Кескіш бұрыштарын анықтау үшін қажет беттер мен координаталық жазықтықтар Өңделетін бөлшектің, кескішке байланысты, келесі беттері болады (2.3 сурет):
1. Өңделетін бет – жаңқа алынатын бет.
2. Өңделген бет – жаңқа алынған бет.
3. Кесу беті – жаңқасы алынып жатқан және тікелей кескіштің бас кесу жиегі арқылы пайда болатын бет.
2.3 сурет – Кескіштің геометриясын оқып білуге қажет шартты координаталық жазықтықтар мен дайындаманың беттері
Кескіш бұрыштарын анықтау үшін қарастырылатын координаталық жазықтықтар:
- негізгі жазықтық – көлденең және бойлық берілістерге параллель жазықтық;
- кесу жазықтығы – кескіштің бас кесу жиегі арқылы өтетін, даййындаманың кесу бетіне жанама және негізгі жазықтыққа перпендикуляр жазықтық;
- бас қима жазықтық – кескіштің бас кесу жиегінің негізгі жазықтыққа проекциясына перпендикуляр және негізгі жазықтыққа перпендикуляр жазықтық;
- көмекші қима жазықтық – кескіштің көмекші кесу жиегінің негізгі жазықтыққа проекциясына перпендикуляр және негізгі жазықтыққа перпендикуляр жазықтық.
Кескіштің бұрыштары бас және көмекші қима жазықтықтарда қарастырылады. Олар бас және көмекші бұрыштар болып бөлінеді. Кескіштің бас бұрыштары бас қима жазықтықта (Б-Б) көрсетіледі (2.4 сурет). Оларға жататындар: бас артқы бұрыш, алдыңғы бұрыш, үшкірлеу бұрышы, кесу бұрышы.
2.4 сурет – Токарлық кескіштің бұрыштары:
1 – бас қима жазықтықтың ізі; 2 – көмекші қима жазықтықтың ізі; 3 – негізгі жазықтық; 4 – кесу жазықтығы
Бас артқы бұрыш (a) - кескіштің бас артқы беті мен кесу жазықтығы арасындағы бұрыш. Кескіштің артқы бұрыштары аспаптың артқы беттері мен өңделетін дайындаманың арасындағы үйкелісті азайтады. Бұл өңдеуге жұмсалатын кесу күші мен кескіштің тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Бірақ артқы бұрыштарды шамадан тыс арттыру, кескіштің беріктігін төмендетеді. Болат және шойын материалдарын өңдеу кезінде артқы бұрыштардың шамасы 6-12 о болғаны дұрыс.
Алдыңғы бұрыш (g) - кескіштің алдыңғы беті мен оның бас кесу жиегі арқылы өтетін және кесу жазықтығына перпендикуляр жазықтық арасындағы бұрыш. Алдыңғы бұрыш шамасы артқан сайын кесуге жұмсалатын күш азаяды және өңделген беттің тазалығы жақсарады. Аз көміртекті жұмсақ болаттарды өңдеу кезінде g=8-20 о, ал өте қатты материалдарды өңдеу кезінде кері мәнге ие болуы да мүмкін, яғни g=-(5-10 о).
Үшкірлеу бұрышы (b) - кескіштің алдыңғы және бас артқы беттерінің арасындағы бұрыш.
Бас қима жазықтықтағы бұрыштардың қосындысы 90о-қа тең:
a + b + g = 90о Кесу бұрышы (d) - кескіштің алдыңғы беті мен кесу жазықтығы арасындағы бұрыш, немесе бас артқы және үшкірлеу бұрыштарының қосындысы:
d = a + b
Көмекші қима жазықтықта (А-А) кескіштің тек бір бұрышы ғана қарастырылады:
Көмекші артқы бұрыш (a1) - кескіштің көмекші артқы беті мен көмекші кесу жиегі бойынша кесу жазықтығының арасындағы бұрыш. Көмекші артқы a1 бұрыштың мөлшері, шамамен, бас артқы a бұрыштың мөлшеріне тең:
a1 = a + (2...3 о)
Станок суппортына бекітілген кескіштің үстінен қарағанда оның келесі бұрыштарын көруге болады:
Кескіштің пландағы бас бұрышы (j) - кескіштің бас кесу жиегінің негізгі жазықтыққа проекциясы мен беріліс бағыты арасындағы бұрыш. Пландағы бас бұрыш остік және радиалдық кесу күштерінің арасындағы қатынасты анықтайды. Жұмсақ материалдарды өңдеу кезінде, радиалдық күштің әсерінен, бөлшектің иілуі аз болу үшін кескіштің пландағы бұрышын 90 о-қа тең немесе жақын етіп алады. Жұмыстардың орындалу шарттарына сәйкес j=10...90 о болады. Әмбебап токарлық кескіштерде көбінесе j=45 о болады.
Кескіштің пландағы көмекші бұрышы (j1) - кескіштің көмекші кесу жиегінің негізгі жазықтыққа проекциясы мен беріліс бағыты арасындағы бұрыш. Бұл бұрыштың шамасы j1=0...45 о, көбінесе j1=12...15 о болады.
Кескіштің төбесіндегі бұрышы (e) - кескіштің бас және көмекші кесу жиектерінің негізгі жазықтыққа проекциялары арасындағы бұрыш.
Кескіштің пландағы бұрыштарының қосындысы 180 о-қа тең:
j + j1 + e = 180 о Бас кесу жиегінің көлбеу бұрышы (l) - кескіштің бас кесу жиегі мен кескіштің төбесі арқылы негізгі жазықтыққа параллель жүргізілген сызықтың арасындағы бұрыш (2.5 сурет):
2.5 сурет – Кескіштің бас кесу жиегінің көлбеу бұрышы
- кескіштің төбесі бас кесу жиегінің ең төменгі нүктесі болса, l бұрышы оң таңбалы болады;
- кескіштің төбесі бас кесу жиегінің ең жоғарғы нүктесі болса, l бұрышы теріс таңбалы болады;
- кескіштің бас кесу жиегі негізгі жазықтыққа параллель болса, l бұрышының шамасы нольге тең болады.
Бас кесу жиегінің көлбеу бұрышы l түзілген жаңқаның бағытын өзгерту үшін қолданылады. Бұрыштың шамасы оң болса, жаңқа дайындаманың өңделген бетіне, ал бұрыш шамасы теріс болса, жаңқа өңделетін бетке бағытталады. Сондықтан, бөлшектерді таза өңдеу кезінде, жаңқа өңделген беттің тазалығын төмендетпес үшін, l бұрышының мәні теріс болғаны дұрыс. Көбінесе l бұрышын нольге тең етіп алады.