2.Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың тарихы және бүкіл адамзат тарихының құрамдас бір бөлімі. Өйткені ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы – Ұлы Далада ХХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үдерістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тығыз байланыста тұтас қарастыратын пән. ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында өте маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені, қазақ қоғамдық саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы сол кезде пайда болды. ХХ ғасыр қайшылықтарға толы көптеген саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен мәдени төңкерістердің, Дүниежүзілік соғыстардың, экономикалық өзгерістердің орын алған кезеңі болғандықтан және бүгінгі күнмен етене байланысып жатқандықтан, осы үдерістерді оқытуға аса көңіл бөлу қажет.
3. Қазақ мемлекеттілігінің негіздері мен сабақтастығы: ежелгі, ортағасыр және жаңа заман. «Қазақтар ұлы өркениеттердің мұрагерлері тарихтың сан-сапалық құз-қияларынан өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиеттерін алып шыға алды. Жай ғана алып шығып, жай ғана сақтай білген жоқ, сонымен еселеп жаңғырта да білді... Қазақ этносы ғасырлар бойы қалыптасқан. Ол осы жерге әлдеқайда отаршылдық немесе басқыншылық жолмен келмеген. Қазақтардың тарихи тек-тамыры мейлінше тереңде ондай тек-тамыр алғашқы қазақ хандығы құрылған кезеңмен әсте шектелмейді» [8, 26], - деп Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, қазақ этносының ғасырлар бойы қалыптасқаны қаншалықты анық болса, мемлекеттілігінің де тамыры өте тереңде жатқаны соншалықты шынайы деп айтуға болады. Осы тұрғыдан қарастырғанда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы тарихы да өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Қазақстанның тәуелсіздік алғанға дейінгі саяси ахуалы баршаға мәлім. Нақтырақ айтсақ, Атамұра баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» атты еңбектің бірінші томында: «көптеген тарихи зерттеулерге тарихи үрдісті шамадан тыс идеологияландыру, қара дүрсін тікелей түсіну, схематизм тән еді. Тыйым салу жүйесі зерттеулердің, әсіресе кеңестік кезеңде, деректеме базасын шектеп отырды. Қоғам өмірінің барлық құбылыстары бойынша таптар мен тап күресін маркстік-лениндік тұрғыдан түсіндіруге негізделген таптық әлеуметтік көзқарас негіз етіп алынған методология үстемдік етті. Бұқараның санасына бұрынғы КСРО халықтарының тарихында, дүниежүзілік тарихта Ресейдің ерекше рөл атқарғаны, оның ерекше үстемдік дәрежесі туралы идея қоярда-қоймай сіңірілді» [7, 8], - делінеді. Осылайша идеологиялық қысым мен партиялық қатаң бақылауда болған отан тарихының көптеген мәселелері жабық күйінде қалдырылды немесе бұрмаланып түсіндірілген болатын. Ал қазіргі зерттеушілердің пікірінше Қазақстан территориясында мекендеген тайпаларды зерттеу ісін дәстүрлі түрде б.э.б. 2-1 мыңжылдықтарда қола дәуірінде мекендеген тайпалар – андроновтықтардан бастау қажет. Өйткені қазақ этносы өзінің нәсілдік-генетикалық бастауын осы дәуірден алады. Мұны қазақ және андронов мәдениеттерінің арасындағы ұқсастықтар дәлелдесе, үйсін, сақ, ғұн, қаңлы және сармат тайпалары қазақтардың арғы тегі болып табылады [9]. Бұған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары «Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан территориясындағы мемлекеттілік дамуының тарихи сабақтастығы» атты ғылыми жобасы ғылыми негіз болады. Жоба барысында айналымға көптеген қытай, тұнғыс, монғол, парсы тілдеріндегі жаңа деректер енгізіліп [10, 4], зерттеу нәтижесінде ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан және көршілес Орталық Азия территорияларында өмір сүрген мемлекеттердегі саяси институттардың дәстүрлігі мен сабақтастығына көз жеткізілді. Сондай-ақ соңғы ортағасырдағы қазақ мемлекеттілігінің ежелгі саяси бірлестіктермен (сақ, үйсін, қаңлы) арасындағы тарихи сабақтастығы ғылыми дәйектермен айқындалды. Демек, Қазақстан территориясында өмір сүрген ежелгі саяси бірлестіктерді қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалаған негіз ретінде қабылдайтын болсақ, ортағасырда пайда болған түркі (Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты, Оғыз мемлекеті, Қимақ мемлекеті, Қарахан мемлекеті сынды) мемлекеттерін саяси-әлеуметтік құрылымдарды дамытушы немесе жалғастырушы мұрагерлері деуге болады. Әрине, жоғарыда берілген дәлелдерді отандық ғалымдардың тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жүзеге асырған ауқымды шараларының тұшымды нәтижесі деп көрсету қажет. Шын мәнінде тарихи деректерге жүгінетін болсақ, б.э.б. І мыңжылдықта өмір сүрген сақ тайпаларының оңтүстік-шығыс Қазақстандағы (Есік, Бесшатыр), Шығыс Қазақстандағы (Шілікті) обаларынан табылған олжалары сақ тайпаларының жоғары және төл мәдениетке ие екенін, оларда қоғамдық әлеуметтік құрылымның дамығанын дәлелдеп берген болатын [7, 158]. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылы 21 қарашада жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері»», - деп айтса, «Алтын адамға» қатысты бөлімінде «біздің түп тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған – «Алтын адам»... Жауынгерлердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі» [11],- деп айтады. Бұл жерде бұрмаланған фактілер қатарында сақ тайпаларының жазуын айтуға болады. Ғалым К.Ақышевтің басшылығында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Есік обасынан күміс тостағанша табылған болатын. Осы тостағаншаның сыртқы жағында ойып 26 таңбамен екі қатарда жазылған мынадай жазу бар:Аға, саңа очкуқ! Без чөк! Букун ічре (р?) азуқ і (аудармасы: Аға саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай!) [12]. КСРО кезеңінде осы көне жазуды парсы жазуы деп дәлелдеуге талпыныс жасалды. Яғни Қазақстан территориясындағы өмір сүрген көшпелілерде жазу-сызу болмаған, мәдени деңгейі төмен дегенді қабылдатуға тырысты. Дегенмен шындық уақыт өте өз мақсатына ұласты. Бұдан 2500 жылдай бұрын өмір сүрген тайпалардың жаза білгені және оның көне түркі жазуы екені мойындалды. Десек те «сақ өркениетінің лингвистикалық жағы, яғни тілдік мәселелері даулы болып отыр. Бұл тайпалардың кезінде Еуразияның кең даласына таралғанын ескерсек, сақтардың тайпалық конфедерациялық одағында түркілерден басқа иран тілдес тайпалардың болуы ықтимал», - деген көзқарастар да жоқ емес [1, 26]. ХІІІ ғасырға келгенде қазақ жері Шыңғыс хан әскерінің жаулап алу соғысынан кейін қиранды ішінде қалды. Алайда уақыт өте қайта өмір тіршілігі жалғасын тапты. Монғолдар басып алған жерлеріне арнайы «даруғашы», «тамғашы» секілді өкілдерді тағайындап, солар арқылы басқарды [13, 54]. Бұл кезеңде билік құрылымының барынша тұрақтыланғанын байқауға болады. Осы мәселеге қатысты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «қазақ мемлекетінің іргетасын төре тұқымының (Шыңғыс ханның еркек кіндікті ұрпақтары) өкілдері қалағанын, «Қазақ хандығы Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет» [8, 211], - деген пікірі орынды айтылған. Қолымыздағы деректер бойынша осы атап отырған тұңғыш ұлттық мемлекет – Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасында Жетісу жерінде бой көтерді. Шыңғыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ұлыс біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылымның туын желбіретті. Осылайша Еуразия кеңістігінде Қазақ хандығының құрылуы қазақ мемлекеттілігінің, саяси дамулардың заңды қорытындысы болды. Мемлекеттіліктің ұзақ өмірлі болуы үшін оны құраушы құндылықтардың сақталуы қажет екені мәлім. Осы тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн», - дей келе, осы территориядағы руханияттың алты мың жылдығы дамуына тоқталып, өткен тарихын он екі кезеңге бөліп қарастырады [8, 267]. Мәселен, бірінші кезең қазіргі Қазақстанның аумағында мал баққан ежелгі арийлердің сансыз көп тайпаларының игеруі, ал екінші кезең шамамен 4-5 мыңжылдық бұрын арийлер тарихы мен рухының орталығы біртіндеп солтүстіктен оңтүстікке ойысуы делінеді. Үшінші кезең – шамамен 3-4 мыңжыл бұрын ғұн тайпаларының көшімен сипатталып, 2-2,5 мыңжылдар бұрын олардың осы жерлерге келіп қайнасуы. Төртінші кезең – шамамен 1,5 мыңжыл бұрын ғұн нәсілдері – түркілер – Ашина руының түркілері – Ордос алабынан ауған жуан-жуан тайпаларының ежелгі ақсүйек әулетінен тараған ұрпақтары. Тұңғыш Түркі қағанаты – Мәңгілік Ел пайда болды. Бесінші кезең – 1300-1100 жылдар бұрын түркі халықтарының рухани орталығы Шығыста, Орхон Енисейде бой көтерді. Алтыншы кезең – 1100-900 жыл бұрын қазақ жерінде араб-ислам ықпалы басталды. Жетінші кезең – ХІ ғасыр Түркістаннан исламның сопылық ағымы қазақ жеріне тарады. Сегізінші кезең – ХІІ-ХІV ғасырларда қазақ халқының төрт мұраты тұжырымдалды: үш жүздің жауынгерлік ұрандары (Ұлы жүз – Бақтияр – бақыт; Орта жүз – Ақ жол – әділет; Кіші жүз – Алшын – От-ана) және қазақ халқының ортақ ұраны – Алаш ұғымына бірікті. Шыңғыс империясына тәуелденді. Тоғызыншы кезең – XV-XVII ғасырларда алғаш Қазақ хандығы құрылды. Оныншы кезең – XVІІ-ХІХ ғасырларда қазақ халқы өте ауыр кезеңді басынан өткізді. ХІХ ғасырда ұлттың руханиятында жаңашылдықтар пайда болды. Шоқан, Абай секілді жарық жұлдыздар өмір сүрді. Империялық Ресейдің бұғауына толық түсті. Он бірінші кезең – ХХ ғасыр. Қазақ халқының өз мемлекетін құруға талпынысы, Алаш зиялыларының орасан зор қызметтері. КСРО ның құрамындағы қазақ елі. Ұлттық рухани тіректердің қирауы. Он екінші кезең – 1980-жылдардың ортасынан басталды. Халық рухының қайта көтерілуі, дербес даму жолы – ретінде айқындалды. Сонымен қазіргі уақытта да отан тарихындағы мемлекеттілік мәселесі күрделі, әрі маңызды тақырыптардың бірі болып қала береді. Осы тақырып аясында тарихшы ғалымдар еліміздің өз тарихында өте күрделі, қиын жолдардан өткеніне тоқталып: «қазақ мемлекеттілігі түрлі тарихи кезеңдерде әр қырлы үлгіні иеленді – хандық (ХІХ ғасырға дейінгі кезеңде), протекторат (ХVІІІ-ХІХ ғасырдың басы), одақтық республика (ХХ ғ.). Алайда ұлттық мүддеге сәйкес келетін және ХХІ ғасырдың сын тегеурініне төтеп бере алатын заманауи үлгідегі толыққанды мемлекеттілік, 1991 жылдан беріде, демек, КСРО ыдырап, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана құрылды»