118
Соғыс басталған соң-ақ бұрынғы халықтың керек-жарақ (сайман, бұл-былғары,
кездемелерін) істеп шығарып тұратын фабрика, зауыттар соғыс жабдығының қару-
жарағын істеуге кірісті. Керек-жараққа зәрулік артқан сайын баға көтеріле берді. Мұның
үстіне Россияда өзгеріс болды. Фабрика, зауыттардағы жұмысшылардың көбі ел билеу,
тұрмыс түзеу жұмысына, саясат ісіне кірісіп, жұмыс иесіз қалды. Қалаларда бассыздық,
аласапырандық көбейіп, бар нәрсенің көбі ойран, күл-талқан болды: таланды, ұрланды,
бүлінді, өртелді. Аз мұнша істеп шығарған керек-жарақ толып жатқан көп жұртты жарыта
алмады. Және аз-маз жетерлік нәрселердің өзін тасып жеткізерлік көлік қатынас тағы
азайды. Отарбаның бәрі соғыс, өзгеріс, саясат жұмыстардың айдауында болып, шет
жерден керек-жарақ әкелуге мүмкін болмады. Мүмкін болған жерде мойнын бұра алмады.
Соғыс, өзгеріс, қымбатшылық әрекет азықты да, керек-жарақты да, малды да азайтты,
тауысуға таяды.
Енді мұнан не шықты? Мұнан шыққан нәрсе — шаруаның күйзелгені. Азық-түлік, керек-
жарақтың кемігені, кем нәрсені тауып алуға шаманың жоқтығы. Ал енді не болмақ? Енді
ашаршылық,
таршылық, қымбатшылық болмақ.
Олай болса не істеу керек? Бұрын мұжық көп қылып егін салушы еді. Шығымды болса
орыс та, қазақ та астыққа қарық болушы еді. Бұл болмайын деп отыр. Себебі мұжықтың
егін саларлық өгізі, аты, соқасы, тұқымы азайды, кісісі кеміді. Өзгесін бірдеме қып көрер
еді, көлік пен соқа, тұқым табу мейлінше қиын, мүмкін емес. Биыл егіншілер жылдағы
салатын егінінің жартысын салса, күштегені, салғаны-ақ. Ол салған егін жақсы шыққан
күнде де қаусап отырған Россияның жұмырына жұқ болуға жарамайды. Әркім өзін
асыраса сол-ақ. Ендеше, орыстың астығына сеніп отыруға орын жоқ.
Егін салатын қазақ биыл шамасы келгенше тырбанып, егінді мол салу керек. Егін
салатындар салуға кірісу керек. Ертерек қам қылып, соқа іздеп, бар-жоғымен ұйысып,
күшін біріктіріп, егін салуға аянып қалмау керек. Біреуге сеніп үйде отыра беретін заман
емес екенін жұрт байқайтын шығар. Қолдағы қара-құраға малданып, бос қалмаңдар.
Астық болмаса малды да ұстап отыру қиын болар, онан да күн бұрын өз қотырымызды
өзіміз қасып, тұлыпқа мөңіремес қамымызды қылып,
егіннен қамтама қалмайық, жұрт!
Достарыңызбен бөлісу: