1. 2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі
1997 жылы “Қазақстан-2030” Стратегиясын қабылдап, біз елдің ұзақ мерзімді күн тәртібін, басты мақсаттар мен басымдықтарын қалыптастырдық, кейін олар 2010 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда қисынды түрде дамытылды.
Сөйтіп біз қалай жоспарласақ, солай өмір сүрдік және мынадай нәтижелерге қол жеткіздік.
2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы-ақ, жоспарланғанынан екі жыл бұрын, біз республика ІЖӨ-сінің көлемін екі еселедік және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін тиімді орындадық.
Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті.
Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі 4 есеге (50%-дан 12%-ға дейін) азайды.
Халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды. Күтілетін өмір ұзақтығы 65-тен 68 жасқа дейін ұлғайды. Ана өлімі екі есеге азайды, бала туу бір жарым есеге өсті.
Он жылда 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны салынды.
Бүгінде бізде әлемдік деңгейдегі медициналық орталықтар – Ана мен баланың ұлттық орталығы және Нейрохирургия институты бар.
Биылғы жылы Кардиохирургия орталығын іске қосамыз. Барлық облыстарда қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жақсаруда.
Осының арқасында біз өз азаматтарымыздың мыңдаған өмірін сақтап қаламыз!
Біздің жетістіктерімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы Баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты. Бұл – біздің өскен әл-ауқатымыздың даусыз дәлелі! Он жылда 350 мың отбасы – бұл шамамен 1,2 миллион адам тұрғын үйге ие болды. 32 мың шақырым жолдар салынды және жөнделді, бұл Қазақстанның барлық жолдарының үштен бірі.
2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының қарпі мен рухын негізге ала отырып, біз ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығына белгіленген барлық міндеттерді шештік.
Достарыңызбен бөлісу: |