Әдебиеттер:
1 Алтай Ж. Философия тарихы:оқулық/Ж. Алтай, А. Қасабек, Қ. Мұхамбетәли.-2-
шi басылымы.-Алматы:Раритет.-2006.-310 б.
2 Байтенова Н. Ж. Философия:учебник для студ. вузов/КазНУ им. аль-Фараби; сост.
Н. Ж. Байтенова.-Алматы:Қазақ университетi.-2006.-390 с.
3 Нысанбаев Ә. Философия тарихы/[ғылыми ред. Ә. Нысанбаев; құраст.: Ә.
Нысанбаев, Ғ. Құрманғалиева; аударғандар: Д. Раев, А. Құлсариев].-Астана:Аударма.-
2006.-484 б..-(Мәдени мұра)
3
Тақырып
Антикалы
қ
мәдениеттегі философия
Жоспар:
1. Антика философияның шығуы және кезендері.
2. Алғашқы негіз мәселесі Диалектиканың қалыптасуы.Элей
мектебі. Софистика.
3. Классикалық кезеннің философиясы:Сократ, Платон,
Аристотель, Перипатетиктер.
4. Эллин дәуірі: киниктер, эпикурліктер, стоиктер, скептиктер.
Плотон және неоплотониктер.
Адам туралы толғаныстар грек аңыздары, гомер поэзиясы арқылы
жеткен көне грек дiндерi мен космологиясының антроморфизмдық
сипатынан байқаймыз.
Оған дәлел ретiнде Гомердiң “Илиада” мен “Одиссея” эпостарын
қарастырайық.
Осы эпостарда адамдардың қайдан, қалай пайда болғаны туралы
ештеме айтылмайды. Ондағы кейiпкерлер жартылай құдайлар,
жартылай адамдар, алыптар, табиғаттың дүлей күштерi ретiнде
бейнеленген. Олардың iс әрекетiнен адам қасиеттерiн табамыз.
Адамдарды құдайларға қарсы қою арқылы, салыстыра келе, адамдарға
лайық қасиеттердi ажыратамыз.
Құдайлар мәңгi өмiр сүрсе, адамдардың өмiрi қысқа. Олар
құдайларға жалына тiршiлiк етедi. Адам тәннен, үш түрлi рухтан
тұрады. Оның бiріншiсi – “псюхе” – тiршiлiктiң басы яғни жан. Рухтың
екiншiсi – “тюмос” – сезiмталдық, үшiншiсi – “ноос” – ақыл. Осының
алғашқы екеуiн жануарлардан, ал барлығын құдайлар мен адамдардан
табамыз.
Гомерден кейiнгi мифологиялық туындыларда адам туралы
мардымсыз мәлiмет сақталмаған. Грек философиясының бастапқы
кезеңiнде адам космос дүниесiмен бiте қайнастыра қаралғанымен
қоймай, тiптi оның шағын көрiнiсi деп есептелген.
Плутарх және Пифагордың айтуынша космос ұғымын күллi әлем
түзiлiсiне алғашқы рет милеттiктер (Фалес, Анаксимандр, Анаксимен)
қолданған. Пифагорлықтар космосты адамға ұқсас организм деп
бiлген. Ал организм дегенiмiз жаны бар болмыс. Осы болмыстан
құдайдың, табиғаттың, адамның қасиеттерiн көруге болады. Алғашқы
грек философтары әлемнен адамды тапса, адамнан әлемдi көре бiлген.
Алғашқы грек философтарының iлiмiнде натурфилософиялық
сарын басым болды. Сол кезеңдегi рулық қоғамның ыдырауы мен құл
иеленушi қоғамның қалыптаса басталуы яғни өтпелi кезең осы
философтардың iлiмiне әсерiн тигiзбей қоймады. Ескi шаруашылық
және саяси өмiрдiң өзгерiске ұшырауына байланысты халық бұқарасы
ояна бастады. Осы кезеңде милет даналары халықты
ұстамдылыққа,сабырлылыққа шақырды. Олар, өзiңдi өзiң танып бiл,
мөлшерден шықпа деген ұран тастады. “Өзiңдi өзiң таны” дегенi өзiңнiң
болмысыңның өмiр сүруi принциптерiн дайын күйiнде тауып отырған
космостық тұтастыққа қосқан үлесiңдi таны дегенi едi. Бүкiл әлем
құпия сырларға толы деген түсiнiктi грек даналары қайта қарастыра
бастады. Космостан адам атына сай күштердi iздестiрдi. Грек
мәдениетiнiң гүлдену барысында әлеуметтiк рухани өмiрде пiкiр
таластары жанданды.
(б.з.д.) Ү ғасырдың екiншi жартысында өз iлiмдерiн дәрiптей
бастаған софистер мен Сократ мектебi қалыптасты. Софистер сөз
өнерiн меңгерген орақ тiлдi адамдар едi. Көне грек сөзi “софистэс” –
бiлгiр, деген мағынаны бiлдiрдi. Халық жиналған жерлерде, сот
мәжiлiстерiнде тыңдаушыларды нандырып, сендiру, иландыру аса
қажет өнер болатын. Сондықтанда ойлай, икемдi сөйлей бiлетiн
софистердiң шығуы кездейсоқ емес едi.
Олардың iлiмiндегi басты мәселе адам едi. Софистер мектебiнiң
iргесiн қалаушы Протагор “Адам дүниедегi барлық заттың өлшемi,
бардың бар екенiн, жоқтың жоқ екенiн анықтайды” деген қанатты
сөзiмен жұртқа әйгiлi болды. Адам жан күйiн рахат сезiмге бөлейтiннiң
барлығы жақсы, ал азап әкелетiннiң барлығы жаман. Жақсы мен
жамандықтың өлшемi сезiмталдық деп ұқты Протагор.
Космологиялық философия адамның өмiр сүру принциптерiнiң
негiзiн табиғаттың, дүние түзiлiсiнен iздесе, софистер сол өмiрдiң
өзiнен iздедi. Олар өздерiнiң қызметiн ағартушылық деп ұқты. Өмiрдегi
кездесетiн құбылыстардың барлығын да адам өзi тудырады деп
үйреттi. Қабiлет және инабаттылық қасиеттер адамға туа бiтпейдi,
жүре келе тәжiрибе жинақтау арқылы, тәрбие арқылы жетпек дедi
софистер.
Әдетте, Сократты адам философиясын жасаушы дейдi.
Цицеронның айтуынша Сократ философияны көктен жерге түсiрiп,
қалаларға, үйлерге кiргiзiп, зұлымдық, жақсылық пен жамандық
туралы ойланып-толғануды үйреткен екен.
Сократтың ықыласы адамның инабаттылық танымдық қасиетiне
қойған мақсат-мүддесiн танып бiлуге ауды. “Өзiңдi өзiң танып бiл”
деген нақыл сөздi ұстанған Сократ адамның мақсаты өзiнiң моральдық
қасиетiн жетiлдiру үшiн еңбек ету керек деп уағыздады. Ол үшiн бiлiм
алу мен қатар өзiңдi тани бiлуiң керек. “Тану” дегенiмiз - дайын
ақиқатты қабылдау емес.
Адам iзденсе, өзiн сынаққа салса, өзiнiң қандай екендiгiн бiлер
едi. “Мейiрiмдiлiк”, “әдiлдiк” т.б. ұғымдардың мағынасын ашу үшiн
Сократ көп еңбектендi. Тiптi Сократ философияны мейiрiмдiлiк пен
зұлымдықты танып бiлетiн ғылым деп түсiндi. Мейiрiмдiлiк дегенiмiз -
игiлiк пайда, осыдан мейiрiмдiлiк деп нақты жағдайда не пайдалы, не
ақылға қонымды болса соны танып бiлiп iске асыру деп ұқты. Егер адам
жақсылықтың не екенiн бiлсе, ол ешқашанда жамандыққа жоламас едi.
Жаман қылық адасумен бара бар. Ал кiм өз еркiмен адасқысы келедi
дейсiң. Сондықтан да дейдi Сократ - жамандық, зұлымдық, бiлместiктiң
нәтижесi, демек бiлiм – инабаттылықтың бастау көзi.
Сократ адамды жануарлар мен құдай аралық күш дейдi. Адамның
iшкi рухани дүниесiне мән бере отырып Сократ оны “даймонион” деп
атайды. “Даймонион” - “iшкi дауыс”- құштар көңiлдiң жақсылыққа,
биiктiкке, ақиқатқа деген ұмтылысының кепiлi.
Шындығында Сократты адам туралы философияның бiр дәстүрiн,
атап айтсақ жан туралы инабаттылыққа, (этикаға) қатысты дәстүрдiң
бастаушысы деп бағалауымыз керек.
Софистер мен Сократ зерттеген адам болмысынан грек
философтарының тағы бiр өкiлдерiнiң назары бiзге белгiлi
космологиялық, метафизикалық мәселелерге ауысады. Адам туралы
iзденiстер толастамай басқа принциптерге негiзделiп жалғаса бердi.
Атақты грек философы Демокрит әлемдегi барлық заттар ары қарай
бөлiнбейтiн қарапайым бөлшектерден – атомдардан тұрады деп түсiндi.
Атомның саны көп, бiр-бiрiнен бос кеңiстiкпен бөлiнген жануарлар мен
адам тәнi атомдардан құралады. Ал табиғатта жан мен ақыл бар.
Табиғаттағы жан мен ақылдың алып жүрушiсi – жылылық пен от.
Жануарлардың табиғаттан айырмашылығы өз бойына
жылылықты мол жинауына байланысты. Ал адам болса бойына
жылылық пен отты көп жинайды. Тiршiлiк пен ақыл осы жылылық пен
оттың мөлшерiне байланысты. Адам бойына жылылықты жақсы
сiңiргендiктен жер бауырламай, тiк жүредi. Сондықтан адам парасатты
ойлы, қабiлеттi. Адам жаны мен тәнi қалай туса солай өледi, оны
құрайтын атомдар ыдырайды. О дүние жоқ, болуы да, мүмкiн емес.
Демокриттiң адам туралы iлiмi осы принциптерге негiзделген. Сонымен
бiрге Демокрит қоғамдық құбылыстарды табиғаттың жалғасы емес,
адамдардың келiсiмiнiң нәтижесi деп түсiнген. Жоқшылықтың
тауқыметiн көрген адамдар бiр бiрiне жәрдемдесе, қауымдасып өмiр
сүреді. Табиғатқа елiктеу арқылы бiздер өрмекшiден – тоқу мен
жамауды, қарлығаштан - баспана салуды, әншi құстар - аққу мен
бұлбұлдан ән айтуды үйрендiк – дейдi Демокрит. Заңдарды адамдар
шығарады. Егер адамдар өзара әдiл болған болса, заңдардың қажетi
болмас едi. Адамды тәрбиелегенде оның ықтиярымен санасқан жөн. Ар-
ұяттан безген адамды тәрбиелеу нәтиже бермейдi. Тәрбие мен оқып
үйрену тығыз байланыста. Бiлiм алу үшiн үш нәрсе керек, олар : табиғи
қабiлет, жаттығу және уақыт. Адам құдайдан көмек күтпей өз
қабiлетiне сенуi керек. Азды қанағат тұтқан адам бақытты. Бақыт
байлықта емес, жанның тазалығында.
Жануарлар үшiн тән табиғаты қандай орын алса, адамда жанның
жақсылығы сондай орын алады. Эвтюмия – (жайсаң жан, рух) деп
Демокрит жанның байсалдылығын, үйлесiмдiлiгiн қандайда болмасын
ырымшылдық пен қорқынышқа берiмейтiн төзiмдiлiгiн атаған.
Демокриттiң адам туралы қағидасы кейiнгi грек ойшылдарының
iзденiсiне бiршама ықпал еткенiн байқаймыз.
Сократ дәстүрiн жалғастырушы Платон (б.з.д. 427-547) адам
мәселесiн басқадай принциптерге негiздедi.
Платон iлiмi бойынша мәңгi бақи өзгермейтiн, тәуелсiз, дара
тұрған идея бар. Заттық дүние сол идеяның көшiрмесi, көлеңкесi.
Заттық дүние өткiншi, тек идея – мәңгi. Осыған орай идея – рас болмыс,
сезiмге жүгiнген заттық дүние – жалған болмыс. Адам жаны осы рас
болмыстан туындайды. Адам дегенiмiз – жан. Жан тәндi пайдаланады.
Жан тәнмен қабысқанша осы мәңгiлiк идеяның саясында еркiн өмiр
сүрмек.
Жан үш бөлiктен құмарлықтан, ерлiктен, рухтан құралған. Рух
жанның парасатты бөлiгi, ерлiк – сезiмталдыққа, аңғарғыштыққа, ал
құштарлық - соқыр сезiмге негiзделген. Жан тәнмен қабысқанда
осылардың қайсысы басым болса, адам солай болмақ. Жан тәнмен
қосылғанда өзiнiң шыққан тегiн ұмыта бастайды.Бiрақ, жанның
парасатты бөлiгi өзiнiң өткен дәуренiн еске түсiрiп, аңсайды. Жан мен
тәннiң, тiптi жан бөлiктерiнiң арасында араздық, келiспеушiлiк туады.
Рух биiкке самғауға бейiм болса, жанның қалған екi бөлiгi
төмендеуге, керi кетуге бейiм. Тек рух, парасат оларды келiстiрiп,
үйлестiредi. Осыған орай, көптеген адамдар күнделiктi тiрлiкте
ақиқатқа, ақыл мен әдiлдiкке жүгiнбей, сезiмге, құмарлыққа берiлiп
кетедi. Сондықтан Платон жанның парасатты бөлiгiн басқа бөлiктерiнен
басым тұратын ұйымдастырушысы деп бағалаған.
Жанның үш бөлiгi, үш әулетке сәйкес келедi. Олар философтар,
ұландар, қолөнер кәсiбiмен айналысушылар мен егiншiлер. Алғашқылар
бiлiмдi әулет – мемлекеттi билейдi, екiншiлер – сыртқы жаулардан
мемлекеттi қорғайды, ал үшiншiлер - қызмет iстейдi, бағынады.
Өздерiнiң қабiлетiне қарай адамдардың мемлекетте өз орындары
бар. Алтын мен мыстың қандай айырмасы болса, адамдардың да сондай
айырмасы бар, араластыра алмайсың дейдi Платон.
Платон мемлекет туралы қағидасында, оның шығуын адамдардың
мүддесiн қамтамасыз ету барысындағы еңбек бөлiгiнiң нәтижесi деп
ұққан, мемлекет те, егiншiлер де, қолөнершiлер де, саудагерлер де,
яғни әртүрлi кәсiппен айналысатын адамдар болған жағдайда олардың
өмiрi жеңiлдеп өз қажеттерiн қамтамасыз етедi. Әрине, бұл дұрыс
тұжырым. Бiрақ Платон, адамдар табиғатынан осындай бiр кәсiпке
бейiмделген, екiншi бiр кәсiптi меңгеруге олардың қабiлетi жетпейдi
деген. “Тобыр (тобыр деп халықты айтып отыр) философ бола
алмайды” – дейдi Платон. [1] Ой еңбегiмен, билiк пен философтар
айналысу керек, сондықтан тәрбие, оқу арқылы олар өз табиғатына
бiткен артықшылығын жетiлдiрiп отыруы керек. Даналық -
философтарға, ерлiк - ұландарға бiткен қасиет, ал халық - ұстамды
көнбiс келедi деп олардың табиғи айырмашылықтарын құптаған.
Платон өзi өмiр сүрген құл иеленушi мемлекеттiң идеологы
болғанымен оның iлiмiнен адам қабiлетiн бағалап, оның келешегiне
сенгенiн байқаймыз. Ол алыстағы жұлдыздар, космос туралы
қиялдамай, жердi басып жүрген адам туралы ойлады. Платон, адам
алдыменен өз мемлекетiнiң азаматы болуы керектiгiн ойлады.
Адам туралы толғаныс, Платонның шәкiртi ғұлама ғалым
Аристотельдiң (б.з.д. 384-322) еңбектерiнде жалғасын тапты. Оның
шығармаларында сол кезеңдегi философиялық, қоғамдық, табиғаттану
ғылымдары жинақтаған бiлiмдер кең қамтылды. Адам туралы iлiм
жасауда Аристотель өзiне дейiнгi ойшылдардан әлде қайда озық
болды. Платон өзiнiң шәкiрттерiн; егер Ксенофонтқа керегi қамшы
болса, ал Аристотельге жүген керек деп бағалаған екен.
Аристотель Платон iлiмiне сын көзiмен қараған. Кейiннен
Аристотель “Платон менiң досым, бiрақ ақиқат қымбат” деп оның
iлiмiндегi қайшылықтарды көре бiлген. Ол адамды жан мен тәннiң
бiрлiгi деп түсiндi. Жан тәннiң формасы, оны тәннен бөле алмайсың,
сонымен бiрге тумақ және өлмек. Жанның әрекетi тәннiң күйiне
байланысты. Сонымен қатар “Саясат” атты еңбегiнде “жаны бар
мақұлық алдыменен жан мен тәннен тұрады; жан өзiнiң мәнiне сай
басыңқы принцип, тән-бағыныңқы принцип” – дейдi. Аристотель
Платонның жанның өз алдына дербес өмiр сүрiп кейiнен тәнмен
қабысады деген қорытындысымен келiспейдi. Адам сезiмге сүйенбесе
ештеңе үйренбейдi. Сезiм бiзге нақты болмыс туралы, жалқы заттар
туралы бiлiм бередi. Дегенмен де, Аристотельдiң Платон әсерiнен
арыла алмағандығын байқауға болады. Кейбiр пiкiрлерiнде Аристотель
жанның парасатты бөлiгiн яғни адам ақылын сезiмiнен бөлек
қарастыруға болатынын айтқан. Жанның ақылды бөлiгiнiң танып бiлуге
қабiлетi бар. Сезiмдi, тәннен айыра алмайсың, ал ақылды жанға тәнмен
байланысты болмағаны жақсы. Аристотель iлiмiнен осындай пiкiрлердi
кездестiремiз. Кейбiр зерттеушiлер абстрактiлi ұғымдардың шығуын
түсiндiрудiң қиындығынан туған пiкiр қайшылықтары деп жорамал
жасайды.
Адам табиғаттағы дамудың бiр сатысы дей келiп, Аристотель
жануарлар мен адам арасындағы ұқсастыққа назар аударды. Ал
айырмашылығын, адамның еңбек құралдарын пайдаланып қоймай оны
жетiлдiре бiлетiндiгiнен байқайды. Дегенменде, адамның
жануарлардан айырмашылығын алдыменен жанның құрамындағы
парасат деп бiлдi. Арситотель жанды үш түрге бөледi; өсiмдiктердiң
жаны, сезiмтал жандар, адам жаны. Бiрiншi – барлық тiршiлiк иесiне,
екiншiсi – жануарларға, үшiншiсi – адамға бiткен қасиеттар. Осыларды
айыра отырып, Аристотель адамдармен жануарлар арасындағы
генетикалық байланысты үзбеген.
“Жан туралы” трактатта жануарларда түйсiнедi, сезiнедi, ол
түйсiгiн сезiнген жан жағымды мен жағымсызды айырады дейдi.
Өсiмдктердiң де қабiлетi бар. Олар қоректене бiледi. Өсiмдiктерде
жануарлардың жаны жоқ, ал жануарларда өсiмдiк жаны бар.
Сондықтан жануарлар аз, өсiмдiктер көп тараған. Ал адам әрi өсiмдiк,
әрi жануар, оған қоса ақылды тiрi жан. Құдай тек ақылды жан.
Арситотель адамға “қоғамдық жануар”, “саяси жануар” деп анықтама
берген. Аристотельдiң эволюциялық даму сатыларын бiршама дұрыс
түсiнгендiгiн, кейiннен Дарвин жоғары бағалаған. Адамдар
табиғатынан қауымдасып тiршiлiк жасауға бейiм. Қауымдастық
жанұядан басталады. Мемлекет - дамыған жанұя. Адамдардың
қалыптасуы мемлекеттiң сапасына байланысты. Мемлекеттiң мәнi
адамдардың игiлiктi өмiрiн қамтамасыз ету. Игiлiктi өмiрдi Аристотель
тек байлық қана емес, әдiлеттiлiк деп ұққан. Әдiлеттi мемлекеттiң
азаматтары орташа дәулетi бар меншiк иелерi. Платон меншiктi
әлеуметтiк теңсiздiктiң алғы шарты деп есептеп оны жоюды көздесе,
Аристотель меншiк туралы ойдың өзi-ақ адамды рахат сезiмге бөлейдi, -
деп жақтаған.Жеке меншiктi, көпшiлiктi қолдаған Аристотельдi
демократ деуге болар. Бiрақ шындығында олай емес. Баршаны жақтай
отырып, олардың қатарына Аристотель мемлекеттiң көптеген
тұрғындарын кiргiзбейдi. Ол құл иеленудi табиғи құбылыс деп түсiнедi;
“… бiреулер табиғатынан құл, екiншiлер табиғатынан ерiктi бiреуге құл
болу, ал екiншiсiне – мырза болу лайықты”. [2] Сондықтан құлдар
мемлекеттiң азаматы емес.
Аристотельдiң адам туралы қайшылыққа толы көзқарастарының
ұзын ырғағы осындай. Сонымен бiрге адамның ерекшелiгiн қоғаммен
байланыстырып көрсетудiң жолдарын iздегенi Аристотель iлiмiнде сол
заманның дертi жатқанымен, кейiнгi дәуiрдiң ой дамуына, iзденiсiне
ықпалы орасан зор болды.
Грек философиясының эллин дәуiрi көне грек мемлекетiнiң
құлдырау кезеңiмен тұспа-тұс келдi. Экономикалық және саяси
жағдайдың шиеленiсуi адам күнкөрiсiн күйзелiске түсiрдi. Осындай
қиын-қыстау уақыт табы философияға да әсер еттi. Жеке бастың қамы,
өмiр азабынан құтылу жолдары күн тәртiбiне қойыла бастады.
Осы дәуiрдiң көрнектi ойшылы Эпикур (б.з.д. 342-271 ж.) адамның
жетер жолдарын iздестiру философияның басты мiндетi деп ұқты.
Дүниенi, адамды тану арқылы сол адам бойында ұялаған үрейден,
қорқыныштан арылуға болады. Өмiрден ләззат алу (гедоне), бақыт
(эвдемония), жан тыныштығы (атараксия) адам үшiн баға жетпес
игiлiк. Эпикур өмiрден қымбат ештеңе жоқ, оны бағалай бiлу керектiгiн
уағыздайды. Ол рахат өмiрдi бақытты “мәңгiлiк идеядан”, космостан
iздемей, сол қарапайым күнделiктi тiршiлiктен, жерден iздедi.
Эпикурдiң замандастары оның iлiмiн әр саққа жүгiртiп бағалады.
Кейбiреулер, Эпикурдi “құрсақ құмарлық” философиясын насихаттаушы
деп айыптады. Оның өмiрге деген құштарлықты уағыздайтын
философиясының рухани мәнi тереңде жатқанын түсiнбедi.
Бақытқа асып кеткен адам, яғни құмарлықтың жетегiнде кеткен
адам жетпейдi, керiсiнше өзiн тежей бiлетiн ұстамды адам жетедi.
Эпикуреистермен қатар (б.з.д) ІV ғасырдың соңында Греция мен
Римде стоиктер мектебі қалыптасады. Эллин стоиктері Зенон (б.з.д,
336-264 ж.), т.б. адам өзін сыртқы жағыдайлардан тәуелсіз сезіну керек
деп уағыздады. Бақыт қандайда болмасын сыртқы игілікке тәуелді
емес деп үйретті. Зенонның ұстанған принципі: Өмірдің мақсаты
«табиғатпен келісіп өмір сүру», қолында барға қанағат ет, қолыңда
жоққа өкінбе.
Рим стоикі Сенека (б.з.д 4- б.з 65 ж.) император Неронның тәрбиешісі
дүниеқорлыққа қарсы болған.
Стоиктер өмірдің ауыртпалығын шыдамдылықпен (анатея) көтере
білуге шақырады. Стоиктердің этикасы адам саналы түрде тағдырға
бағынуға, және басыңа түскен жақсылы, жаманды оқиғаларды
куанышпен қарсы алуға дайын болу керек.
Қорыта келе, грек философиясында адам барлық мәселелердің
негізгі өзегі болды деп айтуға толық негіз бар.
Әдебиеттер:
1 Алтай Ж. Философия тарихы:оқулық/Ж. Алтай, А. Қасабек, Қ. Мұхамбетәли.-2-
шi басылымы.-Алматы:Раритет.-2006.-310 б.
2 Байтенова Н. Ж. Философия:учебник для студ. вузов/КазНУ им. аль-Фараби; сост.
Н. Ж. Байтенова.-Алматы:Қазақ университетi.-2006.-390 с.
3 Нысанбаев Ә. Философия тарихы/[ғылыми ред. Ә. Нысанбаев; құраст.: Ә.
Нысанбаев, Ғ. Құрманғалиева; аударғандар: Д. Раев, А. Құлсариев].-Астана:Аударма.-
2006.-484 б..-(Мәдени мұра)
4 Кiшiбеков Д. Философия:оқулық/Д. Кiшiбеков, Ұ. Сыдықов.-9-шы басылымы.-
Алматы:Қарасай.-2008.-356 б.
Достарыңызбен бөлісу: |