36. Марксизм философиясы
Марксизм — 19 ғасырдың 40-жылдары Карл Маркс пен Фридрих Энгельс негізін қалаған философиялық, экономикалық және әлеуметтік-саяси көзқарастар жүйесі. Марксизмнің теориялық қайнар көзі — классикалық неміс философиясы (Г. Гегель, Л. Фейербах), классикалық ағылшын саяси экономиясы (А. Смит және Д. Рикардо) және француз утопиялық социализм ілімі (Ш. Фурье, Р.Оуэн және Сен-Симон).Марксизмнің мақсаты, қоғамның негізгі қозғаушы күші ретінде жұмысшы табының маңызын теориялық негіздеу болды.
Философия саласында марксизм табиғат, қоғам мен ойлау дамуының жалпы заңдарын (қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңы, терістеуді терістеу заңы, т.б.), Гегельдің идеалистік философиясы ережелерін тұжырымдап, қоғамды, ең алдымен, экономиканы талдау кезінде қолданды. Марксизмнің түйінді идеялық қағидалары — қосымша құн және өндірісті қоғамдастыру түсініктеріне негізделген капитализмнің экономикалық жүйесін талдау, тарихи материализмнің философиялық жүйесі, соның ішінде пролетариаттың тарихи рөлі туралы қорытындылары 19 ғасырдың 2-жартысында жұмысшы қозғалысының негізгі идеологиясына айналды. Марксизм дүниені кең ауқымда қайта құрудың белгілі бір үлгісін қалыптастыруға бағытталды, жаппай әлеуметтік, рухани көзқарастар төңкерісі идеясын жариялады. Классикалық марксизм ымырасыздығымен, іске асатын жобасының зардаптары туралы мәселені шешудегі қаталдығымен ерекшеленді. Марксизм социалистік төңкеріс нәтижесінде пролетариат диктатурасын, екі кезеңнен (социализм мен коммунизм) тұратын коммунистік қоғам орнатуды мақсат етті. Марксизмдегі аш-қан қоғамдық-экономикалық формация теориясы бойынша жаңа өндіргіш күштер мен күні өткен өндірістік қатынастардың арасында жанжал шығып, әлеуметтік төңкеріске әкеледі. Нәтижесінде бір формация екіншімен ауысады.
Марксизм ілімі бойынша тарих барлығы бес формациядан: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік және коммунистік формациялардан тұрады.
Соңғысы адамзат дамуының ең биік сатысы деп саналды. Дегенмен, марксизм қоғам өміріндегі әлеуметтік және саяси үдерістерге үстірт қарады, түпкі мақсатқа жетуде қантөгіске толы тап күресіне басымдық берді, оның қоғам дамуының ағымына қарай икемділігі шамалы болды. 19 ғасырдың аяғынан бастап марксизм социал-демокриялық қозғалыстың негізгі идеологиясына айналды.
Бірақ 20 ғасырдың бас кезінде бұл қозғалыс екіге бөлінді:
1. В.И. Ленин, т.б. бастаған төңкерісшіл бағыт.
2. Э.Бернштейн, т.б. бастаған реформашылдық бағыт.
Реформашылдар бірте-бірте марксизмнің негізгі теорияларынан бас тартып, қазіргі Батыс Еуропа елдеріндегі социал-демокриялық идеологияны қалыптастырды. Ал Ленин бастаған солшыл күштер Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін коммунистік тоталитарлық жүйенің негізін қалады. 1990 жылға дейінгі кезеңде марксизм социалистік елдердегі мемлекеттік идеологияға айналды. Социалистік жүйе құлағаннан кейін, марксизмді зерттеп, баға беретін жаңа кезең басталды.
Достарыңызбен бөлісу: |