Тәрбие процесі – күрделі динамикалық жүйе. Өйткені, ол үнемі үзіліссіз даму, қозғалмалы, өзгермелі жағдайда болады. Тәрбие процесінің үзіліссіз жағдайы қоғамның талабына сай оның үнемі дамуымен сәйкес келеді, қозғалмалылығы – жанұя тәрбиесі, мектептегі мақсатты әртарапты тәрбиелік іс-шаралар мен мектептен тыс мекемелердің әртүрлі қызметі және баланың қызығушылығымен байланысты түрлі іс-әрекеттері, мүмкіндіктері, өмірлік тәжірибесі және әлеуметтік ортасы қарастырылса, ол мұғалімге тәрбиеде манёврлілік жасауға, қажетті кезде нәтиже беретін жол таңдауға мүмкіндік береді. Өзгермелілігі – оның жағдайға, тұрғылықты мекен-жайға, балалардың жас ерекшелігі мен жеке басының мүмкіндігін ескерумен, сондай-ақ өмірдің әртүрлі жағдайына, баланың өмір сүріп отырған ортасына т.с.с. тәуелді болуымен сәйкес анықталады.