«№236 орта мектебі» КММ
Әдеби-сазды поэзиялық кеш
Тақырыбы:
«Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек»
(Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған)
Шуақ ауылы
2014-2015 оқу жылы
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек
(Әдеби-сазды кеш)
Кештің мақсаты: Мұқағали Мақатаевтың поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, түсіндіру, сезіндіру, шығармашылығының музыкасымен үндесу ерекшелігін, ақынның сөзіне жазылған әндерін көпшілік назарына ұсыну.
Дамытушылығы: Оқушылардың өлеңге, әнге деген ынтасын арттыру, мәнерлеп оқуға үйрете отырып, оқушылардың жан-жақты ойлануын, ізденуін дамыту.
Тәрбиелігі: Оқушыларды адамгершілікке, Отанды сүюге,табиғатты аялауға, оларды ұмытпай есте сақтауға үйрету.
Көрнекілігі: Мұқағали Мақатаевтың портреті, кітап көрмесі, слайд (өмірі мен шығармашылығы туралы), ақын-жазушылардың Мұқағали Мақатаев туралы айтқан ой-пікірлері жазылған плакаттар.
Кештің барысы:
Баяу музыка ойнап тұрады. Сахнада дөңгелек үстел басында ақын Мұқағали Мақатаев отырады. Мұқағали: «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» деген өлеңі айтылады. (А.Ә.Д пәнінің мұғалімі Санат Махаббат ). (Өлең айтылғаннан кейін ақын сахнадан кетеді).
жүргізуші:
- Армысыздар қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар, жақсы ниетпен келген қонақтар! Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген, саф өлеңнің жүйрігіі ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» атты әдеби-сазды поэзиялық кешімізге қош келдіңіздер!
2 жүргізуші:
Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.
1 жүргізуші:
Иә, Мұқағали-ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
2 жүргізуші:
Аламан бәйгеге оза шауып, өлнң-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали атаның өмір жолынан деректерге назар аударайық.
Слайд. (Өмірбаяны мен шығармалары туралы көрсетіліп тұрады).
1 жүргізуші:
Айтылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.
Иә, ақын туралы естеліктер де жазылып, лебіздер айтылуда. Алибек Калибекович пен Айгерім Жәнібекқызының орындауында ақынның өз өмір жолы туралы жазылған «Менің анкетам» өлеңін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезді ме?
1 жүргізуші:
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда
Есіңе мені алғайсың, - деп толғанады ақын.
Ендеше кезекті әнге берейік. Венера Сатпекқызы, Эльмира Серікқазықызы, Ботагөз Талғатқызының орындауында «Есіңе мені алғайсың» әнін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам оған жұртым елеңдестің.
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, - деп ақынның өзі жырлағандай Мұқағали өлгенімен жез қылыштай жырлары өлгені жоқ.
1 жүргізуші:
Мұқағали мұрасы, маржан поэзия-мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қадірлеп қастерлейтін мұрасы. Халық көңілін сусындатқан, ақын өлеңдерінің көпшілігі өмір туралы, тіршілікке тірек боларлық өмір жұпарын жыр етеді. Ағылшын тілінің мұғалімі Эсмира Фахраддинқызының орындауында «Өмір жайлы», 6 сынып оқушысы Бекжанова Дильназдың орындауында «Пай, пай, өмір!», 4 сынып оқушысы Ануар Ажардың орындауында «Қазынам бар», 3 сынып оқушысы Асқарова Аиданың орындауында «Қызық өмір» атты өлеңдерін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Ақын өнерпаз халық үшін туады. Ал, оның жазған шығармалары жұрттың рухани мәдениетіне қызмет етеді. Мұқағали поэзиясы сырлы да мұңды әлем. Ал, оның сөзіне жазылған әндер жүректі тербететін, тыңдаушының жан дүниесін әлдилейтін ғажайып әуендер галереясы.
1 жүргізуші:
Пай! пай! пай !
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер.
Ғашықтар бірі-бірін өпкен жер.
2 жүргізуші:
Иә, ұлы ақынның сезімінде, туған еліне деген махаббатында шек бар ма?. Ендеше Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әніне кезек берейік. Орындайтын математика пәнінің мұғалімі Назигүл Әбенқызы. Қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші: «Саржайлау» әнінің музыкасына жазылған қазақ биі. Орындайтын 4 сынып оқушылары. Қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Қазаққа тән қара өлеңге табынды,
Ата- баба дәстүрінен ап үлгі,
Ұшан - теңіз ұлылықты паш еткен,
Мұқағали - поэзия алыбы, - дей келе, Мұқағалидың поэзиямен қалай сырласқанын тыңдап көрейік. 10 сынып оқушысы Төкенова Құралайдың орындауында « Поэзия! Менімен егіз бе едің?» өлеңін қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші:
Мұқағали қойнауына талай сыр бүккен сайын далаға, оның сылдырап аққан суына, самал желіне, мақпал түніне бала кезден -ақ ғашық болып өссе керек. Алған әсерін өлеңіне де өре де білген. 11 сынып оқушысы Советова Гүлдананың орындауында «Рахмет саған, дала!» өлеңін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Бүгінде Мұқағали атамыздың 35 мың жолға жуық өлеңі поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды. Ақын өлеңдеріне 100- ден астам әндер жазылды.
1 жүргізуші:
Ақынның ғұмырлы поэзиясымен қатар әндері де бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды.
2 жүргізуші:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, - деп Абай атамыз айтқандай, келесі кезекте бастауыш сынып мұғалімдерінің орындауында « Тойға тілек» атты әнін қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші:
Туған халқын, тілін, Отанын бақыты деп санаған ақын өз бақытын халыққа қызмет етуден тапқан. Ақынға халық деген ұғымның өзі де өмір деген сөз. Халқы бар болса адам қор болмайтындығын айтады. 5 сынып оқушысы Хасыр Айшаның орындауында «Үш бақытым» атты өлеңін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Отан!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Жалғыз Отан – мекенім, - деп тайға таңба басқандай жазып кеткен ойлары, бүгінгі, болашақ ұрпақтың бәріне айтылған ақыл- өсиет. Бұл сөздерді әрбір қазақ жүрегіне үкі етіп тақса да артық етпейді. Отанды сүюдің, оған құлай берілудің- асқақ үлгісі бұл. Ендеше ақынның Отанына, қазақ еліне, туған жеріне арнаған өлеңіне кезек берейік. 9 сынып оқушысы Ерғалиева Фатиманың орындауында «Отан», 7 сынып оқушысы Хлебко Милананың орындауында «Апырым-ай» атты өлеңдерін қабыл алыңыздар!
1жүргізуші:
Дос болам десең,
Досыңды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда
Досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең,
Мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.
2 жүргізуші:
Мұқағали атамыздың поэзиясында достарына арналған талай өлеңдері бар. Оның ішінде досы, өзі сияқты поэзияның хас таланты, биік сезімнің ақыны Фариза Оңғарсынова болған. Фариза кешегі Тұмар ханымнан бастап, Әлия мен
Мәншүкке дейінгі ұлтымыздың қаһарман қыздарының поэзиядағы қайталанбас көрінісі.
1 жүргізуші:
Фаризаның жасындай жарқыраған өр рухты өлеңдері жылағанды жұбатты, қамыққанды қуантты. Оның жырларына Махамбеттің асқақ рухын, Мұрат ақынның түпсіз терең мұңын, Құрманғазының кемерінен асып төгілген шалқар шабытын танимыз.
2 жүргізуші:
Фариза өлеңдері өз басының тіршілігімен, өзі арқылы бүкіл туған елінің өмірін, сол арқылы бүкіл туған елінің өмірімен сол арқылы бүкіл адамзаттың арман-мүддесімен біте қайнасып жатады.Тарих пәнінің мұғалімі Анаргүл Кайрашевнаның орындауында «Қазақтың қызы Фариза» атты әнін қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші:
Ақын-Фариза, алты алаштың аяулысы Фаризажан, халық үшін мәңгілік Фаризақыз,- дей отырып, 7 сынып оқушысы Төлеуханова Дильназдың орындауында «Фариза, Фаризажан, Фаризақыз», 3 сынып оқушысы Қажанова
Мадинаның орындауында «Күндестік құрысын» атты өлеңдерін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Қазақ-қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз, даналығынсыз қордалы байламдар жасамай, іс бастамаған. «Қарттары бар ел-қазынасы бар ел» деген сөз бар халқымызда. Өмір жолдың болса да көп астары, қарттармен биік елдің аспаны. Мұқағали атамыз да қарттарға арналған өлеңдер жазған екен. Олай
болса, келесі кезекті 3 сынып оқушысы Рысқали Айзеренің орындауында «Мен қарапайым қарттарды сүйемін» атты өлеңіне берейік. Қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші:
Ал, енді 4 сынып оқушыларының орындауында қазақ биін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Ана-өмір сыйлаушы, бала бағбаншысы. Арулар-асыл жандар. Оларға деген махаббат, сүйіспеншілік сезімі-жырдың алтын арқауы. Ана туралы, әйел туралы жырламаған ақын кемде-кем. Соның ішінде Мұқағали Мақатаевтың ана туралы жазған өлеңдері ерекше. Ананың қамқорлығын да, қайсарлығын да, мейірімділігін де керемет жырлап өткен ақын. 10 сынып оқушысы Аубакирова Сабинаның орындауында «Шеше, сен бақыттысың», 3 сынып оқушысы Рысқали Айзеренің орындауында «Анама», 4 сынып оқушысы Қадыржанқызы Аружанның орындауында «Анашым» атты өлеңдерін қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші:
Енді бір сәт бүгінгі ұрпақтың үніне құлақ қойып, жас толқынның шабысын байқайық. Жүректерінен шыққан өз жырларын тыңдайық.
жүргізуші:
Артық едің аға, сен асылдардан,
Өзің жайлы шертеді сыр ғасыр маған.
Астыңа ат мінгізе алмасам да,
Өлеңіммен жасай алам бір той саған - дей келе, Мұқағали атамыздың туған күніне орай мектебіміздің жас ақындары, «Жас тілші» үйірмесінің мүшелері өздерінің өлеңдерін шығарған еді. 5 сынып оқушысы Сұлтанғазы Аружанның орындауында «Мұқағали Мақатаевқа», 6 сынып оқушылары Дубаев Дарынның орындауында «Туған күніңмен Мұқағали ата», Еркінбек Ришаттың орындауында «Мұқағали ата», мектебіміздің «Ең үздік ақын» номинациясының иегері 8 сынып оқушысы Марат Айымның орындауында «Мұқағали-лириканың патшасы», 10 сынып оқушысы Төкенова Құралайдың орындауында «Мұқағалиға», 11 сынып оқушысы Советова Гүлдананың орындауында «Мұқағалиға арнау» атты өлеңдерін қабыл алыңыздар!
1жүргізуші:
Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кететін ақын жоқ. Өйткені махаббат мәселесі-бұл мәңгілік тақырып. Бірақ әр ақын өз сезімін, өзінің ішкі жан дүниесін әр қалай шығарады. Ақынның сезімінде жасандылық жоқ. Махаббатта бір қуаныш, бір үміт, бір өкініш, бір күдік болатындығы жасырын емес.
2 жүргізуші:
Иә, махаббат әлемін Мұқағалидай жырлаған адам кем де кем шығар. Ол «нағыз махаббатты армандады», ол махаббатқа бас иді, оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы, ал сағына білген адам сүйе біледі, сағына білген адам өзге жанды түсіне алады, жұбата да алады. Олай болса махаббат лирикасына арналған
жырларын тыңдайық. 9 сынып оқушысы Кажанов Қуаттың орындауында «Ғашықпын» атты өлеңін қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші:
Мұқағалидың әндері шын шабыттың қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз әндерінде де махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген. 9 сынып оқушысы Лензатова Нұрсаяның орындауында «Мен деп ойла» әнін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Ақын шығармаларының үлкен бір саласы, ең асылы, ең биігі-«Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасы. Аққу-киелі құс, сұлулықтың, пәктіктің белгісі. Аққу-табиғаттың жаратылысы, махаббат белгісі. Қазақ халқында «Аққуды атпа, махаббатты сатпа» деген дана сөз бар. 3 сынып оқушысы Мұқанова Диананың орындауында «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзіндіні қабыл алыңыздар!
1 жүргізуші:
Өлең өнер, өлең дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана өмірге әкеледі. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатыр. Оның әндері-таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуенді. 8сынып оқушысы Қыдырханова Еркеназдың орындауында «Сенің көзің» атты әнін қабыл алыңыздар!
2 жүргізуші:
Ақын мұрасы, маржан поэзиясы-мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы. Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арналған лебізін тыңдайық. (Оқушылар әріптер алып шылаы).
М - Мұқағалидың
Ұ - ұрпаққа
Қ - қалдырған
А - аманатын
Ғ - ғасырлар
А - арнасына
Л - лайық деп
И - иіліп, бас иеміз,- барлығы бірге
Рахмет!
1 жүргізуші:
Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?
Әр әні толы ғой армандарға
Шерте білген мұңдарын жас қайыңға.
Дәл Мұқаңдай қазақта ақын бар ма?
2 жүргізуші:
Міне, бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңыздар деп ойлаймыз.
1 жүргізуші:
Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. Оның рухани қазынасын ұлт иелігіне асыратын XXI ғасырдың жастары-сендерсіңдер.
2 жүргізуші:
«Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали-мәңгілік өмір!
1 жүргізуші:
Мұқағали поэзиясы шырқалып
Қыран құстай қалықтасын асқарда.
Өлеңі оның еш өлмесін, ұрпағы Тойласын тойын
Шығарып атын аспанға!
2 жүргізуші:
«Батырды-батыр жеңер белдескенде»,
Шешенді шешен жеңер дау шешкенде.
Осымен тәмамдалды кешіміз бұл,
Бақытты күндерде кездескенше.
1жүргізуші:
Сонымен, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атамыздың туған күніне орай ұйымдастырылған «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» атты әдеби-сазды кешіміз аяқталды.
2 жүргізуші:
Келесі көріскенше амандықта болайық! Қош, сау болыңыздар!
(Бірге айтады)
«№ 236 орта мектебі» КММ
Сабақтың тақырыбы:
«Сөзжасамнан алған білімдерін пысықтау»
6 сынып
(ашық сабақ)
Өткізген: Э.С.Молдабаева
Шуақ ауылы
2014 – 2015 оқу жылы
Сабақтың тақырыбы: Сөзжасамнан алған білімдерін пысықтау.
Сабақтың мақсаты:
А) Білімділік:
Оқушылардың қазақ тілінің сөзжасам тарауы бойынша алған білімдерін әр түрлі деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы ары қарай шыңдау.
Ә) Тәрбиелік:
Оқушылардың бойына туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға, таным көкжиегін кеңейтуде ұлтжандылыққа, өз Отанының білімді азаматы болуға тәрбиелеу.
Б) Дамытушылық:
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай пәнге деген қызығушылықтарын туғыза отырып, танымдық қабілеттерін, зейіндерін, ой-қиялдары мен сөздік қорларын дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: Қазақстан Республикасының картасы, «Менің Қазақстаным» атымен аталған слайд түрінде берілген пойыздың суреті, еліміздің әрбір аймақтарындағы орталық қалаларының фотосуреттері.
Сабақтың түрі: Саяхат сабағы
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, талдау, эвристикалық әдіс
Пәнаралық байланыс: әдебиет, география, тарих
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі
А) Қазір қандай сабақ екенін еске түсіру
Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл – қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім –
деп, қазақтың атақты, ғұлама ақындарымыз қазақ тілі туралы осылай жырлаған екен. -Міне, балалар, ғұлама, кемеңгер ақындарымыздың тілі – туған тіліміз қазақ
тілі сабағына бүгін қонақтар қатысып отыр. Келген қонақтарға амандасып, сабағымызды бастайық. Сәлемдесу. (Хормен айту)
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.
Ә) Сабаққа қажетті құралдарды әзірлеу.
Өткенді еске түсіру
Балалар «Қайталау – оқу анасы» дегендей өткен сабақты еске түсірейік.
Ой қозғау
Сөзжасам дегеніміз не?
Түбір дегеніміз не?
Қосымшаның қандай түрлері бар?
Жұрнақтың қандай түрлері бар?
Жалғаудың қандай түрлері бар?
Дара, күрделі сөздер дегеніміз не?
Біріккен сөздер дегеніміз не?
Біріккен сөздердің қандай атаулары бар?
Б) Үй тапсырмасын тексеру
Оқушыларға бес түрлі тұрақты сөз тіркестеріне сөйлем құрастыруға берілген, сол сөйлемнің ішінен тұрақты сөз тіркесінің мағыналарын анықтау керек .
Сабақтың барысы:
Балалар, бүгінгі біздің сабағымыздың тақырыбы- «Сөзжасамнан алған білімдерінді пысықтау» деп аталады. Яғни, сендер сөзжасамнан алған білімдеріңді ары қарай шыңдай түсесіңдер. Сендердің барлықтарын біздің тәуелсіз еліміздің жері өте үлкен, ұшан-теңіз екенін білесіңдер. Енді бүгін бәріміз сол үлкен елімізге саяхатқа шығамыз. Саяхатқа шықпас бұрын менің мына жұмбағымды шешіп көріңдер.
Жұмбақ: Қос ішекке қонақтаған қаланы,
Қара тұлпар алға сүйреп барады. (Пойыз)
Пойыздың аты «Менің Қазақстаным» деп аталады. Енді бұл пойызды жүргізетін бізге жүргізуші-машинист керек. Еңбек туралы мақал-мәтел айтқан оқушы пойыз жүргізушісі болады. Оқушы: «Адамды адам еткен еңбек». Пойыз жүргізушісі таңдап алынды. Оның міндеті- картамен жұмыс істеу, яғни еліміздің барлық аймақтарының орталық қалаларын картадан көрсетіп, пойызды жүргізу.
Енді балалар, жүргізуші-машинист бізге Қазақстанның солтүстік, оңтүстік, шығыс, батыс аймақтарын картадан көрсетіп берсін. – Міне балалар,
еліміздің осындай төрт аймағына саяхатқа шығамыз. – Балалар, өздерінді пойыздың ішінде отырғандай сезініп, көз алдарына солай елестетіндер. Қазір біз
Семей қаласындағы темір жол вокзалынан пойызға отырып, Шығыс Қазақстанның орталығы Өскемен қаласына келеміз. (картадан
Шығыс Қазақстан облысы, орталығы Өскемен қаласын көрсету, үнтаспаға жазылған пойыздың дауысы естіледі). Слайдтан Өскемен қаласының көрнекті жерлерін көрсетіп, таныстыру. Оқушылар Өскемен қаласы туралы дайындап келген мәліметтерін оқиды.
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының деңгейлік тапсырмасы.
Біріккен сөздердің әрбір атауларына бір-бірден мысал жазып, өздеріне ұнаған бір сөзге фонетикалық талдау жасаңдар.
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласының деңгейлік тапсырмасы. Слайдтан Шымкент қаласының көрнекті жерлерін көрсетіп, таныстыру. (Бір оқушы Шымкент қаласы туралы дайындап келген мәліметін оқиды).
Берілген сөз тіркестерінің құрамындағы сөздерді тура және ауыспалы мағынаны білдіруіне қарай бөліп жазыңдар. Бірінші қатардағы сөз тіркестерінің біреуін жекеше және көпше түрде ауызша жіктеп беріңдер.
Жақсы сөз, жақсы адам, жақсы ой, жақсы күн, жақсы бала, жақсы өмір.
Терең сай, терең білім, терең адам, терең құдық, терең су, терең сезім.
Долы дауыл, долы күш, долы жел, долы адам, долы теңіз.
Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының деңгейлік тапсырмасы . Слайдтан Орал қаласының көрнекті жерлерін көрсетіп, таныстыру. . (Бір оқушы Орал қаласы туралы дайындап келген мәліметін оқиды).
Мына тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын анықтаңдар. Өздеріне ұнаған бір сөзді ауызша түрде септеңдер.
Тайға таңба басқандай - ..................... (анық)
Бетінен оты шықты - .......................... (ұялу)
Айы оңынан туды - ............................... (жолы болды)
Ит терісін басына қаптады - ................(ұрысты, балағаттады)
Арасынан қыл өтпес - .............................(өте тату болу)
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласының деңгейлік тапсырмасы. Слайдтан Петропавл қаласының көрнекті жерлерін көрсетіп, таныстыру. (Бір оқушы Петропавл қаласы туралы дайындап келген мәліметін оқиды)
Берілген қос сөздерді қатыстырып сөйлемдер құраңдар.
Қатар-қатар, бет-бетімен, ауызба-ауыз, күннен-күнге, көзбе-көз, жарқ-жұрқ, биік-биік, сөйлей-сөйлей.
Қазақстанның астанасы Астана қаласының деңгейлік тапсырмасы. Слайдтан Астана қаласының көрнекті жерлерін көрсетіп, таныстыру. (Бір оқушы Астана қаласы туралы дайындап келген мәліметін оқиды).
Мына сөз тіркестерін сөз құрамына талдаңдар.
Қазақстанның жері, халық түсінігі, үшінші бала, елімнің еркіндігі, балалврмен дос болу, астрономиялық ғимараттарда, таулы жерде, жұлдыздарды бақылау.
Пойыз Семей қаласына қайтып келеді. (Бір оқушы Семей қаласы туралы дайындап келген мәліметін оқиды). Семей қаласының деңгейлік тапсырмасы.
Берілген мақал-мәтелдерді оқып, сөйлем мүшесіне талдаңдар.
Анасын танымаған, Алласын танымас. Баласы отынға барса, бабасы көшеге сыймас. Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар. Ананың басқан жерінде бейіш бар.
Үйге тапсырма: «Менің сүйікті мектебім» тақырыбында шағын әңгіме жазып келу. «Сөзжасам» тақырыбына сөзжұмбақ құрастыру.
Бағалау. Сабақ барысында жұмыс жасаған оқушылардың барлығына фишкалар таратылып берілді. (дөңгелек қызыл түсті фишка- «5», көк түсті төрт бұрышты фишка- «4», үшбұрышты жасыл түсті фишка- «3»). Сол фишкалар арқылы оқушылардың білімдері бағаланды.
Достарыңызбен бөлісу: |