылықтардың саны артты. Егер 1970 жылы ондай шаруашылықтардың үлес саны совхоздардың 26%-ін, колхоздардың 4%-ін қамтыса, 1985 жылы совхоздардың 53% , колхоздардың 49% зиянмен жұмыс істеді. Ауыл, село еңбекшілеріне еңбекақы төлеуде теңгермешілік күшейді, адамдар көбінесе ақшаны жұмыстың нәтижесі үшін емес, жұмысқа шыққаны үшін алды. Еңбекте ақы төлеу оның өнімділігінің өсуінен басып озды. Республиканың жергілікті жерлеріндегі ауыл шаруашылығы өндірісін ұтымды ұйымдастыру, оның тиімділігін арттыру бағытындағы кейбір ізденістер басшы органдар тарапынан қолдау таппады. 80-ші жылдардың басында жүргізілген сансыз көп қайта құрулар, эксперименттер, бағаның, интеграция мен мамандандырудың жаңа түрлерін және т.б. енгізу ауыл шаруашылығының берекесін кетірді. Одан болдырған ауыл шаруашылығы қатаң әкімшілік бақылауға алынып, аяғында келіп дағдарысқа ұшырады. Істің жағдайын жаңа шешімдер қабылдау жолымен өзгертуге тырысу елеулі нәтиже бермеді.
Бақылау сұрақтары:
Соғыстан кейін азық-түлік қауіпсіздігін шешу басты мәселеге айналғандығын түсіндіріп беріңіз.
Н.С. Хрущевтің КСРО-ны басқарған жылдардағы оң өзгерістерге нендей саяси-әлеуметтік оқиғаларды жатқызар едіңіз? 3) «Тоқырау кезеңі» дегеніңіз не мағынаны білдіреді?
Достарыңызбен бөлісу: |