«ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ» БІЛІМ САЛАСЫ
5-9-сыныптарға арналған «Дене шынықтыру» пәнінен жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасының басты мақсаты – ағзаның бүкіл жүйелерін дамыту, оқушылардың дене дамуы қасиеттерін және олармен байланысты қабілеттерін жетілдіру болып табылады.
Дене шынықтыру пәнінің жеке тұлғаны тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Ол оқушының дене дамуына, әлеуметтік, дербес және рухани қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Мектептегі білім беру контексінде дене шынықтыру білім алушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттайды.
Оқу бағдарламасы білім алушылардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, дене және психикалық денсаулығын нығайтуға уәждемесін (мотивация) арттыруға, білім алушылардың арнайы спорттық (спорттық-спецификалық) қимыл дағдыларын меңгеруіне және дене қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Оқу бағдарламасында дене шынықтыру мен спортты дамыту тарихы бойынша білімді қалыптастыру; негізгі дене дамуы қасиеттерін жетілдіру, арнайы спорттық біліктер мен дағдыларды дамыту; коммуникативтік дағдыларды дамыту, атап айтқанда, әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты пайдалану, оны тиісті нысанда нақты ұсыну қабілеті; ойлау және зерттеу дағдыларын дамыту; адамгершілік-жігер, моральдық-ерік қасиеттерін қалыптастыру қарастырылған.
Оқу бағдарламасы оқу жылы ішінде бағдарлама бөлімдерін оқытудың бірізділігін анықтайтын ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Сағаттарды бөлу, сондай-ақ тақырыптарды оқу реті мұғалімнің қалауы бойынша өзгеруі мүмкін.
«Дене шынықтыру» оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
5-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 102 сағатты;
6-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 102 сағатты;
7-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 102 сағатты;
8-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 102 сағатты;
9-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 102 сағатты құрайды.
Бұл бағдарламада мектепте дененің шынығуы мен адамгершілікке тәрбиелеудің кешенді жүйесін құрайтын дене шынықтырудың барлық негізгі нысандарының мазмұны қамтылған және бұл міндеттерді барлық оқу жылында біртіндеп шешуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның үшінші сағаты оқушылардың белсенділігін арттыруға (спорт және қозғалмалы ойындар санын кеңейту арқылы) және сауықтыру процесіне бағытталған.
Негізгі мектептің5-сыныбынан бастап дене шынықтыру сабақтары ер балалар және қыз балалар топтарына бөлу негізінде жүргізіледі. Дене шынықтыру пәні сабақтары гендерлік қағидат бойынша (қалалық жерлерде – әр топта 8 ұл (қыз) баладан кем емес, ауылдық жерлерде – 5 ұл (қыз) баладан кем емес болған жағдайда) өткізуде сыныпты екі топқа бөліп оқыту жүзеге асырылады.
«Дене шынықтыру» оқу пәнінің оқу бағдарламасының мазмұны оқытудың бөлімдері арқылы ұйымдастырылған. Бөлімдер сыныптар бойынша күтілетін нәтиже түрінде берілген оқу мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.
Әр бөлімшеде көрсетілген оқу мақсаттары мұғалімге оқушыларды дамыту бойынша жұмысты жүйелі жоспарлауға, сонымен қатар олардың жетістіктерін бағалауға, оқытудың келесі кезеңдері туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді.
«Өмір қауіпсіздігінің негіздері» оқу курсының мазмұны 5-9-сыныптарда «Дене шынықтыру» оқу курсының аясында 15 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен дене шынықтыру мұғалімінің оқытуымен іске асырылады.
«Дене шынықтыру» пәні бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді. «Дене шынықтыру» пәні бойынша тоқсан, жартыжылдық және оқу жылының соңында «есептелінді» («есептелінген жоқ») деген белгі жазылады.
«Дене шынықтыру» пәні бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлау барысында 2021-2022 оқу жылында мерекеленетін мерейтойлық шараларға көңіл бөлу ұсынылады.
«Дене шынықтыру» пәні сабақтарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдалар академия сайтына орналастырылған (nao.kz).
Достарыңызбен бөлісу: |