Сабақтың мақсаты: мүсіндеуге үйрететін қарапайым әдіс-тәсілдерін, іскерлік дағдыларын жетілдіру. Саз балшықпен жұмыс істеуге машықтандыру. Жасаған заттары жайында сипаттап айтып бере білу арқылы балалардың қабылдауын және байланыстырып сөйлеу тілін дамыту.
Көрнекіліктер:саз балшық, төсеніштер, саз балшықтан жасалған шағын көлемді мүсіндер (құлыншақ, қозы т.б)
Сабақтың барысы: тәрбиеші балалар алдындағы құрал-жабдықтарға назар аударып, қандай іс-әрекетпен айналысатындарын сұрайды. Саз балшықтың ерекшеліктерімен таныстырады (жұмсақ, иілгіш, т.б). Кесек саз балшықты бірнеше бөлікке бөлгізеді. Бір бөлікті алып алақан арасына салып еседі. Бұл неге ұқсайды? – бағана, таяқша, т.б. Екінші бөлікті алып алақан арасына салып айналдыра домалақтайды. Домалақ қандай заттарды білесіңдер? (қозы немесе құлыншақты көрсетіп әңгімелейді). Екі түрлі тәсілмен бірнеше заттарды жасауға тапсырма беріледі. Есіп жасалған заттарын ұзынша пішіндегі ыдысқа, домалақ пішіндегі заттарды топтап жайпақ ыдысқа жинақтап салу ұсынылады. Әр баладан өздерінің жасағандарын сұрайды, ол туралы сипаттап айтып беруді өтінеді (иісі, дәмі, көлемі, пішіні, түсі қандай болмақ?). Жұмыс барысында балалардың мүсіндеудің әдіс-тәсілдерін еркін меңгеруге мүмкіндік жасап, кейбір балаларға жеке нұсқау беріледі. Саусақпен қолдың қимыл-қозғалысы қадағаланады. Соңында балалар жұмысына талдау жасалады.
Қонжық
Сабақтың мақсаты: балаларды жабайы жануарлармен таныстыру, қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу. Аңдарды мүсіндеудің қарапайым іскерліктерін қалыптастыру. Мүсіндеу әдіс-тәсілдеріне жаттықтыру Мүсіндеу барысында бастаған істерін аяғына дейін жеткізуге, ұқыпты жұмыс істеуге дағдыландыру.
Көрнекіліктер: Аңдардың суреттері немесе ойыншықтар. Саз балшық, тақтайшалар, сүрткіш.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балалардың назарын аңдардың суретіне аударады. Аю, қасқыр, түлкі, қоянды кезекпен бір-бірлеп көрсете отырып сұрайды. Түр-түсі, бір-бірінен айырмашылығы дене мүшелері жайында сұралады. Олардың балалары қалай аталатынын тәрбиеші түсіндіреді. Қасқырдың, түлкінің күшігі, аюдың қонжығы, қоянның көжегі. Балаларды аңдармен таныстырып, ерекшеліктері жайында айтылған соң түсінгендерін бекіту мақсатында «Орнында не жоқ?» дидактикалық ойыны осы суреттер (ойыншықтар) арқылы ойналады. Ойын аяқталар кезде балаларға барлығына көздерін жұму ұсынылады. Осы кезде барлық суреттерді алып тастап орнына әдемі қонжықтың ойыншығын қояды. Балалар көздерін ашқанда қонжықты көріп таңқалысады. Тәрбиеші: «Балалар аңдар қайда өмір сүреді?»- деп сұрайды. Орманда, өздерің танысқан аңдардың бәрі орманға кетіп қалды. Ал, мына қонжық орманда жүріп адасып кетіпті, сендерден жол сұрауға келіпті. Қонжықпен балалар амандасады. Оны сипаттап көріп, түр-түсі, дене мүшелері жайында әңгімелеп қонжықтың көңілін көтерейік, біз оның өзінің мүсінін жасап берейік, ол да сендерге қарап үйреніп алсын – деп қонжықты мүсіндеу жолдары түсіндіріледі:
үлкен кесекті алақан арасына салып айналдырып, домалақтау; (тегіс болуын қадағалау)
екінші кіші домалақты тақтайшаға салып алақанымен айналдыра домалақтау;
екеуін салыстыру, қайсысы үлкен, қайсысы кіші, денесі үлкен, кіші бөлігі басы болатынын ескеру;
енді қандай бөліктерін жасаймыз? Құлағын шымшып созу арқылы жасату;
тұмсығын сәл созып шығару, көзін таяқшамен батырып жасатуға болады;
денесімен басын біріктіру, қаттырақ басып бөлініп қалмайтындай беріктігін қадағалау;
қосымша саз балшық беру, балалардың қабілетіне қарай қонжықтың аяқтарын домалақтау арқылы жасауды ұсынуға болады;
дайын болған жұмыстарды талдау жасау, ойыншық қонжық балалардың жұмысына таңданып жақсы жасалғандарын мадақтайды. Қонжық рахмет айтады. Енді балалар қонжыққа орманға баруға көмектесейік – деп орындарынан тұрып «қонжық» сияқты қорбаңдап, қоян секілді секіріп, түлкі сияқты бұлғаңдап жүріп әр түрлі қимыл-қозғалыстар жасайды. Мүмкіндік болса әр түрлі музыка әуеніне сәйкес аңдар жүрісін бейнелетуге болады. Қонжықты балалар орманға шығарып салады.