3- аралық бақылау тапсырмалары



Дата18.04.2022
өлшемі30,75 Kb.
#139879
түріҚұрамы
Байланысты:
3 aralyq QUQYQ


3- аралық бақылау тапсырмалары
«Қылмыс» ұғымы және оның белгілері. қылмыстық жауапкершілік және оның құрамы.

«Қылмыс» ұғымы және оның белгілері.
Қылмыс – бұл құқық бұзушылықтың бір түрі. Қылмыс басқа құқық бұзушылықтардан, оның қылмыстық заңмен белгіленетіндігімен және оны жасағанда қылмыстық жауапкершіліктің болуымен ерекшеленеді. «Қылмыс» ұғымы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 9 – бабында берілген: «Осы кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған қоғамдық қауіпті әрекет – қылмыс деп танылады».
Қылмыстың төмендегідей белгілерін атап өтейік.
1. Қылмыс әрқашан іс – қимыл болып табылады, яғни, ол әрекетпен де, әрекетсіздікпен де жасалуы мүмкін.
Әрекет – бұл қылмыс жасаудың белсенді нысаны. Әрекетсіздікте кінәлі адам өзі жасай алатын әрекетті және жасалуы тиіс әрекетті жасамайды. Адамның ойлау қызметі жазаланбайды, өйткені ол қоғамға қауіпті теріс қылық жасауға алып келмейді.
2. Қылмыс – бұл қоғамға қауіпті әрекет, яғни ол қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға зиян келтіреді немесе зиян келтіруге нақты қауіп төндіреді.
3. Қылмыс - әрқашан құқыққа қайшы болады. Құқыққа қайшылық – бұл қылмыстық заңның әрекетке тыйым салуы. Құқыққа қайшылық деп қылмыстық кодексте бекітілген тыйымды қылмыс жасаған адамның бұзуын айтады.
4. Қылмыстың міндетті белгісінің бірі адамның кінәсінің болуы. Қасақана немесе абайсызда жасалған әрекет қылмыс болуы мүмкін.
5. Жазалану. Егер әрекет жазаланбайтын болса, онда ол қылмыс ретінде қарастырылмайды. Әрбір қылмыс үшін қылмыстық кодексте жаза қарастырылған.

Қылмыстың жіктелуі.

Қылмыстарды жіктеу – бұл қоғамға жасалған қауіпті әрекетті ауырлық дәрежесі мен сипатына байланысты топтарға бөлу болып табылады. Қылмыстық кодексте барлық қылмыстар төрт топқа бөлінген: онша ауыр емес қылмыстар, орташа ауыр қылмыстар, ауыр қылмыстар және ерекше ауыр қылмыстар.
 Жасалғаны үшін ең ауыр жаза екі жыл бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай – ақ жасалғаны үшін ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет – онша ауыр емес қылмыс деп танылады.
 Жасалғаны үшін ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай – ақ жасалғаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза абайсызда жасалған әрекет – орташа ауыр қылмыс деп танылады.
 Жасалғаны үшін ең ауыр жаза он екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет – ауыр қылмыс деп танылады.
 Жасалғаны үшін ең ауыр жаза он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе өлім жазасы қасақана жасалған әрекет – аса ауыр қылмыс деп танылады.

Қылмыстық жауапкершілік туралы түсінік.

Қылмыстық жауапкершілік құқықтық жауапкершіліктің ішіндегі ең қатаң түрі болып есептеледі. Қылмыстық жауапкершілік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық заңмен белгіленеді.
Қылмыстық жауапкершіліктің мағынасы кінәлі адамның өзінің құқыққа қайшы әрекеті үшін мемлекет атынан сотталатындығын білдіреді. Соған орай, мемлекет құқық бұзушының еркінен тыс мәжбүрлеу тәртібінде қылмыстық жауапкершілікті жүктейді.
Қылмыстық жауапкершілік – бұл адамның жасаған қылмысы үшін жазалануы немесе қылмыстық – құқықтық сипаттағы басқа да шаралармен жазаланатын қылмыстық заңмен бекітілген міндеті.
Қылмыстық жауапкершіліктің мынадай элементтері болады:
• жасаған қылмысы үшін адамның жауап беру міндеті;
• соттың адамның жасаған әрекетін теріс бағалаудан көрінетін соттау;
• кінәлі адамға қылмыстық – құқықтық сипаттағы шаралар қолдану;
• жаза тағайындаудың құқықтық салдары ретіндегі соттылық.
Қылмыстық жауапкершілік қылмыс жасаған сәтте пайда болады және адамға қылмыстық мәжбүрлеу шарасын қолданған сәттен бастап жүзеге асырылады. Қылмыстық жауапкершілік соттылық мерзімі біткенде тоқтатылады.

Қылмыс құрамы турлы түсінік және оның түрлері.

Қандай қылмыс жасалғанын анықтау үшін «қылмыс құрамы» сияқты ерекше ұғым бар, мысалы, ұрлық немесе бұзақылық, кісі өлтіру немесе қарақшылық.
Қылмыс құрамы деп қоғамға қауіпті әрекетті қылмыс ретінде сипаттайтын объективті және субъективті белгілердің жиынтығын айтады.
Қылмыс құрамы элементтерден құралады. Егер осы элементтің біреуі болмаса қылмыс жасалды деп айта алмаймыз. Қылмыс құрамының элементтері бұл – объект және объективті жағы, субъект және субъективті жағы.
 Қылмыс субъектісі жай, белгілі бір жаса толған және есі дұрыс болғандықтан өз әрекетін (немесе әрекетсіздігін) бағалай алатын қабілеті бар адам болуы керек.
 Қылмыс объектісі – бұл қылмыстық іс – қимылға бағытталған және зиян келтіруі мүмкін қоғамдық қатынастардың жиынтығы, мысалы, өмір, жеке меншік, ар – ұят, абырой.
 Қылмыстың объективтік жағы - әрекет деген жалпы ұғымды беретін адамның әрекет немесе әрекетсіздік нысанындағы сыртқы көрінісі.
 Қылмыстың субъективтік жағы – бұл адамның өз іс – қимылына психикалық көзқарасы. Ол қасақаналық және абайсыз нысанында көрініс табады.

Қылмыстың субъективтік жағы.

Қылмыстың субъективті жағы – бұл қылмыс жасаумен тікелей байланысты адамның психикалық әрекеті. Қылмыстың субъективті жағының мазмұны кінә, ниет және мақсат сияқты белгілердің көмегімен ашып көрсетіледі.
Кінә - бұл адамның қылмыстық заңмен қарастырылған қоғамға қауіпті іс – қимылды жасауға деген психикалық көзқарасы. Кінә мынадай элементтерден тұрады: сана (интеллектуалдық элементі) және ерік (ерік элементі).
Қылмыстың ниеті – қылмыс жасаған адамның жетекшілікке алатын саналы ниеті, яғни пайдакүнемдік, қызғаныш, көре алмаушылық, қорқақтық және т.б. болуы мүмкін.
Қылмыстың мақсаты – тілейтін нәтиже туралы ой, оған кінәлі қол жеткізуге тырысады. Мысалы, оңай олжа табу мақсаты, трансплантациялау үшін органдарды немесе тканьдарды пайдалану мақсаты, сату мақсаты, халықты қорқыту мақсаты және т.б.

Қылмыс субъектісі.

Кез келген адам қылмыс субъектісі бола алмайды, тек қылмыстық заңға сәйкес белгілі бір белгілерге ие адамдар ғана субъект болады. Олардың қатарында қылмыстық заңмен бекітілген жас мөлшері мен есі дұрыстық жатады.
Қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік он төрт жастан бастап туындайтын жеке қылмыстардың түрлері келтірілген. Ол тізім мынадай құрамнан тұрады:
а) жеке адамға қарсы ауыр қылмыстар: қасақана адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру не денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру, зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану, адамды ұрлау;
ә) мүліктік қылмыстардың кейбір түрлері: ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алушылық, автокөлік немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау, бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру жазаны ауырлататын мән – жайлар;
б) қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың кейбірі: терроризм, адамды кепілге алу, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау, қаруды, оқ – дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын ұрлау не қорқытып алу, ауырлататын мән – жайлардағы бұзақылық, тағылық, өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерді қорлау, көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыздыққа келтіру және т.б.
Қылмыс жасаған кезде 16 жасқа толған адам қылмыстық жауапқа тартылады. Ал 14 жасқа дейінгі жас балалар қ қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Қылмыс жасаған кезде өз әрекетінің (не әрекетсіздігінің) қоғамға қауіптілігі мен нақты сипатын сезінген және әрекеттеріне басшылық етпеген адам есі дұрыс деп танылады.
Қылмыс жасаған кезде есі дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы жүйке ауруы, жүйкесінің уақытша бұзылуы, ақылының кемдігі немесе өзге жүйке дертіне ұшырауы салдарынан өзінің іс - әрекетінің (не әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам есі дұрыс емес деп танылады. Есі дұрыс емес адам қылмыс субъектісі бола алмайды, сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Көптеген ғасырлар бойы ақы – есі дұрыс емес қылмыскерді қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтын. Ақыл – есі дұрыс емес адамға қатысты өлім жазасын қолданбаудағы алғашқы жағдай Дэниел Мак – Нагетеннің жағдайы деуге болады, ол 1843 жылы Ұлыбритания премьер – министірінің хатшысын атып өлтірген. «Мак – нагетен заңы» дұрыс емес қылмыскерді сотқа емес, психиатриялық ауруханаға жіберу туралы қаулы етті.

ҚЫЛМЫСҚА ҚАТЫСУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ. ҚЫЛМЫС ЖАСАУ САТЫЛАРЫ.

Қылмысқа қатысу туралы түсінік және оның белгілері.
Қылмысты көбіне бір адам емес бірнеше адам жасайды, өйткені біріккен қылмыстық әрекет арқылы қылмыс жасау жеңілдейді. Сондықтан да заңда бірге жасалған қылмыс үшін жауапкершілікке тартылатын адамдар шеңберін және олардың жауапкершілік негіздері мен шектерін айқындаудың маңызы зор.
Екі немесе одан да көп адамның қылмыс жасауға қасақана бірлесіп қатысуы қылмысқа қатысу деп танылады.
Қылмысқа қатысу барысында қылмыс жасауға бірнеше адамның қатысуы міндетті. Мұндай жағдайда бұл адамдар қылмыс субъектісінің белгілеріне ие болуы керек. Есі дұрыс емес немесе заңда белгіленген жасқа жетпеген адам ешқандай жағдайда да қылмысқа қатысушы деп танылмайды және қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бірігу қылмысқа қатысудың объективтік белгісі ретінде бірнеше адамдардың өз күштерімен бірлесіп әрекет жасауын білдіреді, олардың барлығы өз күштерін біртұтас қылмыстық нәтижеге қол жеткізуге бағыттайды. Қылмыстық нәтижеге қол жеткізу үшін күштерін біріктіргенде, қатысушылардың бірі қылмыстың объективтік жағын орындайды, ал басқалары қылмысты ойдағыдай жасауға көмектеседі. Біріккен әрекеттер арқылы қол жеткізілген нәтиже барлық қатысушылар үшін біртұтас, орта, бөлінбейді.
Тек қасақана жасалған қылмыстардың ғана қылмысқа қатысы болуы мүмкін, ал қылмысқа қатысушы барлық адамдар қасақана түрде әрекет етеді.
Абайсыз қылмыстарда қылмысқа қатысу болмайды. Егер бірнеше адам абайсызда қоғамға қауіпті жағдай туғызса, оның әрқайсысы жасаған әрекеті үшін жауап беруге тиіс.

Қылмысқа қатысушылардың түрлері.

Қылмысқа қатысушылардың рөліне байланысты, оларды орындаушы, айдап саушы және көмектесуші деп бөледі.
Орындаушы – бұл нақты қылмыс құрамының объективтік жағына кіретін әрекеттерді толықтай немесе ішінара орындайтын адам. Қарақшылықта орындаушы ретінде затты тартып алған ғана емес, сонымен бірге жәбірленушінің қарсыласуын жеңу үшін күш қолданатын адам да қылмыстық орындаушы болып табылады. Қылмыстың орындаушысы заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын, басқа адамдарды пайдалану арқылы қылмыс жасаған адам да қылмыстың орындаушысы болып есептеледі. Қылмыстық құқықта мұндай жағдайлар тікелей орындаушы деп аталады. Қылмыскер қылмыс жасау үшін жасөспірімді немесе ақыл – есі кем адамды пайдаланатын жағдай сияқты.
Ұйымдастырушы – қылмыс жасауды ұйымдастырған немесе оның орындауына басшылық еткен адам.
Ұйымдастырушы ретінде көбіне нақты қылмыстарды тікелей жасаудан қашатын ең тәжірибелі, қауіпті қылмыскерлер болады. Көпшілік жағдайда ұйымдастырушы – бас бастамашы, негізгі басқарушы және қылмыс жоспарының авторы болады.
Басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе өзге де жолмен қылмыс жасауға көндірген адам айдап салушы деп танылады.
Жоспарлы орындаушының субъективтік қасиеттерін ескере отырып, айдап салушы бопсалауды және мадақтауды, оның пайдакүнемдік ниетін пайдаланады, ал кейде сөз арасында айтылған емеуріннің өзі де жетіп жатады.
Кеңестерімен, нұсқауларымен, ақпараттар жинауымен қылмысты жасайтын қару немесе құралдар берумен немесе қылмысты жасаудағы кедергілерді жоюымен қылмыстың жасалуына жәрдемдескен адам көмектесуші деп танылады. Сондай – ақ көмектесуші ретінде қылмыскерді, қаруды немесе қылмыс жасаудың өзге де құралдарын, қылмыстың ізін және қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға, сол сияқты осындай заттарды сатып алуға немесе өткізуге күні бұрын уәде береді.

Қылмыс жасау сатылары.

Қылмыс жасау сатылары қасақана қылмыстың дамуының белгілі бір сатылары. Заңда үш саты белгіленген: қылмысқа дайындалу; қылмыс жасауға оқталу; аяқталған қылмыс.
Қылмысқа дайындалу – бұл адамның қылмыс жасау құралдары мен қаруларын іздеу, дайындау немесе ыңғайлауы, бірге қылмыс жасаушыларды іздеуі, қылмыс жасауға сөз байласу немесе қылмыс жасауға қасақана басқа да қолайлы жағдайлар жасауы, егер қылмыс мұндай жағдайда адамның еркінен тыс мән – жайларға байланысты аяғына дейін жеткізілмесе.
Қылмыс құралдарын сатып алу тәсілдері заңды болуы мүмкін: қаруды заңға сәйкес сатып алу, сыйлық ретінде алу ,немесе заңсыз да болуы мүмкін: қаруды, мөрлерді, кілттерді және т.б. ұрлау.
Дайындау – бұл шикізаттардан қылмыс жасау үшін қарулар мен құралдардың жартылай фабрикаттарын жасау.
Бейімдеу – заттарды өңдеу, сол арқылы олар қылмыс жасау үшін жарамды болады (мысалы, кілттің түрін өзгерту).
Қылмыс жасауға оқталу деп – адамның еркінен тыс мән – жайларға байланысты, аяғына дейін жеткізілмеген жағдайда адамның қылмыс жасауға тікелей бағытталған қасақана әрекеті немесе әрекетсіздігі танылады.
Аяқталған қылмыс. Егер адам жасаған әрекетте қылмыс құрамының барлық белгілері болса, онда қылмыс аяқталған болып есептеледі. Кейбір қылмыстар белгілі бір қоғамға қауіпті жағдай туғызғанда ғана аяқталған болып есептеледі. Яғни, бұл қылмыстың материалдық құрамы (мысалы, адам өлтіру өлім туындаған жағдайда аяқталған деп есептеледі. Егер өлім болмаса, онда адам өлтіруге қастандық жасау болып табылады).

Қорытынды.
Сонымен, қылмыс – бұл Қылмыстық кодекспен тыйым салынған қоғамға қауіпті іс - әрекет.
Барлық қылмыстар сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай төртке бөлінеді: онша ауыр емес қылмыс, орташа ауыр қылмыс, ауыр қылмыс және аса ауыр қылмыс.
Қылмысқа қатысу, бірнеше адамның біртұтас қоғамға қауіпті нәтижеге жету үшін өз күш әрекеттерін біріктіруін білдіретін қылмыстық әрекеттердің ерекше нысаны. Қылмысқа қатысу тек қасақана қылмыстарда ғана болады, қылмысқа қатысушылардың барлығы қасақаналық пен әрекет етеді. Қылмыс жасау салалары – бұл адамның қылмысты қасақана жүзеге асыруының белгілі бір сатылары болып табылады.


  • 1. ІС-ӘРЕККТТІҢ ҚЫЛМЫС ЕКЕНДІГІН ЖОЯТЫН МӘН-ЖАЙЛАРДЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ ТҮРЛЕРІ

Әрбір азаматтың конституциялық борышы — қоғамдық катынастарды қылмыстық жолмен келтірілген зияннан қорғау. Осы міндетті жүзеге асыруда жеке адамға, қоғамға, мемлекетке қарсы бағытталған іс-әрекеттерді дер кезінде тыюдың, тойтарудын маңызы ерекше. Қоғамға қауіпті іс-әрекетті тойтаруда, оның зияндылығын тыюда, сол қауіпті төңдірген адамға материалдық, моральдық және басқа да зиян келтірілуі мүмкін. Мұндай әрекеттер формальдық жағынан алғанда Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің жекелеген баптарында көрсетілген кылмыс кұрамына жатуы мүмкін. Бірақта бұл әрекеттер белгілі бір жағдайларда қылмыс болып табылмайды. Өйткені мұндай әрекетте қылмыстың материалдық белгісі болып табылатын басты белгі — қоғамға қауіптілік жоқ. Керісінше, мұндай жағдайларда, қоғамдық қатынастарға зиян келтіруге бағытталған қауіпті жою, тойтару қоғамға пайдалы іс-әрекет деп танылады. Қолданылып жүрген қылмыстық заң бойынша бұларға қажетті қорғану; аса (мәжбүрлі) қажеттілік; қылмыскерді ұстау; орынды кәсіби тәуекел; күштеу немесе психикалық мәжбүрлеу; бұйрықты немесе өкімді орындау әрекеттері жатады. Қылмыскерді ұстау күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу бұйрықты немесе өкімді орындау
ҚОРҒАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАЖЕТТІ ҚОРҒАНУДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ЗАҢҒА СЫЙЫМДЫЛЫҚ ШАРТТАРЫ
Бірінші шарт. Қорғану заңда тура атап көрсетілгендей, тек әрекет күйінде жүзеге асырылады. Әрекетсіздік өмірге, денсаулыққа, меншікке зиян келтірмейді, сондықтан да ондай қиянатқа тойтарыс берілмейді. Мазмұны жөнінен әрекет дене немесе мүліктік зиян келтіруден құралады. Денеге келтірілген зиян адам өмірін жоюға, денеге жарақат келтіруге да байланысты болуы мүмкін. Мысалы, С. деген адам маскүнемдіктің әсерінен үйде пышақпен пияз турап отырған К. деген өз әйелін сабап қана қоймай, оның мойнын бұрап, тұншықтырып далаға қарай сүйреген. К. өзін-өзі қорғау мақсатымен қолындағы пышақты күйеуіне қарсы жұмсауға мәжбүр болған, нәтижесінде күйеуі ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болған. К-нің жағдайын сот қажетті қорғану жағдайында істелген әрекет деп тапқан.
Жолда келе жатқан Ж. деген азаматты М. деген адам шалып құлатып, қолындағы темір балғамен жанды жерінен ұрғылап берген. Ж. М-ден қорғану мақсатымен өзі құлаған жерден қолына түскен таспен қиянат келтірушінің басьшан ұрып, оған ауыр дене жарақатын келтірген. Ж-нің әрекеті қажетті қорғану халінде істелген әрекет деп танылған. Қажетті қорғану халінде қиянат келтірушіге оның мүлкін жою, бүлдіру, қирату арқылы да зиян келтірілуі мүмкін. Мысалы: Автобус ішінде отырған бір топ жас жігіттер магнитофонды барынша айқайлатып музыка тыңдаған. Автобуста отырған Жапсарбай деген азамат жастарға келіп, магнитофонды өшіріп, тыныштық сақтауды өтінген. Бұл өтінішке магнитофон иесі жауап ретінде оны одан әрі қаттырақ сөйлетіп, өзіде қарқ-қарқ күлген. Бұл әрекетке ыза болған Жапсарбай әлгі жас жігіттің қолындағы магнитофонды жұлып алып, жүріп келе жатқан автобустың ашық терезесінен тысқа лақтырып жіберген. Магнитофон қирап, іске жарамсыз болып қалған, ал Жапсарбайдың әрекеті кылмыс емес деп танылған.

  • 3. ҚАЖЕТТІ ҚОРҒАНУ ШЕГІНЕН АСЫП КЕТКЕНДІК

Қылмыстық кодекстің 32-бабының 3-бөлігіне сәйкес қол сұғушыға анык шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтірілетін, қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық кауіптілігі дәрежесіне қорғаңудың көрінеу сай келмеуі қажетті қорғаныс шегінен шығу деп танылады. Бұлайша шектен шығу тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады. Қажетті қорғану шегінен шығып кеткендік қоғамға зиянды. Сондықтан да мұндай әрекеттердің қылмыстық жауаптылығы және жазасы заңға сәйкес нақты келтірілген зиянға байланысты шешіледі. Қиянат келтірушіге қажетті қорғану шегінде, қол сұғылған киянатты зиян келтірместен тойтаруға мүмкіндік болмаса қоғамдық немесе жеке мүддені қорғау мақсатымен келтірілген зиян әр уақытта да заңға сыйымды болып табылады. Егер қиянат келтірушіге зиян шектен тыс және сол киянаттың сипаты мен қауіптілігіне сөзге зиян шектен тыс және сол қиянаттың сипаты мен қауіптілігіне сөзсіз сәйкес келмесе, онда қорғанушы жөнінде қажетті қорғанудың шегінен шығып кеткені үшін жауаптылық мәселесі туындайды. Мұндай жағдайда келтірілген зиян шабуылдан қорғану мүддесіне сәйкес жүзеге асырылды деп санауға болмайды. Сонымен бірге ескере кететін бір жайт, қажетті қорғану шегінен асып істелген қылмыс жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар қатарына жатады (53-бап, 1-бөлігі, «з» тармағы).


 Жаза дегенiмiз - сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан қылмыстық кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi. Жаза түрлерiне келер болсақ қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі адамға төмендегідей негiзгi жазалар қолданылады:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
3) қоғамдық жұмыстарға тарту;
4) қамаққа алу;
5) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу.
Қылмыс жасағаны үшін кінәлі адамға мынадай негізгі жазалар қолданылады:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
2-1) қоғамдық жұмыстарға тарту;
3) бас бостандығын шектеу;
4) бас бостандығынан айыру;
5) өлiм жазасы.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:
1) мүлкін тәркілеу;
2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру;
3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
3-1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру;
4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу.
Айыппұл – осы қылмыстық кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде не пара сомасына немесе құнына, берілген ақша сомасына немесе берілген мүлік құнына, жымқырылған мүлік құнына, алынған кіріс сомасына немесе бюджетке түспеген төлемдер сомасына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндiрiп алу.
Айыппұл қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден он мыңға дейінгі шегінде не еселенген мөлшерде белгіленеді.
Түзеу жұмыстары – осы қылмыстық кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.
Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
Қоғамдық жұмыстар қылмыстық теріс қылықтар үшін – жиырмадан екі жүз сағатқа дейiнгі мерзімге, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін екі жүзден бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге белгіленеді. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамды оларды өтеу уақыты кезінде негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босата отырып не оқудан бос уақытында күнiне төрт сағаттан асырылмай өтеледi.
Бас бостандығын шектеу сотталған адамға алты айдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден және оны жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартудан тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады және күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі. Тұрақты жұмыс орны бар немесе оқып жүрген сотталғандар, кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер, сондай-ақ жазасы алты айдан аз мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылмайды.
Бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудiң бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұстауды білдіреді. Қамаққа алу он тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады.
Бас бостандығынан айыру сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы оны қоғамнан оқшаулаудан тұрады. Бас бостандығынан айыруға сотталған, үкiм шығару кезінде он сегiз жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелеріне орналастырылады. Қылмыстық кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн бас бостандығынан айыру – алты айдан он бес жылға дейiнгі, ал аса ауыр қылмыстары үшiн жиырма жылға дейiнгi мерзiмге не өмiр бойына белгiленедi. Абайсызда жасалған қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыру мерзімі он жылдан аспайды. Өмір бойына бас бостандығынан айыру – аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін.
Өлім жазасы – ату жазасы адамдардың қаза табуымен ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтінішхат беру құқығы беріледі. Өлiм жазасы он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды.

. Қылмыстық іс жүргізу құқығы — толып жатқан түрлі жақтарды, жайжапсарларды қамтитын күрделі, ауқымды, сан мағыналы құбылыс. Оның мәніне әр түрлі анықтама берілуінің себебін осымен түсіндіруге болады. Дәстүрлі көзқарас — қылмыстық іс жүргізу құқығын ережелер (нормалар) заңында көрсетілген, қылмыстық процесс мақсаттарына жету мен міндеттерін шешу мақсатында қылмыстық істерді тергеу, карау және шешу жөніндегі қызметті реттейтін әлеуметтік-шартты жүйе деп түсіну. Кеңестік кезеңдегі құқық дамуының энциклопедиялық анықтамасы мынаған салды: қылмыстық іс жүргізу құқығы — өз нормалары қылмыстық істерді қозғауға, алдын ала тергеуге, сотта қарауға байланысты қызметті, оның тәртібі мен мазмұнын реттейтін құқық саласы; оның тәртібі мен мазмұны; бұл жағдайда пайда болатын құқық қатынастары. Ал құқық саласы - өздері реттейтін бір тектес қоғамдық қатынастар ортақтығы біріктірген құқық нормалары мен институттардың ерекшеленген тобы. Басқа салалар арасында қылмыстық іс жүргізу құқығы іргелі салаға жатады. Құқықтық реформа кезеңіндегі энциклопедияда қылмыстық іс жүргізу құқығы — қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тәртібін белгілейтін және алдын ала тексеру, алдын ала тергеу, прокуратура және сот оргаңдарынын қылмыстық іс қозғау, тергеу, үкімді орындаумен байланысты мәселелерді сотта қарау және сотта шешу жөніндегі қызметін реттейтін құқықтық нормалар жүйесі деп белгіленген. Осы аныктамалардың бәрі бір-біріне қайшы келмейді. Олар әлдебір жақты жеткілікті түрде терең ашьш көрсетіп, басқа жай-жапсарларды жанамалап қана өтеді. Акцент тандау нақты құқық мектебінің айқындамасьша байланысты. Сонымен, қылмыстық іс жүргізу құқығының мәні мынадай тең мәнді элементтерден қалыптасады: -бұл дербес құқық саласы; іргелі сала, яғни ұлттық құқық жүйесіндегі негізгі, басты салалардың бірі болып табылады; өз ішінде тұтас ғылыми теорияны (доктринаны) нормалар түріндегі нақты іс жүргізу-құқықтық нұсқамалармен ұштастырады, оларды қолдану қылмыстық сот ісін жүргізудің жалпы және арнаулы міндеттерін шешуге мүмкіндік береді. Осы баяндалғандар тұтас, аяқталған (сыртқы және ішкі) құрылым тән қылмыстық іс жүргізу құқығының дербес нысанасы да бар екенін көрсетеді. Қылмыстық іс жүргізу құқығына бұдан бұрын келтірілген түсініктемелерді негізге ала отырып, осы сала нысанасы деп мыналарды санау қажет: - өкілетті органдардың қызметін реттейтін құқықтық нормалар жүйесі, ол қылмыстық іс жүргізу нормалары жүйесіне негізделген; - өкілетті органдардың қылмыстық іс жүргізу нормалары жүйесіне негізделген қызметі; - олардың субъективті құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырудың барысында қалыптасатын қатынастардың сипаты, мазмұны және бағыты. Өз реттеу әдісінің болуы сала ретіндегі қылмыстық іс жүргізу құқығы дербестігінің аса маңызды белгілерінің бірі болып табылады. Қылмыстық іс жүргізу құқығының өзге салалар жүйесіңдегі орнын анықтау оның өзге іргелі салалармен және ғылыми пәндермен арақатынасы айқындалғанда ғана мүмкін болады. Қылмыстық іс жүргізу құқығының құқық жүйесіндегі орнын анықтау үшін ең елеулі болып табылатындары: а) қылмыстық іс жүргізу құқығы мен қылмыстық іс жүргізу заңының; ә) қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу құқығының; б) қылмыстық іс жүргізу құқығы мен қылмыстық процестің арақатынастары. Сонымен қатар, қылмыстық іс жүргізу құқығының мәні мен орнын түсіну үшін оның азаматтық іс жүргізу құқығымен, криминалистикамен, криминологиямен, сот статистикасымен, прокурорлық қадағалау теориясымен, сот этикасымен, сот медицинасымен, сот психиатриясымен арақатынасының зор маңызы бар. Қылмыстық іс жүргізу құқығының ерекшелігі — адамның құқыққа қарсы әрекет жасауына байланысты қалыптасатын құқық қатынастарының ерекшеліктерімен айқындалады және қайшылық феноменінің ықпальшан байқалады. ҚІЖК-нің 8-бабы осы міндеттерге арналған. Мұнда былай деп көрсетілген: 1.Қылмыстық процестің міндеттері қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық занды дұрыс қолдану болып табылады. 2.Қылмыстық іс жүргізудің заңда белгіленген тәртібі адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кінәсіз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда — оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуі, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың құқыкты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемесуі тиіс. Бұл міндеттер қылмыстық іс жүргізудің барлық стадиялары үшін ортақ болып табылады және олардың әрқайсысы осы міндеттердің орындалуына ықпалын тигізеді. Қылмыстық іс жүргізу органдары осы міндеттерді басшылыққа ала отырып өз қызметтерін атқарады. Қылмыстық процестің міндеттерін занда екі топқа бөліп көрсетудің мәні бар. Нақты айтқанда, ҚІЖК-нін 8-бабының 1-бөлігінде жазылған міндеттерді — қылмыстық іс жүргізудің арнайы және тікелей міндеттері деп ұғыну керек. Сонын ішінде, қылмыстарды тез және толық ашу, қылмыс жасаған адамдарды жауапқа тартып, оларды толық әшкерелеу — бұл міндеттерді орындау алдын ала тергеу және анықтау органдарына жүктеледі және осы мемлекеттік органдардың қызметімен тікелей байланысты болып табылады. Ал әділ сот талқылауын қамтамасыз ету, яғни қылмыстық істі сотта қарау кезінде оны жан-жақты талқылап, әділ шешу - соттың басты міндеті. Сонымен, қылмыстық іс жургізу құқығы — осы қызметті және осы қызметті атқару кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет