73. Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы білім және ғылым реформаларының негізгі бағыттары. Білім беру ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізгі приоритеттерінің бірі болып табылады. Қазақстандағы білім беру реформаларының ортақ мақсаты білім беру жүйесінің жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделуі. Тұңғыш Президент әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына республиканы кіргізу туралы мақсат қойған болатын. Осы мақсатты жүзеге асыруда білім беру жүйесін дамыту маңызды роль атқарады. Білім беру саласының жалпы ауқымы: 2011 жылы 5 жастан 24 жасқа дейінгі халықтың 85%-ы оқумен қамтылса, азаматтардың 30%-ы білім жəне ғылым жүйесіне тартылды, оның ішінде: білім алып жатқандар – 4,314 млн. білім беру саласында қызмет ететіндер – 403,3 мыңнан астам педагогтар мен ғалымдар бар. Қазіргі кезде Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен балалардың тек қана 38,7% ғана қамтылған, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90-100% Елбасы тапсырмасын орындау шеңберінде жаратылыстану-математика бағытындағы оқыту бағдарламаларын жүзеге асыратын, оқушы қызығушылығын, бейімділігі мен қабілетін толық ескеру үшін жағдайлар жасайтын «Назарбаев Интеллектуалды мектептері» желісін құру басталды. Қазіргі уақытта физика-математика бағытындағы 3 мектеп Нұр-Сұлтан, Семей және Көкшетау қалаларында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта республикада 7576 күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Мектептердің жалпы санының 64%-ы үлгілік, 35,4%-ы – ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан, 201 мектеп апатты жағдайда. Мектептердің 37,4%-ы тасымалды суды қолданады. 70 мектеп 3 ауысымда, 1 мектеп – 4 ауысымда жұмыс істейді. Күрделі жөндеуді мектептердің 25,1%-ы қажет етеді. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 1. «Бастауыш білім беру сапасы» көрсеткіші 1 орынға алға жылжыды (Қазақстан 68-орыннан 67-орынға ауысты); 2. «Білім беру жүйесінің сапасы» – 2 орынға (68 ден 66-ға); 3. «Математикалық жəне ғылыми білім беру сапасы» 8 орынға (80-нен 72-ге); 4. «Басқару мектептерінің сапасы» 1 орынға (98-ден 97-ге); 5. «Зерттеу жүргізу жəне тренинг қызметі орындарына қолжетімділігі» 14 орынға (82-ден 68-ге); 6. «Қызметкерлерді оқыту» 9 орынға (92-ден 83-ке); 7. «Инженер ғалымдар санының жеткілікті болуы» 9 орынға (83-тен 74-ке) жақсарған. 74.2010 жылы 1 ақпанда Қазақстанда « Зияткерлік ұлт 2020» немесе "Интеллектуалды ұлт - 2020" мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты туралы мемлекет басшысы 2008 жылы 30-қаңтарда "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттарына арналған форумда мәлім еткен еді. Оның негізгі мақсаты - қазақстандықтарды жаңа формацияға тәрбиелеу, Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті адам капиталына бай елге айналдыру. Бұл мемлекеттік бағдарлама үш басым бағыт негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Бірінші басым бағыты – білім беру жүйесінің инновациялық дамуы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасының атқарар рөлі өлшеусіз. «Мен «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасы идеясымен бөліскім келеді. Оның негізгі мақсаты – қазақстандықтарды жаңа формацияға тәрбиелеу. Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті адам капиталына бай елге айналдыру», деген еді Елбасы. Жобаның басым бағыттары ретінде негізгі үш бағыт айқындалды. Интеллектуалды адам капиталын қалыптастырудың бірінші алғышарты ретінде Мемлекет басшысы білім беру сапасын өскелең талаптарға сай дамытуды атап көрсетті. «Интеллектуалды ұлт» жобасының екінші басым бағыты ретінде ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жобаның үшінші бағыты ретінде инновациялық даму жүйесіне басымдық берілуде. Енді осы үш басым бағыттың қазіргі таңдағы ахуалын саралап көрейік. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде еліміздің білім саласы реформадан кенде болып көрген емес. Бір кездері әлемдегі ең озық үлгі ретінде танылған кеңестік білім беру жүйесінен ауылымызды аулақ салып, архивке аттандырдық. Ол заңды да шығар. Ақпараттық технология ғарыштап дамыған жаһандану жағдайында көненің көзіндей болған кеңестік білім беру жүйесінің заман сұранысына жауап бере алмағаны анық. Алайда, ең өкініштісі, ұзақ жылдар бойы халқымызды ағарту саласының өзегі болып келген сол кеңестік білім беру жүйесінің орнын алмастыратын тиімді де озық үлгіні әлі де таба алмай келе жатырмыз. Соңғы кезеңде Білім және ғылым министрлері екі-үш жылда бір ауысады. Жаңадан тағайындалған министр білім саласында өзінің реформаларын жүргізе бастайды. Келесі келген министр бұл бастамаларды жылы жауып қойып, өзінің көңіліне қонған өзгерістерді енгізеді. Сөйтіп, «апам да аң-таң, мен де аң-таңмын» дегендей, жүздеген мың мұғалім жаңа министр енгізген өзгерістердің қыры мен сырын түсінуге ден қояды. Міне, дәл қазіргі күні де еліміздің 300 мыңдық мұғалімдер корпусы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев енгізген білім берудің жаңартылған мазмұнын жүзеге асыруға жұмылған. Әлемдік өркениет шоғырында ат төбеліндей ең дамыған отыз елдің қатарына ұмтылған Тәуелсіз Қазақстанның бағдарға алған шоқ жұлдызы – «білім – ғылым – инновация». Осы жылдар ішінде еліміздің білім саласында жетістіктер болмады деп ауызды құр шөппен сүрткен де жарамас. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің бүкіл мектеп жасына дейінгі тәрбие мекемелерін қамтыған «Балапан» бағдарламасы, интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізі болып табылатын 20 Назарбаев зияткерлік мектептерін ашу бастамасы білім саласындағы бірегей жетістіктер екендігі даусыз. Әлемдік сапа дәрежесі мен инновациялық білім беруге негізделген жаңа үлгідегі интеллектуалды мектептердің мақсаты экономикалық және әлеуметтік өмірдің барлық саласына бәсекеге қабілетті болашақ кадрларын тәрбиелеу болып табылады. Мемлекеттің интеллектуалды әлеуетінің негізі, бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші – сапалы білім, сындарлы ғылым. Жоғары оқу орындары (ЖОО) жүйесі – қазақстандық білікті кадрларды қалыптастыратын және еліміздің интеллектуалды әлеуетін дамытатын орта. Бұл жүйе қаншалықты тиімді жұмыс істесе, елдің экономикасы да соншалықты дәрежеде дамитын болады. Бүгінде Қазақстандағы ЖОО-лар 200-ден астам мамандық түрі бойынша кадрлар даярлайды екен. 1990 жылдан бері елімізде ЖОО-ларда оқитындар саны үш есе артты. Сөйтіп Қазақстан ЖОО-лар саны жағынан әрбір миллион тұрғынға шаққанда Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты көшбасшы елдердің өзін басып озыпты. Ең өкініштісі, ЖОО жүйесіндегі сандық көрсеткішке сапалық дәреже мүлде сәйкес келмейді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде ЖОО бітіргендердің 50 пайызы ғана алған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Қазақстанда тек педагог кадрларын даярлайтын 89 ЖОО (оның 33-і мемлекеттік, 56-сы жекеменшік) бар екен. Жыл сайын осы оқу орындарын бітіретін 34 мың түлектің тек 10 мыңы ғана мектепке келіп, мұғалім болады. Ал заңгерлер мен экономистерді даярлайтын ЖОО-лар қанша, бұл оқу орындарынан «мүйізі қарағайдай» диплом алып шығатын «мамандар» қанша десеңізші?! Қазір еліміздің ЖОО-лары даярлап жатқан бакалаврлар мен магистрларды еңбек рыногы жұмыспен қамтамасыз ете ала ма? Біздің экономикамыз үшін жыл сайын ЖОО-ларды тәмәмдайтын мыңдаған экономистер мен қаржыгерлер қажет пе? Жыл сайын Үкімет бюджеттен бөлетін миллиардтаған теңге гранттардың өтемі қайда? Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды, бүгінгі күнге дейін еліміздің білім беру саласы мен еңбек рыногының арасында ешқандай байланыс болмай отыр. Еліміздің жоғары оқу орындары еңбек рыногының сұранысын зерттеп, экономикамыздың қажетін өтеуге толық дәрежесінде қызмет атқарып отырған жоқ. Бұл мәселелер төңірегінде біз Батыстың дамыған елдерінен әлі де көп нәрсені үйренуіміз керек-ақ. Мәселен, өркениетті Еуропа елдерінде мектеп түлектерінің тек 20 пайызы ғана жоғары білім алуға ден қояды. Жоғары білімсіз де қоғамға қажетті нағыз кәсіби мамандық иесі болуға болады. Білікті мишинист, іскер шаштараз да қоғамның қозғаушы күші болуға лайық. Жалпы, білім мен біліктілік ұштасқанда ғана экономика жемісті болмақ. 1999 жылы қабылданған "Білім туралы" Заңда құрылымы мен мазмұны жағынан да жаңартылған ұлттық білім беру жүйесінің жаңа моделі жасалды. Осы жаңа модельге сай білім беру жүйесі 4 деңгейге: мектеп жасына дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білімге, жоғары кәсіби білімге, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім беруге бөлініп, 1997 жылы ЮНЕСКО ұсынған халықаралық білім беру жіктемесіне мейлінше сәйкестендірілді.
Мектеп жасына дейінгі тәрбиелеу мен оқыту шеңберінде 5 (6) жасар балаларды міндетті түрде мектепалды даярлықтан өткізу көзделген. Бұл - мектепке оқуға қабылдау барысында балаларға бірегей бастау мүмкіндігін тудыратын маңызды шара болмақ.