Білім берудегі менеджмент
Бүгінгі күні педагогика ғылымында педагогикалық процесті басқару ғылымы тұрғысынан зерттеу, түсіну бағыты байқалады.Менеджмент ғылымында басқару– мақсатқа жетуге бағытталған іс-әрекеттерді ұйымдастыру. Мағынасы бойынша "менеджмент" термині "басқару" терминімен ұқсас. Алайда, қазіргі түсінік бойынша "басқару" ұғымынан "менеджмент" ұғымы кеңірек, өйткені ол адамзат қызметінің әр түріне қолданылады. Менеджмент (мanage ағылшын тілінде – басқару, меңгеру, ұйымдастыру) – ұйымда немесе кәсіпорында жұмыс істейтін адамдардың еңбегін басқара отырып, алға қойған мақсатқа жетуді ұйымдастыра білу, әлеуметтік, оның ішінде білім беру үдерісін басқару принциптері, әдістері, құралдары мен нысандарының жиынтығы. Басқару объектілері – биологиялық, техникалық, әлеуметтік жүйелері. Әлеуметтік жүйелердің бірі – білім беру жүйесі.
Әлеуметтік басқарудың жалпы заңдылықтарына бағынғанмен, білім беру жүйесін басқарудың өзіне тән ерекшеліктері бар. Білім беру менеджментінің негізгі мақсаты — білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тиімділігін арттыру.Педагогикалық менеджмент оқу-тәрбие, оқу-таным үдерісінің және білім берудің бүкіл жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған, оларды басқарудың принциптері, әдістері, ұйымдастыру нысандары мен технологиялық тәсілдерінің кешені.
|