Иекті жансыздандыру. Нысана - иек тесігі. Тесік жақ денесінің орта тұсында 1-2-ші кіші азу тіс түбірлерінің астында орналасады (балаларда сәл алға қарай орналасқан). Тістер жоқ болса тесікті анықтау жолы мынадай: жақтың орта сызығы мен шайнау етінің алдыңғы жағына дейінгі аралықты тік сызықпен дәл екіге бөледі. Көлденең сызық жақтың төменгі қырынан 12 мм жоғары алынады. Сызықтардың қиылысқан жерінде тесік орналасады. Оның аузы артқа, сыртқа, жоғары қараған.
Ішкі әдісі. Ауыз жабық, төменгі ерін мен ұртты кере тартып инені өтпелі қатпарға 1-ші азу тұсынан шаншиды. Одан әрі инені алға, төмен, ішке қарай 0,75-1,0 см-дей енгізіп иек тесігіне тақайды. Ине ұшымен сүйекті сезіп тұрған жөн. 0,5-2,0 мл ерітінді жіберіп көреді. Ине ұшының тесікке түскендігі еріннің аздап ауырғаны арқылы білінеді.
Сыртқы әдісі. Иек тесігін анықтаған соң, жұмсақ тіндерді сол қол саусақтарымен сүйекке баса ұстайды. Инеге ішкі тәсілдегідей бағыт беріп, оны сәл жоғары және артқа таман шаншиды. Сүйекке жеткен соң аздап анестетик жіберіп ине ұшымен тесікті тауып, инені аздап енгізіп жансыздандыратын дәріні жібереміз. Жансыздандыру 3-5 мин соң білінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |