20. Қоштасу Жүргізуші: Бұл «Дұрыс сөйлейік!» бағдарламалар циклі. Анар ханым, біз енді бірден тыңдармандарымызбен амандасып жатырмыз. Бірақ тақырыбымыз қоштасудың түрлері деп аталады. Қоштасу туралы сөйлесейікші.
Анар ханым:Бұл керек тақырып, Нұрсұлтан. Себебі қазіргі кезде қызық-қызық қоштасулар үлгілері пайда болды. Ауызша сөз дегеніміз ең алдымен ауызша сөз этикетінен тұрады, иә. Ауызша сөйлескеннен кейін сіз адамды көресіз, көрген адамыңызбен міндетті түрде амандасу керек. Ол адамыңызбен кететін кезде қоштасуыңыз керек. Сондықтан осындай этикет сөздерді мынау қазақтың мәдениетіне қатысты жақсы білген абзал. Енді қазіргі кезде бейтарап қоштасу ол «сау болыңыз». Сонан кейін «сау болыңыздың» формалары көп. «Сау болыңыз», «сау-саламат болыңыз», «аман-есен болыңыз», «келесі кездескенше», «аман-есен болайық» деген журналистердің қолданып жүргені бар. Кейінгі кезде бізге, тілтанушыларға қатты ұнап жүргені «жеңісті күндерде кездескенше» деген спорт комментаторларының сөзі.
Жүргізуші:Амангелді Сейітхановтың айтып кеткен сөзі ғой.
Анар ханым: Иә, иә қандай жақсы. Жеңісті күндерде жолыққанша деген, жеңісті күндерде кездескенше, аман болайық деген қоштасулар өте жақсы, орынды. Мына тілді үйреніп жүрген біздің тыңдармандарымыз болса осыларды дұрыс пайдаланғаны абзал. Енді кейде журналистер қауымының ішінен енді атын атамай-ақ кояйық. Дұрыс қоштаспайтындары бар.
Жүргізуші: Есімдерін атамасаңыз да, қоштасуларын айтып өтсеңіз.
Анар ханым: «Бай-қуатты болайық» деген форма дұрыс емес.
Жүргізуші: Дұрыс емес пе? Біз бұл сөзді брендке айналдырып жүрдік қой.
Анар апай: Иә, «Бай-қуатты болайық» деп қоштаспайды. Қазақтар қоштасқанда «бақуатты болайық!» дейді, бірақ бұл тілек. Бұл қоштасу түрінде ұсынылған тілек формасы. «Бақуатты болайық!» дейді. «Бақуат» деген ол араб сөзі. Ол да сол қауқарлы, күшті деген мағынаны білдіреді. Енді оны бай болайық деп қазақтар айтпайды. Өйткені бай болайық деген сөз ең бірінші кезекте қазақтың санасына материалдық байлықпен ассоциацияланады. Ал ол материалдық байлық қазақ үшін ешқашанда бірінші құндылық болған емес. Болса болған шығар, бірақ ол рухани құндылықтан кейін екінші орында тұрады. Мысалы, денсаулық сияқты, амандық сияқты құндылықтардан кейін барып тұрады. Абай айтады ғой «махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» - дейді. Махаббатсыз дүние босдеп жазып кеткен мәтіндерде, бірақ олай емес. Махаббатсыз дүние дос дейді. Яғни жүрегінде махаббаты жоқ адам дүниемен дос болады дейді. Дүние деген материалдық заттар. «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» деп, Абай атамыз бекер айтпайды. Ол халықтың көзқарасын білдіріп тұр. Сондықтан «бақуатты болайық» деп қоштасу керек. Енді қоштасқан кезде де, мысалы, орыс мәдениетінде «всем привет, пока» дейді.
Жүргізуші: Ешкіммен араласқысы келмейді. Ешкіммен қатысы жоқ. Өз жұмысымен айналысып жүрген адамның әңгімесі ғой. «Всем привет пока».
Анар ханым: Иә, «всем привет, пока» деп қоштасып кетіп қалады. Енді қазақ мәдениеті өте контекстуалды дедік қой. Сосын кейін прагматикасы өте күшті. Егер сіз қоштасып отырған аудиторияда үлкен адамдар болса, олармен ерекше қоштасу керек. «Сау болыңыздар» деп кетіп қалғаннан гөрі, «жақсы аға!», «аман-есен болыңыз!», «келесі кездескенше!» деген сияқты ізет сақтау керек. Үлкен адамдарға ең бірінші айтылатын тілек: «аман болыңыз!», «аман жүріңіз!» Саулығын тілеп қоштасқан дұрыс. Құр «сау болыңыз!» деп қоштасқаннан гөрі оған қоса бір тілектерді айтқан абзал. Енді жылы қарым-қатынаста болған аудитория болса, солай қоштасқан жақсы. Енді әрине, сіз бірінші рет көріп тұрған және ресми қатынаста болсаңыз онда «сау-саламат болыңыздар, келесі кездескенше!», «іске сәт!» деген сияқты тілектермен аяқтаған жақсы.
Жүргізуші: Сіздерде де осылай сөйлеген дұрыс па? Мысалы, бағанағы «привет пока» деген сөзді менің бір түсінгенім: азаматтар, қазіргі тілмен айтсақ, бір офисте күнде жұмыс істейді, бір мекемеде таңертеңнен кешке дейін отырады. Сондықтан олар бір-біріне жақсылық тілейтінін біледі ғой. Үнемі айтып жатпайды ғой аман бол деп. «Привет-пока» деп жай айта салған түрі шығар.
Анар ханым: Иә енді орысша «привет пока» дегеннен гөрі «сау болыңыздар!», «аман болыңыздар!», «келесі кездескенше!», «ертеңге дейін!», «күн жақсы!» деген сияқты тілектерді, қоштасуды қазақша айтқан абзал. Әрине күнде көріп жүрген адамыңызға тілек тілеп отырмайсыз. Ауызша сөз этикетінің күнделікті қарым-қатынас формасындағының бір ерекшелігі сонда. Ол үлкен, официоз дейді ғой енді. Ресмилікті, субординацияны тағы басқаны қажет етпейді.