Полимерлі цементтер. Полимерлі цементтер (полимерные цементы) – бұзылған тісті қалпына келтіретін жаңа пломбылық материалдар тобына жатады. Олардың минералды цементтерден айырмашылығы – араластыратын сұйықтығы ретінде тістің қатты тіндерімен химиялық байланысқа түсетін полиакрил немесе полималеин қышқылдары пайдаланылады.
Поликарбоксилатты цементтер.
2-сурет. Поликарбоксилатты цемент Белокор. П оликарбоксилатты цементтер (ПКЦ) өткен ғасырдың 60-шы жылдарында шығарыла бастады. Ұнтағы – магний тотығы қосылған мырыш тотығы ( фосфатты-цементке ұқсас). Ал сұйықтығы – полиакрил қышқылының 37% судағы ерітіндісі. Физикалық-механикалық қасиеті жағынан цинкфосфатты-цементтерге ұқсас, тіс тіндеріне жақсы жабысады, сұйықтықта аз ериді, биологиялық сиымдылығы жоғары, тіс тіндерімен химиялық байланысқа түсе алады, ұлпаға зиянды әсері жоқ. Көп қолданылатын өкілі-Белокор (11-сурет).
Қолданар алдында ұнтақ пен сұйықты шыны бетінде бірден араластыруға кіріседі. Дұрыс араластырылған цемент қою және аздап созылғыш, беті жылтыр болады. Тісжегі қуысына бір бөлікпен ғана апарылып, қуыс қабырғасына жаймалана жабыстырылады. Араластыруға және қуысқа қою уақыты – 3 минөттен аспауы керек, жіпше созыла бастаған цементті пайдалануға болмайды. Қатая бастаған цементтің артық бөлігін аршығыштың көмегімен алып тастайды.
Поликарбоксилаттық цементтер аралық төсемнен басқа ортопедиялық және ортодонтиялық конструкцияларды бекіту үшін, сүт тістерін және жасанды сауыттармен жабылатын тістерді пломбылау үшін қолданылады.
Шетелдік өкілдері: « Carboxylate Cement » , « Durelon », « Harvard CC », « Carboco ».
Кейінгі кезде суға араластырылатын түрлері де шығарылуда. Мұндай цементтерде лиофилденген полиакрил қышқылы ұнтақтың құрамына кіреді. Цементті суға араластырған кезде қышқыл ериді де гель-матрица құра отырып, химиялық реакцияға қатынасады. Суға араластыратын цементтің өкілдері: “Poly-F-Plus”, “Aqualox”.