Р.Н.
ОҚЫТУШЫЛАР ҰЙЫМЫНАН Әр жердегі оқытушы жолдастарымыздан ұйымға хат келеді: «Мектептің қаражат жағы
реттелмеген, балалар өте жарлы, ақы берер әлі жоқ. Ауқаттылар қарайласпайды, ескі
моллалар кіжіңдеп, мұғалімдік құрады, мұғалімнің жолына қарсы турады. Күйіміз оңды
емес, ауыр» деп. Бұл сөзге ұйым былайша қарап, жұртқа білдіріп өтінеді:
«Биылша ғана мектептеріңізді тарықтырмай, көздеріңіздің қарашығындай сүйікті
балаларыңызды оқудан мақұрым қалдырмай жәрдем етсеңіздер екен.
Обласной сиез жасаған қаулы қазаққа толық закон екенін ескеріп, ескі дүмше моллаларға
бала оқытып әуре болмасаңыздар екен. Биылдан соң оқу ісі земство қолына көшіп,
қаражат ғылым жағына қарайласады.
Екінші, ескі моллалардың жұртқа түсіндірмей жібергендігінен халық баланы кезі келгенде
ғана уақыт талғамай оқуға бере бергісі келеді. Оқудағы баланы мұғалімнен сұрамай, ертіп
жолаушы кетеді. Қайтып келген соң мұғалім мектепке алмаса, ренжиді. Жұрт, естеріңізде
бол сын, мектеп — ереже, әдеп, оқу үйренетін жер, селқос, қолы тигеннің орны емес.
Елдегі жолдастарымызға білдіреміз: бірінші ноябрьге дейін мектепке кірмеген шәкірт
қабыл қылынбайды. Үш күн себепсіз мектепке келмей қойған бала шығарылады. Бұл
ережені оқытушылар ұйымы жасаған. Осымен іс қылған мұғалімдердің мазасын алу
жарамайды. Қандай кінә болса да оқытушылар ұйымына қойыңыздар».