3 Қазіргі қазақ әдебиетіндегі интертекст мәселесі



Дата24.11.2023
өлшемі27,02 Kb.
#193184
Байланысты:
Дәріс (3)
ою өрнектер үй жұмысы, лекция 1

3 Қазіргі қазақ әдебиетіндегі интертекст мәселесі
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзіндік ізденісімен көрініп жүрген жазушылардың бірі – Асқар Алтай.
XX ғасырдың алпысыншы жылдарын зерттеушілердің басым бөлігі Батыс тарихының жаңа кезеңінің немесе жаңа дәуірінің қалыптаса бастауы деп атайды. Осы кезеңде дүниежүзінде ақпараттық қоғамға ауысу мен жаңа электрондық технологияларды пайдалануға байланысты ірі экономикалық өзгерістер байқалды.
Экономиканың көтеріле бастағанына қарамастан, адамдардың ой-санасы қатты көңіл құлазушылыққа және әлемді күштеп қайта құру идеяларын, Маркстан бастап Маркузеге дейінгі «ұлы тарихи жобаларды» сынауға толы болды.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында батыс әлемі жаңа болашақ қоғамның бағыт–бағдарына бет бұрды. Сондықтан да көптеген зерттеушілер теориялық тұрғыда өз назарларын қазіргі заман жағдайындағы адам мен қоғам мәселесіне, әсіресе күрделі қоғамның қарқынды даму динамикасының ырғағында ерекше мәнге ие болатын «интерперсоналды» түсінуге әрекет етті.
Осы кезеңдерде ауызға іліне бастаған постмодернизм ұғымы тез өзгеретін әлемнің, сондай-ақ сол уақыттағы қоғамдық өзгерістерді іске асырған ағым болды. Постмодерннің қалыптасуы өнердегі жаңа ағымдардың пайда болуымен ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік-саяси процестерге де байланысты еді.
Теориялық тарихы жағынан ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алған постмодернизм құбылысы қазіргі өнер мен мәдениетте, философияда, әдебиетте және т.б. ғылым салаларында ең көп талқыланатын өзекті мәселеге айналып отыр.
Бүгінгі таңда жаһандық әдебиеттегі жаңа ізденістер осы постмодернизм төңірегінде мейлінше өршіп тұр. Дүниежүзілік әдеби процестегі тенденциялар барлық елдің ұлттық әдебиеттеріне өзіндік деңгейде әсер етеді. Тәуелсіздік алып, егеменді ел болғалы ұлттық әдебиетіміздің де өрісі кеңейді.
Қазақ әдебиеті де әлем әдебиетінің бір бөлшегі. Дүниежүзілік әдеби-мәдени үдерістегі постмодернизм құбылысы қазақ әдебиеттану ғылымында да зерттеле бастады. Ал, сол зерттеулерді бұл шағын мақалада айналып өтіп, бірден қазіргі қазақ прозасындағы кездесетін постмодернизм элементтерін А.Алтайдың жекелеген көркем шығармалары негізінде сөз етпекпіз.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзіндік ізденісімен көрініп жүрген жазушылардың бірі – Асқар Алтай. Оның кейбір туындыларының постмодернизмге жақын екенін байқаймыз. Әдебиеттанушы ғалым Бақытжан Майтановтың пікірінше «Кентавр» әңгімесіндегі мифопоэтикалық ойлау жүйесі қазіргі экосоциологиялық проблемаларды бейнелі, астарлы түрде ұштастырған идеологеманы құрайды.
Сондықтан бұл әңгімені постмодернистік шығармалардың қатарына қосқан. Ал, біз осы шағын мақаламыздың нысанына қаламгердің «Казино» жинағына енген «Түсік» әңгімесін алып отырмыз.
Жазушының біраз шығармалары дәстүрлі әдебиеттегі реализм түрінде жазылған болатын болса, «Түсік» әңгімесінде «фантастикалық реалды» әлеміне өтеміз. Мұнда шығарманың негізгі оқиғасын автор мәтін ішінде түсті беру арқылы іске асырады.
«Мәтін ішіндегі мәтіндердің бір типін көркем шығарма құрылымындағы күнделіктер, суреттеліп отырған жағдайдың таңбасы ретінде танылатын түс, кейіпкердің айна арқылы көрінетін егізі (двойник) құрайды.
Бұлардың бәрі де көркем шығармада баяндалып отырған жағдайдың таңбасы, белгісі немесе коллажы деп есептеліп, автордың өзі емес, басқа субъект арқылы суреттеледі. ...Кейіпкердің түс көруі семиотикалық тұрғыдан интертекст деп есептеледі». Сондықтан да шығармадағы кейіпкердің түс көруін мағыналық жағынан интертекст деп атағанды жөн көрдік.
Ескерте кететін жайт постмодернизмде мәтін рөлі өте жоғары. Қазақ әдебиетіндегі постмодернистік мәтін жайлы Әуезхан Қодар: «Постмодернизмдегі интертекст, гипертекст туралы мәтін автордан биік, оның болмысынан автордың ойына кірмеген мән-мағына табуға еріктіміз» – десе, профессор Бақытжан Майтанов та мәтін жайында сөз қозғап, «интертекст, гипертекст, мәтіннің астарлы ойы (подтекст)» деген ұғымдарды атайды.
Көркем шығармадағы берілетін түс жайлы тілші ғалым А.С.Адилова былайшы пікір білдіреді: «...автор және оқырман үшін түс – өзі енгізіліп отырған мәтіннің оқиғаларын жанама түрде түсіндіретін яки сипаттайтын, интерпретация жасауға көмектесетін метатекст.
Қаламгер өзі айтпақ, жеткізбек болған ақпарды түспен вербалдайды, ал оқырман негізгі мәтіндегі және түстегі оқиғаларды қатар қойып, салыстырып, ассоциация нәтижесінде тұтас мәтіннің астарлы, концептуалды мазмұнына жетеді. Түс арқылы жазушы өз кейіпкеріне де, оқырманға да суреттеп отырған жағдайын түсінуге көмек жасайды», – дейді.
Асқар Алтайдың «Түсік» әңгімесі шағын-шағын үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі авторлық баяндаудан, яғни әңгімеге пролог іспетті. Пенде түсінде түсік көреді. Жатырдың ішінде түсікке айналған тамшы емес адамның хал-жайы, кейіпкердің өзі суреттеледі.
Шығармадағы түстің символдық мәні де үлкен. Себебі, символды жан-жақты қазбалап көрсетудің қажеті шамалы. Ал, суреткердің әңгімесіндегі жатыр ішіндегі ұрық адамдарға белгілі жайт. Мәтіндік астармен негізгі ойға, көркем шығарманың тұтастығына септігін тигізіп тұрған да осы – түс.
«Түлен түртті пендені...
Түсінде түсік көрді. Түсік – түсік емес, түсікке айналған мұның өзі. Бармақтай ғана жан иесі екен. Ештеңемен ісі жоқ. Жөнімен жүзіп жүр.
Жүзіп жүрген мекені – жатыр. Биттің қабығындай жұқа жатыр іші – жұмбақ әлем. Жұқа жарғақ жарылып кетердей толқып-толқып қояды. Жұмсақ құрсақ баяғы балалық шағында шаңырақта үрлеулі тұрған қарындай шайқала толқығанда, көгілдір әлемде балықтай жүзген бұл бесіктей тербеледі. Бірақ тұншықпайды. Емін-еркін тыныстайды». Ары қарай түсікке айналған адамның сана-сезіміндегі алғаш ойлаған ойлары рет-ретімен беріледі.
Оқырманға тым түсініксіздеу болмау үшін бұл жағдайға персонаждың қалай тап болғандығын әңгіменің екінші бөлігінен көреміз. «Пендеге тән түлкі бұлаң тірлік кешкені рас. Түсікке айналмай тұрып жалғанды жалпағынан басты ғой, шіркін! Шіркіннің шылауына кім ілінбеді, шаңына кім ілесе алды?..
...Жігітшілік жолында жұмақ кешті. Қыз-қырқын ырғын еді. Ырғында ырып жүрді. ...Жұрт жел жағынан жүрмейтін, оң жағынан күңкілдейтін күйге жетті. Оның соңы – Биболдың Балкенжедей жас қызға «бүлдіргі» салғаны.
«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегендей, Балкенжеден бойына бітіп қалған шарана туралы естігенде Бибол «бүлдіргі» деп бұрқанған. Бір «бүлдіргі» аз саған дегендей, Санабике (әйелі) құрсағы да құр қалмапты. Үш бала аздай тағы бір «топалаң» түсіпті. Енді бұл екі оттың ортасында қалды», – деген автор баяндауының өзін түспен астасып жатқанын келесі сөйлемдерде білдіртеді. «Өң мен түс астасып кетті. Ақыры бірін болмаса бірін түсіртіп тастауға бел байлайды. Түсікті көзі көрмесе де, керең болғыр құлағы естіп, көңілі нілдей бұзылған».
Автор осы тұста кейіпкерінің әйелі Санабикемен және ашынасы Балкенжемен болған диалогында олардың Биболға (әңгіменің қаһарманы) деген ойларын эксплицитті, ал өзінің кейіпкеріне деген ащы мысқылын (ирония) имплицитті түрде береді.
«– Сен баяғы сары қарын, салпы етек ауылдың қатыны деп тұрсың ғой... Оқымаған надан деп тұрсың ғой... Оқымасам – оқымадым. Ал қайтейін деп едің? Сен асырап отырмысың? Сен емес, мына мен асырап, мына мен адам қылып отыр емеспін бе?! О-о-о, сорлы, сорлы!.. Табамын!.. «Ұл-ұл» деген тіліңді тыямын! Ха-ха-ха! ...Білем сені, білем!
Тағы салдақыларыңа кеттің ғой... Байлықтың буына, жезөкшелердің суғарғанына семіріп жүрсің. Келерсің... көзіңе көк шыбынды үймелетермін. Ағаларым аман болсын!». Жылбысқаны алдыртып тастасаң деген емеурініне әйелінің берген жауабынан Биболға деген көзқарасын байқаймыз.
Қаламгер кейіпкердің түсікке айналмай тұрғанындағы тіршілікте істеген істерімен оқырманды таныстырған соң, түлен түрткен пенденің түсікке айналғанына қайта оралады.
«Түсік түнемелге ес жиды...»
Әңгімедегі бұл жағдай фантастика болғанымен, біз автордың қиялына сүйсінбеске шарамыз жоқ. Одан әрі, ес кірген түсік пенде Тәңіріге жалбарынады.
«– О, құдіреті күшті Тәңірім! Мендей түсік пендеңе қуат бере гөр!? Тозақтай жанып, мұздай суынған құрсақ анама сабыр бере гөр!? Мен бір талайсыз бейбақпын... Екі бірдей сүйгенім бар еді. Сол екеуі құрсағының біріне өзім түсіппін. Мұндай да сұмдық болар ма, жаратқан ием?! Әлде өзіңнің құдіретіңмен, әлде сайтанның сұм ісімен осы күйге душар болыппын...
О, құтқарушы, Тәңірім! Қайсысының ғана құрсағына тап болдым? Қайсысы мені сылып тастағалы тұр? Жаппар ием, жар бола гөр! Жар бола гөр, жазықсыз жан иесіне!». Екі түсіктің бірін түсіртуге бел байлаған кейіпкеріміз өзі түсінде «түсікке» айналып, жатырдан «арам без» деп сылып тастамауын Тәңіріге жалбарынып сұрауда. Бірақ қайсысының жатырына түскені, қайсысының алдыртуға бел байлағаны белгісіз.
Ол шығарманың соңында да беймәлім күйде қалады. Мүмкін түстегі көрген қиыншылығынан соң кейіпкеріміз алдыртпаңдар деп те айтуы мүмкін шығар, бұл әңгімені оқып біткеннен кейінгі оқырманның еншісіндегі шешімдері. Ал, біз мұны постмодернистік әдебиеттің элементтері демекпіз. Белгісіздік ең басты ситуация екені және бәріне күдікпен қарау постмодернизмнің ерекшеліктерінің бірі.
Өткен мен бүгінгінің немесе ескі мен жаңаның ортасындағы, ұрпақтар арасындағы, әке мен баланың тартысы ХІХ ғасырдың әдебиетінен бастап қазіргі кезеңде де көрініс беруде.
Мысалыға орыс әдебиетінің классигі И.В.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романындағы, қазақтың көрнекті қаламгері М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы әке мен баланың тартыстарын алуымызға болады. Қаламгер Асқар Алтайдың осы аталмыш шығармасында ұрпақтар арасындағы тартыс жаңа қырынан көрінеді.
Суреткердің шеберлігі сол, ол кеңістікті «жұмақ дүниені жұмбақ әлемге» (жатырға) әкеліп сығымдауы. Автордың ұрықты (түсікті) жатыр ішінде беруі авторлық ой кеңістігі, яғни виртуальный кеңістік. Кеңістік пен қатар айтылатын категория ол – уақыт. Көркем әдебиетке кеңістік пен уақыт категориялары философия арқылы енген.
Бұлар (кеңістік пен уақыт) бір-бірімен тығыз байланысты, олардың бірлігі кез келген жүйенің қозғалысы мен дамуынан көрініс табады. Қозғалыстағы заттар мен түрлі үрдістер кеңістік пен уақыттың шеңберінде өтіп жатады. Жалпы алғанда, кеңістік деп заттар мен құбылыстардың бірінің жанында бірінің орналасуын айтамыз, ал уақытқа келер болсақ, ол – дүниедегі болып жатқан уақиғалардың бірінің соңынан екіншісінің келуі.
Автор осы әңгімесінде дүниедегі болып жатқан оқиғалардың (әке мен бала арасындағы тартыстың) көрінісін түсік пенде жатыр ішіндегі өзі секілді екінші бір түсікті көргенінде өте сәтті береді: «Егізім», «Сыңарым» деп ұққан бұл әлгі түсікті түрткенде, ол тажал түсікке айналып, мұны алқымынан ала түседі. Жатырдағы тар дүние тыстағы дүниемен қоштасардай болып жатқанда автор түсікке айналған пендеге тағы бір ой салады.
«Екі түсік те екі жатырда жатуы керек еді... Бір құрсақта қалай қатар пайда болды? Қос түсік қос жатырда жаратылмағаны несі екен? Бәрінен бұрін екеуі де қай құрсақта жүр екен: Санабике... Балкенже... құрсағы. ...тажал түсік қылдырық кеңірдегінен тағы қысып қалды. Бар әлем келіп бір уыс бидайдай болып мұның бауырына тығылды. Шыбын жаны мұрнының ұшына келді».
Осы тұста екі ұрықтың (түсіктің) арасында тартыс басталады. Соңында ұрыққа (түсікке) айналған пенденің сірі жаны сірне әлемге сылынып шығады. Автор уакыт пен кеңістікті көркем шығармада түрлі құбылтып, ерекше әдеби техникамен ойнатқанын анық көреміз.
Сондай-ақ, қоғамдағы тастанды бала мәселесінің өршіп тұрғанында тілге тиек етеді. Автор ұрыққа (түсікке) айналған пенде арқылы көкейкесті проблемаларды да қозғайды.
«Тәңірім бірақ түсік емес, тастандыдан сақтасын! Әйтеуір, тастанды емес – түсік... Оған да тәуба! Айы-күні жетіп туған тастанды болса қайтер еді?! Таба емес – тоба! Ай астында айдай болып туар ма еді?! Күн астында күндей болып туар ма еді? Әлде, өліарада өлімші болып кетер ме еді?! Тірі-жетім тастанды болудан тәңірім қақсын! Тастанды – қанадан асқанды...
Таба емес – тоба. Тастанды емес – түсік». Автор әлі адамға (сәбиге) айналмаған ұрықтың өмірде тастанды болғысы келмейтінін ашық береді. Әке тәрбиесін көрмей өскен ұрпақ Оралханның «Қауіпті буданы» болса, ал тастанды ұрпақ одан өткен қауіпті болмақ. Бұл тек ұлт үшін ғана емес жалпы адамзат үшін қатерлі.
Әңгіме кейіпкердің өз дауысынан өзі шошып түлен түртіп оянғанын түсінуімен аяқталады. Шығарма соңында автор нақты шешім де шығармайды. Шешімді оқырманның еншісіне қалдырады. Ал, постмодернистер үшін жұмбақты шешу мүмкін емес. Бұл туралы постмодернизм ағымын зерттеуші әдебиетші ғалымдарымыз өз еңбектерінде атап көрсетуде.
Сондай-ақ Асқар Алтайдың «Түсік» әңгімесінің бір кемшілігі барлық жерде жатыр ішіндегі ұрықтың «түсік» деп айтылуында. Шындығына келгенде түсік дегеніміз «туу мезгілінен көп бұрын түскен бала немесе шарана», «туылар мерзіміне жетпей түскен өлі төл, жансыз нәресте». Демек «түсіктің» түсінігі жатыр ішіндегі емес, түсіп қалған ұрық (шарана). Қаламгер бұл мәселені болашақта ескерер деген ойдамыз.
Жалпы жазушы әңгімесінен шығарма шешімінің жұмбақ күйде қалуы, қара юмор, аллюзиялардың кездесуі, шығармадағы кейіпкердің түсі бүкіл мәтіннің мағыналық құрылымын ұстап тұруы, белгілі бір реттілікпен емес коллажбен берілуі сынды постмодернизмнің элементтерін молынан кездестіреміз. Сөз соңында Асқар Алтайдың осы «Түсік» әңгімесі арқылы қазіргі қазақ әдебиетінде де әлемдік әдеби үдерістегі постмодернизм ағымы элементтерінің кездесетінін байқағанымызды айта кеткіміз келеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет